МЕКЕН ЖАЙЫМ ВОРОНЕЖ.... немесе Алаш арыстары тұрған үй

МЕКЕН ЖАЙЫМ ВОРОНЕЖ....  немесе Алаш арыстары тұрған үй

МЕКЕН ЖАЙЫМ ВОРОНЕЖ... немесе Алаш арыстары тұрған үй

 

Аққали Ахмет, 

тарих ғылымдарының докторы,  қауым. профсссор Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

 

Өткен тарихымызға көз салсақ, тағдырдың талай қысталаң шақтарында тапқанынан жоғалтқаны көп халқымыздың сан қилы қиындықтарды бастан өткергенін білеміз. Халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының нағыз азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген және қоғамның бүгінгі рухани жаңғыруы кезеңінде де жеке тұлғалардың құбылысы ерекше орын алады. Сондай тұлғалардың бірі де бірегейі – Халел Досмұхамедов.        

Белгілі тұлғаның 1932-1938 жылдары Воронеж қаласына жер аударылып, қызмет атқарғаны белгілі. Алаш арыстарының ізі қалған бұл қалаға бұрын зерттеушілер арнайы ат ізін салмағаны белгілі.

 Воронеж қаласының ірге тасы 1585 жылы қаланған. Қала Москвадан 534 шақырым жерде. Воронеж қаласы 1928-1934 жылдар аралығында Ресейдің Орталық Қаратопырақты облысының ең ірі әкімшлік, экономикалық және мәдени орталығы болды. Бұл облысқа сол тұстағы Воронеж, Тамбов, Орел, Курск губерниялары енді.

Осы қалада сонау 1930 жылдардағы зұлмат кезеңде халқымыздың Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, М.Тынышпаев, Ж.Ақбаев, Ә.Ақбаев, Ә.Омаров, С.Қыдырбаев К.Тоқтабаев, Ж.Күдерин, М.Мурзин сияқты перзенттері айдауда болды. Барлығы кейінгі зұлмат жылдардың құрбанына айналды. С.Қыдырбаев 17 қазан 1938 жылы Воронеж УНКВД үштігінің үкімімен атылған [1, с.151]. Ә. Ақбаевта Воронежда атылған. Басы байлауда, өздері айдауда болған қайраткерлердің ізі қалған қаланың бүгінгі тұрғындарының саны миллионнан асып жығылады. Қазіргі уақытта қала Ресейдің ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі болып саналады. Қаланы жанай ағып жатқан Дон өзенінің сол тармағы Воронеж өзені  қаланы оң және сол жағалауға бөліп жатыр.

Халекеңнің соңғы өмір жолдары бұл қаламен тығыз байланысты. Х. Досмұхамедов тынымсыз жұмыстан, тұрмысының төмендігі, тосын ауа райының денсаулығына жақпауынан өкпе ауруына шалдығуына орай қалған кесімді жаза мерзімінен босатуды не уақыт межесін қысқарту туралы КСРО ОГПУ коллегиясына 28 наурыз 1934 жылы жазған арызында  қаладағы тұрақты мекен-жайын  «Воронеж қаласы, Ветеринарный көшесі, 13-үй» деп көрсетеді [2, 379 б.]. Ол қаладағы Дәрігерлер білімін жетілдіру  институтында Әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтаудың ұйымдастыру кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Балалары  Сәуле, Қарашаш, Төле қаладағы №1 А.С.Пушкин атындағы орта мектепте оқыды.

Ең өкініштісі 1942 жылы облыстық архив қорындағы құжаттардың 3/2-сі неміс-фашистерінің бомбылауының нәтижесінде жойылып кеткен. Воронеж облыстық мемлекеттік архив қорында Халелге қатысты №1714 «Досмухамедов Халиль» атты іс сақталған. Жоқты бір жоқ табады дегендей бұл істе Жаһанша Досмұхамедовтың есеп карточкасы тігілген екен. Тегі бірдей болған соң іске қоса тіккен деген пікірдеміз. Бұл құжаттың құндылығы сол саналы ғұмырында ажырап көрмеген, тағдырлас Жаһаншаның қаладағы мекен-жайы «Скорняжный переулок, 3» деп көрсетілген [3, 3 п.]. Халекең 1935 жылдың 3 қазан күнгі Воронеж қаласы, Варейкисов ауданы әлеуметтік кеңесіне  жазған арызында да мекен жайын  Ветеринарный көшесі, 13-үй екендігін атап көрсеткен [3, 1 п.]. Воронеж облыстық қоғамдық-саяси тарих архиві (бұрынғы партия архиві) мекемесінің қызметкерлерінің мәлімдеу бойынша Х.Досмұхамедов тұрған көше архив мекемесінен алыс емес. Айдауда жүрген жылдарында Х.Досмұхамедовтың тұрған үйі қызыл кірпіштен салынған екі қабаты ескі ғимарат. Ғимарат жақсы сақталған. Ғимарат қабырғасына «ул. Кости Стрелюка 11/13» деп жазылған тақтайша ілінген. Ғимаратқа аула арқылы кіреді. Қала көшелері туралы «Историко-культурное наследие города Воронежа» атты  кітапта:

 «... По церкви, стояшей у перекрестка с улицей Володарского, называлась Пятницкой, после революции по располагавшемуся в здании епархиального училища ветеринарному – Ветеринарной, в послевоенное время получила имя воронежского комсомольца-разведчика Кости Стрелюка, погибшего в Карпатах», - деп жазылған [4, с. 81-82]. Аталған ғимарат Воронеж облысы бойынша мәдени мұраны қорғаудың мемлекеттік реестріне енгізілген.

Патшалы Ресей кезеңінде аталған көшеде Пятницкой шіркеуі орналасқандықтан көше осы атауға ие болса, 1917 жылғы революциядан кейін бұл көшедегі Епархия реальді училищесі ғимараты  ветеринарлық институтқа берілуіне байланысты  көшенің атауы Ветеринарной көшесі аталған. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары көшенің атауы сол қалада туып-өскен, соғыста қаза тапқан, Халелдің балалары оқыған бұрынғы №1 (қазіргі №11 А.С.Пушкин атындағы) мектептің түлегі, соғыс жылдары барлаушы, комсомол Костя Стрелюктің есімімен аталды. Бір ерекшелігі ғимарат орналсқан көше трассасы 1774 жылғы қала жоспары бойынша  салынған. Сонымен Воронеж қаласында айдауда жүрген кезінде Халекең тұрған үй бүгінгі күндері Костя Стрелюк атындағы көшеде орналасқан. Үйдің қысқаша тарихына шолу жасасақ. Бұл үй 1868 жылы құрылған  Воронеж әйелдері қайырымдылық бөлімшесінің кедейлер комитеті бастамасымен 1883 жылы тігін шеберханасы ретінде салынды. Құрылыстың қаржылық  шығынын А.Н. және Н.А. Клочковтар мен көпес әйел А.В.Андронова (ақын А.В.Кольцовтың қарындасы), ақ сүйек әйел А.И.Шеле көтерген. Ғимарат архитектор А.М.Барановтың жобасы негізінде салынған. Шеберхананың ашылуы 1884 жылдың наурызында жүзеге асты. Бұл шеберхананың ерекшелігі 12 мен 17 жас аралығындағы кедей қыздардың баспанасы болды. Қыздар осы үйде тұрып, сауаттылыққа, үй шарауашылығына қажетті барлық кәсіпті үйренді. Деректер бойынша 1886 жылы 44 тәрбиеленуші болған. Аталған ғимараттың тағы бір ерекшелігі декор сәндік элементтері арқылы салынған екі фасадтан тұрады, сол кездегі Воронеж қаласы үшін сирек кездесетін батыс европалық сәулет өнері негізінде салынған. Ғимараттың қабырғалары өте қалың.  Қазіргі кезде бірінші және екінші қабаттарда әртүрлі мекемелердің кеңсе-офистері  мен тігін шеберханасы орналасқан.

Халел тұрған үйде алаш арыстары мейрам күндерін сылтау ғып талай бас қосқан. Дастархан басында өткен-кеткенді еске алып, атамекенге деген сағыныш сезімдерін бөліскені, шемен болып қатқан шерлерін тарқатқаны да ақиқат. Қарашаш Халелқызы өз естелігінде: «Әкеммен Воронежда Жаһанша Досмұхамедұлы, Әбдіхамит және Жақып Ақбайұлдары, Әшім Омарұлы, Сейідәзім Қыдырбайұлы, Кәрім Тоқтабайұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Жұмақан Күдерұлы, Мұхтар Мурзиндер бірге болды», -  деп жазды [5, 161 б.]. Осы қалада оқыған болашақ тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмаханов пен кейін партия қайраткеріне дейін өскен Жақыпбек Жанғозиндер де ол үйге жиі келіп тұрған.

Халелдің балалары оқыған жоғары да аталған мектеп үйден 300 метрдей жерде орналасқан. Мектеп ғимараты 1912-1913 жылдары бой көтерген. Ғимарат Воронеж қаласының тарихи-мәдени мұрасы тізіміне енгізілген. Бір қызығы Халекең тұрған мекен-жайдың қасында 1933 жылы салынған ОГПУ-дің ғимараты орналасқан.  

Ал Жаһанша Досмұхамедов тұрған көше ХVІІ ғасырдың аяғы ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында көбінесе тері өңдейтін кәсіппен айналысқан қолөнершілер тұрғандықтан «Скорняжный» аталған [6, с. 324]. 1970-80 жылдары  жаңадан драма театр салынуына орай көшенің жоғары жағындағы тұрғын үйлер бұзылған. Ал 1990 жылдары жаңа заман лебіне байланысты коттедждер салына бастаған. Қазіргі уақытта аталған көшенің төменгі жағындағы ескі үйлер ғана сақталып қалған. Осы көшедегі Ж.  Досмұхамедов айдауда болған жылдары тұрған үй үй соғыс кезінде қираған, ал 1946 жылы И.Е.Солоннников (1904 ж.т.) деген азамат қайта салып, осы мекенжайға тұрақтаған.

Воронеж облыстық қоғамдық-саяси тарих архиві деректері бойынша жоғары да есімдері аталған Алаш қайраткерлерінің кейбірі қаладағы Карл Маркс көшесіндгі №94 үйде тұрған. Бұл үйде қала тұрғындарына «гармошка» атауымен етене таныс үй болып шықты. Ғимарат 1929 жылы конструктивизм нақышында салынған. Соғыс жылдарында ғимарат қирап бүлінгенімен, кейін ішнара ХХ ғасырдың 50-жылдарындағы архитектураның классикалық үлгісі негізінде өзгерістер енгізіліп, қайта салынған.

М.Тынышпаевтың баласы Даулеттің естелігі бойынша жер аударылған әкелерінің артынан барған анасы екеуін ағасы Ескендір күтіп алып, қаладағы Пятницкой көшесі бойындағы үйге орналастырғандығы», - туралы жазады [7, с. 32].

Қазақстан Республикаксы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі тарапынан қазақ халқының тарихына қатысы бар шет елдегі киелі объектілерді анықтау және зерттеу бойынша тапсырма берілген болатын. Аталған тапсырманы сапалы және мерзімді орындау мақсатында ғалымдар мен сарапшыларды тарта отырып, қазақ халқының тарихына қатысы бар шетелдердегі неғұрлым елеулі объектілер тізімін (Ресей,  Түркия, Монғолия,  Ирак, Пәкістан, Иран, Румыния, Венгрия, Украина, Орталық Азия, Кавказ т.б.) қалыптастыру жұмыстары қарастырылған. Қазақ халқының тарихына қатысты тарихи объектілерге ғылыми-іздестіру және зерттеу жұмыстарын тиісті ғылыми жобалар аясында іске асыру бағытында төмендегідей ұсынысымызды білдіреміз.

Алдағы уақытта Атырау облысы әкімдігі тарапынан Воронеж қаласының әкімшілігімен келісе отырып бүкіл Алаш жұртының мақтанышы болған Х.Досмұхамедов тұрған ғимаратқа «Бұл үйде 1932-1938 жылдары қазақ халқының көрнекті ғалымы, қоғам қайраткері, профессор Халел Досмұхамедов тұрған» деген ескерткіш тақта орнатса құба-құп болған болар еді.

 

Аққали 1

 

Аққали 2

 

Аққали 3

 

Аққали 4

 

Аққали 5

 

Аққали 6

 

Аққали 7

 

Аққали 8

 

Аққали 9

 

 

Аққали 10

 

Аққали 11

 

1 Книга Памяти жертв политических репрессий Воронежской области. Воронеж: АО «Воронежская областная типография». – 2017. -392 с.

2 Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы (Избранное). – Алматы: Ана тілі, 1998. – 384 б.

3  РФ, Воронеж облысы мемлекеттік архиві, 1714 қор, 2 тізім, 318 іс.

4 Историко-культурное наследие города Воронежа. Руководитель научного проекта: Э.А.Шулепова. Научные редакторы: Е.Н.Чернявская, Т.С.Старцев. Воронеж: Центр духовного возрожения Черноземного края., 2000. –576 с.

        5 Нүрпейісов К., Құлкенов М., Хабижанов Б., Мектепов А. Халел Досмұхамедұлы және оның өмірі мен шығармалары. Алматы: «Санат», 1996. – 176 б.

      6 Попов П.А. Воронеж. История города в названиях улиц. – 2-е изд. – Воронеж: Издательство: «Кварта», 2003. – 532 стр: ил.

7 Мухамеджан Тынышпаев. Воспоминания, документы, фотографии: - Алматы: «Томирис»-21», 2017.  –128 с.