АҒАЙЫНДЫ ҰСТАЗДАР БАЙСЕУОВТЕР

АҒАЙЫНДЫ  ҰСТАЗДАР  БАЙСЕУОВТЕР

ҚЫЗЫЛҚОҒА  АУДАНЫНЫҢ  ҚҰРЫЛҒАНЫНА  75  ЖЫЛ

Биылғы  жылы да мерекелер  жылы  болып  тұр: Қазақ  мұнайының  ашылғанына  - 120  жыл, Қызылқоға ауданының  құрылғанына -  75 жыл толады. Осындай  сәтте  атамекеніміздің  дамуына  өзіндік  үлестерін  қосқан  туған  жер  перзенттерін  құрметпен  еске  алып,  бүгінгі  ұрпақтардың  назарына  ұсынған  дұрыс  болар  еді. Елбасымыз  «Болашаққа  бағдар: рухани  жаңғыру»  атты  бағдарламалық мақаласында  туған  жер  және  оған  еңбегі  сіңген  отаншыл  адамдар  хақында  да  тамаша  тұжырымды  пікір  түйіндеді: «...Әрбір  өлкенің  халқына  суықта  пана,  ыстықта  сая  болған, есімдері  ел  есінде   сақталған  біртуар  перзенттері  бар. Осының  бәрін   жас  ұрпақ  біліп  өсуге  тиіс».

 

амиржанов 10

 

 

Мұндай  абзал  адамдардың  қатарында  Қызылқоғаның   қос  тумасы – ағайынды  Байсеуовтер  де  құрметті  орын  алады. Екеуі  де  еңбек  жолдарын  ұстаз  болып  бастап,  елдің  қоғамдық-саяси  өміріне  ерекше  араласты.

Әкелері

 

Әкелері  Текебайұлы  Байсеу  екен, Ысықтың Пұсырман  атасының  ұрпағы  болып шықты, Қызылқоға  өңірінде  туып-өскен  ол  кейіннен  Жем-Жайық  бойындағы  балық  шаруашылығында  еңбек  етіпті, мұны  маған  алғаш  баяндаған  мақаттық  қадірлі  ағамыз,  білікті  өлкетанушы Орақ  Деңгелбаевтың  айтуына  қарғанда, Бәкең   Петерборға  Атыраудан  қызыл  балық  апарып  тұрыпты  жергілікті  орыс  балықшыларымен  бірге. Жалпы  12  баласы  болған  көрінеді,  олар Сұлтан, Шайқы, Құбайдолла, Тәжмағамбет, Баймағамбет, Еділ, Дүйсекен, Баян, Аян, Әділгерей («Бәйтерек». 174–б.) екен. Қалған  балаларының  әзірге   деректері  шықпай  тұр, белгілісі  Шайқы  мен  Тәжмағамбет  қана.  Олардың  қолда  бар  ғұмырнамаларын  Ақтөбеде  2016  жылы  шығарған «Ұрпақтарға  ұлағат  ұқтырған» атты  кітабыма  енгіздім (36-37-бб.).

 

Шайқы    Байсеуов

Бұл  аталар  жөнінде  мен  2016  жылы  облыстық  мұрағаттан  шағын  ғана  дерек  таптым, ол  дұрысында Тәжмағамбеттің  партиялық  жеке  ісі  еді.  Осы  істе  Тәкеңнің  жазған  өз  өмірбаянында ағасы Шайқы  жөніндегі  берген  деректерді  алдында  мен Орынбор  қаласындағы  мұрағаттан  кезіктірген,  1915  жылға  арналған «Статистический  обзор  Уральской  области»  еңбегіндегі  аздаған  мәліметтерге  жалғасырдым, сөйтіп, Шәкеңнің  қысқа  ғұмырнамасын  қалыптастырдым.

         Шайқының туған  жылы  белгісіз,   ол – Атырау  өңірінде  Ұлы  Қазан   төңкерісіне  дейін  ұстаздық  жұмысты  бастаған  мұғалімдердің  бірі,  қоғам  қайраткері. 1913  жылы Орынбор  қаласындағы  Қырғыз (қазақ) мұғалімдерінің  мектебін  бітірген. Темір  қисымындағы  Екінші  Қазбектік  интернатсыз  орыс-қазақ  училищесінің, Қызылқоға   өлкесіндегі  Қаракөл  бір  сыныптық  орыс-қазақ  училищесінің  мұғалімі (1913-1919 жж.), Өлкені  басқару  жөніндегі  Ойыл  қисымдық (уездік) Революциялық  әскери  кеңестің  төрағасы (1919-1920 жж.), Атырау  өңіріндегі  әртүрлі   мектептердің  мұғалімі (1920-1931 жж.)  болып,  абыройлы  еңбек  етті. 1931 жылы  дүниеден  озды.

3. Тәжмағамбет   Байсеуов

байсеуов т

Мына  фотоны  аталмыш  облыстық  мұрағаттан  алдым. Тәжмағамбет Байсеуов  1904 жылғы  4 желтоқсанда  Гурьев (Атырау)  қисымындағы Қызылқоға болысының 12-ші  ауылындағы Тайсойған  елді  мекенінде туған екен. Бұл  кісі  шын  мәнінде Атырау  өңірінің  кеңес  заманындағы  алғашқы  жоғары  білімді  мұғалімдерінің  бірі  болды,  Халыққа  білім  берудің  Орынбор  педагогикалық  институтын жаратылыс-тану-биология  мамандығы  бойынша  1929 жылғы шілдеде бітірген.

Еңбек  жолын   1922 жылдың  қаңтарында  Ойыл  ауданының  7-ші   ауылындағы  Қазбек  бастауыш  мектебінің  мұғалімі  болып  бастады, мұнда  1924  жылдың  тамызына  дейін, яғни   Орынборға  оқуға  кеткенше  жұмыс  жасайды. 1929 жылдың  қыркүйегінен  1930  жылдың  қазанына  дейін - Қызылқоға  өңіріндегі  шаруа  жастардың  Қаракөл  мектебінің  меңгерушісі, 1930  жылдың  қазанынан  1931  жылдың  тамызына  дейін – Доссор аудандық халыққа  білім  беру  бөлімінің  инспекторы, 1931  жылдың  қыркүйегінен  1934  жылдың  тамызына  дейін  - фабрикалық-зауыттық  оқу  жүйесіндегі  Доссор  тау-кен  өнеркәсіптік  училищесінің  оқу  істері  меңгерушісі, 1934  жылдың  тамызынан  1935  жылдың  қаңтарына  дейін  - Гурьевтік  мұнайшылардың  жұмысшылар  фаультетінің  директоры, 1935  жылдың  ақпанынан  1936 жылдың  қаңтарына  дейін  - Гурьев  педагогикалық  техникумының  ұстазы  жұмыстарында  абыроймен  көзге  түседі.

Жоғары  білімді,  тәжірибесі  мол  маманды  бұдан  соң  партиялық  қызметке  алады: Тәкең  1936 жылдың наурызынан  тамызына  дейін  - Гурьевтегі  кеңестік-партиялық  мектептің  директоры, 1936  жылдың  қазанынан  1937  жылдың  наурызына  дейін  - Қазақстан  коммунистік (большевиктер) партиясының  (ҚК(б)П-ның)  Гурьев  округтік  комитетінің  нұсқаушысы  лауазымдарын  ойдағыдай  атқарады.

Кеңес  заманында  осындай  партиялық  жұмыста  шыңдалған қызметкерді  жауапты  жұмыс  орындарына  жолдайтын. Т. Байсеуов  қайтадан  ұстаздық  ұлағатты  жұмысқа  жіберіледі: 1937 жылдың  наурызынан  1939  жылдың шілдесіне  дейін – Гурьев  оқу  комбинаты  директорының  орынбасары, 1939 жылдың  қыркүйегінен  1939 жылдың  желтоқсанына  дейін  -  Гурьев  мұнай  техникумының  оқытушысы, 1939 жылдың  желтоқсанынан 1941 жылдың  тамызына  дейін  -  Гурьевтегі  мұнайшылардың  оқу  комбинатының  директоры, 1941  жылдың  қыркүйегінен  1941 жылдың  15 желтоқсанына  дейін  -  Гурьев  облыстық  халыққа  білім  беру  бөліміндегі  педагогикалық  училищенің  сектор  меңгерушісі  болады.

Ал, 1941 жылдың  15   желтоқсанынан  бастап  Қазақ  радиокомитетінің    Атыраудағы  өкілі  болып,  абыройлы  қызмет  етті. Ғұмырнамасының  соңғы  деректері  әзірге  белгісіз. Доссор-Қызылқоға  аудандық  кеңесінің  депутаты,  Доссор  кәсіптік  одақтары  аудандық  кеңесінің  мүшесі  болып  сайланды. Жемісті  еңбегіне  орай  жергілікті  әртүрлі  грамоталармен, сыйлықтармен, «демалыс  үйіне»  жолдамамен  сыйланды. Башқұрт,  қырғыз, орыс,  татар тілдерін  білді. Ұлы  Отан  соғысына  шақырылып,  қаза  тапқан,  хабарсыз  кеткен.

байсеуова ш

Қызылқоғалық  ардагер  азамат, менің  партиялық  жұмыстағы  ұстазым  болған қадірлі Парух  Марданов  ағаның  айтуына  қарағанда, ол  Тәжмағамбеттің  туған  қызы Шайра  Байсеуовамен  бір  сыныпта  оқыпты. Енді  бұл  апай  жөнінде  2002  жылғы  «Қызылқоға  энциклопедиясында» берілген  деректі  оқып  көрелік: «1933 ж.т., мал  маманы. Еңбек  жолында Қазақстан, Алғабас  колхоздары, Ленин  атынд.кеңшарда  мал  маманы (1960-1962),Қаттыкөл ауылд.кеңесінде (қазіргі Жамбыл а/о) председатель (1962-66)  болып, кейіннен Абай  атынд.кеңшарда ферма  меңгерушісі, кәсіподақ  комит-ң  төрайымы, есепші, қонақ үй  меңгерушісі  қызметтерін  атқарған» (40-б.). Оның  фотосын  да  осы  еңбектен  алып  отырмыз. Басқа  дерегіміз  жоқ. Білетін  оқырмандардың газет  бетінде  мәліметтер  бөлісуін  сұрар  едік.

Парух ағамыз  осы  апамыздан, яғни Т. Байсеуовтің  жеке  үй мұрағатынан  алған  бір  хат-деректің  көшірмесін маған  Атырауда 2017 жылы  берген  болатын, оны  абзал  ардагер 1967 жылы  Қаракөл  орта  мектебінің  70  жылдығына  материал  жинақтап  жүрген  кезінде  алыпты.  Хатты  Атырау  өңірінің  төңкерістен  бұрынғы  алғашқы  ағартушыларының  бірі,  ұлағатты  ұстаз, кеңестік  халық  ағарту  ісінің  ардагері Пәміхан  Өзбекқалиев өзінің  сүйікті  шәкірті, сол  кездегі - 1929 жылдың  қыркүйегінен  1930  жылдың  қазанына  дейін Қызылқоға  өңіріндегі  шаруа  жастардың  Қаракөл  мектебінің  меңгерушісі  болған Т. Байсеуовке  орыс  тілінде  мөлдірете  жазыпты, оның  орысша  жазу  мәнеріне, мазмұнды  сауаттылығына  Парух  ағамыз  өте  риза  болып  отырады. Хат,  менің  шамалауымша, 1929 жылы  жазылған  секілді. Ендігісін  осы  хаттың өзім  жасаған аудармасын  газет  оқырмандарының  абайына  беремін:

«Қымбатты  Тәжмағамбет! Саған  сәлем  жолдаймын  және  барлық  жақсылықтарды  тілеймін. Кенеттен, шәкірт Жұмабаевтың  асығыс  сапарға  аттануына  байланысты  жазып  отырмын. «Ұстазың»  ретінде  маған  уақытыңды  арнап,  көрісіп  кеткеніңнен  кейін мен  өз  жан  дүниемнің  аздаған серпілісі  мен  шаттануын  сезіндім. Маған берген  кеңесің  үшін – ҚазПИ-дің  сырттай  оқыту  секторына  тіркелу  туралы кеңесің  үшін  рақмет. Мен  тек  қана  қандай  факультеттердің  барлығын  біле  алмай  отырмын. Тәжмағамбет, саламат  бол, сенен  өтінерім, маған  көмек  берші – қай  факультетке  немесе  бөлімшесіне  жазылуға  кеңес  берер  едің? Менің  өзіме гуманитарлық  бөлімшесі, егер  бар  болса, қоғамдық  немесе тарихи-лингвистикалық  бөлімшесі  ұнайды...

Хабарландыруды  алдым. Қандай  болмасын, сенен  кеңес  күтемін.

Айтарлықтай  жаңалық  жоқ. Егін  егу  жүріп  жатыр.

Келінге  сәлем  айт... «Айнамқыз» («Айнамкөз»  әні  болар – А.Ә.) бен «Қарашаны»  тыңдауға  келіп  кетсейші...       

Хош  сау  бол!

         Көп  уайымдамау  және  жабырқамау  керек!

         Сені  өмірден  өткенше (хатта  «до  гроба» деп  жазылған – А.Ә.) жақсы  көретін  және  құрметтейтін

Ф. Өзбекқалиев».

 

    Тағылымды  ұстаздан  осындай  тәлім  хат  алған зерек  шәкірт  те  елеусіз  қалмастан, еліне  бар  мүмкіндігінше  еңбек  еткен  екен... Бұл  да  қасиетті  тарихымыздың  қастерлі  бір  парағы  ғой.

 

Аманғали  ӘМІРЖАНҰЛЫ,

ҚР  Мәдениет  қайраткері,

ҚР  Үздік  өлкетанушысы

Атырау  қаласы,

2018  жылғы  17 маусым         

 

 

Теги байсеуов тайсойғансайты