АЛЫСТАҒЫ АУЫЛҒА АҒЫЛҒАН ХАТТАР...

АЛЫСТАҒЫ АУЫЛҒА АҒЫЛҒАН ХАТТАР...

Аманқос Ершуов

Біздің отбасылардың басым бөлігінде тиісті құжаттарды, хаттарды реттеп, сақтау ісіне әлі күнге дейін жеткілікті мән берілмей келеді. Бұл сайып келгенде, жазу-сызу мәдениетіміз ғана емес, жазба қағаз, құжат атаулыны қастерлеп, сақтау мәдениетіміздің кенжелігінің, құжаттармен жұмыс істеу, мемлекеттік мекемеде іс жүргізу тәртібі мен дәстүрін толық меңгере қоймағанымыздың, құнтсыздығымыздың бір көрінісі. Бүгінгі ХХІ-ғасыр хат жазу дәстүрін ұялы телефонмен алмастырды десек те болады.

Бізде жанұялық болсын, дос-жаран, ағайын-туған арасындағы сағынышқа толы хаттарды ұқыпты сақтап, жинау үрдісі қалыптаспағанын мойындауға тура келеді. Бұл жағынан өте ұқыпты ағылшындар оқ бойы озық тұрады. Олардың кез-келген жанұяларында өзара жазысқан хат сақтау дәстүрі мықты сақталған көрінеді. Мектепте оқып жүрген кезімізде қазақ тілі сабағында мұғалімдеріміздің хат жазуды үйреткені және де оқулықтың мазмұнында хат жазудың үлгісі де болатын. Бүгінгі жаһандау заманында хат жазу көзден бұл-бұл ұшты десекте болатындай. Кеңестік кезеңде ата-аналар  армиядағы балаларынан, алыстағы оқудағы ұл-қыздарынан, ағайын-туыстарынан, дос-жарандар өзара жазысқан сол бір үшбу хаттарды ерекше  сағынышпен күтуші еді.   

Хат сонау кеңестік кезде мекемелермен, жеке тұлғалармен хабар алмасу құралы қызметін атқарғандығы белгілі. 

... Университет тарихына қатысты материалдар іздестіріп, жинақтап жүргенімде университет музейі қорынан бірнеше хаттарды тауып алдым. Қызығы бұл хаттарды жазушылар иісі қазаққа мәшһүр атақты ақын-жазушылар – Жұмекен Нәжімеденов (1935-1983), Қадыр Мырзалиев (1935-2011), Дүйсенбек Қанатбаев (1940-2010) болатын. Хаттың иесі Жылыой ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген  мәдениет қайраткері», Атырау өлкесіне белгілі ұстаз, ақын Аманқос Назарұлы Ершуов болатын.  Аманқос ағамыз сұрапыл соғыс жылдарының ұрпағы, яғни 1943 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Жылыой ауданының  Ақкиізтоғай ауылында дүниеге келген.

Аманқос Ершууууов

Уақытында академик жазушы З.Қабдоловтан «Қасыммен жырын қайраған ақын» деп, әділ бағасын алған көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Республикаға еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз Аманқос Ершуов 1966 жылы Гурьев педагогика институтының  (қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті) Тіл-әдебиет  факультетін бітірген. Ақынның тырнақ алды алғашқы  «Бұлттар», «Қасым жыры» атты өлеңдері өткен ғасырдың үлесінде қалған 1962 жылы  «Жұлдыз» журналында жарияланды. Аманқос ақын Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛЖКО Орталық комитеті  мен Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік жабық конкурстың екі мәрте лауреаты атанды.

 ... Ақын ағамыз ХХ-ғасырдың 70-жылдары көптеген атақты ақын-жазушылармен хат-хабар алмасып тұрған. Аманқос Назарұлы ақын-жазушы ағаларынан келген көптеген хаттарды ұқыптылықпен жинағанын аңғарамыз. Оған біздің қолымызға тиген хаттар дәлел бола алады. Бұл хаттар университет музейі қорына қалай түсті дегенге тоқталатын болсақ, музей алғашқы жасақталған тұста институт түлектерінің жеке фотолары, өмірбаяндары туралы деректер жиналғанда ағамыз жеке архивінде жинақталған құжаттармен бірге өз қолымен тапсырған болуы керек. Оған дәлеліміз 1990 жылдың 24-ші қаңтарында игі жақсылықтардың жаршысы, ұстазымыз, болашақ музейдің қоғамдық негіздегі директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жиенбай Бақи өз атынан бір кездегі институт түлегі Аманқос Назарұлы атына хат жолдаған екен.         

Хатта: «Құрметті Аманқос! Аман – сау боларсыздар. Биыл (1990 ж.) Гурьев педагогика институтының құрылғанына 40 жыл толғалы отыр. Осы датаға байланысты институттың музейін ұйымдастыру шарасына кірісіп жатырмыз. СССР Жазушылар Одағы мүшесі, республикаға белгілі ақын ретінде, өзіңді зор ілтипатпен құрмет тұта отырып, мынадай өтініштерді айтқым келіп отыр» - делінеді. Хат барысында жеке фотосурет, «Құрмет белгісі» ордені атағын алған жарлықтың көшірмесі, әр жылдары жарық көрген кітаптарының бір-бір данасын, республикаға белгілі ақын-жазушылар, мемлекет қайраткерлерімен түскен суреттердің фотокөшірмесін, түрлі одақтық, республикалық конференция, мәжіліс, съездерде түскен суреттердің көшірмесін, жалпы айтқанда музейге лайық деген нәрселерді, грамоталар т.б. жіберуін сұраған.

Енді, бір сәт ауылдағы ақынға жолданған хаттарға назар аударсақ.

 Жұмекен ақынның Ақкиізтоғайлық ақын інісіне жазған хаты қысқа да нұсқа.

           Аманқос!

Амансыңдар ма? Үй-іші, ел-жұрт аман ба?

Біз  де, аман, оқып жатырмыз. Биыл, қартайғанда, оқу іздеп Мәскеу кеткем ( әлгі екі жылдық қой), қазір сондамын. Мерекеге үйге келіп ем, сенің хатыңды алдым. Лебізің үшін рақымет! Сұраған жанға сәлем айт. Хат жазсаң адрес мынау:

                Москва, И- 254

               ул.Добролюбова, 9/11

               комн. 234.

               Мерекелерің құтты болғай!

               Жұмекен.

                6/ХІ. 71.

Хат жазылған уақытта күллі қазақ елінің мақтанышына айналған ақын Жұмекен Нәжімеденов Москва қаласындағы М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курсын оқып жүрген болатын, ол оқуын 1973 жылы бітірді. Еліміздің гимніне айналған «Менің Қазақстаным» әнінің авторы Ж.Нәжімеденовтың бұл фәни жалғаннан бақиға өткеніне де биыл 40 жыл толып отыр. Ал хаттың жазылған уақытынан бері елу жылдай мерзім ағын судай ағып өткен екен. Жарты ғасыр уақыт. Міне, қағазға түскен хаттың ғұмырлылығы осында. Бұл хат атақты ақынның қолтаңбасы мен дос-жолдасқа деген ұлы даладай кең пейілі сақталғандығымен құнды демекпіз. Ақиық Жұмекен жерлес ақын інісіне жазған хатында Мәскеудегі мекен-жайын көрсетуіне қарағанда ағалы-інілі болып өзара хат-хабар алмасып тұрғандарына ешбір шүбә жоқ деген ойдамыз.

... Келесі хатты  жолдаған Қазақстанның халық жазушысы, тәуелсіз Қазақстан Республикасы  гимнінің алғаш сөзін жазған авторлардың бірі – Қадыр ақын.

Хат жазылған 1973 жылы Қадыр Мырзалиев «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі қызметінде болды. Ал «Жазушы» баспасы Қазақстандағы негізінен көркем әдеби шығармаларды басып шығаруға  маманданған  баспа. Қадыр ақын өз хатында:

Аманқос!

Ден саулық жақсы ма? Үй іші аман шығар. Творчество қалай?

Хатыңды алдым.

Кітабыңды жоспарлап отырмыз. Бізден кінә жоқ. Оны өзің де сезетін болуың керек. Бірақ, жоғары орындағылар жастарды жақсы біле бермейді ғой. Солар тараптан түсінбестікке көбірек ұшырайды.

Осы хатты алған бойда Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетіннің хатшысы С.Имашевтың атына арыз жазып жібер. Оның айыбы жоқ. Ол арыз айналып-үйіріліп біздің баспаға келіп тіреледі де маған тілге тиек болады. Көптен бері жазып жүргеніңді, елде бірнеше жылдан бері мұғалімдік парызыңды өтеп жүргеніңді, бірнеше рет республикалық жастар творчествосына арналған семинарларға қатынасқаныңды, жақсы аталғаныңды, бірақ өлеңдеріңнің жеке кітап болып әлі жарық көрмей келе жатқанын айтып жаз. Соны тез шығарып берулерін айтып өтін. Ұялып жазбай қойып жүрме! Жазбасаң екеумізге де қиын болуы мүмкін.

Сосын, жазда Алматыға келмек ойың дұрыс. Қолдан келсе, тіпті қоныс ауыстырған да жөн болар еді...

Жағдай, қысқаша айтқанда, осындай. Асығыс, жиналыс үстінде отырып жазған хат деп біл мұны...

Аманқос!

Қайта, қайта хабарласа берудің реті келе бермес. Менде бір ұсақ бұйымтайым бар. Енді соны айтайын. Мәскеуден көп жылдардан бері «Библиотека поэта» деген сериямен кітаптар шығып тұрады. Соның үлкен сериясынан (кіші сериясы да бар) Пастернак, Цветаева, Белый, Черный, Багрицкий, Анненский, Апухтин, Блок, Брюсов, Веневитинов, Козлов, Муравьев, Раевский, Кантемир, Тредиаковский, Княжнин т.б. авторларды іздеп жүрмін. Оларға қоса «Причитания», «Народные лирические песни», «Вольная поэзия второй половины ХІХ века», «Эстонские поэты», «Белорусские поэты», «Литовские поэты ХІХ века» атты жинақтар (олар да сол сериядан) таптырмай келеді. Қазір менде бұл сериядан шыққан жүз елудей кітап бар, жетпейтіндері әлгілер – жиырма, отыз...

Ауылды жерде кітап дүкендерінде, кейде кітапханаларда олар кездесіп қалады.

Мүмкіндігіне қарай, қарастырып қарасаң. Табылғанына  ырзамын ғой.

Ең бастысы – ағаңның бұл тапсырмасына мән беріп, шындап іздесең болғаны. Аржағын көре жатарсың.

Үй ішіне, келінге сәлем!

Қадыр.

26.11.73. 

Қадыр ақынның хатынан аңғаратынымыз кеңестік кезеңде орталықтан алыс ауылдағы жас ақындардың кітабын баспадан шығару мәселесі өте қиын болғандығын анық байқаймыз. Бұл мәселе туралы Орталық комитеттің тікелей араласуы арқылы ғана шешілетіндігі хатта анық жазылған. Ақын өз кітапханасына қажетті кітаптарды іздеп қарастыруға ауылдағы інісіне бұйымтай ретінде айтуы, сол уақытта жарық көрген кітаптарды жинап, оқып, танысып отырғандығының айғағы. Кітап мәселесінде Қадыр ақын өте мұқият болған. Кейбір мәліметтер бойынша, ақынның жеке кітапханасында он мыңға жуық кітап қоры жинақталған.

... Сонау бас қаладан шалғайдағы Ақкиізтоғай ауылында мектеп жанындағы интернаттың директоры болып еңбек етіп жүрген ақынға хат жазушы, келесі үшбу хаттың авторы ақын Дүйсенбек Қанатбаев (1940-2010) болатын. Ол 1973-1978 жылдар аралығында жоғары да аталған «Жазушы» баспасында редактор қызметінде болған. Дүйсенбек ақынның хаты:

Аманқос!

Үй-ішің аман ба? Бала-шағалар сау ма? Жұмысың қалай, демалысқа шықтың ба?

Ал, мынау «тұлабойы – тұңғышың» құтты болсын, сүйінші экземплярын жіберіп отырмын. Алғашқы кітабың ғой, келесілері, әрине, бұдан да тәуірлеу болар (оформление, орналастыру, т.б.).
     Мен аманмын. Денсаулықта жақсы. Өзгеріс хабар шамалы. Осы хатты алсаң, хат жазып жібер.

 Сәлеммен, Дүйсенбек.

  5/VІ - 74.

Хатта айтылған «тұлабойы – тұңғышы» 1974 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген жерлес ақын ағамыздың «Көкжиегім – келешегім»  атты кітабы болар деген ойдамыз. Жаздың жайма шуақ күндерінің бірінде редактор Дүйсенбек ақын асқақтаған Алатау қойнауындағы Алматыдан Аманқос ақынның жарық көрген кітабының алғашқы данасын жіберіп, қазақы дәстүрмен сүйінші сұраған. Кітаптың көркем безендірілуіне мән беріп, өзінің ойында кітап авторына хат арқылы білдіре  кеткен. Қадыр ақынның хатында айтылған мәселе оң шешімін тауып, ауылдағы ақынның алғашқы өлеңдерінің жинағы жарық көргендігін осы хат арқылы білуге болады.

Атыраулық ақынның кейінгі жылдары «Шопан баласы» (1975), «Жылқышының ұлы» (1978),  «Шырқау» (1980), «Алтын босаға» (1982), «Ойсылқара» (1983), «Шұғылалы шақтар» (1988), « Пір Бекет пен жыр зекет» (1999), «Оғыланды» (2000), «Таңдамалы өлеңдер» (2000) кітаптары жарық көрді.

Аманқос Назарұлы 2019 жылы туған ауылында 76 жасында қайтыс болды.

Өлеңнің қадыр-қасиетін бір кісідей білетін бұл азаматтар алыстағы ауылда жатқан ақын  інілері Аманқос Ершуовпен үзбей хат-хабар алмасып, амандық-саулық білісіп, поэзия әлеміндегі жаңалықтар мен  сиясы кеппеген өлеңдер туралы  өзара  пікір алмасып отырғандығы да ақиқат.

Бұл күнде аталған ақындар да бірі басын ақ қырау шалған Алатау бөктерінде, бірі туған жер топырағын қымтанып бұл фәниден бақиға аттанып Жер-Ана құшағында тыным тапқанына да бірнеше жылдың жүзі болды.

Ал, алыстағы ауылға «асыққан» хаттардың асқақ рухы мен сезімтал сағынышының ұмытылмайтындығы айдан анық!

 

Ахмет Аққали

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

«Мәңгілік Ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор