СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ АТАҒЫН СЫРТТАН АЛҒАН АТЫРАУЛЫҚТАР

СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ АТАҒЫН СЫРТТАН АЛҒАН АТЫРАУЛЫҚТАР

   ҒҰБАШЕВ Шарафий Ғұбашұлы, 1913-жылдың 13-сәуірінде Гурьев  (Атырау)  облысының Теңіз (Құрманғазы) ауданында туған. СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ (1.12.1949).

 

   1932-жылы Ақтөбе қаласындағы зоотехникалы-ветеринарлық техникумды бітірген бойында, еңбек жолын 19 жасында Тәжік ССР-індегі «Яван» қаракүл совхозының бас мал дәрігері ретінде бастайды. 1937-жылы сол совхоздың бас зоотехнигі-директордың бірінші орынбасарына қойылып, оны 10 жыл абыроймен атқарады.

   Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі еңбегі жоғары бағаланып, 1945-жылдың 8-қыркүйегінде «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.

   1947-жылы өз Отаны Қазақстанға оралып, Жамбыл облысының Талас ауданындағы Үшарал ауылдық советіне орналасқан «Талас» қаракүл совхозының бас мал дәрігеріне тағайындалады. Ол академик М.М.Завадовский, биология ғылымының докторлары А.Д.Падучева мен А.И.Лопырин ойлап тапқан СЖК препаратын Қазақстанда бірінші болып осы совхоздың бас зоотехнигі Алексей Петрович Финаевпен екеуі қаракүл қойларына сол жылдың күзінде енгізеді. Алғашқы нәтижесі 1948-жылдың қой төлдету науқанында-ақ жоғары болып шығады.  Совхоз бойынша әр 100 аналықтан 107 қозы алынып, 1-ші сортты қаракүл елтірісі 79 пайыз құрайды. 1949-жылдың көктемі одан да сәттілікті сыйлайды: әр 100 аналықтан 108 қозы алынып, қаракүлдің 1-ші сорттысы 86 пайыз болып шығады.

Шарафий_Губашев

   1948-жылы  Ш.Ғ.Ғұбашев пен А.П.Финаевтың бұл тәжірибесі көршілес Оңтүстік Қазақстан облысының «Қожатоғай», «Сүткент», Өзбекстанның «Кенимех», Гурьев облысының «Гурьев», РСФСР-дің Астрахан облысындағы «Западный» қаракүл совхоздарында қолданысқа енгізіледі.

   Енді 1949-жылы осы СЖК-ны қолданумен жоғары көрсеткішке қолдары жетіп, сол жылдың 1-желтоқсанында Социалистік Еңбек Ері атанған 18 аға шопанды атайын.

   1.Жұмабеков Шырымбек («Сүткент») - 1-сортты елтірі - 91%, 100 аналықтан алынған қозы – 111;

   2.Запориванный Степан («Западный») - 1-сортты елтірі - 90%, алынған қозы – 122;

   3.Қарабаев Юсуп («Кенимех») - 1-сортты елтірі - 90%, алынған қозы – 105;

   4.Көшеков Сәмет («Сүткент») - 1-сортты елтірі - 88%, алынған қозы – 132;

   5.Симиненков Афанасий («Западный») - 1-сортты елтірі - 88%, алынған қозы – 119;

   6.Құттыбеков Қапал («Қожатоғай») 1-сортты елтірі - 87%, алынған қозы – 115;

   7.Сәмбетов Қасым («Талас») 1-сортты елтірі - 87%, алынған қозы – 112;

    8.Жұмабаев Әбламат («Талас») - 1-сортты елтірі - 86%, алынған қозы – 108;

   9.Айдаров Қали (қазақ ұлтты өзбександық, «Кенимех») - 1-сортты елтірі - 86%, алынған қозы – 106;

   10.КЕНЖЕБАЕВ Жақсы (Гурьев облысының Махамбет ауданындағы Таңдай ауылында туған, Қызылқоға ауданындағы «Гурьев» қаракүл совхозы) - 1-сортты елтірі - 85%, алынған қозы – 145;

   11.Жанболатов Қаныбек («Сүткент») - 1-сортты елтірі - 85%, алынған қозы – 132;

   12.Досымбеков Айту («Қожатоғай») - 1-сортты елтірі - 85%, алынған қозы – 119;

   13.Амангелдиев Иманбек («Талас») - 1-сортты елтірі - 85%, алынған қозы – 115;

   14.Айдынбеков Дүйсенбек («Талас») - 1-сортты елтірі - 85%, алынған қозы – 112;

   15.Шынасылов Айтбай («Талас») - 1-сортты елтірі - 85%, алынған қозы – 112;

   16.Мыңжасаров Мұқыш («Талас») - 1-сортты елтірі - 85%, алынған қозы – 108;

   17.Омаров Айтет («Талас») - 1-сортты елтірі - 85%, алынған қозы – 107;

   18.Шөмішбаев Естайбек («Талас») - 1-сортты елтірі - 85%, алынған қозы – 106.

   1949-жылдың 1-желтоқсанындағы СССР Жоғарғы Советі Президиумының бұл Жарлығы бойынша 22 адамға Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин орденімен және «Орақ пен Балға» Алтын медалімен марапатталған. 

   Мына 18 аға шопаннан басқа төртеу: «Талас» совхозының бас зоотехнигі Алексей Петрович Финаев, «Талас» совхозының бас мал дәрігері Шарафий Ғұбашұлы ҒҰБАШЕВ, «Талас» совхозының ферма басқарушысы Әбдір Сағынтаев, «Сүткент» совхозының ферма басқарушысы Құдайберген Күнтаев.

   Осы жерде айтып кетуіме тура келетін үш жай бар. Біріншісі - СССР Жоғарғы Советінің депутаты (1962-1966) Әбдір Сағынтаев – сол Үшарал ауылында өмірге келген Қазақстан Республикасының қазіргі Премьер-Министрі Бақытжан Әбдірұлы САҒЫНТАЕВТЫҢ әкесі.

   Әбдір Сағынтаевтың Социалистік Еңбек Ері атануына атыраулық азамат Шарафий Ғұбашевтың қатысы барын ешкім жоққа шығара алмайды.

   Екіншісі – 1948-жылдың жазы-күзінде Шарафий Ғұбашевтың жаламен 5 ай абақтыда отырып, толық ақталып шыққаны.

   Үшіншісі – «Бақсай» қаракүл совхозының аға шопаны Айса Мәменов 1948-ші және 1949-жылдары қаракүл елтірісін мемлекетке 86 пайыз 1-ші сортпен тапсырып, 1948-жылы әр 100 аналықтан 151 қозы (республика бойынша 3-орын), 1949-жылы 144 қозы алғанымен, оған Еңбек Ері атағы түгілі, ешқандай орден берілмеді. Оның бір себебі – 1955-жылға дейін  Қызыл Армия қатарында Ұлы Отан соғысына қатысуында «күмәнді  жайлар болғаны» бойынша мемлекеттік марапаттардан шеттетілгені.

   Шарафий Ғұбашұлы ҒҰБАШЕВ – бас мал дәрігерінен кейін сол «Талас»қаракүл совхозының директоры (1950-1957, бұл лауазымды Әбдір Сағынтаевқа тапсырады, ол оны 1985-жылға дейін атқарады), Свердлов және Мерке аудандарында қой фермаларының меңгерушісі (1957-1963),  асыл тұқымды малдарды зерттеу Жамбыл тресінің директоры (1963-1973), қой өсіру облыстық кеңсесінің басқарушысы (1973-1981).

   «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталады (22.03.1966).

   1985-жылы Жамбыл (қазір Тараз) қаласында қайтыс болады.

 

         Жұмабай ДОСПАНОВ,

«Алтын ғасыр», 2018-жыл

Теги сайттайсойган тайсойғансайты ЖЕҢІС75