ҚАЛА АРХИВІ ДАЛА АРХИВІН РАСТАЙДЫ (Сүйінқара батыр хақында)

ҚАЛА АРХИВІ ДАЛА АРХИВІН РАСТАЙДЫ (Сүйінқара батыр хақында)

 

8c294193-f37e-4792-ae4f-a2b37f60647f

 

* Пікір айтсам деп едім...

 

ҚАЛА АРХИВІ ДАЛА АРХИВІН РАСТАЙДЫ

          Жуырда Қазақстанның орталық архиві Орынбор қаласынан алғаш көшірілген жылдары оның ғылыми қызметкері болған атақты әскери тарихшы, өлкетанушы Александр Федорович Рязановтың «Қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігі үшін қырық жыл күресі (1797-1838 жж.)» атты еңбегін қайта оқып шықтым. 1926 жылы Қызылорда қаласында орыс тілінде басылып шыққан еңбектің түпнұсқадағы тақырыбы «Сорок лет борьбы за национальную независимость казакского народа (1797-1838 гг.): очерки по истории национального движения Казакстана: в 2 частях (по материалам Центрального архива Казакстана)» деп аталады.

Осы туындыда сол кездегі архив қызметкері А.Ф.Рязанов 1797 жылы Нұралының ұлы Есім хан өлгеннен кейін билікке таласқан сұлтандар мен ру басшыларының текетірес, бақталас, алауыз өмірі мен Ішкі Орда қазақтарының Исатай батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне дейінгі аралықта қырғынға ұшыраған қарапайым қазақ ауылдары туралы архив деректерін келтірген (Сүйінқара батырға қатысты деректерді 263-268 беттерінен қараңыз). Олардың түпнұсқасын 2015 жылы Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық архивіне іссапар барысында екінің бірі назар аудара бермейтін қорлардан көрген едім. Бірақ ізденісіміз басқа бағытта болды да, оған көңіл бөле қоймадым. Бөкей Ордасына қатысты құжаттардың тізбесінде бұл еңбектегі деректердің түпнұсқа көшірмелерінің барлығы бар.

Былтыр облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің 12 желтоқсандағы №99 санында Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы басшысының орынбасары Фархад Байдәулетовтың «Сүйінқара батырдың мүрдесі қайдаатты мақаласы жарияланды. Сүйінқара батырдың құлпытасы Атырау топырағында екенін жазған әріптесімнің пікіріне толықтай қосыла отырып, сол жолы көрген құжаттарды көз алдыма елестеттім. Ол Сүйінқара батырдың 1832 жылы Сағыз өзенінің бойына аға сұлтан Баймұхамед (Баймағамбет) Айшуақовтың ықпалымен қоныс аударғаны жөнінде жазылған құжат еді. Сондай-ақ Сүйінқара батырға қызмет еткен атақты Құлбарақ батыр туралы деректер болатын.

Құжаттарда Сүйінқара Үргенішбайұлының Баймағамбет сұлтан арқылы 1831 жылы Орынбор генерал-губернаторы, генерал-лейтенант, граф П.П.Сухтеленге Хиуа ханының көшпелі қазақтарға күн көрсетпей отырғанын, Ресей империясына жақын болғысы келетінін, бейбіт сауда қатынасын қалпына келтіріп және керуен жолдарының еркін болғанын қалайтынын айтып жазған хаттары берілген. Генералға оның құпия кеңесшісі, полковник Генс «Сүйінқара батыр – даланың ең атақты қарақшыларының бірі, оның бір-екі ауыз жылы сөзі үшін қабылдауға лайық емес» деп кеңес береді. Алайда граф П.Сухтелен Орданы тыныштандыру үшін Сүйінқара батырдың орыс бодандығын қабылдағысы келетіні туралы хаттарына ерекше мән береді. Баймағамбет сұлтан арқылы батырға күміспен қапталған арнайы қылыш жіберіп, Адай руының Мұңал тармағының батыры Сүйінқара Үргенішбайұлының өтінішін қабылдайтынын жеткізеді. Біздің бұл уәжімізді Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіндегі 1831 жылы жасақталған «Әскери губернатордың №383 кеңселік ісі» атты құжат растайды.

Күміс қылышты қолына алған батыр граф Сухтеленге хатпен жауап береді, онда: «Алла тағала куә болсын, тамшы қаным қалғанша қызмет етемін» деп ант етеді.

Батырдың бұл ісіне наразы болған Адай руының басым бөлігі Хиуа ханы Аллақұлға шағым жазып, Мая, Ботақара, Тлепі, Қабылан және Шамай (Шонай болуы да мүмкін) атты беделді билерін елшілікке жібереді.

         Біздің ойымызша Сүйінқара батырдың аяқ асты осындай шешімге келуінің бірінші себебі Хиуа ханы Аллақұлға бағынғысы келмеуі болса, екіншіден екіге бөлінген Адай руы билерінің алауыздығы еді. Мұны естіген Аллақұл хиуалықтар мен түрікмендерден құралған жасақ жіберіп, 100-ге жуық ауылды тонап, осы бір тәуекел шешімі үшін батырға қарасты ауылдарды бір күнде қанға бояп қырып салды. Қарсыласқан адамдардың 220-сын өлтіріп, әйелдерін тұтқынға және күңдікке әкетті. Бұдан басқа батырдың ұлы тұтқынға алынды. Хиуалықтар мен түрікмендер 150 адамынан айырылды.

Архив қызметкері А.Ф.Рязанов кітабының соңында: «Хиуалықтар көптеген ауылдарды талқандағаннан кейін Адайлардың көпшілігі сұлтан Қайып Ғали Есімұлына ерді. Батыр Сүйінқара өз ауылын бастап орыстардың құрамына енген аумаққа (Орталық архивтегі құжаттың түпнұсқасында «Сағыз өзенінің бойына» деп жазған – авт.) жақынырақ қоныс аударып Баймұхамед Айшуақов сұлтанның қамқорлығына көшті. Баймұхамед сұлтан Сүйінқара батырға жаңа қоныстары үшін бір үйір жылқы сыйлады», - делінеді. Бұл да сол архивтегі 1832 жылы жасақталған «Әскери губернатордың №26 кеңселік ісі» атты құжатта көрсетілген.

Бұл жағдайды "Маңғыстау" энцеклопедиясындағы бас штаб подполковнигі Л.Мейердің тарихи жазбасыда растайды. Ол: «30 жылдардан бастап қазақтар екі оттың ортасында қалды; бір жағынан, орыстар кес-кестеп жер бермейді, екінші жағынан, Хиуа мен Қоқан өздеріне бағынуды үзілді-кесілді талап етеді. Мәселен, 1831 жылы хиуалықтар түрікмендерді айдап салып, адайлардан зекет алмақшы болады. Түрікмендер адай батыры Сүйінқараның ауылын шауып, тонап, өздерін Каспий теңізіне мұз үстіне қуып тастайды. Сүйінқара ол кезде Хиуаны да, біздің сұлтан-әміршімізді де мойындамайтын. Ол Қайып Ғали сұлтан, Құлбарақ, Науша батырлармен бірге 800 адам ертіп, тонаушылардың соңынан аттанады. Бірақ қолының жартысынан айрылып кері қашуға мәжбүр болады. Жаумен өз бетімен күресе алмайтынына көзі жеткен ол сұлтан-әмірші Баймұхамед Айшуақовтың қол астына кіреді, бірақ оған адай ауылдарының көбі ермей, Хиуаның қол астында қалып қойды», – деп жазады.

Айтқым келгені, жоғарыдағы қала архивінен алынған А.Рязановтың еңбегінде келтірілген қысқаша деректер мен әріптесім Ф.Байдәулетовтің дала архивінен алған деректерді салыстырсақ, Сүйінқара батырдың Атырау облысындағы Мақат ауданының жерінде жерленгеніне ешкім күмән келтіре алмас.

 

Сейілхан МИРАШ, тарих магистрі, өлкетанушы

 

Мақала “Атырау”  газетінің 25 қаңтардағы №4 кезекті санынан алынды.

c96392ec-4904-4617-8980-e055e984079b