Біз бұл топтамада Атыраудың Қызылқоғасында Ұлы Қазан төңкерісінен бұрын, дәлірек айтқанда, 1895-1915 жылдары болған әкімшілік-аумақтық бөлінісі, болыстардың басқарушылары, табиғи байлықтарының зерттелінуі, оқу-ағарту мекемелері, денсаулық сақтау жүйесінің құрылымы турасындағы тарихи-мұрағаттық-статистикалық деректерді мұрағаттарда, тарихи-академиялық еңбектерде жазылған күйінде келтіріп отырмыз. Бұл ретте мынаны ескертеміз: қашан да қағазда бәрі сықиып тұрады ғой, осы себепті еуропалық жаңалықтарды дабыралап көрсетушіліктің де болғандығы көзге ұрып тұрады, әйтпесе, сол кездегі қазақ ауылын әйел босандырушы дәрігерлік қызметкерлердің кеңінен аралап, көмек көрсеткендігін ешкім растай алмас. Оны былай қойғанда, осы лауазымға белгіленген адамдардың жапан далаға келуден қашқандығы деректерден айқын көрініп тұрады.