Таеквондо-ғажайып өнер. КСРО империясының әсіресақтық жасап, капиталистік дүние игіліктеріне көз жұмып қарайтын тұмшаулы кезеңі еді ғой.
Корей халқының ұлы өнерінің жұрнақтарын жасырын бейнетаспалардан көрдік.
Қос аяқты қайшыдай қимылдатып, қарсыластың әптер-тәптерін шығаратын, кескен теректей сұлататын өнерге іштей ынтығып жүргенде елге Алманиядан Мұстафа Өзтүрік келді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Бір құлап, бір тұрып жүрген шақ. Кешегі мызғымастай көрінген империя құлаған. Қуатты көрінетін кәсіпорындар да нарық толқындарына шыдай алмай жабылып, ондаған мың азамат нәпақасыз қалған. Алтын бесік ауыл да мәйегінен айырылып, ер азамат қарадай жүнжіген шақ. Осындай белгісіздік жағдайында ел рухын көтеретін тұлғалар керек еді.
Мұстафа Өзтүріктің Еуропа кіндігінен тарихи Отанына келуі жүдеп жүрген қазақтың көкірегіне үміт сәулесін жақты. «Ел екенбіз-ау, бар екенбіз-ау, батырдың ұрпағы екенбіз-ау» дегізді.
Еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін Мұстафасын ардақ тұтты. Алқалаған ағайын барған жерінде Мұстафасының аяғын жерге тигізбеді.
Өйткені, Мұстафаның жүрегі үлкен еді. Онда бар қазақты кеудесіне сыйғызып, шынайы жақсы көрген қасиет бар еді. Алғаусыз сүйді, ата-бабамның кіндік қаны тамған киелі мекен деп өтті.
Алматыдағы Орталық Циркқа Германиядағы шәкірттері және мәртебелі қонақтарымен келіп, өнер көрсетуі оның даңқын аспандатып қана қоймай, елдің рухын көтерді.
Мұстафаға дейін де қазақ ұлдары таеквондодан несібесіз емес еді. Ресейдің қиырында оқып жатқан қос ұланымыз Сұлтан Шоқпытов пен Шадияр Қондыбаевтар алғашқы жеңіл салмақта Ресейдің алғашқы чемпионатында топ бастаған. Кейініректе Ресей таеквондо федерациясының бір тізгіні Сұлтан Шоқпытовтың қолында болды.
Сонау Красноярск өлкесінде жауапты қызмет атқарып жүрген Шадияр Қондыбаевтың баспасөз арқылы Мұстафа Өзтүрікке сынақ тапсыруға өтінуі өте жарасымды еді.
Мұстафа Қайрат Қырғызбаев бастаған қазақтың кеудесімен мұз жаратын жігіттерін баптап, халықаралық жарыстарға салды.
Сүйткен мұзбалақ Мұстафа да өтті дүниеден.
Істен гөрі қызыл сөзге жақын халықпыз ғой, оның өлімі әлі күнге дейін сан-саққа жүгіртіліп келеді. Кінәлілер болса Алла жазасын берер, бірақ оған біреу қастық қылатындай ешкімге жазығы жоқ оғлан еді.
Мұстафаның келуімен қазақ елінде корей өнері шырқау биікке көтерілді. Қазақстан чемпионаттарын тамашалауға құрым көпшілік келіп, финалдық жекпе-жектер үлкен мерекедей өтетін.
Талай мықты жігіттердің томағасы сыпырылды.
Біз де шет қалмадық. Мұстафаның жақын досы, бертінге дейін Қазақстан таеквондо федерациясының тізгінің ұстаған Шамсат Исабековтің жанынан табылдық. «Шамсат» ақпарат агенттігі құрылып, таеквондо жайында жан-жақты жазылды. Қай облыстың қандай мүмкіндігі бар екенін білетін едік. Алматы, Жамбыл, Шымкенттің шоқтығы биік болса, Батыс өңір қатысқанына шүкіршілік қайтар еді. Бүгінде олимпиада ойындарының алғашқы жүлдегері Арман Шылмановты берген Атырау таеквондоның негізін менің досым Қабибек қалағанын айтпасақ, тарих алдында күнәға қалармыз.
Қазақстан чемпионаттарында сәтсіз өнер көрсеткен Атырау құрамасын ел жарыстарына әкелмей Қабибек көршілес Ресей облыстарының құрамаларымен бірге жаттықтырды, жарысқа салды.
Арада екі-үш жыл өткен соң Қабибектің шарболаттай жігіттері әр салмақ бойынша ешкімге есе жібермейтіндей өршіл болып айқасты.
Өзіміз тағдырдың қалауымен Бейжің, Лондон олимпиадаларына Қазақстан атынан журналист болып бардық. Сан жарыстың ішінде таеквондо бір бүйірімізде жүретін. Лондонда Нұрсұлтан Мамаев пен Феруза Ергешоваға сәл спорттық сәттілік жетіспеді.
Дәл қазір таеквондо спортында Мұстафаның келген кезіндегідей жарқыл, даңқы жоқ. Оған жігіттердің еш кінәсі және жоқ. Бар болуы да мүмкін. Өйткені, баяғыда бір жұдырықтай болып жүретін жампоз жігіттер уақыт ағынының құлы болды, көрместей болып ірге суытқандары да бар. Қу құлқынмен федерацияны ит тартқан терідей еткісі болғандар да табылып жатты.
Ұлы Абайдың «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» ғибраты қазақ таеквондосының басында тұр. Ал, Мұстафаның көзі тірісінде құраманың баптаған Сұлтан Шоқпытовтар таеквондодан қол үзді. Ол да өкінішті. «Орнында бар оңалар» деген. Біз Мұстафаның кезіндегі атағы шыққан таеквондо өнерін сағынып жүрміз.
Бахтияр Тайжан, Журналистер одағының сыйлығының және Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты.