Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының мамандары 2017 жылы «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» атты сериялық кітап-альбомын шығаруды бастаған болатын. Мақсаты – ХІХ ғ.-ХХ ғ. бас кезінде ата-бабаларымыздың жерлеу орындарындағы араб әріптерімен қашалған құлпытастардағы жазуларды қазақшаға аудару және көпшіліктің назарына ұсыну. ХХ ғасырдың бас кезіне дейін қазақ халқы араб эпиграфикаларын қолданып, кейін аз уақыт латын, одан кейін кириллицаға өткені белгілі. Осының салдарынан, уақыт өте ескі жазбаларды оқитын мүмкіндіктері болмай, нәтижесінде аталарының жерленген жерлерін де таба алмай қалды. Міне, осындай басылымның мақсаттарының бірі де батыр-билеріміздің, тарихи тұлғаларымыздың, ата-бабаларымыздың бейіттерін анықтау.