Нарындағы Бекетай құмында Жұбан молданың басына кесене тұрғызылды

Нарындағы Бекетай құмында Жұбан молданың басына кесене тұрғызылды

     Жұбан молда Жүрдібекұлы – тарихи тұлға, Бөкейлікте діни-ағартушылық қызметімен елге танымал болған адам. Ол 1834-1923 жылдар аралығында қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмында өмір сүрген. Бүкіл өмірінде мешіт ұстап, медреседе бала оқытып, халықтың рухани ағартушылық қызметін атқарған адам.

    Жұбан молданың әкесі Жүрдібек Базарбайұлы да мешіт ұстап, молдалық құрған екен. Алматыдағы Орталық архивте Жәңгір ханның 1845 жылы 10 маусымда Жүрдібек Базарбайұлын указной молда етіп тағайындағаны жөніндегі құжат бар (ҚР ОМА, И-4 қор, №1 тізбе, №5504 іс, 7-11 беттер). Яғни Жүрдібек Базарбайұлы Ішкі орданың Нарын қисымында (бөлігінде) өз қаржысына мешіт салып, Жәңгір хан өз бұйрығымен бекіткен екен.

    Жұбан Жүрдібекұлы молдалық қызметті өз әкесінен алып қалған. Жұбан молданың өз қолымен жазылған құжатта «алғашқы мұсылмандық білімді өз елімде Мұхамед Керей қалпеден алдым» деп көрсетеді (Башқұртстан республикасы Орталық мемлекеттік архиві, И-295 қор, №12 тізбе, №85 іс, 1909 жыл, №2291).

     Ел аузындағы әңгімеде Жұбан молданың Башқұртстандағы Стерлітамақ қаласында жоғары медресе оқығандығы, бірнеше мәрте қажыға барғандығы айтылады.

    Жұбан молда Жүрдібекұлы ұзақ жыл бойы Ішкі қазақ ордасының Нарын қисымына қарасты №2 және №4 ауылдардың мешітін басқарған. Архив құжаттарына қарағанда ХХ ғасырдың басында №2 ауылда 832 шаңырақ, 1610 ер адам, 1620 әйел адам болғандығы, №4 ауылда 544 шаңырақта 1097 ер адам, 974 әйел болғандығы көрсетілген. №2 ауылдағы мешіт ғимараты 1844 жылы салынса, №4 ауылдағы мешіт 1845 жылдан бастап халыққа қызмет ете бастаған екен.

    Ал Жұбан молданың өзі Астрахань губерниялық басқармасы 1884 жылы 1 шілдедегі №3444 шешімімен имам-хатиб лауазымына бекітілсе, 1901 жылдың 24 қыркүйегінде №5412 бұйрық негізінде «ахун» атағын алған (Башқұртстан республикасы Орталық мемлекеттік архиві, И-295 қор, №2 тізбе, №1а іс, 386 бет «Қазақ ордасындағы мешіттер мен мұсылман діни қызметкерлері туралы ведомость»).

   Жұбан молданың діни қызметі өзі дүниеден өткен 1923 жылға дейін жалғасқан. Ел ішінде оның атақ-абыройы өте жоғары болған. Ел аузындағы әңгімелерде Қамыс-Самар қисымының билеушісі, тарихи тұлға Бақыткерей Құлмановтың Жұбан молдамен сыйластық қарым-қатынасы, Жұбан молданың оған көмегі туралы аңыздар жиі айтылады.

    Жұбан молда сондай-ақ ел ішіндегі аңыз әңгіме, шежіре мен тарихи оқиғаларды да қағазға түсіріп, тарихи ағартушылықпен де айналысқан.

   Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында «Қазақтың қысқаша шежіресі» атты дәптер сақталған. Бұл жазбаны белгілі қоғам қайраткері Мақаш правитель Бекмағамбетұлы, Батырхан Тоғымұлы (төре тұқымы), Жұбан Жүрдібекұлы (беріш молдасы, ахун), Есқазы Аралдықұлы (ысық руының шежіреші қариясы) және Сәлімгерей Ғайнитденұлы (ноғай-қазақтан шыққан молда) құрастырғаны көрсетілген.

    Жұбан молданың ұрпақтары Совет үкіметі орнаған кезде қатты қудалауға ұшырады. Оның ата жолын қуған немересі, Мәшекен деген ұлынан туған Әбдіхалық (Халық) Мәшекенов мешітте оқытушылық қызметін атқарған екен. Бірақ 1928 жылы Батыс Қазақстандағы ең ірі 71 байдың тізіміне енгізіліп, мал-мүлкі конфискацияға ұшырап, өзі жер аударылған.

   Басқа ұрпақтары да қуғыннан қашып, Ресейдің Астрахань, Саратов өңіріне, Атырау облысы аумағына көшіп кеткен.

   Жұбан молда Жүрдібекұлы 1923 жылы 89 жасында дүниеден өткен. Зираты өзінің ата қонысы Бекетай құмында, «Жұбан мешіті» деп аталатын жерде. Сол жерде Жұбан қыстауы мен мешітінің орны бүгінге дейін сақталған. Ел-жұрт зиярат қылатын киелі мекендердің бірінен саналады.

    Жұбан молданың өмірі мен қоғамдық қызметі туралы жазылған «Жұбан молда» атты кітабымыз 2018 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген еді. 2024 жылы толықтырылып, Орал қаласынан тағы басылып шықты.

    Бүгінде тарихи тұлғаның зираты «Діни және ғибадат орындары» қатарында Батыс Қазақстан облысындағы өңірлік қасиетті орындар тізіміне кірді.

   Сондай-ақ Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының 2018 жылғы 2-шілдеде өткен кеңейтілген төралқа мәжілісінің шешімімен Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының орталығы Переметное селосындағы аудандық мұсылмандар мешітіне Жұбан молда Жүрдібекұлының есімі берілді.

    Биыл дін ғұламасы, ахун Жұбан Жүрдібекұлының туғанына 190 жыл толып отыр. Ол өз заманында аса беделді тұлға болғанымен, 1923 жылғы аласапыранда, Бөкейлікте болған ашаршылық кезінде өмірден өтті. Кейін 1928 жылы өзінің жолын қуған немересі Халық Мәшекеновті совет үкіметі кәнпескелеп, соттады, өзге ұрпақтары да қудаланды. Сондықтан Жұбан молданың басы қарайтылмай, құлпытас та қойылмай, ескерусіз қалған. Тек жергілікті жұрттың махаббатына бөленіп, халық жадынан өшпеген. Жұбан молданың шарапатын көрген, кереметіне куә болған ұрпақтың естелігі ел ішінде өте көп.

   Биыл Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында тұратын ағайындар осынау тарихи тұлғаның басына зират тұрғызып, белгі орнату, мешіт орнын қоршау жөнінде бастама көтерген еді.

    Маңғыстау өңірінен арнайы әкелінген ұлутастан жақында еңселі кесене тұрғызылды. Құрбан айттың соңғы күні осы жерде қой сойылып, шағын жиын өтті.

     Алла қаласа, Жұбан Жүрдібекұлының өмірі мен қоғамдық-рухани қызметіне арналған үлкен жиын, алқалы ас биылғы қазан айында болады деп жоспарланып жатыр.

448862076_10227287772199860_8641089087883600364_n

448730829_10227287782520118_4579744295180510672_n

448696475_10227287775519943_680561789441670538_n

448792450_10227287779000030_2962405476308636765_n

448887390_10227287773119883_7442615600176523871_n

 

Қазыбек Құттымұратұлы,

журналист, өлкетанушы