Атырау облысы Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында туып-өскен танымал журналист, теледокументалист Назарбек Қосшиев соңғы бірер жылда Тайсойған өңірінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан тұлғалардың, бұған дейін беймәлім болып келген есімдердің танылуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
«Ата жолына адалдық» атты туындысында автор Тайсойған, Ойыл өңірінде тұңғыш кәсіби мектепті құрып-қалыптастырушы, жетім және жартылай жетім балаларды оқытып-тәрбиелеуге арналған жатақ-мектептердің негізін қалаушы, қуғын-сүргін құрбаны Аяпберген Науановтың өмір жолы мен атқарған еңбектерін архив құжаттары негізінде баспаға әзірлеуде.
АТА ЖОЛЫНА АДАЛДЫҚ
2016 жылғы наурыздың 30-ншы жұлдызы...
Ақтөбе қаласының шеткі елді мекендерінің біріндегі еңселі үйдің алдынан ақсақалдың екінші ұлы Жанбол қарсы алды. Жасы қырықтың ортасындағы ақсары өңді, дөңгелек жүзді, келбетті жігіт екен. Аман-сау алысып болған соң үйге бастады. Табалдырықтан «бісміллә» деп аттап, ішкі үйге өткенімізде алдымыздан ширақ қимылды, күйлі-қуатты ақсақал шығып, құшақтасып амандасты.
- Мен Сізбен құшақтасып амандасамын. Себебі, менің атамекенімнен келіп тұрсыз. Бұл – мен үшін зор мақтаныш, - деді қария...
Шынында, көзінен туған жерге деген сағыныш, атакүлдікті аңсау байқалып тұрған еді. Жөн сұрасып, елдің арғы-бергі өткенінен жағдай білістік. Әйтсе де, бала кезі туралы әңгіме айтуға да, өткен өмірі жөнінде сөз қозғауға да біраз кідіріңкіреп қалды. Тағы да арнайы іздеп келген себебімізді тереңірек айтып түсіндірдік.
- Жасың нешеде?..
Сұрағына жауап алған соң, ақсақал байыпты көзімен маған барлай қарап сөз бастады.
- Шырағым, менің жарты жасыма да жетпеген екенсің. Бақытты бол, айналайын!.. Ал, мына ізденісің мені қатты толқытты, ерекше жігерлендірді. Жас жігіттердің арасында мұндай ізденімпаздық азайды ғой бүгінде. Тек қана менің атамды іздегеніңе емес, жалпы халқымыздың өткеніне, туған жеріңнің тарихына ден қойғаның дұрыс, шырағым. Алдыңнан жарылқасын!..
Осылай деп талабымызға батасын берген Ерекеш қария өзінің 1930 жылы Тайсойған жерінде дүниеге келгенін, қазіргі мекені – Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қарасты Саралжын ауылы екенін, жасы ұлғайған соң қыс маусымында қаладағы балаларының қолына келетінін білдірді.
- Шүкір, бес перзентім бар – төрт ұл, бір қыз. Бәрі де өмірден өз орындарын тапқан, қызметтері де орнықты. Заман жақсарды ғой, бұларға еш қысастық жоқ. Соған шүкіршілік етемін. Әйтпесе біз не көрмедік, қарағым, - деп, балалық шағын бір сәт есіне түсіргендей болған Ерекеш қария әулет тарихына ойысты.
Жә, оқырманға түсініктірек болуы үшін басынан бастайық...
х х х
Ертеде Кіші жүз жұрты Жайықтың күншығыс бетіндегі Тайсойған, Бүйрек, Барқын құмдарына сұғына еніп, қонысын сайлаған ғой. Алайда, ынжыдай елдің арасы жер дауы, жесір дауы, барымта-қарымта-сырымтадан алауыз болғандықтан, Бөкей сұлтан патша ағзамның рұқсатымен әр рудан ондаған шаңырақтан ертіп, қос өзен аралығындағы бұрынғы Ноғайлының жұртына бес мың түтінмен көшіп қонған. Ондағы адам саны сол дәуірдегі ресми мәліметтерде 22 775 адам деп көрсетіледі.
Сөйтіп, 1801 жылғы 11 наурыздағы Павел І императордың Жарлығына (ол кезде «Рескрипт Императора» деп аталған – Н.Қ.) сәйкес «Ішкі Қазақ немесе Бөкей Ордасының» негізі қаланып заңдастырылған. Кей деректерге сүйенсек, 1803 жылғы ресми есеп бойынша Бөкейге ерген Кіші жүз халқының меншігіндегі түлік саны – 70 мың түйе, 30 мың жылқы, 250 мың мүйізді ірі қара, 1 миллионнан астам ұсақ жандық болулы. Бұған қарап, бұл аумақтағы қонысқа алғаш табан тіреген халықтың да, малдың да аз болмағанына көз жеткіземіз.
Әйтсе де, бұл аралықты Бөкей Нұралы баласының бекерге қоныс қылмағаны айдан анық қой. Ықылым заманнан бері талай шапқыншылықтарды бастан кешіп, кешегі орыстардың Сарайшықтан Мәскеудің «Қызыл алаңын» көшіріп алғанындай әрекеттің болмауы үшін бүгінгіні сол кезде-ақ болжаған Бөкей бабаның дипломатиялық бұл қадамы арғы-бергі жұрттың көкейіне қонақтап-ақ тұр. Еділ-Жайық – екі судың аралығына қалмақ пен орыс кезек қонып, жерімізді тарылтып, суымызға өзімізді зар қылған соң Бөкей сұлтанның мұндай істі әдейілеп қолға алуы да мүмкін.
Қалай десек те, Бөкей Нұралыұлы – Ұлы Даланың бүгінгі келешегін өз дәуірінде-ақ ойлап қойған көрнекті қайраткер екені хақ.
Міне, сол Бөкей сұлтан бастап Нарынға өткен көштің ішінде Адай-ата ұрпағының да қарасы көп болатын. Ағайынды Науан мен Текіректің әкесі Нарынға келгенде тым жас болса керек. Әжептәуір дүние-мүлкі де бар. Кейін үйленіп, дәулетін біраз еселеген әкенің жасы жер ортадан асқанда, қос өзен аралығындағы ауқымды аумақ – Нарыннан топырақ бұйырыпты.
Ол кезде Науан мен Текірек жазғытұрым құралай өткен соң құмға қарай (өзінің айтуынша, қазіргі Исатай ауданының аумағына – Н.Қ.) көтеріле көшіп, қара күзде ықтырмамен көшіп отырып Қиғаштың мың сан саласының бойына келіп қонатын. Қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданының аумағы патша жарлығымен 1860 жылы 7 әкімшілік-аумақтық бөлікке бөлініп, 1876 жылдан Астрахань губерниясына, нақтырақ айтқанда І және ІІ Теңіз жағалауы қисымдарына (округ) бағындырылған еді. Сол жылдардағы аталған екі қисымды атақты әкім-правитель, көрнекті қайраткер, ағартушы-ғалым Мақаш (Мұхамбетжан) Шолтырұлы Бекмұхамбетов басқарады екен.
Атадан қалған тал-дараққа ұлдың үлкені Науан ие болып қалып, інісі Текірек екеуі тізе қосып тірлік жалғастырады, дүние-дәулет те біраз молаяды. Өйткені, ағайынды жігіттер өз алдына отау көтеріп үй болғанмен, еншілерін де ажыратпаған. Нарындағы Адайлардың арасында беделі өсіп, абыройы асқан Науан мен Текірек ел аузында «би» атанған қайраткерлер болыпты. Әуелден ой-өрісі келіскен ағайынды жігіттердің Мақаш әкіммен өзара сыйластығы тығыз, ой-көзқарасы түйіскен пікірлес болғандықтан да айтылғаны анық.
Ағайынды қос бидің әрқайсысы өз алдына үйлі-баранды болып, перзент сүйеді. Үлкені Науанның шаңырағында 1884 жылы өмірге келген Аяпберген атты ұлдың туған жері де Нарынқұмның бір бұйраты екен. Бірақ ресми құжатты Ганюшкино селосынан алатын болған соң, оның өмірге келген жері де Ганюшкино селосы деп жазылып кеткен...
Осылайша дүниеге ұрпақ келіп, өмір жалғасып жатқанмен, патша өкіметінің қысым-қарекеті көбейіп, тұрақты қоныс болуы ауырлай түседі. Елдегі «шолақ белсенділердің» де абай-қоқайы жұрттың зәресін кетірген. Амалсыздан ақылға бай ақсақалдармен кеңесе келіп, бір қауым жұрт атажұртқа – туып-өскен Тайсойған мен Бүйрекке, жалпы Ойыл бойына қарай ірге көтеруге бекініпті.
Әйтсе де, бұл кесімге өкімет рұқсат етпесе Жайықтан өтуге жол жоқ. «Балықты үркітесің» деп, сақалы қауғадай казак-орыстардың ат суару үшін де өзенге жақындатпай тұрған шағы. Дегенмен, қанша күтсе де, Құдай тілекті беріп сәтті күн туады.
Арада көп жыл өтіп кетсе де, Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістен зәресі кете қорыққан өкімет Нарындағы 95 үйдің Тайсойғанға қайтадан көшуіне рұқсат береді. Сол көшті бастап әкеліп, Тайсойған құмының қақ ортасындағы Кеңқоқты, Шилікөл, Жарыпшыққан, Шығанкөл мекендеріне қондырған осы Науан ата екен.
Бүгінгідей зымырап тұрған көлік жоқ, ол заманда ат-арбаның да тапшылау кезі. Әлділер жағы түйеге қомдап немесе Зеңгібаба тұқымына арба сүйретіп, кедей-кепшіктер өгіз жеккен ырдуан не көтек арбамен үздік-создық шұбатылып, көп жүрсе керек. Кейде жаңа туған қозының жүрісімен «қозыкөш» жерге жылжып та отырады.
Ақыры, бірнеше ай жүріп, Жайықтың бұқар бетіне өтіп, «өлсем сүйегім атакүлдікте қалатын болды ғой» деп қарттар жағы қуанулы келе жатқанда айы-күні жетіп отырған Науанның бәйбішесін толғақ қысып, көшті тоқтатуға тура келген. Бірақ ұзын жолдың бойында үлкендер көшті ілгері жіберіп, бірер жаппамен аз ғана адамды алып қалып, қона жатады. Сөйтіп, көші-қон бойында жарыққа келген шақалақтың ныспысын әкесі Жолдыбай атапты. Бұл шамамен 1890 жыл болса керек. Ал, Тайсойғанға келіп орныққан соң кіші ұл Жолдас өмірге келеді.
Осылайша, Науан биден Аяпберген, Жолдыбай және Жолдас есімді үш ұл өмірге келген. Ал, Нарында қалған інісі Текірек «ақ патшаның» әкім-қараларымен келісе алмай, Түркияға көшіп кетулі. Бұл төңкеріске дейін, тіпті ғасырдың алғашқы онжылдығында болса керек.
Нарынқұмда отырғанда-ақ өзі зор үміт күтетін Аяпбергенді жастайынан молдаға оқуға беріп, «әптиекті» оқытқан Науан би ұлдары есейе келе олардың сап-сары ала түйме таққан жандарал болмағанмен, өз қатарынан оқуы терең, мерейі үстем, абыройы асқақ тұруын көздеп жүреді. Қанішкендегі қолы ұзын досы Мақаш әкімге хабар салуды бір ойласа, енді бірде Тұзтөбедегі татар молдаға айтып, «Құсайын мектебінен» оқыту да жадынан шықпай қойды.
Аяпберген Науанұлы
Ақыры, Алланың оңғарғаны сол шығар, Аяпбергеннің маңдай тіреген жері – Орынбор қаласы, дін Исламға терең бойлап, оқуға дендеген орыны – «Хұсаиния» медресесі. Өйткені, өзі орыс арасында өскен Науан би баласының орысша оқыса «шоқынды» болып кетерін бір ойлап, екінші жағынан Ішкі Ресейде болып жатқан дүмпулерден іштей қатты сескеніп жүретін. Жез түймелі, қатырма жағалы шегіркөз казак-орыстардан бұрын Нарында жүргенде аса қаймыға қойған жоқ. Бәлкім, Мақаш правительдің ығы да зор болған шығар. Енді Тайсойған ішіне де келіп-кетіп жүретін орыстың қоқаңдаған «шолақ белсенділерін» көрсе аза бойы қаза тұрады.
Өзі де тамыр-таныстан сұрастырып білген: «Құсайын мектебінен» бітіргендердің қатарында азуын айға білеген мықтылар бар көрінеді. Небір шайырлар мен жыршылар, оқымысты ғалымдар мен мүйізі қарағайдай тілмәштар – әйтеуір көп-ақ. Сосын:
- Нар тәуекел!.. Осыдан осы бала оқу бітіріп келсе абай-қоқай көрсеткен «шолақ бастықтарды» тәубесіне келтірермін-ау. Тек сол атты күнге жеткізгей Жаратушы ием!, - деп тілек тілеп, төңіректегі елге сауын айтып той қылып, баласын Тұзтөбеге аттандырған еді.
...Аяпберген оқуға барған жылдар – кейіннен көрнекті қайраткер, ғалым-ұстаз, ағартушы болған Ахмет Байтұрсынұлының 1891-95 жылдар аралығында Орынбордағы төрт жылдық мектепте шәкірт шағы-тұғын.
х х х
Оқырманға түсінікті болуы үшін ХІХ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ сахарасындағы білім беру, халықтың ілім-білімге ұмтылысы туралы кеңірек тоқталып кеткенді жөн көрдік.
Білім алуға тілек білдірушілер санының артуына байланысты Қазақстанда жыл санап үздіксіз көбейген мектептер мен медреселер «дәстүрлі мектептер» санатына жатқызылды. Ал, оларды бітірген соң қазақтар өз балаларын шәкіртін жаңа әдіспен оқытатын Уфадағы «Ғалия», Орынбордағы «Хұсаиния», Троицкідегі «Расулия», «Уазифа» сияқты ірі медреселерге оқуын жалғастыру үшін жіберетін.
Олардағы жалпы оқу мерзімі 12-13 жылға созылған. Кейбір медреселерге түсу үшін «техзирия» атты даярлық сыныбы болыпты. Оқу пәндері медресенің сатысына байланысты белгіленген. Жоғары білім беретін медреселерде араб тілі (лексика, этимология, синтаксис, шешендік өнер, тарих), дін ілімі, заңтану (Құранды, аят хадистерді түсіндіру, шариғат, мұраны бөлу тәртібі туралы ілім), фәлсафа (логика, математика, география, астрономия, медицина, табиғаттану негіздері, ой талдау философиясы) оқытылды. Алайда, мұндай оқу орындарында діни білім беру басым сипатта болды.
Солардың ішінде біздің тоқталмағымыз – Орынбордағы 10 медресенің ең ірісі әрі таңдаулы жоғары дәрежелі оқу орыны «Хұсаиния» хақында. Орта Азия мен Қазақстан тарихында айрықша роль атқарған медресесі 1891 жылдың басында ағайынды Ахмет (1837-1906), Ғани (1839-1902) және Махмұд (1839-1910) Құсайыновтардың қаржысына ашылған. Оқу орынының 10 жылға есептелген бастапқы оқу бағдарламасында дүнияуи пәндер басым екен. Кейін діни пәндер күшейтіліп, оқу бағдарламасы 14 жылға созылған. Алғашқы 3 сыныбы – бастауыш (ибтидаи), одан кейінгі 4 сынып – орта (рушди), кейінгі 4 сынып – жоғары дәрежелі білім алуға әзірлейтін (иһдадия) және соңғы 3 жыл – жоғары (ғалия) бөлімі. Иһдадия бөлімін тәмам қылған шәкірттерге орта мектептерде ұстаздық етуге рұқсат етілген.
Медреседе дәстүрлі пәндерден басқа, ғаламдық және жаратылыстану, түркі және орыс тілдерін оқыту пәндеріне ерекше ден қойылған. 1916-17 оқу жылында медресенің 10 (4 бастауыш, 4 орта және 2 жоғары) сыныбында оқыған 227 шәкірттің 57-сі пансионда жатып оқыған.
«Хұсаинияда» қазақ, башқұрт, татар, өзбек, қырғыз, құмық, қарақалпақ ұлтының өкілдерінен құралып, жәдит әдісімен оқыған орта есеппен 120-130 шәкіртке әр жылдары Р.Фахретдин, М.Бигей, С.Рами, С.Сунчаляй, Ш.Камал, З.Қадыри, Ф.Кәрими, Ш.Бұрхан, Ж.Уәлиди, Қ.Сағди секілді түрік білімпаздары сабақ берген. Медресенің кітапханасы көркем, фәлсафалық, педагогикалық әдебиеттерге, орыс, татар, араб, түрік, парсы, т.б. тілдердегі оқулықтар мен мерзімді басылымдарға бай болатын. Соның әсері ме, әлде көзінің ашықтығы ма, кейбір шәкірттер төңкерістік қозғалыстарға қатысып, демократиялық бағыттағы мерзімді басылымдармен тығыз байланыс жасаған. Тіпті, 1905-07 жылдардағы төңкерістің құлдырауынан кейін де шәкірттердің баскөтерулері мен ереуілдері тыншыған жоқ. Ақыры, сол шәкірттердің көпшілігі кейіннен Азамат соғысы жылдарында атамандар Колчак, Дутовты және басмашылар қозғалыстарын талқандауға белсене қатынасты.
«Хұсаиния» медресесін көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғылым мен мәдениет саласындағы көрнекті тұлғалар бітіріп шыққан. 1919-20 оқу жылында медресе атауы Татар халық ағарту институты болып өзгертілді. Сөйтіп, 30 жылда 2 мыңнан астам мұғалім тәрбиелеп шығарған бұл медресе Кеңес өкіметі ұстанған бағытқа сәйкестендірілген.
Тарихқа «Ұлы Қазан төңкерісі» деген атаумен кірген 1917 жылға дейін «Хұсаиния» медресесі тек Орынбор өлкесі мен оған жақын аумақтар емес, күллі қазақ даласындағы ірі мәдени және діни орталық болып саналатын. Ислам әлемінің кәсіби басшы қызметкерлеріне деген зор мұқтаждықты өтеу қажеттілігінен бой көтерген медреседе араб графикасы қоса оқытылады.
Тіпті, мешіт жанындағы медреседе алғаш ашылған кезден-ақ қамқоршылық және педагогикалық кеңестер құрылған. Ал, ХХ ғасырдың басында діни оқу орыны сыңғырлаған су жаңа үш қабатты ғимаратқа қоныс аударады. Сол кездің өзінде-ақ дербес жылу қазандығы мен электр жарығы жүйесі орнатылған оқу орнында ондаған оқу сыныптары мен кабинеттер, кітапхана, интернат пен асхана болған. Осындай өркениет үлгісі сеп болған шығар, көп кешікпей медресе шәкірттерінің саны 500 балаға жеткен.
Орынбордағы бұл медреседе әр жылдары татар, башқұрт, қазақ халықтарының көрнекті тұлғалары Мұса Жәлел, Сағит Ағаш, Ғариф Гумер, Мирхайдар Файзи, Жиенғали Тілепбергенов, Құдайберген Жұбанов, Жиһангер Абызгелдин, Абдолла Асылбеков, Шамғали Сарыбаев, басқа да қайраткерлер оқыған еді.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында медреселерде көне оқу жүйесін қолдайтын ағым – хадимшілдікке қарсы жәдитшілдік пайда болды. Әуелде «усули жәдид» (жаңа) немесе «төте оқу» деген атпен бұл қозғалыс белгілі дәрежеде игі роль атқарды. Медреселердің оқу жүйесіне физика, математика, ана тілі, география, химия, т.б. пәндер енгізілген. Сол кездің зиялылары И.Гаспринский, Ғ.Тоқай, Ғ.Камал, Ф.Әмірхан, М.Ғафури, Мамедкулизаде, А.Байтұрсынов, А.Ақмолда, Т.Жомартбаев, С.Көбеев, С.Торайғыров, М.Қалтаев, т.б. төте оқуды жақтайды. «Усули жәдид» үлгісі мен төте оқу жолының Қазақстанда жүзеге асуы 1900 жылдың басынан әсіресе, 1905 жылғы төңкерістен соң өріс алды. Қазақстанда жаңа әдіспен оқытатын жүздеген медреселер жұмыс істеген. Араб әрпіне алғаш рет реформа жасалды.
Сөйте тұра, дәстүрлі Ислам дінінің ілімдерін сақтау мен дамыту және адам бойына имандылық нұрын дарыту ісі Кеңес дәуірінде оңай шаруа емес-тұғын. Өйткені, атеистік бағытқа бейімделген социалистік қоғам мен коммунистік идеология жағдайында облыс орталықтарындағы мешіт имамдарының үні бәсең, құмығып шығатын. Сонда да болса, арнайы діни жоғары білімі бар, қазақ және орыс тілдерінде еркін жазып, еркін сөйлей алатын өңірдегі дінбасылар қарапайым қалың бұқараның сенімі мен ырзашылығына ие бола білді. Ал, олардың Құран Кәрімді араб тілінде жазылған түпнұсқасынан мүдірмей оқығаны да өз алдына бөлек әңгіме.
х х х
«Хұсаиния» мектебін бітірген талапты жас Науанұлы Аяпберген Тайсойғанда отырған еліне келіп, ұстаздық еңбек жолын бастайды. Жергілікті оқу жасындағы балалардың басын қосып, оқыта бастағанда мектептің түрі арнайы тігілген киіз үй еді. Оның ішінде парта, тақта, орындық болмаған. Оқушылар жерге қалыңдап төселген текеметке қаз-қатар малдас құрып отырып, мұғалімнің дәрісін тыңдайды. Әр ауылдан жиналған шәкірттердің жас ерекшелігі де әртүрлі. Оған төлейтін ақысын әркім «Аяпберген өшетілге» өз әлінше беретін. Мысалы, дәулеттілер – малмен, ақшамен, орташалар – малмен, ал кедейлер – мектептің отын-суы, басқа да шаруасына қолқабыс етіп өтейді екен. Өкінішке орай, мұғалімнің ақысын адал еңбек, маңдай термен өтейтін кедей-кепшіктің балаларына мектептегі сабақтың бұйырмай қалатын күндері көп болады.
Оның үстіне тек төрт түліктің тісіне еріп, қоныс жаңартып көше беретін осынау дархан халықтың көзін ашып, сауаттандыру үшін көп еңбектену қажет. Толық тәмамдаған терең оқуы болмаса да, Орынбордан алған аз ғана білім-білігін алдындағы көздері жәудіреп, оқу-білімге үздігіп, ынтыға түскен көгенкөз жастарға үйретпек болған Аяпбергеннің қиялы кейде сан қияға шарықтап кетуші еді. Амал не, қол қысқа. Әкесі Науанның дәулеті өз әулетін асырауға жеткенмен, атырапқа әйгілеп, хан сарайындай сәулетті мектеп салдыруға тапшы.
...Мезгіл күзге тақап қалған. Ауа райының әжептәуір ызғары бар, тек құмның іші болған соң ықтасыны мол. Бір күні сабақ аяқталған соң «шкөлде» отырып, шәкірттерінің жазу дәптерлерін тексеріп отырған. Үстіне әкесі кірді. Жан-жағына қарап біраз тұрды, сосын айнала жүріп, киіз үйден жапсарластырып салған «шкөлдің» іргесіне мұқият шұқшиды. Ақыры, бері бұрылып, баласының қасына келіп отырды.
- Балам, мына жүрісің не? Қаймана қазақтың баласын оқытып, қандай барқадар таппақсың?! Одан да Мақаш правителге хабар салайын, Аштархандағы күбірнәтірдің кеңсесіне жұмысқа тұр. Болмаса өзің оқыған Тұзтөбеге бар...
Әңгіме осы бағытта кетіп бара жатқан соң бұл да әкесінің бетіне бар ынтасымен бажайлап қарап отырып, әкесін кідіртті.
- Әке, менің бір ауыз сөзімді тыңдаңызшы... Мынау елге, осы кең далаға сіз сол Нарыннан не үшін, кім үшін көшіп келдіңіз?..
- «Кім үшінің» не? Ата-бабаның қонысы емес пе?
- Олай болса, әке, осы елдің баласы неге сауатсыз, надан болуы керек?! Бүгін мен кетсем, ертең Жолдыбай мен Жолдас кетсе, бұл елдің көзі қалай ашылады? Елде кім жұмыс жасайды? Осы жағын да ойлау керек тәрізді. Өйткені, ендігі уақытта сауаты бар адамның ғана наны жүреді, әке. Сондықтан, маған жаныңыз ашыса, мына балалардың сабағын үзбеу үшін мектеп үйін тастан қалап салуға біраз көмегіңізді беріңіз. Ертең соның орыны еселеп толады...
Осы бағытта өрбіген әке мен баланың әңгімесі осымен аяқталды. Бірақ нәтижесіз болмаған екен, бірер күннен кейін әкесі келісімін беріп, мектептің шығыны үшін жылқыдан бір үйірді шығаратын болды. Сөйтіп, Тайсойған жеріндегі алғашқы мектеп 1908-10 жылдардың шамасында Ойыл өзенінің күншығыс жақ бетіндегі Кеңқоқты жазығынан салынды. Өзі ел аузында «Аяпберген өшетіл» атанған ағартушының абыройы сол өңірде тым жоғарылай береді.
Себебі, Кеңқоқтыдағы әке дәулетінің арқасында өз күшімен салынған екі сыныптық мектептің жанында 30 балалық интернат болған. Әкесімен ақылдаса отырып, жоспар-жобасын өз қолымен сызған Аяпберген өшетіл бұл мектепте тек осы өңірдің балалары емес, ат аяғы жететін жердегі білімге құштарлардың бас қосуын құп көрді. Ол қателеспеген еді.
Игі мақсатта салынған Кеңқоқтыдағы алғашқы мектеп-интернатта Қаратөбе, Ойыл, Тайсойған, Сағыз өңірінің балалары жатып оқыған.
х х х
...Осы жерде ескерер бір жәйт бар.
Біздің қолымыздағы мәліметтерге сүйенсек, «әкесі Науан кедей шаруа, сауаты жоқ адам» деп көрсетілген. Бірақ бұл әулеттің барынша дәулетті, әлді тұқым болғанын анықтадық. Әйтпесе, Текіректің ұлы Қази сол уақытта Түркия еліндегі жоғары білім беретін дін мектебінде оқып жүре алмас еді. Кейіннен Аяпбергеннің өзі де жұрттан жинаған «жылумен» мектеп сала алмайтыны анық қой.
х х х
Сол тұста Текіректің бір баласы Қази жыл сайын Түркиядағы оқуынан жазғы демалысқа келгенде қаржы жинап алу үшін бала оқытады екен. Оған қоса елдегі оқуға ниет-талабы бар балалар мен көзі ашық, көкірегі ояу жастарды арнайы бағыттап, өзінше бағдар сілтеп жүріпті. Бұл жолы елге келгенде «Хұсаиния» медресесін бітірген Аяпбергеннің ғажайып істерін көріп, өзімен де сырлас болады. Дүниедегі өзгерістер, басқа да ілім-білім жөнінде біраз пікірлескен Қази інісінің келешегіне зор сенім артқан. Аяпбергеннің әлі де болса оқуға зерек, білімге құштар екенін байқаған соң ағасы Науанға:
- Мына бала оқыса, адам болады. Рұқсат етсеңіз, мен алып кетіп оқытайын, - деп көкесі Науанға жата-жармасады.
Сөйтіп, Қазимен бірге Түркияға аттанған Аяпберген кейінірек бауырының көмегімен Ыстамбұл қаласындағы оқуға қабылданады. Сол кезде қазақ даласынан барған жерлес студенттер өзара араласып, жақсы қарым-қатынаста болады екен. Сырттан барған жас жігіттер сабақтан қол босағанда біріне-бірі барып, сый-құрметтері үзілмейді. Ағасына еріп Аяпберген де бірнеше мәрте сол ортада болған, ой-пікірлері түйісіп, әзіл-қалжыңдары жарасыпты. Көкірек сарайы да ашылып, дүниеге көзқарасы өзгереді.
Қанша уақыт өткені белгісіз, аяқ астынан Қази қатты науқастанып, кенеттен қайтыс болады. Соның салдарынан Аяпбергенге туған жерге оралуға тура келген. Сонда да қарап жатпай, Қазидың бай кітапханасынан оқып, білімін толықтырумен шұғылданған ол өз ынтасының арқасында араб тілінде жазылған грамматика, жағырапия, методика туралы кітаптарды оқып, сауатын тереңдете түседі.
Қыр қазағы үшін «Түркияда оқып келген» деген дардай атақпен А.Науанов 1916-19 жылдары қазақ байларының балаларына жалдамалы оқытушы болып кәсіп етіпті. Ол шақта да қыркүйектен басталған оқу жылының мерзімі ел жайлауға көшетін сәуір, мамыр айларына дейін жалғасады екен. Бір тәуірі – Аяпбергеннің араб тілін жақсы білуі сол тілде жазылған қолда бар әдебиеттер мен оқулықтарды терең талдау жасауына, тіпті Сократ, Аристотель сияқты философтардың еңбектерін де оқып түсінуіне көп жеңілдік келтіреді.
Әйтсе де, жалдамалылықпен күн көріп, оның үстіне оқытқаны байлардың балалары болғандықтан, мұны Аяпберген өз бойына ар санайды.
Баласының оқуы үшін берген ел-жұрттың ақысы мен азын-шоғын әке дәулетіне тағы да қол салып, Кіндіксай жайлауына жақын жердегі «Есжан терегі» маңынан шағындау етіп мектеп салған Аяпбергенді ел «ағартушы» атап кеткен. Ал, мектеп әлі күнге дейін ел аузында «Аяпбергеннің ақ мектебі («ақ шкөлі»)» деп аталулы.
х х х
Зерделеп көрсеңіз, қазір Тайсойған өңірінде «Аяпберген» атымен аталатын бірнеше мекен, шұрайлы да кең алқапты қамтыған «Ақшкөл» атты малшы қыстағы да бар. Өкінішке орай, бұл мекендердің арғы тарихы бүгінде тек жасы елуді еңсеріп, алпысқа таяғандар болмаса, кейінгі буынның жадына сіңе қоймаған.
Әйтпесе, Тайсойған өңірінен 4 жерде – Кеңқоқты, Кіндіксай, Қамыскөл, Саралжыннан «төте оқу» әдісіне негізделген мектеп салдырып, халықты сауаттандыруға бар ғұмырын сарп еткен асыл азаматтың есімі әлі күнге дейін елеусіздеу қалар ма еді?!
Айтқандай, 4 мектептің үшеуін Аяпберген Науанұлы негізінен өз қаражатына салдырғанын да ескерген абзал. Сонымен қатар, Кеңқоқты мен Қамыскөлдегі білім ұялары ғана «негізгі базалық мектеп» болып есептелген де, қалған екеуі оқыту методикасын тарату мақсатында салыныпты.
х х х
Дәл осы кезеңде Ахмет Байтұрсынұлы Орынборда өткен ІІ Жалпықазақ съезінде (1917 жылғы 5-13 желтоқсан) құрылған Оқу-ағарту комиссиясының төрағасы болып тәжірибе жинақтаған, оған қоса 1920-21 жылдары Қазақ АКСР Халық ағарту комиссары лауазымында жұмыс істеген кезі еді...
1919 жылы Алашордадан Кеңес өкіметі жағына өтіп, РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі мен Қазақ Әскери-төңкерістік комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған студенттік кездегі жолдасы А.Байтұрсыновпен кездесу үшін Орынборға арнайы барған Аяпберген онымен кеңеседі. Сонда Ахаң:
- Кеңес өкіметі жеке адамның атымен аталған мекемелерді онша жақтыра қоймас. Сондықтан, «Аяпбергеннің ақ шкөлі» деген атақ дұрыс болмайды, оны жойғызу керек. Кедей-батырақ деп көрсетпесе, ауқаттыларға келгенде сұсы қатты. Сондықтан, ақылға кел, - деп ақыл қосқан екен.
Екеуі сол жерде «Тайсойған бастауыш мектебі» деген атауға келісіп, солай жаздырады. Кейіннен А.Байтұрсынұлы Халық ағарту комиссары қызметіне бекітілген соң осы атаумен ресімдеп, мөр басылған құжат жасақтап берген. Содан бері атауы сол күйінде сақталып келеді.
Қызылқоға жерінде тұңғыш ашылған кеңестік бағдарламамен оқытатын білім ордасына Жем, Сағыз, Бабатай, Қайыңды, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Тайпақ, Қаратөбе өңірлерінен балалардың қатынасып оқыған. Алайда, жыл маусымдары мен ауа райының құбылыстарына байланысты біраз қиындық та туындайды. Сондықтан, 1922-23 жылдары мектеп базасы жергілікті өкімет және ата-аналардың күшімен «асар» жасау арқылы екі сыныптық мектеп, сондай-ақ мектеп жанынан 30 балаға есептелген жатақ үйлерін салуды ұйымдастырған. Негізінен, оқушыларға арифметика, қоғамтану, табиғаттану пәндерін оқытатын оқытушылардың өздеріне арнап екі пәтерлік үш үй де салып береді.
Соған қарағанда, Аяпберген Науанұлы тек ұстаз ғана емес, шебер ұйымдастырушы да болады. «Макаренко коммунасы» үлгісінде салынған Тайсойған бастауыш мектебінің жанында қосалқы шаруашылық ұйымдастырған. Онда өсірілген мал мен егілген егіннен жиналған бидай, тары, т.б. өнімдер жатақтағы балалардың жыл бойы тамақтануына толық жеткілікті екен. Тұқым салу, жиын-терім, шаруашылықтағы малды күтіп-бағу жұмыстарын оқушылар атқарғанын көзкөрген қариялар айғақтай түседі.
Осындай жанкешті еңбегімен танылған Аяпберген ағартушы кейіннен аудан өңірінде ашылған мектептерге әдістемелік көмек көрсетіп, басшылық қызметтер атқарған. А.Науановқа 1934 жылы қазіргі Миялы селосының іргесіндегі Қамыскөлден (Шынында, Миялы селосының құбыла бетіндегі осы мекен жергілікті халықтың есінде «Бәйсеутөбе» шағынауданы болып сақталған. Тек жасы елуден асқан буын ғана «Қамыскөл» атауының себебін түсінеді – Н.Қ.) мектеп ашу жұмысы тапсырылады. Өзі мұғалім болып жұмыс жасаған сол мектеп те Аяпберген ағартушының бастамасымен ашылған. Бұл жерде де 200 орындық клуб, мұғалімдер үшін үй салдырады.
Аяпберген салдырған мұғалімдерге арналған үй, Миялы селосы
1946 жылы сол мектептен VII сыныпты бітірген Жолдыбайұлы Ерекеш қарияның айтуына қарағанда, Тайсойған өңіріндегі алғашқы клуб бөлек ғимаратта Қамыскөлдегі мектеп кешенінің құрамында салынған. Оның қасында мұғалімдер бөлмесі есебіндегі ғимарат, сосын мектептің ескі, сол кезде техникалық жабдықтар тұратын ғимараты орналасқан. Мектеп директорының үйі де осы ғимараттың ішінде болған екен.
- Мұның бәрі өзімізге немере ағайындығы бар Жұмағали Сүлейменовтің үйінде жатқандықтан, менің есімде жақсы сақталыпты. Оның үстіне біздің әулет тағдырдың теперішін көп көріп және мектепке Аяпберген атамыздың сіңірген еңбегі өлшеусіз болған соң мұндай азды-көпті, былайғы жұртқа елеусіздеу нәрселерді жадымызда мықтап сақтадық. Жеті жыл бойы жақын жердегі сол үйде жатып, кейде мектептің түрлі шаруасын атқарудан еш бой тартқан емеспіз. Қазір өткен шақ еске түскен кездерде «Осының өзінде де ілім-білімге деген құштарлық жатқан жоқ па екен?» деп сағына еске алатын сәттер болып тұрады, - дейді Ерекеш қарт.
Сонымен қатар, жаңа ашылған мектептің материалдық базасын нығайту үшін жергілікті партия, кеңес ұйымдарын да жұмылдыра біледі. «Қамыскөл» мектебінің құрылысы үшін Кеңес өкіметінің жергілікті бюджетінен сол заманның өлшемімен 1500 рубль қаражат бөлінген. Қалған жұмыс халықтың өз күшімен салынады.
Бұл сөзіміз нақты болуы үшін осы жерде біраз айғақты мәліметтер келтіруді жөн көрдік.
ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында қазіргі Тайсойған ауылдық округінің аумағы – Гурьев округінің Доссор ауданына, Миялы, Жангелдин округтері – Ақтөбенің Ойыл ауданына қарап тұрған болатын. Сол кезде біздің кейіпкеріміздің атақ-абыройы да осы өңірге кең жайылады. Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қарасты Саралжын селолық округінің Бестамақ ауылында (бұрынғы «Саралжын» кеңшарының №3 бөлімшесі) бір кездегі «Төте оқу» мектебінің ізімен бастауыш мектеп ашылып, оның «Тайсойған негізгі мектебі» деп аталуы осы сөзімізге дәлел болады.
- Әкемнің ағасы Аяпберген мен інісі Ғаділше жөніндегі мәліметтерді көп іздендім. Өз бетіммен жинақтағаным мол дей алмаймын, бірақ баршылық. Өкінішке орай, көпшілігі газет мақалалары. Аяпберген туралы алғаш рет сонау 70-жылдардың орта тұсында белгілі қаламгер Әнуарбек Қосанов Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» газетінде жазды. Әрине, ол менде сақталған жоқ. Бірақ газеттен сол мақаланы көргенде балаша қуандым. Өкініштісі, ол кезде мұны жұрттың алдында айтып, мақтаныш қылуға сескенетінбіз. Жұрт «халық жауының тұқымы» деп қарайтын. Одан кейін Ақтөбе, Атырау облыстарының түрлі мерзімді басылымдарында мақала-естеліктер шыға бастады. «Алғашқы ұстазым» деген мақаланы Алтықарасу мектебінде директор болған Дүйсен Усин атты немере ағамыз жазды. Саралжындық партия-кеңес ардагері Жақсылық Бисалиев те біздің атамыз туралы жазған еді. «Алтын Орда» газетінде Т.Бисеновтің мақаласы жарық көрді. Маңғыстау облысынан шығып тұратын «Үш қиян» газетінде 2006 жылы КСРО Журналистер Одағының мүшесі, ақтөбелік Сәрсен Жұмағалиевтің «Адайдың Алтынсарині – Аяпберген» деген мақаласы шықты. Сонда Аяпберген атамыздың екі мектеп салдырғаны жөнінде айтылған, - деп, жүрекжарды толқыныспен бастаған әңгімесін Ерекеш аға қамыға аяқтады.
Айтса – айтқандай, Аяпберген Науанұлы жөніндегі жазба деректер де, ауызекі естеліктер де тым аз. Тек ел аузындағы алыпқашты қауесет қана. Оның өзін айтатын, дәлелді тұжырыммен сөйлейтіндер азайды.
Хамит Аяпбергенұлы
Ерекеш ағаның нақты сүйенері – Аяпбергеннің екінші ұлы, педагогика ғылымдарының кандидаты, белгілі математик Хамит Науанов (1917-1981) айтқан тұшымды естеліктері. Тайсойған құмында дүниеге келген ол 1937 жылы ҚазПИ-дің физика-математика факультетін бітірген соң, жолдама бойынша Қызылорда пединститутына оқытушылық қызметке жіберіледі. 1948 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен құрылған Н.Байғанин атындағы Ақтөбе қазақ қыздар педагогикалық институты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлығына тағайындалған.
Әкесі мен ағасы «үштіктің» бұйрығымен ұсталып кеткеннен кейін әулетінің шашылмай, қатарға қосылуына зор көмегін тигізген Хамит Аяпбергенұлы еді. Институтқа жұмысқа орналасқан соң, оқу басталмай тұрып елге жазғы демалысқа келген Хамит ағасы Жолдыбайдың қызы Мәрзия апай мен ұлы Еркін ағаны өзімен бірге Қызылордаға алып кетеді. Өйткені, Еркінді туған бойда Аяпберген өз бауырына салып, содан ол «Еркін Аяпбергенов» атанып кеткен-тұғын.
х х х
Жастайынан тағдыр теперішін көріп өскен Ерекеш аға көмейге тығылған ащы запыранды ірке отырып, жанбай жатып сөнген ұлт ардақтыларының бірі – ағасы Ғаділше туралы біраз беймәлім жәйттің бетін ашты.
- 1930 жылы Ғаділше Аяпбергенұлы Қамыскөлдегі үйіне Ахмет Байтұрсыновтың туған ағасының қызы Жәмішті әкеліп, келін етіп түсіреді. Бұл кезде ҚазПИ-дің физика-математика бөлімінің ІІ курсын бітіріп келген бойы екен. Тойдан кейін арада екі-үш ай өткен соң оқуын жалғастырмаққа Алматыға барғанда Ғаділше көкемізді сабаққа қоспай қояды. Себебі, соның алдында ғана А.Байтұрсынов «халық жауы» ретінде ұсталған екен. Бұған да «егер сен «халық жауының» қарындасы – әйеліңнен заңды түрде ажыраспасаң, өзің оқудан шығарылып, ата-анаңмен қоса өзің де сотталасың» деген қоқан-лоққы жасалады. Біздің тұқым «қара тізімге» сол 1930 жылдан бастап іліккен, күні кешеге дейін тұрақты бақылауда тұрдық қой...
Амалсыздан іші-бауыры өртеніп тұрып, Ғаділше көкеміздің ауылға хабар жіберуіне тура келеді. Менің әкем Жолдыбай қасына ілескен НКВД қызметкерімен бірге төрт қанат киіз үй мен құлынды биесін хаттап-тізімдеп, жеңгемізді қалың-жасауымен Орынбордағы төркініне қайта жеткізіп тастаған. Көкемізді содан кейін ғана ІІІ курсқа оқуға қосқан. Міне, көрдіңіз бе, заманның сұрқиялығын!..
Қылышынан қан тамып тұрған диктатордың жүзі жылымасына әбден көз жеткізген Аяпбергенов Ғаділше көкеміз IV курсты бітіріп, диплом алғаннан кейін 1934 жылы сол оқу орының студенті, Шымкент өңірінің қызы Зинагүл атты жеңгемізбен отау көтерген.
Мақтаныш етсем де артық емес, Ғаділше көкем шын мәнінде қазақтың алғашқы зиялыларының, тіпті ғалымдарының бірі болатын. ҚазПИ-ді үздік бітірген оны алғашында Орал педагогикалық институтына жұмысқа жіберіпті. Жаңадан ашылғандықтан, оқу орынына профессор-оқытушылар құрамы жетіспей, Ленинград пен Мәскеуден мамандар шақырылады. Жасыратыны жоқ, тек сол жылдары емес, жалпы техникалық бағыттағы ғалым-профессорлар көбінесе еврей ұлтынан болатыны рас. Қаршадай ғана жас жігіт Ғаділшенің физика-математика пәнінен қабілеті зор екенін байқап, онымен тұрақты қарым-қатынас ұстап отырған.
Сол жылдардағы орта, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында оқулықтар тым тапшы еді. Бары орыс тілінде жазылған, оқытушылар оларды тек өз пайым-түйсігімен сол бойда аударып, шәкіртіне өз түсінігімен ғана дәріс оқыды. Ал, оны аударып бастыруға республиканың әл-ауқаты көтермей жатты.
Дейтұрғанмен, халықты сауаттандыру жөніндегі «орталықтың» шешіміне сәйкес жекелеген оқулықтарды орыс және басқа да тілдерден аудару үшін мемлекеттен арнайы қаражат қаралады. Соның негізінде Қазақ АКСР Оқу-ағарту халық комиссариаты VII-VIII сыныптарға арналған «Алгебра» және «Геометрия» оқулықтарын қазақ тіліне аударып беру жөнінде Оралдағы жас маманға тапсырыс береді. Бұл тапсырыс 1935 жылы толықтай орындалып, 1936 жылы Ғ.Аяпбергеновтің авторлығымен оқулық ретінде қазақ мектептеріне таратылған.
Ғаділше Аяпбергенұлы отбасымен
Ақыры, талапты жастың бағын байламай, ленинградтық профессорлардың бірі Ғаділше көкеміздің 1935 жылы А.И.Герцен атындағы Ленинград мемлекеттік педагогикалық институты (қазіргі А.И.Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университеті) жанындағы аспирантураға түсуіне жәрдем көрсетіпті. Оған қосымша жеңгей екеуінің оқу орынында бірі оқытушы, екіншісі лаборант болып жұмыс жасауына да қолғабысын жасаған екен. 1936 жылдардың шамасында Ленинградта тұрғанда Әлия қарындасымыз өмірге келеді.
Әлия Ғаділшеқызы
Осылайша, өмір жалғасып, жас ғалымның ғылыми ізденістері енді ғана басталып келе жатқанда, «Түркиямен байланысы бар, тыңшысы» деген жаламен 1937 жылы Ғаділше Аяпбергенұлын НКВД ұстап әкетеді. Сосын «халық жауы» деген күйе жағылады. Дереу оның авторлығы өзге «жылпостардың» бірінің атына ауыстырылған. Түпнұсқасы Қазақстан аумағында еш жерде сақталмапты. Естуімше, Орынбордағы мұрағатта сақталған-мыс...
1937 жылы ұстап әкеткеннен кейін Ғаділше көкеміз жөнінде еш мәлімет болған жоқ. Естуімізше, Ленинградтан тайгадағы «Барсакелмес» деген жерге жіберіп, сондағы лагерде ағаш кесіп жатқан жерінде үстіне ағаш құлап, қаза болыпты-мыс. Лагерде кімдермен бірге болғаны туралы осыдан біраз уақыт бұрын мерзімді басылымда жарияланған «Шерлітөбе тарихы» атты мақалада баяндалған.
Ал, айтушылар «Аяпбергенді Мұғалжардың аңдар келіп тығылатын аңғарына әкеліп атыпты-мыс» деген әңгіме айтады. «Халық жауы» деген жаламен күн сайын ондап-жүздеп ұстап жатқан кез ғой. Адамның көптігінен бе, ол уақытта атылғандарды көмбеген. Жұрт ұйқыға кеткен соң, аяғынан сүйреп әкеліп, аңның аңғарлы сайына тастай беріпті. Сайдың іші қамыс, түрлі шөп, жымсыз басып келген аң-құс атаулының таңға дейінгі жемтігі осы бейкүнә жандардың мүрдесі болған көрінеді.
х х х
Тіпті, еске алудың өзі ауыр тиетін сол бір сұрапыл, нәубет жылдардағы естеліктер Ерекеш қарияның есінде бала болса да, сақталып қалыпты.
- Ол кезді еске алу маған тым ауыр. Дегенмен, тарих үшін еске түсіру де керек болар, - деп сабақтады қарт әңгімесін. - Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннен әбден зәрезап болған ел-жұрт басын қорғалап, жан-жаққа қоныс аударды. Қалғанын 1937 жылы Ойылды жағалап жоғары қарай өкімет көшірді.
Есте қалғаны – Тайсойған ішіндегі біз қоныстанған жерлер: Кеңқоқты, Шилікөл, Шығанкөл, Жарыпшыққан, одан бергі Қамыскөл, Кіндіксай, Миялы, Көкмешіт – Ойыл бойы.
Міне, осы өңірдегі қалың елден Тайсойған құмында қалған сегіз үйдің бірі – Аяпбергеннің отбасы. Көкеміз бұл кезде бәйбішесі дүние салып, кейін алған әйелімен тұрып жатыр екен. Екінші шешемізден Миялыда тұрған апамыз Нұра Аяпбергенқызы өмірге келген. Жалғыз тұяқ – Нұраны «халық жауының» қызы» деген қара күйеден аман алып қалу үшін ауыл ақсақалдары Аяпбергенді ұстап әкеткен соң шешемізді Есбосын деген адамға зорлап қосып жібереді.
Қалған жеті үйдің бірі – Ізқұтты деген баланың анасы мен бауырлары. Есімде қалған себебі – екеуміз 1938 жылы «Қамыскөл» мектебінің табалдырығын бірге аттаған едік. Кейіннен ол Ойылда тұрды, 2014 жылы қайтыс болды. Ізқұттының ағасы Мәлік Дүйсенғалиев сол күнде аупарткомда қызмет етеді екен. Тиісті мекемелермен келісіп, бауырларын Тайсойғандағы «нысанада тұрған 7 үйден» шығарып, көшіріп жіберді.
Ендігі алты үйдің ішіндегі ең аз балалы біздің үй – 4 бала. Ол кезде Жолдас ағайдың Серігі де біздің үйде еді. Өйткені, баланы аман сақтап қалу үшін қарттар ертерек қамданып, оның шешесін басқа біреуге тұрмысқа берді де, ол бізден бұрын Ойылға көшіп кетті. Ал, Серік бізбен қалды...
Біз сол 1937 жылдан 1946 жылға дейін Тайсойған құмының құмаршығын қағып жеп, Жарыпшыққанның тарысын қуырып жеп, балпақ тышқанды асып жеп өстік. Тәртіп қатал ғой ол уақытта. Құм ішінде отырсақ та бізді «бақтырып» қойды. Келіп-кеткен адамды «сен «халық жауының» үйімен не себепті байланысып жүрсің?» деп тексеріп-жауаптайды. Сондай қысымшылықтан қашып, бөлек қонған сегіз, кейін алты үйге ешкім жоламайтын болды. Шешемнің ағайынды Ғали, Әби деген ағалары бар еді. Тек солар ғана түнгі сағат он екі мен екінің аралығында кезектесіп, жасырын келіп кететін.
Шығанкөлдегі әлгі 6 үйдің әрқайсысында өсіп тұрған терек болды. Соның түбіне әр үйдің әйелі ересек баласын ертіп барып тұрады. Үйдегі ересек бала болғандықтан, шешем екеуміз межелі уақытта тиісті жерге келеміз. Талдардың арасы қашықтау, өйткені баланың аты – бала, келген адамдардың есімін айтып қойса, оларға да жақсы емес. Сондықтан, балаларды жасырын келген жанашыр жандардан қашық ұстайды. Біз сөйтіп күнелттік қой...
Айтар ауызға солай ғой. Әйтпесе, күнелтіс дегенде, бізде қазіргідей өкіметтің жұмысы болған жоқ. Ақша деген ұғым 1946 жылға дейін миымызға кіріп-шыққан жоқ. Алайда, Құдай көмектесейін десе барын аямайды екен ғой. Алты үйде қалған бас көтерер алты «ақсаусақ» әйел бұрын қара жұмыс жасап көрмегені белгілі. Қолдан келгені – алтауы өз үйінде теріс қарап отырып жылай береді. Солардың ортасында жасы 50-60 шамасындағы екі аяғы жоқ мүгедек еркек бар. Ныспысы есімде жоқ, әйтеуір төрт дөңгелекті арбада екі қолымен жер тіреп қозғалатыны жадымда қалды. Кейін білсек, ол да «халық жауы» екен. Бірақ оны не себепті бізбен бірге қалдырғанын ұғынатындай емес едік...
Бір күні әлгі кісі бәрімізді жинап алды. Сауат-білімінің қаншалықты екенін қайдам, сөйлеген сөзі мен өзін-өзі ұстауынан дүниеге көзқарасы кең, пайым-парасаты мол адам екені байқалды. Жиналған жесір әйел, жетім балаға жағдайдың жақсы емес екенін, соғысқа қоса елдегі ахуалдың да көңіл көншітпейтінін түсіндірді. Бірақ әйелдерге қалай болғанда да, балаларды аман-сау жеткізу керектігін айтты, тіпті ұрысты да.
- Мына балаларды қырасыңдар ма?! Жылай бергеннен не шығады... Айда, жұмысқа кірісіңдер. Тек менің айтқаныммен жүресіңдер, - деді. Сосын жұмысты өзі бөліп берді, балалар жағына жеңіл-желпі жұмыстар бұйырды.
- Сен бесеуің құмаршық қағасыңдар. Сен бесеуің атшоңқай қазасыңдар, - деп әркімге тиісті міндет бөлді.
Ол кезде 10 жастан асқан бала да аз. Сондықтан, ересектеулерін әйелдермен бірге жұмысқа салды. Балалардың екеуін қой, екеуін қозы, екеуін бұзау бағуға бөлді. Ал, өрістегі қойды қозыға жамыратып алуға болмайды. Таңертең 6-7-лердің шамасында қойды қозысынан ажыратып, біз әкетеміз. Басқалары да өздеріне міндетті «жұмыстарына» кетеді.
Ал, өзі алты үйдің алдындағы жазыққа құрылған екі үлкен тайқазанға суға толтыртып алып қалады. Астына отты маздатып жағып, екеуінің ортасында отырады. Әр үйдің әйелі – шешелеріміз жұмысқа кетерінде бір тостаған тары, не күрішін қазанға салып кетеді. Үнемі соны қайнатып отыратын әлгі мүгедек жан бір күні мал бағып жүрген балалардың қолдарына бір қақпан, бір тұзақ берді. Әуелі өзі оны қалай құру керектігін көрсетті. Бізге берілген тапсырма – күніне 1 балпақ тышқан ұстау. Балпақ кәдімгі сарышұнақтың үлкен түрі ғой. Ұстаған бойда кішкентай ғана пышағымыз бар, сонымен бауыздағанның ретін жасап, қой бағып жүрген біріміз ауылға ала жүгіреміз. Әкелген балпақтышқанды әлгі шал әспеттеп мал тәрізді сойып, ішек-қарын, қан-жынынан тазартып, аяғына жіп байлап қазандағы суға қайнатады. Терісін тазалап, шиге керіп тастағанда, қазіргі құндызтондай (норка) құлпырып жылтырап, әп-әдемі болып тұрады.
Мал бағуға кеткен алты бала күн сайын бір-бір тышқаннан әкеліп, қазаншы қартқа беріп тұрады. Екі қазанға үш-үштен бөліп, мағызы шыға асылған сол балпақ – кешке үйге келгенде алты үйге бір-бірден ас-ауқат. Жаз бойғы асымыз сол болды. Тұрпаты мысықтың үлкендігіндей болатын сол тышқандар қазіргі кез-келген тамағыңнан адал еді ғой. Қоймен бірге жайылады. Сегіз-тоғыз жасар баламыз ғой, байқап қалып, соңынан қуғанда інге кіріп кетеді. Іннің аузына қақпан мен тұзақты қатар құрамыз. Олар да әбден әккі болып алған, көбіне түспей қалатын. Бірақ күніне 1 тышқанды ұстаймыз әйтеуір. Осының өзі көп ауқат болып көрінуші еді.
...Сөйтіп күнімізді көріп жаттық. Өкіметтің бізге жасаған бір «кеңшілігі» – ай сайын ба, әлде екі аптада бір рет пе, әйтеуір дүкенші келеді. Әкелетіні – секер мен шәй ғана. Ол заманда бізде есептесер ақша да жоқ болар-ау, есімде жоқ. Әйтеуір, жаңағы балпақтың терісін ақшаға шаққанда, тағамнан беретіні сол еді-ау...
Қалған тамақтан қолымызда бары – қой мен сиырдың сүті. Қой мен сиырды бөліп әкеткенбіз, соны сауамыз. Жазда «қожайынымыз»:
- Алдымызда не барын Алла біледі. Қолдағы тамақты құп соғып жеп алғанда қыста ас-ауқатты қайдан аласың?! Жаздыгүні қара суға да қарын тоқ, киімге де мұқтаждық жоқ. Сондықтан, алдыңдағы азын-аулақ ұсақ жандықты қыстыгүнге сақтау керек, - деп қой сойғызбайды.
Шынында да, сол жылдары әсіресе қоң-күйіміз жаз шыға жақсара түсетін. Біз сөйтіп күнелттік...
х х х
Кеңес Одағының көптеген жақсылықтарына қоса, қазақ даласы мен халқына келтірген зияны да шаш-етектен. Мемлекеттік маңызы бар әскери-сынақ алаңына пайдалану үшін КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің (кейін Министрлер Кеңесі) қаулысына сәйкес 1939-40 жылдары қазіргі Қызылқоға ауданының Ойыл ауданымен шектесетін Тайсойған жеріндегі №№17,18 ауылдық Кеңестеріне қарасты мыңдаған гектар аумақты отырықшы халықтан босату қажет болды. Осы мақсатта құм ішіндегі шағын ғана «Жеткіншек», «Жасталап», «Екпінді», «Сартоғай», т.б. ұжымшарлары Ойыл ауданының Ақкемер, Бестамақ өңіріне көшіріліп, ірілендірілген «Жеткіншек» ұжымшары болып қайта құрылған.
Алайда, белгілі себептерге байланысты бұрынғы КСРО Қорғаныс және Атом өнеркәсібі министрліктерінің сынақ аймағына жатқызылған Тайсойған полигоны 1949 жылы құрылып, 1952 жылы ядролық сынақ жұмысы басталғаны белгілі. Сөйтіп, жалпы аумағы 7,5 мың шаршы шақырым, зымырандардың түсу аумағы 12,55 мың шаршы шақырымды құрайтын тажал жасақталды.
Облыс орталығынан шамамен 250, аудан орталығынан 60 шақырымдай қашықтағы Тайсойған полигоны туралы сөз қозғағанда, оның зардабы жөнінде айтпай кету мүмкін емес. Қызылқоға ауданының 749582 гектар аумағын алып жатқан сынақ алаңына КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен «әскери мақсатта пайдалану үшін» берілген ұлан-байтақ алқапты 2000 жылға дейін КСРО, кейін Ресей Федерациясының стратегиялық мақсаттағы ракета әскері мен әуе күштері пайдаланған. Мұнда 1966-77 жылдар аралығында жерасты тереңдігі 500 метрге дейін жеткен 24 мәрте ядролық жарылыс жасалыпты.
Бізге белгілісі – үш телімге бөлінген Тайсойғандағы полигон аумағында 2 мың тоннадан астам соғыс техникасының қалдығы шашылып қалған. Полигондағы сынақ барысында ауаға қандай ауыр металдар мен улы инертті газдар, басқа да радиациялық заттар бөлінгені «аса құпия» белгісі соғылған күйі мұрағаттарда жатыр. Ядролық жарылыс салдарынан аса ауыр әрі ең зиянды металдар – стронций – 56, цезий – 30, ал плутоний – 2100 жылда ғана залалсызданып, қоршаған ортаға зиянсыз күйге енеді екен. Өкінішке орай бұл жағын ескеріп жатқан ешкім жоқ.
х х х
Міне, Тайсойған құмында ауқымды әскери полигон жасақтау жөнінде әңгіменің сонау 1937 жылдан басталғанын кез-келген жан біле бермес. Бұл – нағыз «қанқұйлы» кезең ғой. Біздерді, яғни «халық жауының» тұқымдарын іріктеп, сегіз үйді Тайсойғанда алып қалды. Себебі, «халық жауының» отбасы» деген күйесі барларды ел-жұртқа қоспауға пәрмен берілген...
«Үштік» жасаған ең үлкен «қамқорлық» – бізді Шығанкөлде құлап жатқан қыстақтың орнына әкеліп тастағаны. Түнде келген ағайын-туыстар әйелдерге «қолдарың бос кезде құлаған қой қораның тастарын іріктеп шығару», «сау қалған бөліктерін аршып, әбден тазалап, орын әзірлеуді» тапсырды. Мұқият тазаланған орыннан айдың жарығымен қалап, қыстық қалқа-баспана тұрғызып берді.
Құм ішіндегі біз тұрған сол үй кең, ортасы үлкен қазандық орнатылған пешпен бөлінген. Ол заманда қазіргідей әр шаңыраққа бір пәтер деген жоқ. Екі жағына үш-үш отбасыдан бөліп, әр бұрышқа бір үйді орналастырды.
Балалығымыз ба, әлде одан өзге кең ғимарат көрмегендіктен бе, бізге мынау жалғанда сол үйден үлкен ғимарат жоқтай көрінетін. Әйтсе де, бала болып, асыр салып ойнау деген болған емес. Біз үшін ойын дегеніңіз – мал бағу немесе үйдің шаруасын жасау ғана. Бой жазып бала болып ойнаған кезімізді есіме түсіре алмаймын.
Үйдің ішіндегі қазандықтың көмекейі тұсынан бір орындық төсек қалдырған, ол – біздің «ауруханамыз». Бізге желкек, итжуа, т.б. шөптің неше түрін алдырады. Тамағымыз – сол...
х х х
Ақыры, 1941 жылы маусымда соғыс басталғанда еркек кіндіктінің бәрі – жасы да, жасамысы да майданға аттанды. Елде тек кәрі-құртаң, қатын-қалаш, бала-шаға қалды. Сол күндердің куәгерлері жақсы біледі ғой, жұмыс күші аса тапшы. Амалсыздан бізді «колхозға қосыласыңдар» деп, сол кездегі «Қамыскөл» ұжымшары, қазіргі Бәйсеутөбеге көшірді.
Ол кезде Қызылқоға ауданы әлі құрылған жоқ. «Қамыскөлге» жалғас жатқан Чапаев атындағы, «Кіндіксай», «Миялы», Көкмешіт, Андреев атындағы ұжымдық шаруашылықтардың бағыныштылығы Ақтөбе облысының Ойыл ауданы және Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданының қарамағында болатын.
Міне, біз осы өңірлерде «Бесесіктен» жайылмаға шыққан алқаптардың шабындықтарында өгізбен шөмеле тарттық. Балаларды «жас екен, бұғанасы қатпады-ау» деген ұғым ол заманда болған жоқ. Ересектермен бірдей еңбек еттік, уақытпен санасып жатқан ешкім болмады. Өкіметтен қанша теперіш көргенімізбен, Жеңіс күнін жақындату үшін барлық қажыр-қайратымызды жұмсадық. Алайда, өз басым одан қорлық көрдім демеймін, қайта шыңдала түстім.
х х х
Ол күнде Қамыскөлдегі Аяпберген негізін салған мектеп жеті жылдық болатын. Одан әрі білімін жетілдіретіндер жан-жаққа тарайды, көбінесе Гурьевтегі Жамбыл атындағы орта мектепке ауысып кетеді. Қолы жеткендері жоғары біліктілік алу үшін талаптанады. 1946 жылы VII сыныпты бітірген бізді – озат оқушыларды Гурьевтен келіп, педкурсқа (ол кезде педучилище солай аталатын еді) оқуға әкететін болды. Бірақ құжатымызды қарады да, бірден «отказ» берді. Өйткені, ондағы жазбада кім екеніміз жазылып тұрған еді. Тауымыз шағылып біз қалдық.
...Дәл осы кезде Ойылдан Ахмет Ермашев деген ағай келді. Сөйтсем, оның әйелі менің анамның сіңлісі екен. Жездеміз жағдайға қаныққан соң, мені Ойылға алып кетті. Шынын айтқанда, өзім ілесіп кеттім. Өйткені, қатарларымның бәрі кетіп қалып, ауылда жалғыз жүр едім. Жүрек шіркін сезген болар, шешем марқұм жібергісі келмеді. Түсіндіріп айтты, ақыры болмаған соң көз жасына ерік берді. Ал, мен тыңдаған жоқпын, жездейдің арбасына отырып алдым.
Рас екен, Ойылдың панасыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаты да «халық жауы» деген жазуды көріп, мені қабылдамай тастады. «Детдом алмай тастады» деген хабар Қызылорданың пединститутында қызмет атқаратын Хамит ағайға ағайындар арқылы жеткен екен. Өзінің Ақтөбедегі таныстары арқылы тиісті органдардан «Аяпберген тұқымын жер аудару туралы» құжат жасаттырады. Әйтпесе біз «халық жауы» деген қара күйеден арыла алмайтын едік.
Соғыстан кейінгі кезең аз да болса, қатал заманның жіпсіген уақыты еді ғой. Хамит көкеміздің сол тәсілі жүзеге асқанда, тағдырдың қыспағынан әбден зәрезап болған біз жүрегіміз жарыла қуандық. Сөйтіп, Жолдасұлы Серік екеуміз «жер аударылып» келіп Қызылорда педучилищесінің студенті атандық. Ағай отбасымен екі бөлмелі аядай ғана пәтерінде тұрады екен, барған бойда сонда болдық. Бірақ тығыздау болған соң, бізге педучилищенің жатақханасын алып берді. Серік екеуміздің Қызылордадағы өміріміз осылай басталып еді...
1949 жылы училищені бітіріп, Серік ауылға аттанып кетті. Ол кезде апасы Мәрзия Ойыл ауданында шешесімен бірге тұратын. Ал, мен училищенің дипломымен бір жыл жұмыс жасаған соң Қызылорда пединститутына оқуға түстім. Оны 1954 жылы аяқтап шыққанда, жолдама бойынша Ойыл ауданына баруым керек болды.
Тағы да Хамит ағай көмекке келіп, ақыл-кеңесін айтты:
- Шырағым, не ойлағаның бар?! Шалдарды әлі ақтаған жоқ қой, сондықтан ол қиындау болар. Асылы, сен Ойылға барма, өйткені сені онда бәрі таниды. Ел іші қарап отыра ма, бір күні «баяғы «халық жауының» баласы» деген әңгіме жүреді. Басқа жаққа сұранғаның жөн!..
Көкем осылай деген соң, мен қайтадан кіріп сұрандым. Аса қинаған жоқ, Хромтау қаласынан 4-5 шақырым жердегі Дөң (ол кезде «Донское» деп аталатын) орта мектебіне жіберді. 1956 жылы болса керек, өзіме тете Саубай деген інім Алматы зооветеринариялық институтты бітіріп, Хромтау ауданының «Степное» кеңшарына (қазір орталығы Көкпекті ауылы деп аталады) бас инженер лауазымына тағайындалды. Сол жылдың күзінде мен Қазақстан ЛКЖО Степное аудандық комитетінің ІІ хатшылығына сайланып, қоныс ауыстырдым.
Осы қызметім біздің әулет үшін қайырлы болды. Өйткені, тура бір жылдан кейін – 1957 жылдың күзінде шалдарды ақтады. Бәріміздің де жан-тәнімізбен беріле армандап, Құдайдан тілек тілеп асыға күткеніміз осы еді, хабар жеткен бойда Ойылдағы ағайын-туыс жетіп келді. Сөйтсем, олар біз жөнінде бәрін де біліп жүрген, тек өкіметтің сұсынан қорқып тайсақтайды екен. Келіп, есен-саулық алысқан соң олар бізді ауылға шақырды. Алайда, көңіл шайлығып қалған, оған біздің барғымыз келмеді, оның үстіне ерте қол үзіп кеткен ағайынды жыға танымаймыз.
Шешеміз бен Хамит көкеміз:
- Ағайынға өкпе артудың жөні жоқ. Егер олардың орнында өзіміз болсақ та, солай еткен болар едік. Сондықтан, адам тірлігінде заманына қарап өмір сүргені абзал. Құшағына тартқан ағайынды кеудеден итермеңдер, барыңдар, - деп ақыл қосты. Амалсыздан келісуге тура келді.
Облыстық білім бөлімінің жолдамасына сәйкес мені аудан орталығындағы Ойыл орта мектебі оқу ісінің меңгерушісі етіп тағайындады. Бірден мұндай «батпанқұйрықтың» себебін кейін білсек, сол кездегі аупарткомның бірінші хатшысы, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі – бәрі Аяпберген мектебінде оқыған, атамыздың көзін көрген азаматтар екен. Көп ұзамай тамыз мәслихатында мені көріп, сөйлескен соң:
- Сенің Ойылда жүргенің жараспас. Саралжынның Бестамағында атаңның өзі негізін қалаған жетіжылдық мектеп бар. Соған директор болып бар, атаң салған жолды жалғастыр, - деп ұйғарым жасап, табан астында аудандық білім бөлімінің бұйрығын шығарып берді. Осы қызметті 1957-60 жылдары атқардым.
Сөйтсе де, бастапқыда Кеңес өкіметінің ешкімге жылышырай танытпайтын қатал заңынан біз қатты қорықтық. «Саралжын» кеңшарының ферма орталығы – Бестамақ ауылындағы Тайсойған жетіжылдық мектебін басқарған жылдары мен әлі БЛКЖО мүшесі едім. Өйткені, «халық жауының» тұқымы» ретінде менің сөзім Коммунистік партияның талабымен үндеспейтін. Бұрынғы қысымшылықты көріп қалған соң, КОКП мүшелігіне өтуге қорқып жүрдім. Бірақ оған қарамастан, 1960 жылы мені Бабатай сегізжылдық мектебінің директорлығына ауыстырды. Ол кезде Алтықарасу мен Бабатай Ойыл ауданына бағынып тұр еді.
Бабатай мектебінде қызметте жүргенде, КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущевтің солақай саясатына сәйкес Ойыл ауданының әкімшілік басқару бөлінісі әкімшілік-аумақтық өзгерістерге түсті. Әуелі Темір өнеркәсіптік ауданына бағынып, аудандарды ірілендіру саясатына байланысты көршілес Қобда ауданының құрамына толықтай берілді. Тек 1965 жылы ғана Ойыл ауданы қайтадан шаңырақ көтерді.
Шаруашылықтың дамуы үшін осындай қым-қуыт кезең болса, дәл осы кез менің тағдырыма оң септігін тигізді. «Алтықарасу» кеңшарының сол кездегі партком хатшысы Мейізгүл Жетпісова атты апай Қазақстан Компартиясы Қобда аудандық комитетіне өзі әкеліп, КОКП мүшелігіне өткізді.
Міне, өзіңе-өзің сенбей, сыбдыр еткен дыбысқа елеңдеген, бұрын-соңды жүзі бейтаныс біреуді көрсең оның қалт еткен іс-қимылына жәутеңдеген заманда кез-келген еркек кіндіктінің қолынан келмейтін әрекетке барған М.Жетпісоваға деген алғысым шексіз, шынайы ризашылығымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қолымнан жетектеп апарып, Қобдадан партия мүшелігіне өткізді. Содан әрі қатарға ілесіп, ортаға араласып кеттік қой...
Партиялық мінездемем өте жақсы болған соң, көп ұзамай мені аупарткомға жұмысқа шақырды. Бірақ бас тарттым, өйткені әлі де көкейдегі үркектік басым еді. Сосын 1965 жылы қайтадан Саралжын орта мектебіне директор етіп жіберді.
Осылайша, Ақтөбе облысының Қобда, Ойыл аудандарындағы үш мектепте 31 жыл үздіксіз мектеп директоры қызметін атқарып, құрметті еңбек демалысына шықтым. Әрине, әңгіме директорлықта тұрған жоқ. Ең бастысы – мен үшін 31 жыл директорлық еңбек өтілінің ішіндегі ширек ғасырды Аяпберген ата негізін салған білім ұясының өсіп-өркендеуіне арнауым. Меніңше, нағыз еңбек жолым осы сияқты болып көрінеді...
х х х
Ерекеш Жолдыбайұлының жоғарыда айтқан естелігі көпшілік қауымға түсінікті болуы үшін төмендегі тарихи мәліметтерді келтірген дұрыс деп таптық.
Атырау облысының Қызылқоға ауданымен шектесетін Саралжын атаулы екі елді мекен бар. Оның бірі – Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Саралжын ауылдық округі. Екіншісі – Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Саралжын ауылдық округі.
Ал, осы атаудың өзіне қатысты. Жер-су атаулары осындай өсімдіктің мол өнімімен байланысты тууы ғажап емес. Бірақ кейбір түркі тілдерінде осы тұлғалы сөз құсқа да қатысты айтылады. Мысалы, башқұрт тіліндегі «сарайын», монғолша «саралжын» – қазақы ұғымдағы «тауқұдірет» (құс түрі) мағынасында қолданылады.
Монғолдың көне жазба ескерткішінде «сиралджин» дыбыстық құрамдағы тұлға қазақ тіліндегі «қурай» өсімдігі ұғымында айтылған. Дәл осындай құрамда ұшырасатын жусан тектес өсімдік түрімен байланыстырған пайымдаулар көптеген зерттеу еңбектерінде де дәлелденген.
Бұл – өте орынды тұжырым. Өйткені, «саралжын» атты түйе мен қой түліктері сүйсіне жейтін өсімдік түрі Ойыл, Қаратөбе аудандарының аумағында бар. Көбінесе құмды жерде, басы бұтақты, бүрлі болып өсетін сыпыртқылық қурай біресе жасыл белдеуі, біресе желі құм суырған сары белдері алмасып жатқан Ойыл даласына тән. Аудан аумағында одан басқа ақселеу, еркек, жусан, бидайық, қарабас, изен, ебелек, бетеге, жекен сияқты жүздеген шөп түрі өседі. Елді мекеннің «Саралжын» аталуына негізгі дәлелді осы жерден іздестірген жөн.
1931-33 жылдары қазіргі Ойыл ауданының аумағында «Таздар» (Таз – Кіші жүздегі Он екі ата Байұлы бірлестігіне кіретін ру аты) серіктестігі құрылып, оның бағыныштылығы Тамдыкөл ауылдық Кеңесіне кірген. Ауылдық Кеңеске қарасты 6 ұжымшар – «Қарасу», «Тамдыкөл», «Көптоғай», «Саралжын», «Жақсыбайкөл», «Ақсай» біріктіріліп, 1963 жылы Құрманов атындағы кеңшар құрылған.
х х х
Бір кездегі Ойыл ауданының «Саралжын» кеңшары №3 фермасының орталығы, қазіргі Саралжын ауылдық округіне қарасты Бестамақ ауылындағы бұрынғы орта мектеп экономикалық қиындықтарға байланысты бірнеше мәрте өзгерістерге ұшырады. Бүгінде «Тайсойған негізгі мектебі» деп аталатын тоғызжылдық мектептің директоры Мереке Аяпбергенов – менің ортаншы ұлым. Ұлдарымның барлығын да Аяпберген атамның есімі жоғалмасын деген ниетпен сол кісінің атына жаздырғанмын. Жасым сексеннің алтауына қараған өзім де атамның табанының ізі қалған сол ауылда тұрақтадым. Тек қыс кезінде ғана қалада тұратын баланың қолына келемін.
Халық ағарту саласындағы ұзақ жылдық еңбегім ескеріліп, «Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атағына ие болдым. Бұл еңбегімде өз аталарымның қанындағы зерделілікке қоса, өмірінің 37 жылын ұстаздар ұжымын басқаруға арнап, Қызылқоға ауданының Сағыз ауылынан мәңгілік тыныс тапқан қайынатам, Еңбек Қызыл Ту орденді мұғалім Есен Мерғалиевтің де өзіндік үлесі болса керек. Себебі, ол 1923 жылы сол кездегі республика астанасы – Орынборға оқуға жіберілген. Рабфактің І крусында оқып жүргенде, көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері С.Сейфуллиннің кепілдемесімен БК(б)П мүшелігіне өтеді. Кейін Жылой, Мақат аудандарының ағарту саласына орасан зор үлес қосқан атақты мұғалім болды.
Өз кіндігімнен өрген перзенттерімнің үлкені – Ойылда дәрігер болып еңбек етеді. Екінші ұл Жанбол – көлік жолы құрылысымен шұғылданады, бұрын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алған. Үшінші ұл Мереке – атамыз негізін салған мектептің басшысы екенін жоғарыда айттым. 1972 жылы дүниеге келген кіші ұл Марлен мен қызым Тамара – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің аға оқытушылары.
Ал, Жолдас тәтеміздің ұлы Серіктен – Болат, Айгүл, басқа да ұрпақтары бар.
Жасыратыны жоқ, балалардың көпшілігі атамыз ұстаған ұстаз мамандығын таңдаған. Бұл жағынан келгенде, ата жолына адалдығымыз басым. Әрине, жекелеген балалар өмірін өзінше өрістеткісі келді. Оларға да шектеу қою орынсыз. Бастысы – шүкір, өсіп-өніп үлкен әулетке айналдық.
х х х
Аяпберген Науанов туралы әңгіме қозғағанда, онымен бірге туған бауырлары және олардың ұрпақтарын да ұмытпаған жөн шығар. Нұра апай – атамыздың екінші жұбайынан туған. Оның неліктен өзге тәрбиеде өскенін жоғарыда келтірдім. Ал, өзім 1946 жылы туған жерден кеткен соң, апаймен қарым-қатынасым үзіліп қалды да, тұрмыс жағдайынан бейхабар болдым. Әрине, ол – өз кінәм. Бірақ олай етпеске тағы болмады ғой...
Тамыр-таныс, алыс жекжаттан Нұра апайдың тұрмысқа шығып, одан бір ұлы бар екенін естідім. Өкінішке орай, оның кейінгі тағдыры маған мүлде белгісіз. Нұра Аяпбергенқызының өзі 80-90-жылдардың тоғысында дүние салғанынан хабарлымын.
Ал, Аяпберген атамыздың екінші ұлы Хамиттың қызы Гүлшат – атақты кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдолла Қарсақбаевтың жұбайы.
Науанұлы Жолдыбайдың ортаншы баласы Саубайдың Алматыдан институт бітіріп келген инженер екенін жоғарыда айтып өттім. Ол институтқа оқуға түскенде, шаруашылықты басқару ісінің көрнекті қайраткері Кеңес Нокин жоғары курстардың бірінде оқиды екен. Жөн сұраса келе, Саубайды жерлес інісі ретінде бауырына тартып, кейінгі өмір жолында да інімнің жоғары жетістіктерге жетуіне К.Нокиннің көп жәрдемі тиді.
Саубай студент кезінде Сақыш есімді келінімізбен бас қосқан еді. Келініміз алтындай адам, мамандығы бойынша дәрігер. Екеуі де қызметке алғыр, ортасына сыйлы, абырой-беделі жоғары болатын. Халыққа жасаған қалтқысыз еңбек ешқашан жоғалмайды ғой. Соның арқасында келініміз Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Отбасында кекілі желпілдеп екі ұл, тұлымы желкілдеген жалғыз шынары өсіп келе жатты. Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде іссапардан келе жатқан келінім Сақыш ұшақ апатынан қазаға ұшырады. Соңында еңсесі түскен ері, ботадай боздаған перзенттері қалды.
Тағдыр өкінішті өзі-ақ емдеп жазады деген рас болса керек. «Өлгеннің соңынан өлмек жоқ», інім төсек жаңғыртып, өмірін жалғастырды. Қазір Саубай Жолдыбаевтың жеті перзенті бар. Өзі дүние салғанмен, ұрпақ өсіп ержетті. Үлкені Ерлан – республика Көлік және коммуникация министрлігінің Автокөлік жолдары комитетінде жоба жетекшісі болып жасады. Әлі де жол құрылысын қадағалау саласында еңбек етеді. Екіншісі Нұржан да сол салада қызмет істейді. Ержаны – Хромтаудағы кен байыту комбинаты бастығының орынбасары.
х х х
Міне, барлық ғұмырын оқу-білім, халықтың сауаттануына арнап, сол жолда шейіт болған Алаштың арысы, ағартушы-ұстаз Аяпберген Науанұлы (1884-1937) – Түркияда алған аз ғана білімімен халқына шынайы қызмет атқарған тұлға. ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығынан бастап, Тайсойған, Ойыл өңірлерінде «төте оқу» методикасымен бірнеше бастауыш мектеп ашып, 1919 жылдан Кеңестік мектеп жүйесінде де бірнеше орта білім беру ұяларының негізін қалаған қайраткер еді.
Ол тек ұстаз, ұйымдастырушы ғана емес, оқулықтарды аударып, мектеп бағдарламасына лайықтаумен шұғылданады. Ағарту саласында математика, қоғамтану, жағырапия, грамматика оқу құралдарын жәдитше, яғни «төте жазу» үлгісіне (араб тіліне) ыңғайлап, қайта жазып шыққан.
Жас сексеннің ортасынан аунап шыққан соң, мені мазалайтын бір жәйт бар. Науан мен оның ұрпағы азды-кем тағдырдың теперішін көрсе де, бүгінгідей заманға есен-сау жетіп отыр. Алла жазып өмір жалғасса, одан әрі де жапырағы жайыла түспек.
Ал, Текірек атамыздың ұрпағы қайда жүр?..
Мен осыны ойлаймын. Ойылдың Саралжынында дүниеге келіп, бір кезде Атырау (Гурьев) өңірінде облыстық дәрежедегі партиялық және мемлекеттік басқару саласында белсенді қызмет атқарған, бүгінде құрметті еңбек демалысындағы Оңдасын Хайруллин атты інім де біраз шежірені сүзіп қарап жүр. Әй, қайдам, «көрдім-білдім» дейтін пенде жоқ. Ақыры, ана жылы Түркия асып кеткені рас болғаны ғой деген ой келеді. Қайтейін?!
х х х
Қолдап қызмет етіп, құлаштап топырақ атпаса да, атаның өзіне сор болып жабысқан ақ-адал еңбегінен тауқыметті көп көрген Ерекеш ақсақал Жолдыбайұлының жанары шырадай жанып тұрды.
Біз ойладық: «Атаның еккен ағашы – ұрпаққа сая» дегенді атам қазақ бекерге артына мұра етпесе керек» деп. Өйткені, ауылда аз ғана еңбек етсе де, Аяпберген Науанұлының ағартушылық жолдағы қызметі кейінгі ұрпағына нұрлы шуағын шашып тұр. Бүгінгі буын осыдан бір ғасыр бұрынғы ата қызметін марқайып тұрып, мадақ етіп, мақтана алады.
- Аман бол, қалқам, - деді қолымды қыса тұрып. – Қаншама жылдан бері осы бір мәселе жанымды жегідей жеп келген. Аяпберген мен Ғаділше көкелеріміздің сүйегі қайда екенін білмесек те, олардың елі үшін қылған еңбегі хақында халқы білсе екен дейтінмін. Сол істі атамыздың өз топырағынан өзің қолға алып, қолдау жасадың. Бақытты бол! Менің берер батам сол, шырағым...
Әлбетте, қолға қалам алып, алаштың арыстары жөнінде арттағыға бірер сөз қалдырсақ ол үшін ешбір мадақ-марапат күтпейтініміз анық. Тек ұрпақ білсін, тарихқа көз жіберіп, көкейге түйсін дегенді малдандық. Біздің тілек – осы, қалғанын оқырманның өзі түйсін.
х х х
P.S. Шынында да, Аяпберген Науановтың Тайсойған және Ойыл өңірлерінде атқарған қызметі ұшан-теңіз. Әйтсе де, оның есімін жас буын Миялы селосындағы шағын көше арқылы ғана еске алып, айтып жүр. Бір кезде есімі берілген №20 орта мектеп те кейін жазушы Берқайыр Аманшиннің есімін иеленіп кетті.
Бір кезде Тайсойған полигонының ашылуы салдарынан жер аударылған жұрт Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы өзі негізін қалаған мектепке атын беру жөнінде құжаттарды тиісті орындарға жолдап жіберген. Әзірге жауап жоқ, бастысы сең қозғалды.
Ал, сауатын ашып, қараңғылықтан шығарған Қызылқоға ауданының тұрғындары Аяпберген ағартушыға мәңгі қарыз. Оның қашан өтелері белгісіз. Рухқа алдындағы парызымыз өтелсін десек, ең әуелі соны ескерген жөн.
Назарбек ҚОСШИЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
теледокументалист