«РАХЫМЖАНСЫЗ ЖҮЗ КҮН»
Қазақтың аяулы ұлы, қарымды қаламгері Рахымжан Отарбаевтың фәниден бақиға аттанғанына бүгін 100 күн толды. Рахымжан аға өзінің күнделігінде «Біреу қазалы болса, «Сұм ажал» деп сөйлейтіндер көбейіп кетті. Әрине, жас па, жасамыс па, өлімнің жолы ауыр. Алланың әміріне адам болып қарсы тұра алмайсыз. Лаж жоқ. Десе де, өлім – Жаратқанның бұйрығы. Демек, Алланың ақжолы. «Сұм ажал» деп біз сол бұйрыққа қарсы келіп, кермал сөз айтып жүрген жоқпыз ба? Ойланайық…» депті Рақаң. Шынында, Алланың әміріне шара бар ма? Біздің қолдан келері – қос қолымызды жайып, Жаратқаннан ағамыздың ақыреттік өмірінің нұрлы болуын тілеп, дұға қылу, тірліктегі тындырған жақсы істерін айтып, жиі еске түсіріп отыру ғана. Рахымжан Отарбаевтың ұл-қыздары Ермерей мен Қарагөзден әкелері туралы сұрадық.
Ермерей Отарбаев, жазушының ұлы:
– Рахымжан аға «Біреуге жақпасам, мінімнен емес, мінезімнен жақпадым» деуші еді. Мінездеріңде ұқсастық бар ма?
– Әкеммен мінезімізде ұқсастығымыз бар. «Жас кезімде мен де сен секілді болдым» деп маған жиі айтатын.
– Әкең бір сұхбатында «Ұлым Ермерейге арнап күнделік жүргіздім. Өзім жақсылық көрген ағаларымның тізімін жаздым. Мен дүниеден өтсем де, сол ағаларымның ұрпағының қолына су құйып жүр дедім. Солардың ұрпағының алдын торғай адым кесіп өтпе дедім. Әкең үшін жасағаның сол болсын деп жаздым» деген еді. Әкеге жақсылығы жұққан сол ағалар туралы айтып берші…
– Отбасымыздың басынан көптеген қиын кезеңдер өтті. Сол кезеңдерде әкеме, отбасымызға көмектескен ағаларымыз аз емес. Материалдық, рухани жағынан қолдау көрсетті. Басыңа іс түскен кезде үйге келіп, шәй ішіп, әңгімесін айтып кеткеннің өзі – үлкен көмек, үлкен қолдау. Олар – Жұмекен Нәжімеденов, Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсынова, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Мұқадес Есламғалиев… Әке аманаты есімде, әрине. Моңғолиядан Сұраған ағам, Германиядан Сүлеймен ағам, Тараздан Несіпбек ағам, өзімнің Нұрберген, Меңдеш ағаларым, Астанадан Бауыржан, Ермек ағаларым, мәскеулік ағаларым күн сайын хабарласып, жан-жақты қолдап жатқандарын қатты бағалаймын. Абат, Ибрагим, Асхат, Берік ағаларымыз да жанымызда. Әкемнің жоқтығын білдірмеуге барынша тырысып жатқандарын сеземін.
– Әкеңнің шын достары, жанашыр інілерімен араласып тұрасың ба?
– Достары да, інілері де көп еді. Әкемнің дүниеден өткені кеше ғана ғой, әлі сенбеймін. Қайтып келетін сияқты.
– Әкең туған топыраққа жиі барасың ба? Барғанда не алып қайтасың?
– Өкінішке қарай, жиі бармаймын. Барсам да, атам мен әжемнің, Райса апам мен Бекежан ағамның басына барамын. Басқа баратын адамым жоқ.
– Рахымжан ағаның біраз жоспары бар еді. Аяқталмаған шығармалары, басылмаған кітаптары… Әсіресе, шет тілдерінде шыққалы жатқан жинақтары… Олардың ендігі тағдыры қалай болады?
– Алла қаласа әлі де шығады. Шілдеде Германияда әкемнің неміс тілінде әңгімелер жинағы жарық көреді. Біраз жоспарымыз бар.
– Көзі тірісінде өз атындағы проза байқауын жариялап еді. Рахымжан Отарбаев атындағы сол байқауды жалғастыру ойда бар ма?
– Әкем ол жоспарын айтып кеткен. Ол әкемнің арманы еді. Қаражатқа байланысты дүние болып тұр.
– Кейінгі кезде бүкіл өмірін театрға арнады. Тұлғаларды тірілтті, театрдың тынысын ашты. Театрға жиі барасың ба? Әкеңнің қай спектаклі өзіңе ұнайды?
– Театрға жиі барамын. Әкемнің барлық спектаклі ұнайды, әрқайсысының айтар идеясы әртүрлі. Ойлы адамға ой салады.
– Сені «өлең жазады» деуші еді. Неге жарыққа шығармайсың?
– Ол рас, ондай өнерім бар. Әкем Хемингуэйдің сөзін жиі айтатын: «Жақсы жазушы болу үшін, үлкен талант пен қоса бақытсыз балалық шақ керек» деп. Ал әкем мен анам маған бақытты балалық шақ сыйлады. Мүмкін содан кейін де тоқтап қалған шығар.
– Рахымжан Отарбаевтан қазаққа мол мұра қалды. Саған әкеңнен қандай мұра қалды?
– Әкем материалдық байлықты байлық деп есептемеген. Алдына қиналып келген адамдарға тұтас жалақысын берген кездері де болған. Рухани байлық пен адами құндылықтарды бойыма сіңіріп кетті. Қазақта «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген сөз бар. Жаман емес шығармын, бірақ әкемнің аты, елге жасаған жақсылығы алдымнан шығары сөзсіз.
Қаракөз Отарбаева, жазушының қызы:
– «Адамның бір қызығы фото деген» деп жазыпты әкең. Бірге түскен фотоларың көп пе? Оларды көріп отырған кезде есіңе не түседі?
– Әкеммен бірге түскен суретім өте көп. Ресми кездесулерде, отбасымен бірге түскен суреттеріміз бар. Жеке архивімде де әкем екеуміздің бірге түскен суреттеріміз бар, оларды жариялай бергім келмейді. Суреттерге қарап отырып, әкемнің жанында болған сәттерім еске түседі. Сапарларға жиі шығатын, ал суреттерде менің жанымда. Әкемнің менің үйде аз болатынымды айтып, әзілдегені әлі есімде. Бірде жұмыстан келгеннен кейін әкем екеуміз залдағы диванға жақсылап жайғастық, ол өзінің соңғы жарияланған дүниелерін көрсетті. Менің неге жазбай жүргенімді сұрады. Шынымды айтсам, қазір әкеммен бірге түскен суреттерді көру жүрегіме салмақ салады, қасымда болғанын қатты қалаймын. Амал қанша?
Әкем мен үшін нағыз әке еді. Жазушы, Ұлттық кітапхананың директоры, театр басшысы емес, мен үшін тек әке болды. Әкемнің қызымын. Алайда бәрі мені жазушы Отарбаевтың қызы деп қабылдайды. Жазушының қызы болу да бір мақтаныш екен.
– Әкең бір сұхбатында «Қызым Қаракөз түбі қаламымды ұстап қалар деген үміттемін» депті. Әке үмітін жалғағың келе ме?
– Оқушы кезімде жазуға аңсарым ауып тұратын. Қағазға тарих қалдырғым келетін. Адамдарға махаббат оқиғаларын баяндап қана емес, олардың терең түпкірдегі шынайы сезімін жеткізгім келетін. Әдемі өмірдің ар жағында қалып қойған адамдардың, ізім-ғайым жоғалған адамдардың не ойлайтыны мазалайтын. Алайда жазудың өз ережесі бар екен. Жақсы жазушы болу үшін үнемі ауыр жүкті арқаға өңгеріп алу керек екен. Ауыр ойлардың құрсауында қалып, қайғы-қасіреттің уын ішу қажет. Уақыт өте келе осыны түсіндім де, әдеби әлемде, әңгімелер мен олардың кейіпкерлерінің әлемінде өмір сүруге дайын емес екенімді түсіндім. Менің шынайы өмір сүргім келеді. Егер әкемнің салған ізін жалғар болсам, кемі отыз-қырықтарға келгенімде қолға алатын шығармын. Себебі, ол кезде ақыл тоқтатып, әр нәрсеге салмақты оймен қарайтын секілдімін.
– Саған жазған дүниелерін көрсетуші ме еді?
– Әкем менің қолға қалам алғанымды қатты қалады. Кейде дастарқан басына отырғанда: «Қызым, жазып жүрсің бе? Қашан маған көрсетесің?» деп сұрап қалатын, сондай салиқалы түрде ақыл-кеңесін айтатын. Менің аяулы әкешім. Әкем маған өзінің жазған-сызғандарын сондай мақтанышпен көрсететін еді.
– Әлеуметтік желіде жарияланған әкең туралы естелігіңді оқып, біраз жұрт көзіне жас алды. Сол жерде айтқың келіп, айтпай кеткен бір дүниені байқап қалдым. Әкең екеуіңнің ұқсас қасиеттерің қандай?
– Ұқсастықтарымыз дейсіз бе? Екеуміз де үндемей, ойға беріліп отырамыз. Түнде бірінші қабатқа бір уақытта түсіп қалатын кезіміз болды. Сондайда әкем: «Қызым, неге ұйықтамай жүрсің» дейтін. «Қазір жатамын, өзіңіз де демалсаңызшы» дейтінмін. Осындай сәттер түнде бір емес, бірнеше рет қайталанды. Әкемнің ойлылығы жұққан секілді. Басқа да қасиеттері жасым ұлғайған сайын бәлкім, байқалып қалатын шығар.
– «Рахымжан Отарбаевтың қызымын» деп қай жерде айттың?
– Әкем еш жерде қызметін, атағын алға салған емес. Мен де сөйттім. Мен үшін кабинеттердің есігін қағып «Рақымжан Отарбаевтың қызы едім» деу – ұят нәрсе. Егер әкемнің атын пайдалансам, мектепті алтын медальмен, университетті қызыл дипломмен бітіріп, жақсы бір қызметтің шетін ұстаған болар едім. Бірақ олай жасаған емеспін. Менің міндетім – әкем секілді, әкем ұялмайтындай іс жасау.
– Әкең туралы жазбаңнан көп дүниеге қанық болдық. Анаң қандай адам?
– Менің анам – қазақ әйелінің нағыз эталоны. Әкеме тұрмысқа шығарда, ол кісінің қаржыға қызықпайтын, таза шығармашылық адамы болатынын түсінді. Соны біле отырып, отбасын құрып, жаңа өмірдің есігін бірге ашты. Әкемнің өмірде тарыққан қиын сәттерінде, шығармашылық өрлеулері мен құлауларында, адамдардың арқадан пышақ сұққан кездерінің бәрінде де қасында анам болды, қолдады, дем берді. Әкем үнемі анамның өзін құтқарғанын, онсыз ештеңеге де қол жеткізе алмайтынын үнемі есіне салып отырды.
Дайындаған
Серікбол ХАСАН