АЙ, ЖАРЫҒЫМ, ҚАТЫРАСЫҢ!..

АЙ, ЖАРЫҒЫМ, ҚАТЫРАСЫҢ!..

Рахымжан ағамыз (Отарбаев) бір сөзінде: «Көңілінде кірі бар адамның қолына қалам ұстатуға болмайды. Өйткені ол көңіл кірін қағазға төгеді, оқырманның да жүрегін кірлетеді» деген еді. Бүгінде небір адам қалам қызметінде жүр ғой. Ал енді көңілінде кірі жоқ, тап-таза қаламгер кім десек, ол Ғайнолла ағай дер едік.

Ғайнолла аға

Жас кезде адам онша жұмсақ болмайды-ау деймін, мен өз басым сонау тоқсаныншы жылдары адамдардың есіміне «жан» деген тіркесті қосып айтам деп ойлап па едім. 1995 жылы Атырау газетіне қызметке келіп, Ғайнолла ағамен жұмыстас болғаннан кейін байқасам, ол кісі өзі танитын немесе осы қазір ғана танысып тұрған кісілерінің бәріне «жан» дейді екен. Ертеректе, радиода жұмыс істеген кезінде біз қызмет істейтін «Жайық шұғыласы» газетінің редакциясына телефон шалып, ақпарат сұрайтын. Алғашқы «жанын» сол кезде естігенбіз. Бірақ мұншалықты дәрежеде деп ойламаппын. Негізі адамнан жақсы нәрсенің жұққаны жөн ғой, мен ағайдың осы әдетін дереу жұқтырып алдым. Жұрттың бәрін Пәленшежан дейтін болдым. Жақсыдан шарапат деген осы. Адамдарға жылы сөйлеуді үйреткен асыл ағаны Алла өзі жарылқағай.

Ағамыздың тағы да бір жиі қолданатын сөзі «жарығым» деген сөз еді. Бір жолы ағай редакцияда отырып, үйдегі Гүлнәр жеңгеймен телефон арқылы сөйлесті. Бір кезде жеңгей күлдіргі бір нәрсе айтқан болуы керек, ағай: «Ай жарығым, ай жарығым, қатырасың» деп кеңкілдей күлді. «Неткен ғажап жан!» деп мен отырмын.

Ғайнолла аға Гүлнәр жеңгеймен

Бір жолы ағай мені үйіне түскі асқа шақырды. Ол кезде Жайықта ұзындығы құлашқа жақын көксеркелер болатын. Жеңгей соның бір-екеуін асқан екен. Ірі балықта қылқан болмайды ғой, ағай екеуміз «көкеңді» қамырымен қоса сүйсіне жедік. Бал татыған сорпасын және соғып алдық. Енді ар жаққа ел қонғаннан кейін менің есіл-дертім ағайдың кітапханасына ауды. Кенет кітаптардың қақ ортасында тұрған Оралхан Бөкейдің «Ән салады шағылдар» атты кітабы көзіме оттай басылды. 1978 жылы «Жалын» баспасынан шыққан бұл кітапты жетінші класта оқып едім. Кейін әскерден келгенімде жоғалып кеткенін білдім. Енді міне, он бес жылдан кейін сүйікті кітабыммен кездесіп тұрмын. Көңілім тосын қуаныштан қатты толқулы. Тап осы сәтте жеңгей де шайға шақырды. Менің кітапты қия алмай қипақтап тұрғанымды сезген сезімтал ағайым: «Оқығың кеп тұр ғой, ала ғой, саған бір сыйлығым болсын» деді. О, сол күнгі қуанышымды тілмен айтып жеткізу мүмкін болмас, сірә...      

Ағайдың қалам қарымын, журналистік шеберлігін айтпағанда, ол кісі осындай тамаша адам еді. Мына бір суретті жеке архивімнен тауып алдым. Бұл 1998 жылы, «Атыраудың» бұрынғы редакциясында («Ақ Жайық» қонақ үйінің қарсы бетіндегі) ағаймен түскен суретіміз. Ағайды бүгінде жетпіске келген деп айта алмайсың. Тура осы суреттегі қалпында өмірден өтті.

Ғайнолла аға әріптестерімен

Ал ағайдың еңбек жолына келсек, оны кез-келген кісі қызығарлықтай деуге болады. Мамырдың жұпар лебі ескен 1948 жылдың көктемінде Исатай ауданының Манаш ауылында, ақ Нарынның жиегінде өмірге келген Ғайнолла орта мектепті бітірген соң өзі бала кезінен армандаған журналистік мамандықтың жалынан ұстау үшін арман қуып Алматы асты. ҚазМУ-дің журналистика факультетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірді. Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке өтті.

Университеттен соң Балықшы аудандық «Каспий таңы» газетінде редактордың орынбасары, облыстық радио хабарын тарату жөніндегі комитетте редактор, аға редактор, Атырау облыстық «Атырау» газетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Зейнет демалысына соңғы аталған жұмыс орнынан шықты.

Ағай еңбегінің еленгеніне балаша қуанатын. Қызмет еткен жылдарында КСРО, Қазақ КСР телевизия және радио хабарларын тарату комитеттерінің Құрмет грамоталарын, облыс әкімінің Тауман Амандосов атындағы сыйлығын, Журналистер одағы ұйымдарының мақтау қағаздарын алды. «Салауатты өмір салты – әркімнің жеңісі» атты республикалық журналистер конкурсына қатысып, «Озат журналист» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ Алматы қаласында Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы мен Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығы ұйымдастырған республикалық конкурстың жеңімпазы болу да Ғайнолла Зейнуллинге бұйырды.

Жаны жайсаң ағамыз мен бал мінезді Гүлнәр жеңгеміз екеуі өздері көтерген шаңырақтың астын бақыттың алтын ұясына айналдырды. Осы шаңырақта ізгі ұрпақтар тәрбиелеп, өсірді.

Алла нәсіп еткен өлшеулі ғұмырында мейірімді мінезімен, жылы сөзімен айналасына ізгілік сәулесін төгіп өткен асыл ағамызға аһиреттік өмірің жақсы болсын, амал дәптерің оңынан ашылсын дейміз.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Атырау қаласы.