Құныскерей Қожахмет баласы 1895 жылы қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмындағы Нөсер қыстауында дүниеге келген. Ол Кіші жүздің ірі руларының бірі он екі аталы Байұлының құрамына кіретін Ысық руынан тарайды. Құныскерей Совет өкіметіне ашық қарсы шығып, қол бастап, соңына жүздеген жасақ ертпегенімен, банды атанып, жеті-сегіз жыл қуғында, азды-көпті қантөгісте жүрген.
Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, қуғында жүрген Құныскерей атамыз сырт көзге түспей, сай ішімен келіп, үңгірге кіріп кетеді екен. Үңгірдің аузы атты кісі сыятындай үлкен болса да, білетін кісі болмаса, өзгеге жасырын, елеусіз болған.
Сай іші қалың жыныс, бұта. Үңгірдің үстінен келген адам байқамайды, ал сайдың қарсы бетінен келген жан болса, үңгірде ол бағыт алақандағыдай көрінеді.
Жұрт көзіне түсіп, өзіне көмектескендердің басын қатерге байламайын десе керек, Құныскерей қыс кезінде көбіне үңгірде болған екен.
Милиция органының бастықтары «Құныскерей қолға түспесе, атып, жаралы күйінде ұстау керек» деген тәртіп берген. Қыс түсе шетелге өтіп кетеді деген қауіп болған сыңайлы. Ақтөбеге қарай Құлақшиден әрі Бөлектау, Бармақ деп аталатын үлкен үстірт, шағын таулар бар. Сол жерде бір таудың астын қазып, Құныскерей үңгірлі-бөлмелі үй жасаған деген сыбыс бойынша ұстаудың жоспары жасалыпты. Оралдан мерген татар жігітін алдырып, милиция жасағы Құныскерейді көп аңдиды.
Бөлектауды кейде Үңгіртау деп те атайды екен. Үңгіртаудың үстіне шыққанда аяқ асты дүңгірлеп тұрады дейді, бірақ айналада есік те, тесік те жоқ. Бір күні Үңгіртаудың үстінде тұрғанда көз ұшынан бір салт атты көрініпті. Дүрбі салып қараса, Құныскерей екен. Татар мерген атып жібереді. Бірақ Құныскерейге дарымайды. Құныскерей қайырыла беріп, атқан екен, оқ татар мергеннің башпайынан тиіп, атынан ұшырып түсіріпті. «Мен енді атпаймын. Құныскерей менің таудай денемді көрмей тұрған жоқ. Бұл ескерту болар, енді атсам өлтіреді. Оққағары бар екен, осы кезге дейін оғым далаға кетіп көрген жоқ еді», - деп татар мергені қайта атудан бас тартыпты.
Құныскерейдің қарасы аз тобы ешқашан Қызыл Армияға қарсы ашық әскери әрекетке бармаған. Қалай болғанда да, мұндай шайқастарды сипаттаған деректі құжаттар сақталмаған. Алайда, Құныскерей қазақ ауылдарына қырғидай тиген Кеңес билігінің жазалаушы күштеріне қарсы дәл соққы беріп отырғаны мәлім.
Советтік насихат ұзақ уақыт бойы Құныскерейді қандықол қарақшы ретінде таныстырғанымен де, ол зұлымдық пен жазықсыз жандардың өлтірілуіне үзілді-кесілді қарсы болатын. Тіпті, өзінің ата жауы коммунистердің өзіне себепсіз тиіспеуге және қандарын төкпеуге тырысатын.
Мынадай бір оқиға баяндалады. Құныскерей Тайсойғандағы ауылдардың бірінде қонақта отырғанда оның киіз үйіне жергілікті ауылдық кеңестің төрағасы кездейсоқ кіріп келеді. Ол кезде билік өкілінің әрқайсысының қалтасында қарақшы Қожахметовты көрген жағдайда ОГПУ-ге тез арада хабарлау жайындағы нұсқаулық жататын. Ұсталмайтын батырды көрген төраға қорыққанынан есік көзінде тұрып қалады.
– Қорықпа, кір. Мен саған тиіспеймін, - дейді Құныскерей. Дірілдеген төраға кірген кезде дәстүр бойынша амандасып, үй-ішінің амандығын, жұмыс-шаруасын сұрайды.
– Біздің ауылдағы комсомол басшысы қалай? Аман-есен бе? – деп сұрайды Құныскерей төрағадан.
– Аман. Сіз соңғы кездескенде оны жараладыңыз... – деп жауап береді төраға.
– Ол жерде былай болды. Менің ізіме оншақты милиционер мен чекист түсті. Қуғын басталды. Мен қара үзіп кеттім. Сол кезде жүйрік ат мінген бір жігіттің қалмай келе жатқанын байқадым. Жүзіне қарап, таныс ақсақалдың баласы екенін байқадым. Комсомолдың белсендісі болғанын естігенім бар еді. Біз оқ жетер жерге теңестік. "Ойпырмай, атсам – баланы өлтірем, атпасам – мені өлтіреді" деп ойладым. Жеңіл жараласам, қабырғасын сүйкеп атсам, тірі қалатын шығар деп шештім. Аттым - комсомол кейін қала бастады. Біртіндеп көзден ғайып болды. Одан бері екі ай өтті. Мен әлі күнге дейін мүлт кетіп, байқамай өлтіріп алған жоқ па екенмін деп алаңдадым. Обалына қалған жоқпын ба? – деп сұрайды Құныскерей.
Төраға оның сөзін толық растайды:
– Иә, жігіт жеңіл жараланған. Оқ қабырғасын жанай өткен екен.
Сондай-ақ, қариялар Құныскерейдің милиционерлердің аттарының шамасын байқау үшін қалай мініп кететінін әңгімелейтін. Ары-бері жүріп келіп, "аттарыңнашар екен, мені онымен қуып жете алмайсыңдар" деп, иесіне тапсырады екен.
қызылдар көтерілісшіні ұстаудың құйтырқы тәсілін жасайды. Олар батырдың үйі мен қыстауын өртеп жібереді. Сосын Құныскерейдің қартайған әкесі Қожахметті атып өлтіріп, өлі денесін үш тәулік бойы көмуге тыйым салып, қораға қойып қояды. Чекистер "Құныскерей әкесін жерлеу үшін туған ауылына келеді" деп үміттеніп, қақпан құрады.
Алайда, көп ұзамай жазалаушыларға "Құныскерей әкесінің үйіне келіп, отбасымен, жақындарымен, ауылдастарымен қоштасып, Қызылқоға даласынан кетіп қалыпты" деген сөз жетеді.
Мұны естіген милиция басшылығы бірнеше күнге созылған бақылаудан шаршап, қырағылықты ұмытып, демалуға кетеді. Түнде Құныскерейдің адамдары ауылға жасырынып келіп, Қожахметтің сүйегін ұрлап кетеді. Әкесін жерлеген соң батырдың тобы ауылға басып кіріп, милицияның барлығын аяусыз атып, көмекшілерін жазалайды.
Әкесі қайтыс болған соң Құныскерей тобымен бірге қызылдардың қуғынынан қашып, бүкіл Батыс Қазақстанды шарлап шығады.
Ол өзі секілді «халық жауларына» айналған басқа көтерілісшілермен байланысады. Құныскерей Нарын құмындағы атақты Аманғали бандасымен және маңғыстаулық көтерілісші Құрмашпен кездеседі. Алайда, қолбасшылар бірігуге келісе алмайды. Құныскерей тобы Маңғыстау арқылы Қарақалпақстанға өтіп, одан әрі Түркіменстанға кетеді. Алайда, Иран шекарасына жетісімен кенеттен кері бұрылады.
30-жылдардың басында чекистердің қуғынына түскен Құныскерей қауіпсіздік мақсатымен өз адамдарын таратуға бел байлайды. Олардың көбісі қамауға алынып, НКВД қабырғасында қаза тапты.
Інісі Жәрдем Қожахметовты билік қолға түсіріп, Гурьев қаласының түрмесінде «халық жауы» ретінде ату жазасына кеседі. Алайда, ол күзеттен қашып шығады. 1944 жылы Қарақалпақстанда қайтыс болады.
Совет билігі Қожахметовтың отбасына да аяушылық танытпады. Зайыбы Әсемді «халық жауының әйелі» ретінде қамауға алып, Саратов қаласына айдап жібереді. Ол жерде Әсем бірнеше жылын өткізеді. Құныскерейдің екі жас қызын Махамбет ауылындағы балалар үйіне береді. Олар сол жерде қайтыс болады. Ұлдары Айтмұқан мен Айтжанды жақын туыстары жасырып үлгереді.
Құныскерей жалғыз өзі Қазақстанды тастап шығып, жасырын Уфа қаласына жетеді. Ол жерде ұжымдастырудан қашқан алыс туыстарына барып паналайды. Теміржол бекетіндегі асханаға жұмысқа тұрып, Новосібір қаласына кетеді.
Тек 70-жылдардың соңына таман "атақты Құныскерей қалған өмірін Түркіменстанда өткізді, онда екінші отбасы бар екен" деген сөз тарады.
Өтепберген Әлімгереевтің кітабында Индер ауданының прокуроры Қадыр Нұржановтың естелігі келтіріледі. Ол 1976 жылы түркіменстандық белгісіз әріптес-заңгерден мынадай оқиғаны естиді.
Түркімен заңгер өзінің отанында тағдыры қызық бір қазақ барын әңгімелеген.
– Біз Түркіменстанның оңтүстігінде Марый облысында өмір сүреміз. Шеркеш-Байұлы руынан тарайтын Әбілқайыр Жаманов деген бажам бар. Біз оны кейде Елемес, кейде Андрей деп атаймыз. Біз Уфалық апалы-сіңлілі татар қыздарына үйленгенбіз. Ол Түркіменстандағы Ташкөпір бекетіне 30-жылдардың ортасында келді. Ол жерде қазақ босқындарының отбасылары тығыз орналасқан. Жаманов "әйеліміз екеуіміз аштықтан, Батыс Қазақстандағы ұжымдастырудан қаштық" дейтін. Әбілқайырдың әйелінің аты – Мәриям. Жақсы дос болдық және бірімізді-біріміз туған бауырлардай сыйлайтынбыз, - дейді заңгер.
1964 жылы 70 жасар Әбілқайыр ауыр науқастанып жатқан кезде бажасын шақырып алады. Қария "ақырғы тілегімді орындай аласың ба?" деп сұрапты. Ол орындауға уәде берген соң құпиясын айтқан екен.
«Мен сендер Әбілқайыр Жаманов деп жүрген адам емеспін. Елемес те, Андрей де мен емеспін. Менің азан шақырып қойған атым – Құныскерей, тегім – Қожахметов. Батыс Қазақстанның Гурьев облысында, Қызылқоға ауданында, Тайсойған құмында дүниеге келгенмін. Руым – Ысық-Тоғызбай», – дейді Әбілқайыр.
Құныскерей Совет билігі жасаған әділетсіздіктер мен бассыздықтарға төзе алмағанын, қолына қару алып ұжымдастыруға, қазақтарды репрессиялауға қарсы шыққанын әңгімелеген. Еркінен тыс отбасын, бала-шағасы мен туған үйін тастап, қашқын болғанын да айтқан...
– "Қайтыс болсам, жаназа үстінде өзімнің шын аты-жөніммен – Құныскерей Қожахметов деңдер, ал құлпытасқа Әбілқайыр Жаманов деп жазыңдар" деді. Жергілікті тұрғындардың барлығы оны осы атпен танып, осы атпен құрметтеді емес пе? – деп еске алады бажасы.
Өте жағымсыз сипатталатын батырды сандаған жылдар бойы жас ұрпаққа оқытып, ата-баба бейнесіне сызат түсірдік. Советтің сойылын соққан Хамит сынды коммунистерді мадақтап, басқа көтердік. Ал қазіргі тәуелсіз заманда, жаңашыл санада банды емес батыр, қарақшы емес қаһарман болған өз асылдарымызды дұрыс танып, қадірін арттыруымыз қажет