Өлкетану тақырыбына іздену барысында 2015 жылдан бері Атыраудағы халық ағарту ісінің тарихына да жіті көңіл аудара бастағам, нәтижесінде 2016 жылы Ұлы Қазан революциясынан бұрынғы өлкеміздегі білім беру мекемелері мен ұстаздары туралы «Атыраудың алғашқы ағар-тушылары» және «Ұрпақтарға ұлағат ұқтырған ұстаздар» атты екі кітапты баспадан шығардым. Сөйтіп жүргенде, облыс орталығындағы «Ағатай» баспасынан 2014 жылы жарық көрген «Киелі мекен – Кең Жылыой» деген жақсы кітапты тағы бір шолдым. Ондағы «Сондай-ақ, 1900 жылғы мұғалім Досұлы Қожағұлдың суреті аудандық мұражайда сақтаулы. Жұмыс істеген жері белгісіз болып қалды» (190-бет) деген жолдарға көңіл аудардым. Себебі, менің аталған еңбектерімде бұл ұстаз туралы да шағын мәліметтер бар болатын, ал, суреті жоқ-ты. Оны 2002 жылы шыққан «Қызылқоға энциклопедиясынан» да таба алмайсың.