ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН!
Тәуелсіздік алып, егемен ел болғалы ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы уақыттың ішінде етек-жеңімізді жидық. Жоғымызды жоқтап, барымызды мақтан тұтып келеміз. Құрдымға кете жаздаған ұлттық тіліміз қолданысқа еніп, ұмыт болған дәстүріміз қайтадан қалпына келе бастады. Қуғын-сүргін жылдарында құрбан болған асыл ардақтыларымыздың есімі жаңғырылды. Қазақ халқы арасынан әлемдік деңгейге сай келетін білім иелері шығып, өнер иелері елімізді мәшһүр әлемге танытты.
Дегенмен, тіліміз қалпына келгенмен әліде болса толыққанды мемлекеттік тіл деңгейіне көтеріле алмады. Ұлтымызды мадақтаймыз деп отырып руымызды мақтап кеттік. Командалық басқару әдісін жүргіземіз деп жүріп сыбайлас жемқорлыққа жол беріп алдық. Енді міне жаһандану заманында осы кемшіліктеріміз аяғымыздан тұсап, еліміздің дамуына зор кедергі жасауда. Әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азамат бұл рухани ыдыраушылыққа бей-жай қарап тұра алмайды. Сол себепті, «БӘЙТЕРЕК АЯСЫ» қоғамдық бірлестігі «TAISOIGAN.KZ» деп аталатын сайт ашқалы отыр. Сайттың атын «TAISOIGAN.KZ» деп атау себебіміз, сонау ХV ғасырда өмір сүрген Асан қайғыға барып тіреледі. Қазаққа «Жерұйық» деп аталатын ну орманды, көкорай шалғынды, сулы жер іздеген Асан қайғының көзі түсіп «қақпақты қара қазан» деп атап кеткен қасиетті мекенінің аты бұл.
«TAISOIGAN.KZ» сайты өлкетану мен өңірдің тарихын және шежіресін зерттеумен, көзден тасада қалып оқырман үшін ұмыт болған тарихи тұлғалардың есімін жарыққа шығарып ғылыми айналымға енгізумен және ұмытылып бара жатырған жеке тұлғалардың соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбегін баяндауды өзінің міндеті деп санайды. Сонымен қоса жер-су аттарына байланысты этнографиялық зерттеу мәселесі де сайттың назарынан тыс қалмайды. Қарапайым адамдардың отансүйгіштік іс-әрекетін көрсете отырып жастарды тәрбиелеу мәселесі басты назарда болады. Ең бастысы-мемлекеттік сана қалыптастыру ісі сайттың басты міндетінің бірі болып табылады. Осы міндеттерді орындаған жағдайда ғана Асан қайғы армандап өткен «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» қасиетті мекенге айналамыз. Қабыл алыңыздар, оқырман қауым!
Марат Жұмағұлов
«БӘЙТЕРЕК АЯСЫ» қоғамдық бірлестігінің директоры
БАСТЫ ТАҚЫРЫПТАРҒА КӨШУ: