Тоқсан тоғызыншы жылдың күз айларының бірінде Алматыдағы Спорт және туризм агенттігі қасынан самбодан ұлттық құрама командасының бас бапкері болған Керей Қойшыбековті көріп қалдым. Қасында дембелше келген бір жігіт бар. Барып амандастым. Спорттың осы түрінен еліміздің құрама командасы оқу-жаттығу жиынын бірігіп өткізу үшін Ресейге жүргелі жатыр екен. Керей ағайдың қасында тұрған әлігі жігіт «Самбодан әлемнің орталығы Кстова қаласы болса, Қазақстанда Тайпақ болады!»-деді. Мен сөзге араласып «Мұқыр!»-деп қалдым. Екеуі де маған қарады. Керей ағайға бұрынырақта өзімнің атыраулық екенімді айтқан болатынмын. Сірә, сол есіне түсті білемін, қасында тұрған жігітке мені нұсқап: «Қошқарбайдың інісі!»-деді. Екеуі күліп жатыр. Әңгімелеріне орынсыз араласқаныма ыңғайсызданып қалдым да мен де еріксіз жымидым. Кейін білдім: Керей ағайдың қасында тұрған жігіт сол кезде самбодан республикалық федерациясының президенті болған Мұслим Оңдағанов екен.