ПАРАСАТ  ПЕН  ПАЙЫМ

ПАРАСАТ  ПЕН  ПАЙЫМ

ТҰЛҒА

Қайсы кезеңде де қоғамдық санада өркениетті өзгерістерге ұйтқы болатын, бұқараны өрелі істерге бастайтын, зиялы тұлғалардың басын біріктіретін негізгі орта болады. Бұл міндет аймақтарда көбіне-көп сондағы үлкен білім беру ошағы – университеттерге жүктелетіні аян. Әрине, ол сол үлгілі үрдісті танытуға, өнегелі ордаға лайық болса ғана. Ең басты жауапкершілік сыналар тұс та осы. Бұл орайда биыл еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесімен 70 жылдығы тұстас келіп отырған Атырау мемлекеттік университетінің өзіндік тарихи орны бөлек.

Осынау уақыт бедерінде институттан университетке дейінгі қалыптасу, даму, өрлеу сатыларынан абыройлы өткен бұл білім ордасының бағына қарай оған небір мүйізі қарағайдай толағай тұлғалар жетекшілік етіп, ұжымды әркез өрге сүйрегенін атап айту – парыз. Статистикаға жүгінсек, мұнда күні бүгінге дейін 16 тұлға ректорлық қызмет атқарған екен. Соның ішінде біз бүгін 2000-2008 жылдарғы ректор, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан педагогикалық ғылымдар және Жоғары мектеп Ұлттық Академияларының академигі Асхат Сәлімұлы Иманғалиев хақында әңгімелегенді жөн көрдік.

 

         Бірінші пайым:  Іс тетігін кадр шешеді

 

Өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап еліміздің түкпір-түкпіріне әр саланың білікті мамандарын даярлап шығарған педагогикалық институт, кейіннен Атырау мемлекеттік университеті еліміз алғаш рет нарықтық қатынастарға қадам басқан кезеңде өзінің сол жоғары мәртебесін біраз төмендетіп алғандығы да жасырын емес. Өйткені, жұртшылық қоғамдағы күрт өзгерістерді терең пайымдай алмай, дағдарып қалған тұс еді бұл. Сөйтті де, тек қана экономист, заңгер мамандықтарын ғана таңдаушылар көбейіп, өзгелері көлеңкеде қалып қойды...

«Енді қайтпек керек?» Қарыштап дамып бара жатқан жаһандану заманында білікті педагогикалық мамандардың жетіспеушілігінен туындап жатқан қиындықтарды түйсіне зерделеген ректор Асхат Иманғалиев басшылық қызметін ең алдымен осы бағытқа арнады. Яғни, осы уақытқа дейінгі еңбек жолында жинақтаған мол тәжірибесін жаңа тұрпаттағы заманауи университет құруға бағыттады.

-Құрметті әріптестер, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының өмірінде болып жатқан қоғамдық саяси өзгерістер жоғары педагогикалық білім беру саласына жаңаша мазмұн мен бағыт-бағдар беруді талап етуде. Бұл мұғалім кадрларын даярлау жүйесінде ғылым мен техниканың жетістіктерін кеңінен енгізуді, дүниежүзілік өркениетті елдер тәжірибесін кеңінен пайдалануды қажет етеді. Сондықтан, жоғары педагогикалық білім беруді бүгінгі күннің  талаптарына сай ұйымдастырып, ғылыми-зерттеу жұмысын дамыту, мұғалім кадрларын сапалы даярлау, оқу-тәрбие жұмысының тиімді әдіс түрлерін, оқытудың жаңа технологияларын енгізу - уақыт талабы. Барлықтарыңыздың да ең алдымен осы өрелі іске бір кісідей атсалысуларыңызды сұраймын, - деп кесіп айтты ол алғашқы ғылыми кеңесте-ақ осы көкейкесті мәселені төтесінен қойып. Сөйтті де, бірден білек сыбана іске кірісті.

Алға басты мақсат қойылып, батылдықпен қолға алынса, бітпейтін шаруа болмайды. Мұны іскер басшы іс жүзінде дәлелдеуге күш салып, діттеген жоспарын жүзеге асыруға шындап кірісті. Университет оқу кешендері күрделі жөндеулерден өткізілумен қатар, материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылды. Лингафонды және мультимедия кабинеттері, интерактивті тақталар қолжетімді және күнделікті пайдаланылатын оқу құралдарына айналды. Ғылыми-технологиялық жүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін мамандар даярлаудан ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге дейінгі тұрақты жүйе қалыптасты. Студенттер білімін бақылау ашық та, қолжетімді электронды дүңгіршектер (интернет-кафе) арқылы іске асырылды. Бұл спутниктік арналар көмегімен ұсынылатын интернет-ресурстың пайдасы ұшан-теңіз еді.

Осылайша, эстетикалық талғамы биік басшының көрегендігінің нәтижесінде оқу орны жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, мазмұнымен түрі жағынан заман талабына сай жоғары оқу орны мәртебесіне ие болды.Олай дейтініміз - университет республикада мұғалім кадрларын даярлауда қайтадан алдыңғы лектен көрінгендігі. Оқуға түсушілердің көзқарас-танымдары да өзгеріп, педагогикалық мамандықтарға құжат тапсырушылар қатары қайтадан көбейе бастады. «Елімізде экономика заңдылықтарына сай білімді де, білікті маман даярлау - басты міндет. Жастар – елдің болашағы, тірегі, келешек тізгіні – солардың қолында. Ендеше, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ұстаздар қауымына аса жауапты да қиын міндеттер жүктейді. Мұғалім кадрларын даярлауда жоғары мектептің даму тарихында қазіргі Атырау университетінің де өзіндік орны бар екендігі, соған азды-көпті өзімнің де үлес қосқанымды мақтан етемін» - дейді бүгінде профессор Асхат Иманғалиев.

Талантты басшы, өз ісінің нағыз білгірі, басқару менеджментін мықты меңгерген іскер ұйымдастырушы университетке сегіз жылдай басшылық еткен кезеңде елеулі жетістіктерге қол жеткізгені баршамызға аян. Ұжым үшін жұмысқа білек сыбана кірісіп, жан жүрегімен беріліп кететінін қазір де әріптестері жыр ғып айтады. Жалпы, Асекең – табиғатында батыл, жасқану, айналасына алаңдау дегеннен алыс жан. Бұл оның бойындағы туабітті мінез болатын. Дәл осылай адал, жалтақтамай, принципшіл, керек шешімді тез қабылдайтын боп қалыптасуына оның текті отбасында дүниеге келіп, балалық шағында еркін өскені, ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесінің жемісі екендігі даусыз. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне 2000 жылдан бастап осындай абзал қасиеттерге ие азаматтың басшы болғандығын тайлы-тұяғымызға дейін мойындаймыз.

Асхат Сәлімұлы келе салысымен университеттің сол кездегі  елде болып жатырған, экономикалық крезиске байланысты қиюы кеткен, қазіргі заман талаптарына сай келмейтін материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударғанына бәріміз куәміз, нәтижесін көріп сүйсінеміз. «Бізде – университетте барлық нәрсе тек студенттер үшін жасалған, егер олар болмаса біздің құнымыз көк тиын, осындай талапқа сай соғылған ғимараттарда оқыған студенттердің талғамы, ой-өрісі, әрі мәдениеті де жоғары болады, сондықтан да, тез арада бастапқы жобадағыдай етіп, қанаттас оқу кешендерімен жалғасатын бас ғимаратты қалпына келтіріп, іске қосайық, бұл заманда сынса, бұзылса, жөнделмейтін зат жоқ» деп, бұл шаруаға да бірден кіріскенін көзіміз көрген. Бірер айдың ішінде бәрі де орындалып, негізгі жобадағыдай қалпына келтіріліп, студенттер игілігіне айналды. Бұл біздің жоғары деңгейдегі университет болатындығымыздың айқын көрінісі еді.

Профессор А.Иманғалиевтің сан қырлы дарыны, қажыр-қайраты, көрегендігі университетті басқарған алғашқы айлардан бастап ерекше көзге түсті. Жалпыға білім беріп, тәрбие үйрету үшін алдымен оларға жағдай жасауды алға оздырған азамат - оқу орнының ауқымын кеңейтіп 1988 жылы басталып, сақалды құрылыс сапына еніп кеткен бас оқу корпусын жаңаша ғимарат етіп салуды ойластырды. Демеушілік қаржы сұрастырып, сол кездегі  облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қабылдауында болды. Нәтижесінде «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны демеушілік жасады. Бұс істе де ол іскерлігімен де, ісмерлігімен де танылды. Толқын-толқын ұрпақ білім алатын білім ордасын тұрғызу тұсында құрылысшылармен қатар жүріп, ақылдың да, еңбектің де ерен үлгісін көрсетті.

Әйтсе де, осы керемет кешен туралы әңгіме бола қалса, ол өзінен гөрі, өзге азаматтарды, атсалысқан, қол ұшын бергендерді аузынан тастамайтын. «Облыс орталығындағы жалғыз университеттің ғимаратын мен емес, ел салды. Иманғали Тасмағамбетов, Дүйсенбай Тұрғанов және басқа да азаматтар бел шешіп кірісті, олар «осы университет әлемдік дәрежеде болу керек, кемдік көрмеуі қажет, төрт құбыласы сай болуы тиіс» деп шауып жүрді» деп еске алады бүгінде Асекең. Әсіресе, құрылысты салған уақыттағы әр ғимараттың архитектуралық жобасын сызып, күні-түні құрылыс басында Иманғали екеуі түнімен жүріп, «прораб» атанып кеткені - аңызға бергісіз әңгіме. Ақыры, сөз бен істің бірлігі көрінді. Үлкен жауапкершіліктің, үлкен мақсаттың үдесінен шыға білді. Жұмған жұдырықтай болған ел азаматтары, әсіресе, Асхат Сәлімұлы сол бас оқу ғимаратын және университет территориясынан бес қабатты (ішінде 200 студент бір мезгілде тамақтанатын асханасы бар) тағы бір оқу корпусын салдыруы арқылы артына үлгі  қалдырды. Бұл оқу ғимаратына сол кезде жаңадан ашылған «Әлем тілдері факультеті» жайғасты.

Көп уақыт өтпей-ақ, ондаған жылдар бойы ауқымды жөндеу жұмыстарын көрмеген оқу ғимараттары да қала халқының көзайымына айналған көрікті кейпіне енді. Оқытудың ақпараттық-инновациялық түрлерін толыққанды дамыту, әлемдік білім кеңістігіне ентелей енуге жол ашуға мүмкіндік беретін фактор екендігін жете түсініп, оларды техникалық жағынан қамтамасыз етуде кезек күттірмейтін шұғыл шешімдер қабылданды. Қабылданған шешімнің тез арада шындыққа ұласуына, университеттің компьютерлік және инновациялық оқыту формаларын жүзеге асыратын жаңа техникалық қондырғылармен қамтамасыз етілуі кез келген мемлекеттік қана емес, кейбір ұлттық университеттер қызыға да қызғана қарайтын деңгейге жеткізілді. Әлемдік білім беру кеңістігіндегі жаңа, тың үдерістерді меңгермей, олардың қыр-сырына іштей үңілмей ғылым мен білімнің алға басуының қиын болатынын түсінген Асхат Сәлімұлы бұрын-соңды болмаған, болса да қарқын алмаған іс, оқытушылар мен магистранттарды дамыған шет елдердің беделді білім мен ғылым орталықтарында біліктіліктерін жоғарылатуға көп көңіл бөлді, олармен келісім-шарттар жасалып, қағаз жүзінде емес, іс жүзіндегі пайдалы қарым-қатынастар орнатылды. Шет елдердің озық ойларын, техникалық мүмкіндіктерін, оқу үрдісіндегі пайдалы өзгешеліктерін меңгеріп келген жас мамандардың өзінің кәсіби ісіне қанағаттана кіріскендерін де көзіміз көрді.

АГУ 15

Шын мәнісінде Асхат Сәлімұлы басқарған жылдары Атырау мемлекеттік университеті адам танымастай өзгерді. Университеттің материалдық-техникалық базасы күрт жаңартылғаны өз алдына, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің алыс-жақын шетелдік жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасуы жоғары деңгейде жақсартылды. Университетте моральдық-психологиялық климат жақсарып, профессор-оқытушылардың жұмысқа деген белсенділігі артты. Оның үстіне, Асхат Сәлімұлы басқарған сегіз жылда осы профессор-оқытушылар құрамы алдында атқарылған жұмыс жөнінде үнемі есеп беріп, күн тәртібіне қойылған көкейкесті мәселелерді бірлесе талқылап отырды. Ашығын айту керек, бұл керемет үрдіс Асхат Иманғалиевтен кейін жалғаспай үзіліп қалды.

Әрбір жоғары оқу орнының алғашқы қалыптасуынан бастап, алған бағыттарынан, мамандануынан туындайтын, басқалардан ерекшеленетін өзгешеліктері болады. Бұрынғы одақ кезінен өзіндік қолтаңбасы бар жоғары оқу орнына институттан құралған бүгінгі Атырау мемлекеттік университетінің мақтан тұтар, өзгелерде жоқ, білікті мамандармен ондаған жылдар бойы қамтамасыз етілген, қазіргі кезде ел экономикасының дамуы аса қажет ететін мамандар даярлайтын кафедралардың лабораторияларын құрал-жабдықтармен  толықтыру мәселесі де ұзақ жылдар өз шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе еді. Біріне тартса біріне жетпейтін қаржылық қиыншылықтардан қиюын тауып, үздік үлгідегі техникамен қамтамасыз ету университет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Бұл бағытта ректордың бұйрығымен 2002 жылы «Жаңа технология орталығы» ашылды. Оның директоры болып сол кездегі талантты жас ғалым Саламат Идрисов тағайындалды. Қазіргі таңда Саламат Нұрмұханұлы - Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің басқарма төрағасы - ректоры, профессор.

 

Екінші пайым:  «Мен  жастарға  сенемін»

 

Асхат Сәлімұлы үшін университеттегі негізгі тұлға - студент. Ол  студенттермен жиі кездесіп, оларға қатысты мәселелерді әрқашанда бірінші орынға қоятын. Студенттің жеке тұлға ретінде дамуына, олардың университет өміріндегі қоғамдық жұмыстарға белене араласуына жағдай жасап, оны үнемі бақылауда ұстады. Университетке басқа өңірлерден, ауылдардан келген студенттер үшін жатақхана мәселесі де түбегейлі  шешіліп, жылы да, жайлы қоныстар студенттердің ешнәрсеге алаңдамай оқуына өте ыңғайлы болуы да басшының үнемі назарында болды.

Асхат Сәлімұлы  жас оқытушыларды, аспиранттарды, магистранттарды және студенттерді терезесі тең тұрғыда қабылдауға шақырды. Студенттер қауымы да ректормен ашық форматта кездесіп, әңгімелесуді асыға күтетін. Асхат Сәлімұлы үшін университет қабырғасындағы қазіргі білім беру үрдісіндегі негізгі қозғаушы күш - студенттержәне магистранттар. Міне, осындай ерекше жақсы қасиеттері үшін ректорымызды студенттер мен профессорлар құрамы әр уақытта қадірлеп құрметтейтін. Студенттердің бастамашылдығына қанат бітіріп, әр түрлі ұйымдардың құрылуына, олардың өзгелеріне пайдалы, өмірге бейім, жан-жақты дамыған, бұқараны басқара білуге қажетті қасиеттерге баулуға  ұйтқы болып, жөн сілтеп отырды, сол арқылы жастардың шынайы сүйіспеншілігіне бөленді. Соның арқасында, сөз жоқ, аз уақыттың ішінде студенттердің өз университетіне деген патриоттық сезімдерінің артқандығы бірден байқалған болатын.

Әрине, кез келген ұжымның өсуі мен өршуі, өркендеуі мен тығырыққа тірелуі сол ұжымда жұмыс атқаратын мамандардың біліктілігі мен оларды басқаруға, тиянақты жұмыс жасауға толыққанды жағдай жасай білуге тікелей байланысты, әрі бұл – ежелден келе жатқан бұлжымас қағида. Асхат Сәлімұлы ректор болғанда университетіміздің іші де, сырты да жаңашаланды.

АГУ 11

Жақсының адамгершілігі сөзбен емес, басқан ізі, атқарған ісімен білінеді ғой. Асхат Сәлімұлының сезімталдығы, қоршаған ортаға деген мұқияттылығы және ұжым ішінде үлкен сыйға ие бола білу сияқты қасиеттері, ол кісіні өзінше бір даралап тұратын. Ол кісінің отандық білімді дамытуға және жетілдіруге қосқан үлесі өте зор. Қазақстан Республикасының батыс аймақтарындағы үлкен оқу орындарында ректорлық қызметте болған кездерде сол білім ордаларының материалдық-техникалық базасын жасады, шетел университеттерімен байланысты кеңейтті және инновациялық жолмен дамуына  жан-жақты жағдай туғызды.

Асекең көпті көргендігін, осы жерде өсіп-өнгендігін, осы оқу орнында жоғары білім алғандығы мен жан-тәнімен университетке жаны ашитындығын танытып, сырттан кадрлар әкелу саясатының жетегінде кетпей, университеттің ыстығы мен суығын қатар көріп келе жатқан мамандарды тиімді пайдалана білді. Басшының ізденіс пен еңбекке толы жаңаша серпінін ұжымның әр қызметкері шын ықыласпен қолдады. Әріптестерінің ғылыми әлеуетін дұрыс пайдаланып, ортақ іске жұмылдыра білуі де университет ректорының бірінші басшыға қажетті қасиетінің белгісіндей еді. Асхат Сәлімұлына тән үлкен лауазымды адамға қажетті аса үлкен адамгершілік, кемшіліктерді кешіре білетін кеңдік, қатардағы еңбек адамының қиындықтарын түсіне білу, мүмкіндігінше қол ұшын беруге дайындығы, көп сөзден гөрі батыл да, түбегейлі істерге жүзеге асыруға бейім қасиеттері – бәрімізге үлгі-өнеге.

Кезінде университетке қарасты, бірақ қараусыз жатқан бос жерлері бүгінде студенттердің спорттық-сауықтыру демалыс орнына айналған. Асхат Сәлімұлының тікелей қадағалауының арқасында күрделі жұмыстар жүргізіліп, мұнда университет оқытушылары мен студенттерінің бос уақыттарын тиімді өткізу үшін барлық жағдайлар жасалды. Университет оқытушылары мен қызметкерлерінің, студенттерінің демалыс уақытын тиімді де пайдалы өткізуін көздеп, «Жайық» сауықтыру кешенін қолға алып, жоспарлы құрылыс жұмыстарын бастаған да, іргетасын қалаған да – Асхат Сәлімұлы. Бүгінде «Жайық» спорттық-мәдени демалыс кешені өзінше бір әсем ғимаратқа айналған.

АГУ 7

Студенттердің оқытушы берген дәрісті одан әрі жетілдіруіне, ізденуіне кітапхананың беретіні мол екені белгілі. Асхат Сәлімұлының университет кітапханасының заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, кітап қорының өсуіне, ақпараттық-кітапханалық ресурстардың толықтырылуына, жаңа оқу залдарының ашылуына қосқан үлесі де қомақты. Қазіргі таңда университет кітапханасы заман талабына сай өз оқырмандарының сұранысын толыққанды қанағаттандыруға зор мүмкіндігі бар. Атап айтқанда, электронды каталог, электронды кітапхана, толықмәтінді иемденген және меншікті электрондық ресурстар қалыптастыру, жоғары оқу орындары аралық электронды кітапхана, қазақ ұлттық электронды кітапханасын толыққанды пайдалану, «Виртуалды диссертация қорлары», кітап қорын көбейту іскер басшының күнделікті қызметінің бір тармағы болды деуге әбден болады.

Сондай-ақ, Асхат Сәлімұлы университет оқытушылары мен студенттердің ғылыми ізденістерін жүргізуге қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді. Сол кезеңде оқу орнымыз алғаш рет қазіргі заманғы ғылыми бөлімшелермен – зертханалар, зерттеу орталықтары, интернет жүйесіне қосылған компьютерлік сыныптармен, арнайы электронды оқулықтармен жабдықталған оқу залдарымен қамтылды. Оқу зертханалары 15 компьютерленген сыныптармен жабдықталды. Жаңа әдістемелерді қолданып, АҚШ университетінің тәжірибелі оқытушылары, іскер адамдары Атырау университетінің оқытушы қызметкерлеріне және басқа облыс ұйымдарының өкілдеріне «Баренц групп» (ЮСАИД) компаниясымен бірлесіп арнайы сабақтар өткізіп тұрды. «Сорос-Қазақстан» қорымен ұйымдастырылған қысқа мерзімді семинарларға университет оқытушыларын ректордың өзі бастап  белсенді катыстыра білді.

           Біздің студенттерімізбен кездесу үшін ең ipi компаниялар өкілдері жиі келіп тұратын. Шетел тілдері кафедрасында әр уақытта Америкадан, Голландиядан, Австриядан, Түркиядан волонтерлер жұмыс істеді. Шетел мамандарының университетке көңіл аударуы Атырау университеті беделін күрт көтерді. Сондықтан да, сол кездің өзінде Атырау университетін тек ғылыми ғана емес,  халықаралық мәдени орталықболды деп атауға толық негіз бар еді. Тағы бір атап айтар жаңалық - тұңғыш рет «Университет  хабаршысы» атты ғылыми еңбектер жиынтығы мен көп таралымды  «Университет» газетінің 2000 жылдың кыркүйек айынан бастап жарыққа шыға бастағандығы.

Сондай-ақ, ректордың жанкешті еңбегінің арқасында «Университет  хабаршысы» атты ғылыми журналы 2004-2008 жылдары Жоғары Аттестациялық Комитеттің тізімінен орын алды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанынан 13.00.01 – Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының кандидаты мен докторы ғылыми дәрежесін алу үшін батыс өңіріне арнап Асекеңнің ұсынысымен (Атырау, Орал, Ақтөбе, Ақтау) ашылған  диссертациялық кеңес өз жұмысын 2010 жылға дейін жалғастырды. Сөйтіп, білікті басшының арқасында 40-қа жуық аспирант университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған іргелі үрдіс болғаны даусыз.

Міне, қайтпас қара нардай рухы мықты басшы Асхат Сәлімұлы қай кезеңде де өзінің алға қойған ұстанымынан танған емес. Әрі өзі алға қойған үлкен мақсаттарының бәрін де табандылығымен іске асыра білді. Өткен ХХ ғасырдың аяғы мен ХХ1 ғасырдың басындағы аласапыран заманда проректор бола жүріп, өзінің докторлық диссертациясын қорғап алғаны да оның  қажымас қайратының бір қыры деп айтуға тұрарлық. Оның ғылыми-зерттеу жұмыстарының өзі бір төбе. А.С.Иманғалиевтің жетекшілік етуімен валеология ғылымы қарқынды дамып, сол кездің өзінде университетте «Валеология» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Асекеңнің бастамасымен 2000-2001 оқу жылынан бастап «Валеология» мамандығы ашылып, валеологиялық білім берудің тұжырымдамасы жасалды. Қазақстанда алғаш рет қазақ тілінде «Валеология» оқулығын, «Педагогикалық валеология» атты монография мен электрондық оқулықтарын тарту еткен тұңғыш ғалымдардың бірі десем қателеспеймін.

Бүгінгідей жаһандану заманында ғылым мен білімге сүйенген елдердің еңсесі биік болғандығын ешқашан естен шығармаған, қырағы көзді басшының іскерлігі текке кетпеді, сол кездің өзінде университеттің материалдық жағдайы жоғары деңгейге көтеріліп, студенттер саны екі есеге артты. Осы орайда Асхат Сәлімұлы университетке ректор болып тағайындалып, ұжыммен алғаш кездескенде Қазақстанға белгілі педагог-ғалым профессор Қ.Б.Сейталиевтің «Бізге қатардағы басшы емес, бізге педагог-қайраткер басшы керек» деген сөзі ойға оралады. Ұлағатты ұстаздың осы тілегінің қабыл болғанына Асхат Сәлімұлының атқарған нәтижелі еңбегі, қол жеткізген табыстары дәлел деуге толық негіз бар.

Атап айтқанда, 2005-2006 оқу жылының қортындысымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Жоғары оқу орындары қауымдастығының рейтингінде тұңғыш рет республика бойынша 8-орынға көтерілді. Бұл күн демей, түн демей, тынымсыз еткен ұжымдық еңбектің нәтижесі!

 

Үшінші пайым:  Алғыс арқалаған академик

 

Академик Асхат Сәлімұлын өзіндік ұстанымы, кез келген жұмысты үлкен-кіші деп бөлмеуі, күн тәртібіне қойылған мәселелердің бәріне де бірдей қарап, әділ де, тура шешімдер қабылдай білуі әрдайым өзгелерден  даралап тұрады. Ол-жаһандық ауқымдағы мәселелерді шешуде қол жеткізген жетістіктеріне тоқмейілсімей, одан әрі жаңа инновациялық мүмкіндіктерді іздестіре және оны таба да білген басшы. Қатардағы оқытушыдан декан, проректор, университет ректорына дейінгі барлық сатылардан абыроймен өтті. Асхат Сәлімұлы еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өтпелі шақтағы қиындықтарға қарсы тұра біліп, алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының озық тәжірибелерін зерттеумен айналысты. Қазақстанның жоғарғы мектебі күрделі кезеңдерді бастан өткізіп, білім беру жүйесі жаңа заманауи талаптар деңгейінен табыла алмай тұрған кезеңде, еліміздің батыс өңіріндегі жоғары білім ордаларын басқарып, көптеген игі істерге бастамашы болды.

Бұрын-соңды болмаған тың жаңалық - университет жанынан элитарлық мектеп ашылғандығы. «Білікті мамандарды нарық талаптарына сай даярлау – бәріміздің бірлесе атқаратын ісіміз. Олардың білім деңгейі мен кәсіби шеберліктері жоғары болғанда ғана білікті қызметкер деңгейіне жетеді. Болашағымызды ертеңге қалдырмай, бүгін ойлауымыз қажет» деген болатын университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.С.Иманғалиев. Сөйтіп, элитарлық мектеп 2000 жылдың 1 қыркүйегінен бастап өз жұмысын бастаған еді. Жалпы білім беретін бұл жаңа оқу орны – Алматы, Орал, Ақтөбе қалаларындағы университеттер жанынан ұйымдасқан мектептердің құрылымы негізінде алынған. Элитарлық мектептің негізгі мақсаты – дарынды және қабілетті оқушыларға олардың жоғары деңгейдегі орта білім алуына мүмкіндіктер туғызу, белгілі бір ғылым саласында қабілетті жан-жақты тұлға, адамгершілігі зор азамат тәрбиелеу.

Элитарлық мектеп, бір жағынан, саралап білім беру принципі, екінші жағынан, жекелеген пәндерді тереңдетіп оқыту тәжірибесі енгізілу нәтижесінде, жастарды грант және несие түрінде жоғары оқу орнына түсуге даярлауды мақсат етеді. Атап айтсақ, 2000-2001 оқу жылына 51 оқушы қабылданған. Мектеп бағдарламасындағы жалпы білім беретін пәндер мұнда да толықтай оқытылды. Кейбір жалпы білім беретін пәндер әр сыныптың бағыттарына сәйкес тереңдете оқыту жағына өзгертілді. Оқушылардың өздерінің таңдаған бағыттағы пәндеріне көбірек уақыт беріледі. Турасын айту керек, мұндай мектепке баласын оқытқан ата-аналардан ректор Асхат Иманғалиевтің атына жаудырған алғыстары ұшан-теңіз еді.

Ғұлама ғалым Халел Досмұхамедовтің «Ел үшін еңбек еткен ерлерді қадірлеу–елдіктің белгісі» деп жазғаны бар. Бұл жерде оның ерлерді деп адамның ел игілігі, бірлігі мен бақыты жолындағы өрелі істерін, ерлік өнегелерін, ұрпағына қалдырған мұрасын айтып отырғаны хақ. Асхат Сәлімұлы да – өзінің жан-жақты, ізденісті еңбегімен осы Халел айтқан биіктен табылған жан. Кезінде «Өз оқу орнымызды -  жоғары деңгейге жеткіземіз!» деген ұранмен өзі білім алған, өзінің еңбек жолына бастау болған  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тыныс-тіршілігі оның есінен ешқашан шыққан емес. Осы мақсаттағы қандайма еңбегі де алғыс арқалауға лайық екендігі сөзсіз.

Міне, 2003 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті үшін есте қаларлық қуанышты күндердің бірі орын алды. Жігерлі ректор Асхат Иманғалиевтың бастамасымен университеттің бас ғимараты алдындағы студенттер алаңында туғанына 120 жыл толған кемеңгер, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Халел Досмұхамедовтің еңселі  ескерткіші салтанатпен ашылды.

АГУ 2

Сол кезде елу жылдан астам тарихы бар осы оқу орнында 600-ге тарта профессор-оқытушылар құрамы бар, 12 мыңнан астам студент білім алып жатқан еді. Баршасының да қуанышында шек жоқ-ты.

Халел Досмұхамедовке арнап орнатылған ескерткішті алматылық скульптор, мүсінші Дәулет Бектеміров тау тасынан (граниттен) қашап жасаған. Ал, оны тұғырға орнатып, іргесіне тас өрген - «Абис-Атырау» ЖШС құрылысшылары (бас директоры Қажымұрат Қайтбайұлы). Ректордың белсенді іс-әрекетінің нәтижесінде облыстық әкімдіктен бөлінген 6 миллион теңге осылайша ортақ мерейлі іске жұмсалып, әмбебап ғалым бабамызды халық жадында қалдыруға бағытталған болатын.

АГУ 13

Асхат Иманғалиев ректор болып тағайындалысымен 2000 жылы өз бастамасымен, облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауымен академик, зерделі сөз зергері Зейнолла Қабдоловты университетке дәріс оқуға шақырды. Көрнекті ғалымға Атыраудан үй беріліп, ол студенттер мен магистранттарға дәріс оқып, 5-6 жыл табан аудармай еңбек етті. Бұл, шынында да, аймақ тарихындағы тосын жаңалық еді. Сол кездегі сандаған түлектердің ректорға осы жағынан да айтар алғысы зор.

Тағы бір айрықша айта кететін жайт, алыс-жақын шетелдерден оқимын деп келген өзіміздің қандастарымызды қамқорлыққа алып, қолдау көрсетуі, ата-анасыз қалған тұл жетім студенттердің оқу ақысынан толықтай босатылуы, олардың әлеуметтік жағдайларын көтеруге қосымша қаражат бөлуі - Асхат Сәлімұлының жанының жомарттығының бір қыры. Ректордың табандылығымен университетте алғаш рет алыс аймақтардағы студенттер үшін қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілді. Студенттердің бірнеше тілді қатар меңгеруіне мүмкіндік жасалды. Ол үшін ақысыз курстар ашылды.    

Асхат Сәлімұлы Атырау облыстық маслихатының депутаты болған кезінде де өңір тұрғындарына көптеген жақсылықтар жасады. Әр уақытта Қазақстан халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарды ұлығылауда  өзіндік ізгілікті бастамаларымен көзге түсті. Оның қоғам қайраткері ретіндегі таланты 2005 жылы Президент сайлауында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімді өкілі болған шақта жарқырай көрінді. Ол халықпен кездесулерде, өзінің тұрғындарды жеке қабылдауларында ел өміріндегі маңызды науқанның мәнін жете түсіндіріп, бұқараның біте қайнасуына зор үлес қосты.

Өзінің де өнерге, музыкаға, жалпы шығармашылыққа жаны құштар болғандығын білеміз. Содан да болар, студенттердің көркемдік шығармашылық, спорттық дарындарын оятып, оларға ұдайы қолдау көрсететін. Студенттерді көркемөнер әлеміне тартуға, өздерінің дарындары мен қабілеттерін ашуға тамаша мүмкіндіктер жасалды. Университеттік хор, «Сәуле» би ансамблі, «Сәукеле» этнографиялық үйірмесі, «Жерұйық» көңілді тапқыштар клубы, «Дебат» пікір алысу, жарыссөз орталығы, жастар театры ұйымдастырылды. Студенттердің әр түрлі мәселелерін шешу үшін олардың өзін-өзі басқару жұмысын дамыту бағытында жастар комитеті құрылған. Жазғы каникул кездерінде қаламызды көркейтуге, абаттандыруға көмегін тигізетін студенттік құрылыс отрядтары тұрақты жұмыс жасады.

АГУ 10                                    

Қазақстанға белгілі адамдармен кездесу де дәстүрге айналды. Ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев, көрнекті ақындар Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов және басқа да белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері Атырау университеті студенттерінің құрметті қонақтары болды. Республикалық «Жас толқын» фестивалінің осы оқу орнының базасында өткізілуінің өзі зор мақтаныш емес пе?!

АГУ 16

Қорыта айтқанда, Асхат Сәлімұлы Иманғалиев ректор болған кезінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті заманауи талаптарға сай ғылыми-зерттеулерді әлемдік деңгейге көтеру, академиялық мобильдікті арттыру, көптілділікті, білім сапасын қамтамасыз ету бойынша стратегиялық жоспардың орындалуы жағынан ұдайы алдыңғы орыннан көрінді. Университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, қызметкерлер, әсіресе сол кездегі студенттер – қазіргі түлектер Асхат Сәлімұлын осындай ерен еңбегі үшін ерекше құрметтейді. Бүгінде оны көпшіліктің «Алғыс арқалаған академик» деп атайтыны да осыдан.

 

                                                                  Ғабит БАЗАРҒАЛИЕВ,

                                      педагогика ғылымдарының кандидаты