Өлкетану тақырыбына іздену барысында 2015 жылдан бері Атыраудағы халық ағарту ісінің тарихына да жіті көңіл аудара бастағам, нәтижесінде 2016 жылы Ұлы Қазан революциясынан бұрынғы өлкеміздегі білім беру мекемелері мен ұстаздары туралы «Атыраудың алғашқы ағар-тушылары» және «Ұрпақтарға ұлағат ұқтырған ұстаздар» атты екі кітапты баспадан шығардым. Сөйтіп жүргенде, облыс орталығындағы «Ағатай» баспасынан 2014 жылы жарық көрген «Киелі мекен – Кең Жылыой» деген жақсы кітапты тағы бір шолдым. Ондағы «Сондай-ақ, 1900 жылғы мұғалім Досұлы Қожағұлдың суреті аудандық мұражайда сақтаулы. Жұмыс істеген жері белгісіз болып қалды» (190-бет) деген жолдарға көңіл аудардым. Себебі, менің аталған еңбектерімде бұл ұстаз туралы да шағын мәліметтер бар болатын, ал, суреті жоқ-ты. Оны 2002 жылы шыққан «Қызылқоға энциклопедиясынан» да таба алмайсың.
Жақында, 2 маусымда әлгі кітаптағы шағын жолдар есіме түсті де, Жылыой аудандық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы М. Қақпан-баевпен хабарласып, аталмыш суретті менің электрон поштама жолдауын өтіндім. Бар болсын, Мұрат інім ертеңіне жұмысқа барған бойда жолдады, бірақ, оларда ешқандай дерек жоқ болып шықты, қайдан түскені де белгісіз, «Музей мектеп-интернатта болғанда оқушылар тапсырған болуы мүмкін» деп жазыпты ол. Аудандық мұражай бастауын білім беру ісінің үздігі, марқұм Ибатай Нығметжанов Жылой ауданының Қамыскөл мектеп-интернатында (директоры білім беру ісінің үздігі С. Қарабалин)1964 жылы құрған мектептік мұражайдан алатын, ол 1977 жылы аудандыққа айнал-дырылды. Иә, 1963-1964 жылдары КСРО-ның берекесіз, оспадар, есерсоқ басшысы Н. Хрущевтің аласапыраны тұсында біздің Жылой ауданының ауыл шаруашылығымен айналысатын бөлігі Қызылқоға селолық ауданына бағынған еді-ау, сурет сол кезде келіп түскен сыңайлы, бірақ, оны білетін мұғалімдер арамызда жоқ, ендеше, нақтылау қиын.
М. Қақпанбаевтың сұрауы бойынша мен жоғарыдағы кітабымның екіншісінде жарияланған (70-бет) ұстаздың шағын ғұмырнамасын электрон поштамен жөнелттім және арнайы мақала дайындап жатқанымды жазғам. Ендігісін, осы деректерге көз жіберелік.
Біріншіден, мен Орынбордан 2015 жылы тапқан 1902-1915 жылдарға арналып шығарылған жыл сайынғы «Статистический обзор Уральской области» еңбектеріне қарағанда, ұстаз атамыздың тегі «Досұлы» емес екен, ол «Қалдықожаұлы» деп көрсетіледі. Екіншіден, ол 1870 жылы дүниеге келіп, 1955 жылы 85 жасында қайтыс болыпты, мұны мен «Қызылқоға энциклопедиясынан» таптым, онда дұрысында «1955 ж.д.ө» деп жазылған, яғни, «1955 жылға дейін өлген» болып шығады, (57-бет). Осы мақаланы тауысып оқылық:
«Досов Қожағұл... - педагог, Орынбор 2 жылдық семинариясын бітір-ген. Ұзақ жыл ауд.білім шаңырақтарында ұстаздық қызмет атқарған. 1940 жылы «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Миялы орта мектебі – 1944 жылы» (кітаптың көрсетілген беті).
Менің деректерім де бәрін қамти алмайды, дегенмен, 1917 жылдың ұлы оқиғаларынан бұрынғы ағартушылық қызметін баяндай алады. Сонымен, Қожағұл Қалдықожаұлы Досов бұрынғы Темір қисымындағы Ойыл бірсыныптық орыс-қазақ училищесінің екінші мұғалімі (1901 жылы), Ойыл бірсыныптық орыс-қазақ училищесінің екінші мұғалімі (1902 жылы), бұрынғы Ілбішін қисымындағы Кермеқас ауылының бірсыныптық орыс-қазақ училищесі меңгерушісінің лауазымын атқарушы және бірінші мұғалімі (1903 жылы), екінші мұғалімі (1904-1906 жылдары), бұрынғы Гурьев қисымының Қарабау ауылындағы бірсыныптық орыс-қазақ училищесінің екінші мұғалімі (1907-1909 жылдары), Есбол кентіндегі екісыныптық орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі (1910-1915 жылдары) болып еңбек етті. Кеңестік кезеңде Атырау өңірінде, оның ішінде, Қызылқоға ауданы аумағындағы мектептерде ұстаздық жұмыста болды.
Айтпақшы, «Қызылқоға энциклопедиясы» да, менің деректерім де екінші - «Досов» деген алғашқы ұстаздың тағы бірі барлығын хабар-лайды. «Қызылқоғаның» жазғаны мынадай екен:
«Досов Ізім (1897 ж.т. – 1986 ж.д.ө.) – білім беру саласының қызметкері. Ұзақ жылдар аудан мектептерінде ұстаздық еткен. Ленин орденімен марапатталған» (57-бет). «Атырау облысы мұғалімдерінің энциклопедиясының» бірінші кітабында (Алматы: «Өлке», 2004) оның ғұмырнамасы берілмепті, тек КСРО үкіметінің 1950 жылғы мұғалімдерді марапаттау туралы Жарлығының мәтіні келтіріледі, онда «Қызылқоға ауданының Мәдениет бастауыш мектебінің мұғалімі Досов Ізімнің Ленин орденімен марапатталғаны» көрсетілген (149-бет).
Алғаш рет Ізекең туралы деректі 2006 жылы Алматыдағы Ұлттық кітапхананың БАҚ сақталымдарынан оқып, 2014 жылы Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатынан жеке ісін таптым. Оның ғұмырнамасын бірінші-ден - 2015 жылғы «Атыраудың ардақты адамдары. Ғұмырнамалық анықта-малық»(Атырау: «Ақжайық»)(173-бет), екіншіден - 2016 жылғы «Ұрпақ-тарға ұлағат ұқтырған ұстаздар»(70-бет), үшіншіден – 2017 жылғы «Қазан қарсаңындағы Қызылқоға»(Ақтөбе: «М.Стиль») (87-бет) тақырыпты кітаптарымда жарияладым.
Білігімізді сәл кеңейтетін менің осы тапқан мәліметтерімді оқып көрелік:
Досов Ізім – кеңестік білім беру ісінің үздігі. Тайпақ өңірінің бұрын-ғы Карманово кентіндегі екі сыныптық Есбол орыс-қазақ училищесін (1910 жылы), Гурьевтегі ұлдар гимназиясының екінші курсын (1913 жылы), Орал қаласындағы мұғалімдер семинариясын (1916 жылы) бітірген. 1916-1954 жылдары – Қызылқоға өңіріндегі бұрынғы ауыл мектептерінің мұғалімі, кеңес заманындағы Қызылқоға ауданының Сталин атындағы ұжымшары жанындағы бастауыш мектептің, Қаракөл орта мектебінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, «Мәдениет» бастауыш мектебінің мұғалімі қызметтерін абыроймен атқарды. Қызылқоға ауданындағы «Мәдениет» бастауыш мектебінің мұғалімі болып жұмыс жасап жүрген кезінде 1950 жылы Ленин орденімен марапатталған.
Бұл азаматтың фотосы әлі табылған жоқ.
Тұжырымдар болсақ, жазылған екі ағартушы да халық құрметіне толық лайық атпал адамдар еді.
Осы деректерді оқырмандардың назарына бере отырып, аңғарымды адамдардың Қожағұл және Ізім Досовтардайын ардақты азаматтардың ғұмырнамасын нақты деректермен толықтыруға атсалысуын өтінеміз, газет бетінде ой бөліссек.
Бұларға қоса, ескерте кетер мәселе де бар екен: «Киелі мекен – Кең Жылой» кітабында жазылған мынадай тұжырымның қателігін жазған да жөн: «Кезінде Кеңес өкіметіне дейін шіркеулер жанында «двухклассная, народная училище» деген атпен мектептер жұмыс жасап, кейін кеңестер тұсында орыс-қазақ мектептеріне айналған» (190-бет). Біріншіден, шіркеулер жанындағы әртүрлі сыныпты мектептерді - «шіркеулік приход мектебі»(«церковно-приходская школа»(ЦПШ), екіншіден, орыс казактары-ның балалары оқитын әртүрлі сыныпты оқу орындарын – «әскерилердің халықтық училищесі» («войсковое народное училище»), үшіншіден, қазақ балаларына арналған білім мекемелерін - әртүрлі сыныпты азаматтық мектептерді – «орыс-қазақ училищесі» («русско-киргизское училище») (баста уыш мектептерді осылай атайтын), төртіншіден, кеңес заманында бұлардың бәрінің атауын бірдей етті – екі сатылы «бірыңғай еңбек мектебі» деп атады, әскерилердің және шіркеудің мектептерін жойды, жалпыға бірдей оқу орнын құрды.
Аталмыш ағартушыларымыздың толық еңбектік шежіресі жастарға үлгі-өнеге болары талас туғызбас.
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет қайраткері,
өлкетанушы-тарихшы,
Жылойдың тумасы
Атырау қаласы,
2019 жылғы 12 маусым