Батыр Сүйінқараның құлпытасы табылды.

Батыр Сүйінқараның құлпытасы табылды.

Далалық зерттеу жұмыстарымыз өлке тарихын толықтыратын жаңалықтардың ашылуына себепші болуда. Биылғы жылы да екі мәрте кешенді ғылыми-зерттеу экспедициясын жүргізгенбіз. Алғашқысы облыс аумағынан өтетін ортағасырлардағы керуен жолдары бойын зерттеу болса, келесісі Тайсойған құмының тарихи-мәдени ескерткіштерін анықтау болатын.

Бұл этноархеологиялық бағыттағы зерттеулер кезінде археологиялық ерте темір дәуірлердің кургандары мен тұрақтары табылып, ХІХ ғасырдан бергі уақыттағы ата-бабамыздың қабір бастарына қойылған ескі араб әріпімен жазылған құлпытастары оқылды. Нәтижесінде, құлпытастардағы жазулар бұған дейін белгісіз болған бірқатар ақпараттар берді десе болады.

Мысалға, жергілікті халық Қыздарбай кесенесі деп атап келген Тайсойған құмының оңтүстік-батыс етегінде орналасқан, Шеркештің Еламан аталығынан тарайтын белгілі Қыздарбай кесенесінің алдындағы құлпытастан 1872 жылы 28 жасында қайтыс болған Қыздарбайұлы Естайдың есімі оқылды. Дегенмен, бұл жерде Қыздарбайдың жерленген жері жоқ дегенді білдірмейді.

Қыздарбай кесенесі

Осындай шикі кірпіштен күмбезді етіп салынған, Миялыдан шығысқа қарай 10 км жердегі Секер сұлу кесенесіне де қатысты аңыз әңгімеде, Секер сұлу – 1786 жылы Ойыл өңірінде дүниеге келіп, 15 жасында жылан шағып қайтыс болғаны, Жауғашты Шеркеш Байсалдың қызы екені айтылады. Алайда, кесене алдына қойылған араб әріпімен жазылған құлпытаста «Шеркеш руы, Қаракемпір тайпасы Батыр халалы (адал әйелі) Секер бәйбіше опат 70 жасында жаздырды баласы Айқұл мырза» делінген. Демек, бұл жерден аңыз ақиқатпен мүлдем сәйкес келмейтінін көреміз.

Секер сұлу кесенесі

Секер сұлу кесенесімен қоса бірге айтылып жүрген Самай қорымы Атырау облысы мен Ақтөбе облысының шекара сызығының дәл үстінде орналасқан. Яғни, Миялыдан шығысқа қарай 15 км жерде. Бұл жерде де үлкен күмбезді кесене тұрғызылған. Бұл кесене де әйел адамға арналыпты. Бұдан көретініміз әйел адамдардаға да биік кесенелер салынғанын аңғарамыз. Яғни, оның құлпытасында жазылғандай Шеркеш руының Қылышкестен тайпасының аталығының Ақбөбек деген әйеліне арналған екен. Құлпытасында араб әріпімен ойылған жазуда: «Шеркеш руы Қылышкестен Қолпаш тайпасы, Байсегіз халалы Ақбөбек Баймұхамедқызы опат 74 жасында баласы Қуат мырза қылдырды» делінген. Шежіре бойынша Қолпаштан - Құдайберген, одан - Айғыр - Байдалы - Байсегіз - Қуат болып тарайды. Ал, қорымның Самай аталуына себеп болған Таз руы қазақтарының қолынан қаза тапқан Самай Ханқожаұлының құлпытасы да сол жерде сақталған екен. Бір қызығы Самай қожаның құлпытасында Таз руы екенін жазады, бірақ астында қашалған таңбасы Қожалардың таңбасы. «Әр рудың өзінің Қожасы бар, тек Беріштерде болмаған» дегендей, Самай да Таз руының діни жоралғыларын ұйымдастыратын адамы болса керек. Құлпытастағы жазу: «Таз руы Келдібай ішінде Қанхожа баласы Самай қожа 1264 (хижра жыл санауы) сәнә опат 68 жасында жаздырды баласы Нұрқожа 1264 сәнә».

Самай қожаның құлпытасы

Доссордан Миялыға тіке шығатын Тайсойған құмының шығыс етегіндегі қара жол бойында «Ойтаң» деген жерден 5 км асқан кезде «Қуыс» деген жердегі ескі қорымда Шеркеш руының белгілі биі болған Қуыс деген аталығы жерленіпті. Ол жердегі биік бір құлпытаста Шеркеш Қылышкестен руының Тілес бөлімінен өрбитін 95 жасында бақилық болған Қуыс Сексенбайұлының құлпытасы оқылды.  

Зерттеу жұмыстарымыздың нәтижесінде тағы бір анықталған жаңалықтардың бірі, ол – Адай руының белгілі батыры Сүйінқараның құлпытасының табылуы. Негізінен, батырға арналған бір құлпытас Маңғыстау өңіріндегі Сисем ата қорымында қойылған. Кейін ол жерге ұрпақтары басына кесене тұрғызған. Ол құлпытастың қас бетінде «Адай руы Жары тайпасы Сүйінқара батыр» және артқы бетіне бесқарудың суреттері қашалған. Алайда, құлпытастарда міндетті түрде көрсетілуге тиіс қайтыс болған жылы мен жасы мүлдем енгізілмеген. Бірақ, халық 1756-1841 жылдары өмір сүріп 85 жасында дүние салған деп келді. Оған дәлел Абыл Тілеуұлы жыраудың Сүйінғара батырды жоқтауы туралы өлең жолдары болса керек.

Сүйекем сапар шекті сексен бесте,

Сисемде қалды жатып - аю төсте.

Қорлыққа көнбен деген бір пенде еді,

Ажалға - о да көнді салған іске.

Алайда, жақын арада Мақат кентінен 10 км шамасындағы Шеңгелді қыстағының маңындағы қорымнан табылған құлпытастың қас бетінде араб әріптерімен «Адай руы, Мұңал тайпасы, Үргешбай баласы Сүйінқара опат 81 жасында 1848 жылда ұлы Көтібар қалдырды» деп жазылған болса, қапталында «Шәңкі Кенбай баласы 73 жасында» есімі қашалған. Бұл жердегі Шәңкі Кенбайұлы Сүйінқараның немере інісі болып келеді. Ал, сол маңдағы Кенбай ауылының аталуы осы Шәңкінің әкесінің есімімен байланысты деген пікірлер бар. Көріп отырғанымыздай, бұл құлпытасты Сүйінқаранікі екендігін дәлелдейтін бірден-бір айғақ оның әкесінің және баласының есемдерінің құлпытасқа жазылуында болып отыр.

Сүйінқараның құлпытасы

Енді, неге екі жерге құлпытас қойылған?!-деген ой туады. Тәжірибемізден білетіндей жеке пікірім, Маңғыстаудағы құлпытасына батырдың әдеттегідей әкесінің және тас қоюшының есімдерінің жазылмауы, сонымен қатар, қайтыс болған жылы мен жасының көрсетілмеуі оның әкесінің бейітінің қасына (әкесі Үргешбай сол жерде жерленген) естелік ретінде қойылған ескерткіш белгі және Сүйінқараның жерленген жері Атырауда екендігін меңзейтін секілді. Әрине, нақты шешімді қосымша зерттеу жұмыстары дәлелдеуді қажет етеді. Ал, Мақаттан табылған құлпытасқа келетін болсақ, сапасы өте жоғары, сыртқы пішіні мен жазылу стилі Атырау аумағынан табылған төре-сұлтандар мен билердің басына қойылған құлпытастарға ұқсас және өте жақсы сақталған. Олардан тас қашау шеберлерінің бір адам болғанын байқауға болады.

Қорыта келе, мекеме мамандарының далалық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бұған дейін де белгілі батыр-билердің, атап айтса Беріш Себектің Айтуар биі, Қаратоқайдың Есет биі мен Жапарберді батыры, Жайық руынан шыққан Байнақ пен Машақ билерінің құлпытастары табылғанын айта кету керек. Одан өзге, көптеген адамдардың аталарының бұған дейін белгісіз болған құлпытастары табылды. Зерттеу жұмыстарының қорытындысымен 3 томдық араб әріпімен жазылған құлпытастардың аудармасы көрсетілген «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері атты» кітап-альбом жарыққа шығарылды. Келер жылы 4-ші томын шығаруды жоспарлап отырмыз.

 

 

Атырау облысы тарихи-мәдени

мұраны зерттеу орталығының

қызметкері Ф.Байдәулетов