Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Рахат Құсайынұлының «Әбілхайыр ЖАҚСЫМБЕТОВ» деп аталатын кітабынан үзінді жалғасы, басы осында
МАНАТА АСУЫНДАҒЫ САДАҚА.
СӘБИЛА АНАНЫҢ ТҮСІ.
Құлсары мұнайшылар поселкесінен көшкен автокеруеннің сапары Әбілхайырдың ұлы Сұлтанның әлі есінде екен.
«Мен онда бес жаста едім, – дейді Сұлтан. – Әкем үйге келіп, шешеме: «Жинал, Маңғыстауға көшеміз. Бүткіл бригадамыз, құрал-сайманымызбен көшеміз. Қазір машина келеді» - деді де, өзі шығып кетіп, ауладағы оны-мұныларды жинастыра берді. Аракідік үлкендердің әңгімелерінен «Маңғыстау – Алғидың ала шөліндей, дайын үй-жайы жоқ, елсіз дала, қалай үйренісер екенбіз?» деп отыратындарын еститінмін. Үйдің алдына «Колхида» деген тіркемесі бар үлкен машина келді. Жүгіміз тиелді. Біздің үйде ағаш бұйымнан есімде қалғаны – үш кебеженің машина қорабына тиелгені. Ағам Серік, мен, інім Ибрагим – үш бала сол кебеженің жанына көрпе, жастығымызбен жайлы орналастық. Он бес-жиырма шақты машина автокеруені жолға түсіп, жүріп кетті. Басқарып келе жатқан – Дүйсен Үсенов деген азамат, бәрі соның аузына қарайды.
Қанша күн жүргеніміз есімде жоқ. Бір қарасам, автокеруен тоқтап тұр екен. Әкем машинадан бәрімізді түсірді де: «Жүріңдер, мына шатқалдан жаяу түсеміз. Машинамен түсуге болмайды, өте қауіпті. Машинаны жүргізуші өзі түсіреді», - деп, бастап жүріп кетті. Түсуі қиын таудың қия шатқалы біздерге, балаларға аса қызық көрінді. Үлкендер жағы біріне-бірі сүйеніп, ұстап дегендей шұбатылып, тау етегіне жеттік-ау. Кейін білсем, бұл Маната аталатын асу екен. Машина ауа райы құрғақ болмаса, жауын-шашынды, қарлы боранды күндері жүре алмайды. Сол күні тау шатқалы етегіндегі жазық жерге еру болдық. Үлкендер ақылдаса отырып, «Құламалы асудан аман-есен түскеніміз, мекен етуге келе жатқан 362 әулиелі Маңғыстау жеріне аяқтарымыздың алғаш тигені үшін» деп, әруақтарға арнап мал сойып, садақа берді, бата жасады. Бұл – үлкендердің жоспарлап келе жатқан жұмыстарының оңға оралуына әулиелерден ұлықсат сұрағаны еді».
Тусырап жатқан тың өлкенің тереңіне бұрғы бойлатпақ оймен асай- мүсейлерін, құрал-саймандарын тастамай, өздерімен бірге алып келе жатқан, өткен ғасырдың көштерінен түр-сипаты жөнінен аса ерекше, осы көшпен келе жатқан барлаушы-жауынгерлердің үш жыл өтер-өтпесте өздері қонып, бір-екі күн еру болып, садақа берген жерден онша қашық емес Жетібайдан қуатты мұнай фонтанын аттыратындарын өздері әлі білген жоқ еді.
Оның есесіне Әбілхайырдың зайыбы Сәбила ана Манатаға қонып, түнеген күні түс көріпті. Түсінде ұзын бойлы, сары түсті ақсақал келіп: «Айналайындар, сапарларыңа ренжімеңдер, Маңғыстауда қазынаға толы екі қойма бар. Сол қоймалардың кілтін тауып ашып, нанын сендер жейсіңдер!» деген кезде оянып кетіпті. Абзал ана өз түсін «Балаларым, ырысты боласыңдар. Маңғыстау бізге құтты қоныс болады екен» деп, жақсылыққа жорыпты.
Егер тақырыбымыздан ілгері кетіп айтар болсақ, Жақсымбетовтер әулеті, Құдайға шүкір, ырыссыз болған жоқ, өз заманының білімді де білікті ел сыйлар азаматтары қатарында. Ал, біздіңше, Сәбила ананың түсінің мәні тым әріде сияқты. Өлке иесі ақсақал Маңғыстауының ақ шаңын бұрқыратып, аспанға атып, төсін шұрық тескелі келе жатқан керуеннің қазына теңін ашпай қоймайтынын меңзегендей. «Маңғыстауда екі қойма бар, нанын сендер жейсіңдер!». Ақсақал қолға ұстатудай ұстатып-ақ кетіпті. Күпірлік жасасақ та айталық, сол екі «қойма» - Жетібай мен Өзен аталатын ірі мұнай мен газ кен орындары болатын. Екі кен орны да осылардың болат бұрғыларының ұшын күтіп жатқалы көп болған-ды. Әлгі ата, мүмкін Бекет ата, бұларға келешектегі жақсылықтардан хабар беріп, аян беріп кетсе керек. Кейін сол екі «қойманың» Маңғыстауды индустриялы аймаққа айналдырғанын мойындауға мәжбүрміз.
ҚЫЗАНДАҒЫ ҚЫЗУ ЕҢБЕК
Жә, енді жоғарыдағы өзіміз жетектеп келе жатқан көштің сорабына қайта түселік. Жиырмасыншы ғасырдың нағыз көшпенділері – осы барлаушылар. Құдайға құлшылық етіп, маңғыстаулық әулие-әнбиелерден ұлықсат сұрап, садақа жасап болған соң олар тағы үдере көшті. Бұлардың барар жері әлі алыс, сонау түбектің бір қиыр шеті, Каспий теңізінің жағалауындағы Бозашы аталатын түбек болатын. Бұлар бұрғыны сол жерге салуы керек. Әйтеуір межелі жерлеріне аман жетті.
Бұл – 1958 жыл болатын. Қызанға орналасты, жеркепелерін қазып, салып алды да, мұнараларын монтаждап, Дүйсен Үсенов бастаған терең барлау-бұрғылау партиясы (аға инженері Хасан Тәжиев, аға геологы Т.Есмұрзин) Маңғыстау жерін тұңғыш рет терең бұрғылауға кірісіп кетті.
Бұларға дейін мұнда 1957 жылы Қарасаз-Тасбас крелиустік партиясы (бастығы Қ.Садықов, аға инженері Б.Баймұқашев, аға геологы Ә.Нұрманов) Ақшымырау-Қызанға көшіріліп, жұмыс істеп жатқан. Екі партияның міндеті екі бөлек. Тайызды қазатын крелиустік партия іздеу жұмыстарымен айналысып, терең бұрғылауға алаң дайындап береді. Ал терең бұрғылау сол крелиусшілердің ізімен жүріп, бұрғыны анағұрлым тереңге салады.
Құлсарыдан келген Д.Үсеновтың терең бұрғылау партиясының құрамында бұрғылау шеберлері Салық Рысқалиев пен Төлеген Құрманов басқаратын екі бұрғылау бригадасы бар еді. Әбілхайыр Жақсымбетов С.Рысқалиевтің қарауында бұрғышы болатын. Қызанда бұлар тереңдігі 2500 метрден екі мұнай ұңғысын қазып, 2100 метрден мұнай сіңген керн алған. Бірақ техникалық себептерге байланысты үлкен үмітпен қазылған бұл ұңғының жұмыстары аяқсыз қалады...
БАРЛАУ ЖАҢА СИПАТ АЛДЫ
Жоғарғы орындарда біраз соны өзгерістер болып, 1958 жылы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі «Қазақстаннефть» бірлестігінен алынып, Қазақ ССР Геология және кен қорғау министрлігінің Батыс Қазақстан геологиялық басқармасына берілді. О.Бердіғожиннің жұмысына министрліктегілердің көңілі бітпеді. Трестке жаңадан бастық болып Халел Өзбекқалиев, бас инженерлікке Асабай Хисметов келді де, бас геологтікке Валентин Токарев қайта тағайындалды. Бұл барлау жұмыстарының мүлдем жаңа сипат алғанын көрсететін нышан еді. «Басқару жұмыстары бұрғылау алаңдарына жақын болсын» деп, осы жылы Құлсары бұрғылау конторы (директоры Зайлағи Есенов, бұрынғы бас инженері Асабай Хисметов, бас геологы Аманжан Телешев, инженері Хасан Алдақов, геологы Самат Сейітжанов) «МНГР» құрамына беріліп, Құлсарыдан Таушыққа көшірілді.
Барлаушылар қанша бұрғы салса да, Бозашы оң қабақ танытпады, сырын ашпай, кейінге бүгіп, жатып алды. Бұл өңір «перспективасыз аймақ» деп танылды, оның үстіне қорғаныс жөніндегі сынақ полигоны орнығатын болып, әскерилер үшін аймақты босату қажет болды. Барлаушыларға енді ұшар басы көкпен таласқан мұнараларын сүйретіп, Оңтүстік Маңғыстаудағы Жетібай мен Өзен структурасына көшу жоспарланды. Маңдайға жазылған тағы көшу. Түбіжік пен Қызаннан күткен үміт ақталмаған соң бұрғылау конторы 1959 жылы қайтадан Құлсарыға, ал Қызандағы (Имағамбеттегі) бұрғышылар Жетібайға, Түбіжік пен Ақшымыраудағы бұрғышылар Өзенге көшірілді...
Терістік-батыс Бозашы аймағы 1960 жылы Гурьев облыстық атқару комитетінің шешімімен КСРО Қорғаныс министрлігіне ракеталарды сынау полигоны ретінде берілді. Сөйтіп, бұл аймақта геологиялық іздестіру жұмыстары тоқтатылды.
ЖЕРТӨЛЕЛІ ЖЕТІБАЙ.
ШЫНДЫҚҚА АЙНАЛҒАН АҢЫЗ.
Жетібай жері...
«Ертеде бұл өңірді ағайынды жеті жігіт мекендепті» дейді аңыз бойынша баллада жазған ақын Уәйіс Қайралапов. Бір жылы жұт болып, малдарынан айырылып, жетеуі жеті қотыр таймен ғана қалыпты. «Ырыс алды – ынтымақ» деген ғой, жұтағандарына мойымаған жігіттер бірлесе еңбек етіп, өмір сүрулерінің нәтижесінде әлгі жеті тай өсіп-өніп, жеті жүз жылқыға жетіпті. Еншілері бөлінбей, осы өңірді жайлаған ағайынды жігіттердің ауылын өзгелер кейін «Жеті байдың ауылы» деп атап кеткен екен. Жер атауы содан қалыпты. Жетібай шыңыраулары өз басынан өткен небір оқиғаларды бүгіп, үнсіз ғана барлаушыларды да суымен қамтамасыз етті. Ал кейін небір замандар өтіп, көміліп қалған сол шыңырау құдықтардың қалай табылып, аршылғаны жөнінде маңғыстаулық шежіреші Алшын Меңдалыұлы былай деп жазып кетті:
«...Шоңайдың қаржауы Амандық бай Оңтүстік Маңғыстаудың Бекі, Сәубет деген жерлерін жайлайды. Байдың қойын оның жарлылау немере інісі Жетібай Ералыұлы бағады екен. Күзге қарай отарды оты мол жерге жайып, күнара, не екі асырып барып суарады. Өздері қоныстанған Бекі, Сәубеттен 25-30 шақырым қашықтықтағы жазыққа қойларын ұзатыңқырап жайып, алдында жауған жаңбырдан түскен шұқанақ суға Жетібай қойшы атын суарып тұрғанда, астындағы аты артқы аяғын ала алмай, тұрып қалады. Түсіп қараса, аты бір шаңбақ тастың шетіне аяғын тығып алып, шығара алмай тұр. Толарсағынан бекітуді тұзақтап тартып, аттың тұяғын шығарып алған соң қараса, жаңбырдың әуез суына толып тұрған шыңырау ұсба құдық екен (ертеде Адайлар кей құдықты «ұсба» деп те атаған). Амандық бай шөлейт жерден су көзі табылғанына қуанып, шыңырауларды аршып, жанынан жаңа құдықтар қазып, жайлау етеді. Көп ұзамай Хиуадан келе жатқан қалашылардан жұққан шешек ауруынан қойшы Жетібай дүниеден өтеді де, оны бөлек бір төбенің басына жерлейді. Сол бейіттің есімімен бұл жер кейін «Жетібай» аталып кетеді»...
1958 жылы барлаушылар келуімен сол Жетібай жерінде үш жертөле пайда болды. Оның бірі – бұрғылау бригадасының, екіншісі – сейсмиктердің, үшіншісі – партия мүлкінің күзетшісі Мешітбай Жарылғасовтың жертөлесі болатын.
- Дүйсен Үсенов бастап Қызанға орныққан көш сол күйінде енді Жетібай жеріне көшіп келдік, - дейді Сұлтан Әбілхайырұлы. - Дүйсен өзі әр барлаушыны ертіп жүріп, «Мынау – Жақсымбетовтің жері, мынау – Қожахметовтің жері, мынау – Тоқжановтың жері» деп, болашақ жертөле орнын бөліп берді. Барлаушылар білекті сыбанып жіберіп, асарлатып бірінен соң бірінің жертөлелерін қолмен қазып, төбесін жауып жіберіп, ортасына бір пеш орнатып, жертөлеге кіріп алдық. Үйреніп қалған әдет, барлаушыларға жер үй қазып алу онша қиын болмайтын. Біздің алғашқы көршілеріміз бұрғышылар Қадыр Қожахметов, Жолдас Тоқжанов, Қайып Азанбаев, т.б. болды. Соның ішінде Қожахметов Қадырдың отбасымен сонау Атыраудан бері 40 жылдан астам уақыт көрші болдық. Ол кісінің Таңат деген баласы біздің туған ініміздей болып кетті. Жұмысшылар поселкесінің алғашқы милициясы Сәңкібаев, алғашқы фельдшері Жұмашев Бекболаттың зайыбы болатын.
1962 жылы екінші қазақ ауылдан тас үй салып, соған көштік. Маңғыстаудың тұңғыш фонтаны атылғаннан кейін Жетібай ауылы барлаушылар есебінен жұмысшылар поселкесіне айналды. Жетібай поселкелік кеңесі құрылып, оның алғашқы атқару комитетінің төрағасы болып Сұлтан Жайлиев сайланды. Үш жылдан кейін Жетібай поселкесінің «Новостройка» аталатын шағын ауданынан үй алдық. Поселкеде 1964 жылы №3 мектеп ашылып, оның директоры Майлыбай Өрбісінов болды.
жалғасы бар...