КҮЙ ӨНЕРІНІҢ АСЫЛ ТӘЖІ

КҮЙ ӨНЕРІНІҢ АСЫЛ ТӘЖІ

«Мен үшін ең маңыздысы - асыл мұрамыз күйшілік

дәстүрді сақтап, оны одан әрі дамытуға қызмет ету»

 

А.Үлкенбаева

 

 

Күй өнерінің асыл тәжі

 

Айгүл Үлкенбаева - заманымыздың ірі өнер қайраткерлерінің бірі.

Оның шығармашылық жолы мен ұстаздық қызметіндегі жетістіктері ұлт мәдениетінің дамуына салмақты үлес қосып келеді.  

Айгүл Нариманқызы Исатай ауданы (Атырау) қазіргі Тұщықұдық аулында өнерімен танымал болған Үлкенбаевтар отбасында дүниеге келді (23.01.1962).  

Төрт жасынан домбыраға үйір болған балдырған 1-сыныпта-ақ орта мектептегі оқушылар оркестрінің белсенді мүшесі болды. Талапты жеткіншек  10 жасында алғашқы жүлдесін алып, үлкен сахнаға қадамын басты.   

Ол Құрманғазы мен Дина, Махамбет пен Дәулеткерей, Абыл, Есір секілді күйші-композиторлар мұрасын дәріптеген дәстүрлі ортада, небір күй саңлақтарының тартқан саздарын құлағына құйып өсті. 

Айгүл ізденіске толы кәсіби өнер жолында Т.Бәділов, А.Жайымов, Ш.Қажығалиев, Қ.Ахмедияров, Р.Ғабдиев сияқты күй қағандарынан тәлім алды. Болашағынан зор үміт күттірген шәкіртті сирек кездесетін қабілеті мен еңбекқорлығы үлкен жетістіктерге жетеледі.

Аға буын «екінші Дина» деп бағалаған күйші қыз үшін 80-ші жылдар жаңалыққа толы кезең болды. Осы жылдары жас орындаушылардың республикалық ішекті аспаптар конкурсында (1981), республикалық Құрманғазы атындағы конкурста (1983), Бүкілодақтық «Жігер» фестивалінде (1985), Каспий маңы елдерінің У.Гаджибеков атындағы халықаралық конкурсында (Баку қ., 1986) үздік өнер көрсетіп, лауреат болды және т.б. Композитор А.Жайымов шетелдегі конкурсқа қатысушы А.Үлкенбаеваға арнап домбыра мен фортепианоға арналған «Шалқыма» күйін жазды (1986).

А.Үлкенбаева музыка әлеміне жаңалығымен, тың бастамалар алып келген жаңашыл музыкант. Ол «Арай» ансамблінде күйді эстрадалық әрлеумен алғаш рет халыққа ұсынды (1991), жаңа форматтағы «Керулен» этно-тобын құрып, қазақ эстрадасына тың үрдіс әкелді (2007)... 

А.Үлкенбаеваның домбыра тартысы әдеттегі бізге таныс түсінік ауқымына сыймайды. Күйшінің орындаушылық шеберлігі, сезімінің нәзіктігі, түсінігінің тереңдегі, таным көкжиегінің кеңдігі оның дарынының ерекше қолтаңбасындай қабылданады.

IMG-20170918-WA0009 — копия

Оның бай репертуары, тыңдарман алдындағы жауапкершілігі мен өзгеше өрнекті сахна мәдениеті өскелең ұрпаққа үлгі бола бермек. 

Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық өнерінің мақтанышы Айгүл Үлкенбаева - Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры.

 

*     *     *

 

Түркітілдес халықтардың

«Saz Perneli Saraishyq» атты

Халықаралық домбыра Фестиваль-байқауы

Атырау, 26-28 сәуір, 2019

 

 барлык аспаптар бирге

 

Фестиваль Президенті Айгүл Үлкенбаева

 

 

*   *    *

 

Фестивальде Айгүл Үлкенбаева домбырада орындаушылықты жан-жақты көрсете білді. Ол ең алдымен күй Отанындағы күйшілердің барлық буын өкілдерінің қатысуынан көрінді. Аға буын домбырашылар ансамблі Фестиваль шымылдығын ашса, күй альбом топтамасының тұсаукесер шарасына Айгүл қыз балалар ансамблімен бірлесіп Құлшардың «Кербез керік» күйін шертті. Ал фестивальдің Гала концертінде ұлдар ұжымы көрермен көңілінен шығатындай өнер көрсетті. Бұнымен бірге «Айгүл Үлкенбаеваның мектеп-студиясынан» Андрей Фендриков қатысуы да өзге ұлт өкілдерінің домбыраны еркін меңгергендігінің айғағындай болды.

Фестиваль соңында түріктілдес этностардың ішекті аспаптарының бірігіп Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйін орындауы көрермен ықыласына бөленді.   

 

  *   *    *

 

Фестиваль аясында Халықаралық ішекті-шертпелі аспаптардың конкурсы өтті. Домбыра күйлерін насихаттау мақсатын алға қойған додаға қатысушылар еліміздің барлық облыстарымен бірге алыс, жақын шетелдерден де қатысты. Сайыс талабы бойынша Алтайдың топшуурында,  өзбектің дутарында, қырғыздың қомызында, түрік бағламасында, хакас хомысында және әзербайжанның тар аспабында Құрманғазының «Балбырауыны», Дайрабайдың «Дайрабайы», М.Хамзиннің «Қосбасары», халықтық «Айжан қыз» күйлері шертілді. 

Қойылған талапқа сәйкес отыз бес жастан асқан музыканттар қатысқан конкурс жоғары деңгейде өтті. Өйткені олардың барлығы дерлік консерваториялық білімі бар өз саласының кәсіби мамандары.    

Қазылар алқасының құрамында еліміздің және шетелдік әйгілі өнер қайраткерлері  төрелік етті. Төрайым Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, күйші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Айгүл Үлкенбаевамен бірге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, күйші, композитор, профессор Айтқали Жайымов, КСРО халық әртісі, Тоқтағұл Сатылғанов атындағы Қырғыз КСР-інің Мемлекеттік сыйлығының иегері, қомызшы, профессор Самарбүбү Токтахунова, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Башқұрстан Республикасының халық әртісі, қурайшы, дирижер. Мифтахетдин атындағы Башқұрт Мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Рамиль Гайзуллин, Әзербайжан Республикасының еңбек сіңірген әртісі. Әзербайжан ұлттық консерваториясының «Аспапты мугам» кафедрасының меңгерушісі, мугамшы, доцент Малик Мамедоглы, Ыстамбұл Техникалық Университеті Түрік музыкасы мемлекеттік консерваториясының профессоры. Консерваторияның «Аспаптар» бөлімінің бағлама класы бойынша ұстазы Аднан Коч және Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері - Құттыгерей Халидоллаұлы Дүйсеев мүшелік етті.

Сайыс нәтижесінде Бас жүлдеге Аяз Имранов (Баку қ.), 1-орынға А.Сқақов (Қызылорда қ.) ие болды. 2-орынды А. Касаболотова (Бішкек қ.) мен Деңіз Гүнеш  (Ысамбұл қ.) бөлесіп, 3-орынды Т.Қайдаров (Атырау қ.), Б.Дүнгенбаева (Талдықорған қ.) және Э.Бошымова (Нұр-Сұлтан қ.) иеленді.

Тәжікстандық қонақ А.Норматов пен өзбекстандық У.Юнусов; домбырашылар  А.Бекбаева, Н.Хинекина Дипломант атанды.

         Жеңімпаздармен қатар жақсы өнер көрсеткен музыканттар арнайы жүлделермен марапатталды. Яғни, «Ең жақсы шетелдік  аспапқа лайықталған күй» номинациясы Деңіз Гүнешке және Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айгүл Үлкенбаева атындағы арнайы сыйлық Дүнгенбаева Ботагөзге табысталды.                         

 

*   *    *

 

 

Айгул   СД-альбом

 

 

Айгүл-Күйдің әуені

 

Қазақтың күйшілік өнерінің алтын арқауын өскелең ұрпаққа жалғастырушы кәсіби күйші Айгүл Үлкенбаева өз шығармашылығынан 5 күй-альбомын ұсынды.

Бұл альбом тұсаукесері оның туған өлкесінде – Атырау жерінде өтті. Дина Нұрпейісова ескерткіші алдында осы топтама көрерменге шашу боп таратылды.  

1-2-күй-альбомдарда XIX-XX ғғ. күй маржандары жүйеленіп ұсынылған. Күйші тыңдап, қабылдауға жеңіл болу үшін альбомдарға екпіні мен техникалық күрделілігі жағынан, әуендік сипаты жағынан төкпе стилінен «Кеңес», «Ел айрылған» секілді халық күйлерінен бастап, Құрманғазы, Баламайсан, Дина, Дәулеткерей, Махамбет, Мәмен, Әлікей, маңғыстаулық Абыл мен Есір, Есбай күйлерін, Сыр бойынан Мырза, Қазанғаптың, шертпе стилінен Сүгір күйлерін және ХХ ғ. М.Әубәкіров, Қ.Ахмедияров, Ш.Әбілтаев, Н.Үлкенбаев кәсіби күйші-композиторларының шығармаларын екі күй-альбомға тең бөліп енгізген.  

А.Үлкенбаева қазақ эстрадасында домбыраны джаз-рок тобымен импровизация жасаған тұңғыш музыкант. Бұл бағыттағы алғашқы ізденісі 1991 жылы «Арай» ансамблінде басталған еді. Есір, Есбайдың, Қазанғап пен Сүгірдің, Е.Үсеновтің күйлерін джаз-рок тобымен орындауы топтаманың 3-күй-альбомында берілді. Сондай-ақ 3 СD-дегі күйлер рояльдың қостауымен және бірқатары домбыра күйлерінің ырғағын айқындап, эффектісін күйшейте түсетін ұрмалы кахон аспабының сүйемелімен орындалған. Осы альбомдағы барлық туындылар домбыраның өзге де аспаптармен үндестігін, мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жасалған шығармашылық ізденістерінің сәтті жемісі боп табылады.

Бұл альбомдағы аудиоматериал толығымен 4-күй-альбомда сандық бейнеформатта (DVD) ұсынылды. Сонымен бірге 4-альбомда А.Үлкенбаеваның Астана қаласында берген «Айгүл-күйге бар әлем тамсанады» (2013) атты жеке концерті де енді. 

Презентация

         Соңғы 5-бейне альбомда (DVD) музыканттың шығу тарихын әңгімелей отырып тартқан күйлеріне арналған ұлттық телеарнаның «Інжу-маржан» атты жобасының екі хабары енді (2017). Және де осы бейнеальбомда Анкара опера және балет театрының симфониялық оркестрі (Астана қ., 2014) және Қазақстан Республикасы мемлекеттік симфониялық оркестрлерімен (Тараз қ., 2015) тартқан күйлері жинақталып ұсынылып отыр.

        

Шебер музыкант А.Үлкенбаева орындауындағы бұл топтамадағы туындыларды тыңдау – үлкен ғанибет.

 

Өнертану кандидаты Бақыт Тұрмағамбетова 

Теги сайттайсойган тайсойғансайты ЖЕҢІС75