ГАГАРИНДІ ҒАРЫШҚА ҰШЫРҒАН ҚАЗАҚ-АТЫРАУЛЫҚ ЕРМЕК ЕСЕНҚОЖИН

ГАГАРИНДІ ҒАРЫШҚА ҰШЫРҒАН ҚАЗАҚ-АТЫРАУЛЫҚ ЕРМЕК ЕСЕНҚОЖИН

…Ғарышқа адам ұшты! Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, жер, енді!..» деп ұрандайтын сәті! Планетаны дүрліктірген осы оқиға хақында Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында мынадай жолдар бар: «1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат тарихында Ю.А.Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. Байқоңырдан Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері «Восток», «Союз», «Прогресс» ғарыш кемелері, «Салют», «Мир» орбиталық стансалары, сондай-ақ зерттеу-барлау жұмыстарын жүргізуге арналған «Космос», «Зонд», «Прогноз», байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын және метеорологиялық бақылау жұмыстарын жүргізуге арналған «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Метеор» секілді Жердің жасанды серіктері ұшырылды…». Біз бұл жерде ғарышқа Гагариннің ұшқанын ғана айтып шектелсек те болар еді, энциклопедиядан сөзбе-сөз Жердің жасанды серіктерін түгел келтіргенді неге жөн көрдік? Оның да мәнісі бар.

Өзіңіз байыптап қараңыз, атауының өзі сан түрлі, функциясы тіптен әрқилы осыншама күрделі қондырғылардың тілін тауып, ғаламдық кеңістікте тікелей байланыс орнату оңай шаруа емес. Бұл – ерік-жігерді ғана емес, білім мен білікті, оған қоса, сақтық пен батырлықты талап ететін іс. Олай болса, осыншама орасан жұмысты атқарған байланысшыларды басқарған, тұңғыш ғарышкерлердің (Ю.Гагарин мен Г.Титовтың) Жермен тұрақты байланыста болуын қамтамасыз еткен басты тұлға (қазір арада жарты ғасыр өткенде небір заманауи құрылғылардың тілін меңгерген білікті мамандар жеткілікті екені қапысыз, ал, сол кезде бұл айтуға ауыз, көрерге көз ғана керек бірден-бір маман дерсіз!) қарапайым қазақ баласы, оның үстіне өзіміздің жерлесіміз Ермек ЕСЕНҒОЖИН болса, қалайша таңданбассыз?!

Біз Байқоңыр ғарыш айлағы байланыс гарнизонының бастығы болған Ермек Есенғожин туралы бұдан бұрын да әлденеше мәрте жазып, оның есімін есте қалдыру хақында мәселе көтерген едік. Алайда, күні бүгінге дейін құзырлы органдардың құлақ асар түрі байқалмайды. Ендеше, бүкіл саналы ғұмырын Байқоңыр ғарыш айлағында өткізіп, әлемдік мәні зор шаруаға елеулі үлес қосқан атыраулықтың өмір жолын 12 сәуір – Ғарышкерлер күні мерекесінде тағы бір мәрте жаңғыртуды жөн көрдік.

Кеңес өкіметі тұсында Байқоңыр, онда қызмет атқаратындар, ғарыш айлағының ішкі тыныс-тіршілігі өте құпия ұсталғаны баршаға аян. Соның салдарынан біз Ермек Есенғожин жөніндегі деректі алғаш рет 1991 жылы ғана білдік. Онда да облысымызға белгілі қоғам қайраткері, қадірменді ақсақал Парух Мардановтың өзінің қайынағасы туралы ғарышты игерудің 30 жылдығы қарсаңында «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаға арнайы хат жазғанының арқасында ғана Байқоңыр ғарыш айлағы байланыс гарнизонының бастығы болған қазақ хақында еліміз оқырмандары құлақтанып еді. Өкінішке орай, кеңестік ірі державаның әлі де сұсы түбегейлі қайта қоймаған шақ болғандықтан шығар, газет бетінде ол туралы әнебір тереңдеп жазылмай, сол жылдың 12 сәуірі күні шағын ғана мақала жарық көріпті. Бірақ, кейіннен белгілі қаламгер, өлкетанушы-ғалым Өтепберген Әлімгереев «Халық кеңесі» газетінде «Жердегі ғарышкер немесе қандастарға хат» (14.VII.92 ж.) деген очерк жариялады. Есенғожиннің жан дүниесіндегі бұлқынысы мен жүрек толқынысын алғаш ашқан жарияланым да осы болды. Өтекең де кейіпкерінің болмыс-бітімін оның өзінің ой-пікірлері арқылы таразылап бергенді ұтымды санады. Кәне, Ермек Есенғожиннің сол мақалада келтірілген хатынан үзіндіні біз де оқып көрелік:

«…Иә, біздің қазақ жері қашанда кең, қазыналы болуымен бірге, өмір мен қоғамның түрлі саласында туған халқы атынан таңғажайып істер туындатып жатқан дара тұлғаларға толы. Ілгеріде, сол баяғы Байқоңырда бойындағы күші ғана емес, керек десе соңғы қасық қанын арнап, қандай жауапты тапсырмаларды да жан-тәнімен орындайтын қанша қаракөз офицерлер болды десеңізші? Амал қанша, солардың бірде-бірінің жұлдызы жанбады, бәрі де қатардағы көптің бірі, қызмет бабындағы азаматтық борышын адал өтеген күйінде көлеңкелі тасада қала берді. Бұл арада біз қанша жерден ұрандап, ұлттар достығы, Кеңес өкіметінің болашағы үшін десек те, бәрі сол ұлы орыстық шовинизмнің шаужайында құрдымға кететін, әуелдегі әкімшілдік, төрешілдіктің құлы болғанымызды жасыра алмаймыз. Өйткені, ара-тұра үніңді шығарып, дауыс көтерсең, онда ұя бұзар ұлтшылсың, өзіңе-өзің тор құрып, одан арғы тағдырыңның тамырына балта шабатын қаскөйсің. Оған дәлел – 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы. Бұл – менің жер басқан 70 жылдан астам уақытта көріп, білгенім, көңілге түйгенім…»

Міне, Есенғожиннің өзі кеңестік қытымыр кезеңнің адам, ұлт тағдырына қатысты солақай саясаты туралы осылайша толғанады. Біздің қолымызда да әскери ұшқыш-байланысшының елді сағынып жазған көптеген хаттары сақтаулы. Олардың қайсысын оқысаң да, авторының мейлінше ой-өрісі биік, зердесі терең, пайымдауы бөлекше тұлға екеніне анық көзің жеткендей. Өзіндік ой-толғамдарын өмірбаянымен әдемі өріп те отырады екен.

Қызылқоға ауданының Қаракөл елді мекенінде 1921 жылдың 14 ақпанында дүниеге келген Ермектің балалық шағы да әнебір бұлалыққа толы емес еді. «…Жеті жасымда (бүгінгі ұрпақ сенбес те) еңбек жолым басталып, әлді ағайынымның қозысын, кейде әкемнің орнын басып қойын да бақтым. Обалы нешік, бұл үшін ағайынымыз жыл аяғында еңбегіміздің нақты өтемін беретін, жазда сауынға бұзаулы сиыр ауыстыратын, қажет десең тамақпен де көмектесетін…

Тоғыз жасымда мектепке бардым. Оның өзі қазіргі Қаракөлдегі мешіт үйі еді. Мен онда бір жылда екі класты тауыстым. Үйіміз өзеннің арғы бетінде болатын. Жағасы жайылым, су беті жазда нағыз құс базарына айналады, балық та көп. Бір ғажабы, сол кезде ешкім әлгілерді үркітпейді де, қуып атпайды да. Артынша біздің ағайындар Оралдың Қурайлысай деген жеріне қоныс аударды. Бірақ, мен үшін әлі күнге әлемнің ең көрікті, сұлу жері Қаракөл сияқты болып көрінеді. Шіркін, туған жердің ыстығы-ай…» деп жазады хатында Ерекең. Туған ауылдан ұдайы жырақ ғұмыр кешу, сағыныш сазының үнемі көкейді кернеуі деген осы шығар, оны тек Есенғожиндей бастан кешкен жан ғана шынайы сезінер.

Үй-ішімен Оралға көшкен Ермек малдәрігерлік техникумның даярлық курсында оқып жүріп, кешкісін аэроклубқа тұрақты барады. Онда «У-2» ұшағының құрылысы мен ұшу техникасын оқып-үйренеді. Сөйтіп, клубтағы 83, соның ішіндегі бар-жоғы үш қазақ баласының бірі болып аспанға көтерілген. Алайда, бұл үшеуін нашар үлгеріміне байланысты курстан шығарып жіберіпті. Сол жылдары елді жайлаған аштық пен нәубеттен бас сауғалап, Жайық-Көшім каналын салуға қатысады, қолдары босағанда вагоннан көмір түсіріп, өлмеудің қамын жасайды.

Кейіннен баяғы сол аэроклубтан басталған жастық құштарлық оның Самарқанд қаласындағы ұшқыштар училищесінде оқуын жалғастырып, әскери ұшқыш атануына жол ашыпты. Білімі мен білігі талай сыннан өткен ол өмірін ақыры ғарыш айлағымен ажырамастай байланыстырды. 1996 жылға дейін «Ленинск» аталған немесе саны тұрақты өзгеріп тұрған әскерилер мекен еткен ұшу айлағы – Байқоңыр дегеніңіз аса құпия нүкте болатын. Өмір-дерегі түгілі, онда қызмет істеген жанның есімінің өзі беймәлім болған сол бір жылдарда біздің Ермек Есенғожин туралы білмеуіміз де заңды еді. 1956 жылдан 1972 жылға дейін Байқоңыр айлағының аса құпия бөлімі – байланысшылар гарнизонын басқарған ол 51 жасында әскери қызметтен отставкаға шыққан. 2011 жылдың ақпанында 90 жасында Қазан қаласында өмірден озды.

Қазақтың тұңғыш ғарыш инженері Ермек Есенғожин жары, дәрігер Фағима екеуі тәрбиелі ұл-қыз өсірді. Ұлы Рашид те дәрігер еді, 1993 жылы көлік апатынан қайтыс болды. Ал, қызы Лилия Қазан авиация институтын бітірген, «Арзамас-6» жабық ядролық орталығында ғылыми қызметкер болып қызмет жасады. Олардан өнген немере-шөберелер бар.

«Мен өмірімнің ең бір саналы, шуақты шақтарын еліміздің даңқты Қарулы күштерінің дамуына арнадым. Сол кезде көбіне-көп тәулігіне 12-14 сағаттан, демалыс күндерінсіз-ақ жұмыс істесек те, еңбегіміздің жанғанына қуанған сәттер көп болды. Сонда біз бар күш-қайратымыз бен ақыл-ойымызды да осы қызметке арнаумен бірге, керек десе кеудеміздегі шыбын жанымызды да қиюға бар едік және қидық та. Мақсат – сол баяғы ғарыштың болашағы, Байқоңырдың абырой-даңқы, қала берді, қаhарлы ракета қаруы сынағының сүрінбеуі, көп ұлтты елдің өзгелерден артықшылығын, басымдылығын паш ету. Бір қарағанда, бұл –қуанышы мен қасіреті мол еңбек. Өкініштісі – сол күндердің жарқын беттерінің сәулесі – санатта емес, санаңда ғана қалғандығы. Оны біреулер осы күні қағазға түсір, қандастарыңа жеткіз дейді. Жоқ, мен оны ешкімге, ешқашан сыр етіп ақтармаймын да айтпаймын. Бұл менің кәсіби мамандығымның ерекшелігі, қанымда қалыптасқан қасиет. Айтарым – мен аспанға ұшпасам да, жерде жүрген көп ғарышкердің бірімін, туған халқымның атақ-абыройын титтей де болса аспанға көтердім. Осының өзі – мен үшін зор мақтаныш…» деп жазыпты бұдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Ермек Есенғожиннің өзі қайынағасы Парух Мардановқа жазған бір хатында.

Оқи отырып, терең ойға қаласың. Түсіне білген жанға кеңестік дәуірде тек қана қаhарлы Мәскеудің тікелей «командасымен» басқарылатын Байқоңырдағы бүкіл байланыс саласына қарапайым қазақ жігітінің басшылық етуі – ерекше мақтан етерліктей абырой. Десек те, осыдан жеті жыл бұрын өмірден өткен ол отставкаға шыққан 1972 жылдан бері, қырық жыл бойына сағыныш сазын шертіп, дұғай сәлемін жолдап отырған туған жұртынан қандай құрмет көрді, қандай марапат естіді? Неге ғана осынша бейқамбыз біз осы? Кейінгі кезде «атамның аты – ауылға, көкемнің аты – көшеге» десіп бір кете жаздаған шақта да Ермектей ерлерімізді есімізге алмағанымыз қалай, ағайын?..

P.S. Көзінің тірісінде көрмеген қошемет ендігі жерде оған емес, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, соларға үлгі-өнеге тұту үшін де қажет. Көшеге есімін, «облыстың Құрметті азаматы» атағын беру жөнінде әр жылдары журналистер Ө.Әлімгереев, С.Халықов, Н.Қосшиев, Т.Рамазановтар мәселе етіп көтергенімен, ескерілмей қалып келе жатқаны өкінішті. Біздің айтарымыз – әлі де болса Ермек Есенғожиннің есімін туған жерінде ұлығылау, есте қалдыру шараларын алу қажет-ақ. «Мен аспанға ұшпасам да, жерде жүрген көп ғарышкердің бірімін, туған халқымның атақ-абыройын титтей де болса аспанға көтердім. Осының өзі – мен үшін зор мақтаныш…» деген еді ғой ол. Ал, біз оны неге мақтан тұтып, ұлығыламаймыз? Елім деген перзентін ескерусіз қалдыру қалай болар екен?!

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ

"Атырау" газетінде жарияланған.