ТҰЛҒА
Қайсы кезеңде де қоғамдық санада өркениетті өзгерістерге ұйтқы болатын, бұқараны өрелі істерге бастайтын, зиялы тұлғалардың басын біріктіретін негізгі орта болады. Бұл міндет аймақтарда көбіне-көп сондағы үлкен білім беру ошағы – университеттерге жүктелетіні аян. Әрине, ол сол үлгілі үрдісті танытуға, өнегелі ордаға лайық болса ғана. Ең басты жауапкершілік сыналар тұс та осы. Бұл орайда биыл еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесімен 70 жылдығы тұстас келіп отырған Атырау мемлекеттік университетінің өзіндік тарихи орны бөлек.
Осынау уақыт бедерінде институттан университетке дейінгі қалыптасу, даму, өрлеу сатыларынан абыройлы өткен бұл білім ордасының бағына қарай оған небір мүйізі қарағайдай толағай тұлғалар жетекшілік етіп, ұжымды әркез өрге сүйрегенін атап айту – парыз. Статистикаға жүгінсек, мұнда күні бүгінге дейін 16 тұлға ректорлық қызмет атқарған екен. Соның ішінде біз бүгін 2000-2008 жылдарғы ректор, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан педагогикалық ғылымдар және Жоғары мектеп Ұлттық Академияларының академигі Асхат Сәлімұлы Иманғалиев хақында әңгімелегенді жөн көрдік.