Таеквондодан ҚР Ұлттық құрама командасының бас бапкері Ю Ёнг Джинмен болған сұхбат.
-Дәстүрлі таеквондоның спорттық таеквондодан айырмашылығы неде?
-Дәстүрлі таеквондо алғашы жылдарда дене жаттығуымен мен рухты қатар дамытатын өнер болып қалыптасты. Сонымен қатар қорғаныс жүйесінің бірі болып табылды. Бастапқы кезде таеквондо өнерінде қолмен жасалатын соққы жие қолданылатын. Аяқпен жасалатын соққылар түрлі қойылымдар кезінде ғана қолданылатын. Бірақ бүгінгі күні таеквондо спортында аяқпен соққы жасау жие жасалады.
Таеквондода этика мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Жасы үлкендерге деген құрмет немесе сайыс кезіндегі қарсыласына деген құрмет мәселелері маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Өзінің бапкері алдында немесе қарсыласының алдына басын июі соның белгісі. Басқа спорттық таеквондоның дәстүрлі таеквондодан көп айырмашылығы жоқ. Тек таеквондо өнерінің бұрынғы әдемілігі жоқ. Бүгінгі таеквондо спортында жаттығу даедо жүйесіне сай сайысқа ғана тиімді соққы жасауға негізделген. Қарсыласының соққысын тигізбей өзі көп ұпай жинауы қажет.
-Спорттағы рухани тәрбие дегенді қалай түсінесіз?
-Рухани тәрбиеге шыдамдылық пен өзін-өзі бақылауды, ар мен этикалық талаптардың жиынтығын жатқызуға болады. Таеквондомен не үшін айналысады? Дене мен рухы бірге дамыған рухани жетілген адамды қалыптастыру үшін ғана айналысады.
Шыдамдылық - қиыншылық пен күнделікті кездесетін алдамшы жағдайларды жеңу деген мағынаны білдіреді. Өзін-өзі бақылау (ұстамдылық) - өзіне-өзі сену, мінезсіздікке төтеп беру мен көңіл-күйінің толқуын қалыпқа келтіріп отыру деген мағынаны білдіреді.
Ар дегеніміз – өзінің арын сақтай білу деген мағынаны білдіреді.
Этикет дегеніміз – сый-құрметті өзінің сөзі мен іс –әрекетімен көрсету болып табылады.
Рухани тәрбие негізінде адамға балалық шағында, алдымен өзінің жанұясында беріледі. Ал спортпен айналысып жүрген кезде оған ұжымның алдында жауапшылық пен өзара көмектесуге үйретеді. Ерік қайратының шыңдалуы мен патриотизмге тәрбиелейді.
-Спортшыға өзін-өзі ұстау тәртібін үйрету қажет пе?
-Әрине қажет. Жоғарда айтып кеткенімдей, таеквондоға қатысып жүрген кезде алдымен этиканы үйретеді. Сосын өзін-өзі ұстай білуді үйретеді. Спортшылар өзінің таеквондодан білгенін көше төбелесінде қолданбауы тиіс. Өзінің күшті екенін айтып мақтанбауы керек. Өнебойы үлкенге құрмет көрсетуі қажет. Өзінің ұстазына құрмет көрсетуі керек. Оның тәртібінен басқалары үлгі алуы керек.
-Спортшыға алдамшы нәрсеге қызықпауы үшін рухани тәрбиені қандай жолмен үйретуге болады?
-Спортшыны «Чемпион боласың!» деп тәрбиелеу керек. Маскүнемдік пен шылым шегу немесе нашақорлық сияқты келеңсіз жағдайларға түсіп кетпей үшін өзін-өзі қатаң бақылап жүруі керек. Сонымен қатар ерік қайратын, жеңіске деген құлшынысын, Отан алдындағы, команда алдындағы, бапкері алдындағы өзінің жауапкершілігін тәрбиелей білуі керек. Спортшы алдымен қатаң тәртіппен жүретін адам ғой. Сонда ғана чемпион бола алады.
Біздің спортшылардың арасында кездесетін проблеманың бірі салмағын сақтап тұра алмаушылық. Оқу-жаттығу жиыны аяқталған соң спортшылар біраз уақыт үйлеріне барып демалып қайтады. Сол кезде олардың салмақтары өсіп кетеді.
-Спорттық жетістікке жету үшін рухани тәрбие қажет пе?
-Әрине керек. Спортшы дайындық кезінде өзінің барлық қабылетін бір мақсатқа жұмылдыруы керек. Адам егер бар санасымен бір нәрсемен айналысамын деп ниеттенсе әрі соның жолында өзін жұмылдыра білсе онда ол адам өзінің мақсатына жете алады. Мақсатын анықтап оның жолына өзін жұмылдыра білу бұл рухани тәрбиені көрсетеді.
-Кореяда батырлық, адамгершілік, махаббат, шыншылдық, ар мен адалдық деген қасиеттерді тәрбиелеуге уақыт бөледі ме?
-Кореяда спортшы 9 жасынан бастап спортпен шұғылданады. Жас кезінен бастап оларды жоғарда аталған қасиеттерге үйретеді. Батырлық, тектілік, шыншылдық, адалдық, өзін-өзі бақылау сияқты қасиеттерді үйрететін арнайы сабақтар бар. Тек осы қасиеттерді үйреткеннен соң ғана таеквондоның жаттығуына кіріседі.
-Кореяда ұстаздың қойған талабын бұзған споршыға қандай жаза қолданады?
-Спортшы бапкерінің айтқанын орындамаған жағдайда алдымен оған ескерту жасайды. Егер қайталанса ата-анасымен сөйлеседі. Одан әрі ешқандай қорытынды шықпаса ол спортшы спортпен айналысуын доғарады. Бірақ мұндай жағдай Кореяда өте сирек кездеседі.
-Таеквондо спортының емдік қасиеті бар ма?
-Таеквондомен айналысқан адамның денесі шымыр, дені сау болады. Ол адам ешқашан ауырмайды. Жүйке - жүрек ауруларына қарсы ем. Қазір көптеген адамдардың артық салмағы бар. Таеквондомен шұғылданатын адамның артық салмағы болмайды. Таеквондоның рухани тәрбиесімен оның емдік қасиеттерін Қазақстанда кеңінен насихаттаса бұл өнермен шұғылданатын жастардың қатары көбейер еді. Бұл өте пайдалы спорт болып табылады.
Сұхбаттасқан Қабибек Мұхитов,
Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы