АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛІП,
СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ АТАҒЫН СЫРТТАН АЛҒАНДАР
ЗОРМАТАНЫҢ БІР ТҰЛҒАСЫ - ЫСМАҒҰЛ
Атыраудан – Алтайға дейінгі 3000 шақырымнан астам аралықты алып жатқан Қазақстанның әр түкпірінде еңбек етіп, елге сыйлы, танымал болған атыраулық азаматтар көптеп саналады. Әттең, олардың туған жерінен ертеректе шалғай кеткендерінің есімдерін жерлестері толық біле бермейді. Еліміз егеменді атанып, есімізді жиғаннан кейін оларды талмай іздеу, табылғандарын халыққа таныстыру – сол қиын да, қызықты жұмысты өзіне міндет етіп алғандардың ісі.
МЫРЗАБЕКОВ Ысмағұл Уашұлы дүниеге 1900-жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Зормата ауылында өмірге келген.
Мектептің төрт класын бітіргеннен кейін, 1916-1927-жылдары аралығында Астрахан қаласында, Гурьев уезінде жалдамалы жұмыстарды (балықшы, бақташы, жүкші) атқарады. Бастауыш білімнің аздық ететінін сезген ол, 27 жасында мектеп партасына қайта отырып, 1930-жылы ол кезде жоғары саналатын 7 класты бітіріп алады. 1930-1933-жылдары Гурьев округінің Теңіз ауданына қарасты «Еңбекші таңы» колхозында еңбеккер, бригадир болып, елге таңсық ұжымдық шаруашылықтың тез өркендеуіне өз үлесін қосады.
ВЦИК Президиумы 1933-жылдың 17-шілдесіндегі қаулысымен Қазақ АССР-інің астанасы Алматы қаласында 3 жылдық совет құрылысы институтын ашу туралы қаулы қабылдайды. Оның жылдық шығыны 2 миллион 55 мың сом ретінде бекітіледі. Ол қаражатты РСФСР Халық Комиссарлары Советі өз мойнынына алады. КазЦИК-те қарап қалмай, жатақхана құрылысына 380 мың сом бөледі. Институт өз жұмысын 1933-жылдың 1-қазанынан бастайды. Оған дейін 4 айлық дайындық курсында 51 адам (жастары 16 мен 40 арасында) оқиды. Оған 33 жасар Ысмағұл Мырзабеков те құжаттарын тапсырып, сынақтан өткен 28 курс тыңдаушысының бірі ретінде, келесі жылдың сәуірінде институттың бірінші курсына қабылданады. 1934-жылдың 17-маусымында РСФСР Халық Комиссарлары Советі бұл институтта оқуды 3 жылдан – 4 жылға көтереді. Ұстаздар құрамы 3 профессор, 5 доценттен және бірнеше аспиранттардан жасақталады. Олардың дені Ресейдің ірі қалаларынан келгендер. Олардың ішінде небары қазақ ұлтты 4 ұстаз еңбек етеді. Ы.Мырзабеков институтты 1938-жылы бітіріп шығады. Сол жылдың 28-сәуірінде Қазақ ССР-і Үкіметі оны мемлекеттік заң институтына айналдырған-ды.
Институт қабырғасында жүріп, партия мүшесіне өткен оны - ҚКП Орталық Комитеті жаңадан құрылған Гурьев облысы құрамындағы №5 «Бақсай» қой совхозы саяси бөлімі бастығының орынбасары етіп жібереді. Ол бұл қызметке 1938-жылдың шілде айында кіріседі. Саяси бөлім бастығы – Федор Трофимович Баев сол жылдың ақпанында – облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісіне бекітілген Матвей Федорович Королевтың орнын басқан-ды. Ф.Б.Баев 1939-жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебіне оқуға кетіп, оны бітіргеннен кейін Свердловск қалалық партия комитетінің үшінші, екінші секретарын, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісін атқарған, Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанып, атқыштар батальоны командирінің саяси орынбасары, майор болады, 3 әскери орденмен марапатталады. Совхоз директоры – Зейнеш Сауықов. Атағы бүкіл Одаққа әйгілі болған шаруашылықты үзбестен 12 жыл басқарған. Шаруашылық бұл кезде тікелей Мәскеудегі халық комиссариатына бағынады, қаракүл қойын өсіруге бейімделіп жатырған. Саяси бөлім бастығының екі орынбасары бар. Біреуі – Құспан Аманғалиев партия, кәсіподақ және комсомол жұмыстарын қадағаласа, екінші орынбасар – Ысмағұл Мырзабеков заң органдарымен байланыста болды, совхоз көлемінде социалистік заңдылықтардың бұзылуларына жол бермеді.
1939-жылдың мамырында Алматы жоғары партия мектебіне жолдама алып, оны 1941-жылы бітірген бойында Алматы облысындағы совхозға партия бюросының секретары етіп жібереді. Ол қызметті 6 ай ғана атқарып, 1942-жылдың қаңтарында Павлодар облысының Ермак ауданындағы «Жолқұдық» жеміс-сүт совхозы саяси бөлімінің бастығына тағайындалады. Сол жылдың шілдесінде 38-атқыштар дивизиясының (бастапқыда 460-атқыштар дивизиясы аталған) Қазақстанда қосымша ретінде жасақталған 343-атқыштар полкы құрамына запастағы офицер ретінде алынады. Кіші политрук-лейтенант Ы.Мырзабеков рота командирінің саяси жетекшісіне тағайындалады. Бар болғаны 3 ай ғана (Ы.Мырзабековтікі – 2 айға жетер-жетпес) әскери оқу-жаттығудан өткен полк қазанның басында Сталинградты қорғауға аттандырылады. Бұл дивизия Оңтүстік-Батыс майданның 28-армиясы құрамында мамырда Харьков бағытындағы сәтсіз шабуылға қатысқан-ды. Сәтсіз дейтінім, дайындықсыз, тек Г.К.Жуковтың И.В.Сталинді көндірген асығыс бұйрығымен Германияның толық қаруланған ірі әскери топтарына қарсы шабуылға шығуда, тек 1,5 ай ішінде Совет Одағы 600 мыңдай адамынан, ондаған мың қару-жарақтары мен техникасынан айрылып, қоршаудан аман қалғандары жөңкіле шегінуге мәжбүрленеді. Сол 1942-жылдың жазында (шілде-тамыз) Қалмақ АССР-і жерінде тағы ұрыс салумен шегініп, Астрахан қаласынан 200-250 шақырым аумаққа табан тірейді. Бірақ, қыркүйектің басында Сталинградты қорғауға қажет болып, сол қаланың оңтүстік-батысынан, Елхи, Красноармейское селолары маңдарынан жанталаса қорғаныс шебін дайындайды. Және сол шептерін жаппай қарсы шабуылға шыққанша, яғни 19-қарашаға дейін ұстап тұрады.
Лейтенант Ы.Мырзабековті жатқанында да, тұрғанында мазалаған жайлардың бірі – бүкіл Батыс Еуропаны, одан кейңн Шығыс Еуропаның 80-90 пайызын басып алған Германия әскерлері алдыңғы бөлімдерінің Астрахан тұсында өзінің туған ауылы Зорматадан бар болғаны 200 шақырым жерде шеп құрып жатқандары. Егер Сталинград құласа – Зормата түгілі, облыс орталығы Гурьевке фашист танктері 10-12 сағатта жетіп баратындары сөзсіз еді... Сондықтан ол, коммунист, саяси офицер болса да, көзі ұйқыға кеткенінше, жауды Сталинградта қоршауға алып, олардың жойқын екпіндерін тоқтатыпп, кері қайтарғанша Алладан Сталинград пен Астраханның аман қалуларын, Еділ мен Жайық арасынан айрылмауды тілеумен болған. 1943-жылдың қаңтарындағы ұрыстарда дивизия ерекшеленуімен көзге түседі, 1-наурызда оған 79-Сталинград гвардиялық атқыштар дивизиясы деген атақ беріледі. Қазақстандық дивизияны 1942-жылдың 15-маусымы мен 1943-жылдың 1-сәуірі аралығында татар ұлтты генерал-майор Г.Б.Сафиулин басқарады.
Ысмағұл Мырзабеков осы дивизия құрамында тек СССР аумақтарын ғана емес, Еуропаның бірнеше мемлекетін фашизмнен тазартуға белсене қатысады. 1942-жылдың күзінде политрук (аға лейтенант) шенін алып батальон партбюро секретарына бекітіледі. 1943-жылдың қазанында капитанды мерзімінен бұрын береді де, араға ай салып батальон командирінің саяси орынбасарына тағайындалады. Бұл қызметті соғыс аяқталғанша атқарады. Қан майданда екі рет аяғынан жараланады. Омырауына «Қызыл Жұлдыз» ордені мен екі медальды тағып оралады.
1945-жылдың мамыры аяғында, өзін Қызыл Армияға алған Алматы қалалық әскери комиссариатына қайтадан есепке тұруға барғанында, Құдайдың қолдауымен болған шығар, күтпеген жерден Талдықорған облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бойынша секретары, гурьевтік жерлесі Танаш Қойшыбаевпен кездесіп қалады. Содан оны Талдықорғанға ертіп кетіп, өзінің қол астына, облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі етіп алады.
Тағдыр деген осы, Танашпен бірінші рет 1939-жылдың сәуірінде, «Бақсай» совхозы саяси бөлімі бастығының орынбасары болып жүргенінде кездесіп, танысқан. Ол кезде Танаш әскерден оралып, «Бақсай» бағынатын Бүкілодақтық дәрежедегі Батыс Қазақстан совхоздар тресі директорының орынбасары қызметіне қызу қандылықпен кіріскен. Екінші рет 1942-жылдың мамырында Павлодар облысында төс қағыстырып, жолығысқан. Бұл жолы жерлесі жиырма сегіз жасында облыстық совет атқару комитетінің председателін, ал өзі сол облыстағы «Жолқұдық» совхозы саяси бөлімінің бастығын атқарып жүрген. Соғысқа кетіп бара жатқанында өзіне тым ыстық інісімен арнайы қоштасқан. Шала ұйқылы, шаршағанын жасыра алмай тұнжырап отырған Танаш осыдан дәл бір жыл бұрын соғысқа сұранғанын, бірақ жібермегенін, әлі де майданға барудан үмітті екенін айтып, ағасына елге аман оралуды тілеген.
Облыстық совет атқару комитетінің председателі Жаролла Сағынтаев – Гурьев облысына енші беріп, өзінен бөліп шығарған Батыс Қазақстан облысында туған болатын, Танаш таныстырған жерлес ағасын 1946-жылдың қаңтарында Гвардия аудандық совет атқару комитетінің председателі етеді. Соғыстың салдары ауданға қатты тиген. Трактор, машиналарға майданға берілгеннен кері келмеген, соғысқа аттанған колхозшылардың да жартысынан көбі оралмаған, яғни техника да, адам да жетіспейді. Сонда да, соғыстағы адамдармен темірдей тәртіп арқылы жұмыс істесе, мында да тап солай дерлік бағытт, әрі ұйымдастыруды шебер жүргізіп, көктемгі жер жырту мен тұқым себуді уақытымен, сәтті өткізеді. Оның үстіне социалистік жарысты да дұрыс жолға қояды. Күзгі науқанда көктем, жаз бойына колхоздарға шапқылауының нәтижесі оңынан көрінеді. Аудан бойынша ережеге сәйкес әр гектардан 9,6 центнердің орнына, бүкіл 35 388 гектар егістікте 10,8 центнерден астық орылып, мемлекетке бұрын-соңды қол жетпеген 382 190 центер өнім жиналады. Яғни, ережелі міндеттемеден 42 465 центнер артық астық алынады. Осы жетістік үшін 1946-жылдың желтоқсанында Ленин орденімен марапатталады.
Мына жоғары марапаттан ерекше жігерленген Ысмағұл Уашұлы 1947-жылдың егісі өнімдерін алдыңғы жылғыдан жоғары етуге барын салады. Сол мақсатынан шығады да. Алдымен егіс аумағын 5 жарым мың гектарға өсіреді. Өсіруге, күтіп-бағуға айрықша көңіл бөлгізеді. Нәтижесінде 40 913 гектар егістің әр гектарынан 12,6 центнерден астық жинайды. Нормадан 122 739, ал көтеріңкі социалистік міндеттемеден – 73 643 центнерді артық алады. Мына ерен еңбегі үшін Ысмағұл МЫРЗАБЕКОВКЕ СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1948-жылдың 28-наурыздағы Указымен Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, «Орақ пен Балға» алтын медалімен және екінші Ленин орденімен марапатталады.
Ы.МЫРЗАБЕКОВ – осы жоғары атақты Гурьев – бүгінгі Атырау облысында дүниеге келгендер арасында бірінші алған адам.
Қамқоршыл Танаш інісі 1947-жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебіне кеткенімен, 1945-1950-жылдары Талдықорған облыстық партия комитетінің екінші, ал 1950-1951-жылдары бірінші секретары болған Шолақ Артығалиевпен жақындастырған. Ш.Артығалиев – Батыс Қазақстан облысында туған, 1931-1932-жылдары №14 Бақсай «Овцевод» совхозы комсомол комитетінің секретарын, Ақтөбеде, Ордада, Оралда жауапты қызметтерді атқарған, Танаш 1940-жылы Батыс Қазақстан облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымын осы кісіден қабылдап алған. Тағдыр деген осы, сонау батыстағы, Гурьев облысындағы «Бақсай» совхозында 1930-жылдардың басында еңбек еткен үш азаматқа 1940-жылдардың аяғында Талдықорған облысында иықтасып басшылықты атқаруды жазыпты олардың маңдайларына. 1952-жылдың қаңтарында, Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші секретарына ауысарының алдында, Еңбек Ері жерлес ағасын өзінің орнына сайланған Шәкір Қарсыбаевқа арнайы таныстырған. Ш.Қарсыбаев - кейін республиканың батысына барып, Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші секретары болады.
1952-жылдың ақпанында Ы.Мырзабеков сол Гвардия аудандық партия комитетінің бірінші секретарына сайланады. Бірақ, аяғында қалып қойған минаның жарықшағы мезгіл-мезгіл тек ауыртып қана қоймай, жүргізбейтіні көбейген. Бұл оның ауданды толыққанды басқаруына кедергі келтірумен болған. Содан, жыл аяқталған бойда обкомның бірінші секретары Ш.Қарсыбаевқа өзін атқарып жүрген қызметінен босату туралы бірінші арызын қолма-қол тапсырады. Облыс басшысы ол өтінішін қанағаттандырмайды. Одан кейін ауызша қолқа салғанына да құлақ түрмейді. Бұдан соң Ысекең бар жағдайды баяндап, аудан экономикасы ақсамас үшін орнына жанып тұрған жас коммунисті жіберу туралы ұсынысын және жазып береді. Бұл жерде айта кетейін, 1949-1952-жылдары Талдықорған облыстық советі атқару комитетінің председателі - Бисен Серікбаев болған еді. Ол 1908-жылы Гурьев қаласында дүниеге келген, бұған дейін республика прокурорының орынбасарын, Қарағанды облыстық советі атқару комитетінің председателін атқарған, 1952-жылдың көктемінде Қазақ ССР-і ет және сүт өнеркәсібі министрінің орынбасарына ауысқан. Ы.Мырзабеков – Б.Серікбаевпен тек гурьевтік жерлес қана емес, екеуі Алматы совет құрылысы институтында бірге оқыған. Өзінен 8 жас кіші болғанымен Бисен інісі 1926-жылы Гурьев совет-партия мектебін бітіргендіктен, оны 1-курсқа бірден қабылдайды да, ол институтты 1937-жылы бітіреді. Дегенмен де, екеуі 1933-1937-жылдары 4 жыл бір жатақханада тұрған-ды. Одан кейін Гурьевте де бірін-бірі көріп жүрген. Ысмағұл 1939-жылы Алматыға партия мектебіне оқуға кеткенде, Бисен - облыс прокурорының көмекшісі қызметінде қалған.
1953-жылдың мамырында Танаш інісі көрші Семей облыстық партия комитетінің бірінші секретары болып сайланғанында - телефонмен құттықтайды. Сол жылдың қыркүйегінде екеуі Алматыда кездеседі. Бірде Қойшыбаевтың Орталық Комитет пен Министрлер Советінде 3-4 күн болатынын біліп алған Мырзабеков, «колхоз-совхоздарға кеттім» деп, Нововсибирск-Ташкент жолаушылар поезына отырып Алматыға тартады. Гвардия ауданының орталығы әрі станция - Сарыөзектен республика астанасы 165 шақырым қашықта ғана, 5 сағатта жетіп барады.
-Танаш, бұған дейін айта алмап едім... Денсаулығым, өзің білетін жаралы аяғым, тоғыз айдан асып барады, әлсін-әлі ауырып, мазамды алып болды. Курорттан да көмек көрмедім. Шаруашылықтарды аралағанымда кәдімгідей ақсаңдап жүрмін, сонда да таяққа таянғым келмейді. Январьдан бері қызметімнен босату туралы төрт рет арыз бердім, обкомның бюросы, бірінші секретарь жіберетін емес.
-Ысеке, не айтарыңызды сезіп отырмын. Шәкір екеуіміз құрдаспыз, әрі Москвада жоғары партия мектебінде бірге оқыдық, одан Талдықорғанда жұмыстастығымыз жалғасты... Ол сізді өте жақсы көреді, керемет сыйлайды. Мен аралассам - ренжіп қалмайды ма?..
-Иә, енді түсіндім. Сені бұл жолы қинамайын, бесінші рет арызымды беремін, кері барған бойымда.
Қараша айында Ы.Мырзабеков ретін тауып, Ш.Қарсыбаевпен емін-еркін кездескенінде, оны көндіріп тынады. Сөйлесу соңында ризашылығын білдірген Ысекеңе «алғысыңызды Танашқа айтыңыз, мен соның өтінішін жерге тастай алмадым» деген, облыс басшысы...
Ысмағұл Уашұлы 1954-жылдың қаңтарында аупарткомды тапсырып, Семей облысының Аягөз ауданындағы «Мыңбұлақ» совхозына директорылыққа тағайындалады. Бұл шаруашылық 1930-жылдың мамырында ет-сүт өндіруші ретінде облыста алғашқы совхоздардың бірі болып құрылған. Осы совхоздың аға бақташысы Қайрақбай Ақбаев 1947-жылы бағымындағы 100 сиырдан 100 бұзау алып, 6 айлықтарында олардың салмағын 180 келіге жеткізгені үшін 1948-жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Ол – ХІХ-ғасырда өмір сүрген, есімі орта мектепке берілген атақты ақын Дулат Бабатайұлының тікелей ұрпағы. Бірақ совхозды майдангер жесірі 28 жасар Любовь Ипполитова (1952-1953), 29 жасар Григорий Рагозин (1953-1954) басқарған кезде шаруашылықта тәртіп бетімен кетіп, экономикасы құлдырап, облыста соңғы орындардарға тұрақтаған. Қазақтар мамандардың 10 пайызын ғана құраған.
Ы.Мырзабековтің басқаруындағы «Мыңбұлақ» совхозы Ұлы Октябрь революциясының 40 жылдығы құрметіне арналған облыстық социалистік жарыста ет-сүт өндіру бойынша 1-орынды жеңіп алады. Осы көрсеткіштері үшін шаруашылықтың 8 малшы, сауыншы, қызметкерлері ордендермен марапатталады. Совхоз директоры Ы.Мырзабековтің омырауына «Еңбек Қызыл Ту» ордені тағылады.
1959-жылдың қаңтарында сол Аягөз ауданында ет-сүт өндірумен айналысатын «Таңсық» совхозы құрылады. Оның алдында, 1958-жылдың желтоқсанында облыстық партия комитетінің бірінші секретары Мұхамедғали Әленұлы Сужиков (Астрахан облысында дүниеге келген, Ақтөбе, Қызылорда облыстық партия комитеттерінің бірінші секретарын, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретарын атқарған) – Ысмағұл Уашұлымен сөйлесіп, құрылғалы жатырған жаңа совхозды басқаруға келісімін алып, оның кандидитурасын республика ауыл шаруашылығы министрі (1957-1960-жылдары совхоздар министрлігі жабылып, осы министрлікке берілген) М.Г.Рогинецтің танысуына жіберіп қойған. Михаил Георгиевич - бұған дейін 8 жыл ауданды, 5 жылдай совхозды басқарған Социалистік Еңбек Еріне қалай қарсы болады, тағайындау туралы бұйрығын шығарып береді. Содан бұл жаңа совхозды 3 жылдай басқарып, аяғынан тік тұрғызып берген соң, 1961-жылдың қазанында зейнеткерлікке шығып, жанұясымен Алматыға көшеді.
Қазақтың қос Ленин орденді белгілі жазушысы Ғабиден Мұстафин «Жолда туған ойлар» деген атаумен 1960-жылы жазған деректі әңгімесінің 3-5-беттерінде Ысмағұл Мырзабеков директоры болған осы «Таңсық» совхозын тілге тиек етеді.
Екінші күні сәске түсте Таңсыққа жеттік. Таңсық — станция, бір-екі үй. Таңсық — совхоз, бірнеше мың адам. Екеуінің арасы бес-алты километр. Шилі, көделі, жусанды, сортаңы аралас кең жазық. Жазықты жара батысқа қарап Аякөз өзені ағады. Ерте заманда бұл өлкені Қарабай жайлапты деседі. «Алтын қазық», «Күміс қазық» алатын екі шоқының арасы қозы көш жер. Қарабай желісі сол екі шоқының арасына жетіпті-міс. Біздің совхоз да малды мың-мыңдап айдайды. Әттең, тым құрығанда, құлаштай желі көре алмадық. Бие байлаусыз. Басқа былай тұрсын, Ысекең өзі уыз қымыздан қағылып, ақ көже ішіп отыр.
Рас, бұлар жаңа қоныс. Құрылғалы үш-ақ жыл өтті. Қой, сиыр өсіреді. Беретіні сүт емес, ет. Көңілді етке аударып, жоспарды жақсы орындайды. Бірақ гәп қазір қарын азығында ғана ма? Бай совхоздың кедей клубында жұмысшылармен кешке бас қосып едік, рухани
сусаушылар дауыс көтерді...
— Жолдас депутат, газет оқи алмай отырмыз, — дейді жұмысшы Соловьев. Енді біреудің:
— Радио неге жоқ?! — деген үні ызбарлы естіледі. Сұрақтар маған берілсе де, қасымдағы басшылар төбесін қасып, төмен қарап кетті. Заңды, табиғи тілек тойтарғанға көне ме!
Мойындағандары жөн, ал сылтау іздеу — құр әуре. Жүздеген үйі, мыңдаған адамы бар совхоздың радиосыз саңырау отырғанын көргенде, таң қалдық. Радио жабдықтары дайын, көптен бері складта жатыр. Үйді-үйге жеткізу үшін жүз елудей бағана керек. Соны облыс
орталығынан, тіпті, Алматыдан да сұрап ала алмапты. Ала алмаған совхоз, кінәлі ме, бере алмаған облыс, немесе Алматы кінәлі ме? Ол арасын көлденең көз өзі айырар. Әйтеуір, пейіл табылса, бағана табылатындығы, жұмысшылардың радиосыз отырғаны анық.
Сондай-ақ оқушы жетсе, қазір газеттер жеткілікті екені де анық. Жетпей жатқан іскерлік пе деймін. Әйтпесе өзінен кім аянады. Біздің елде бәрі өзі үшін істелетіні айқын.
Жиналыстан кейін қонақта болып кеш жатсақ та, ерте тұрыппыз. Көз жетпес мидай жазықтың Тарбағатай жақ шетінен Күн шашырап жаңа көтеріліп келеді. Жұпар иісі аңқыған кең даладағы бір шоқ совхоз таң рауанынан ояныпты. Жаппай қимыл. Мал сауған, жер қазған, кірпіш құйып, үй салған, от жарқылдатып, темір пісірген — еңбектің ұлылы-кішілі алуан түрлерімен қоса, алуан ілкемдер де көзге түседі. Сол жан-жақты әрекеттің бәрі жақсы тұрмыс жасауға жұмсалған. Маңыраған ешкі - лақ, қой-қозы, мөңірескен сиыр - бұзау, әлде қайда боздасқан інген - бота, самбырлаған адам үндері, трактор гүрілі... таңертеңгі тұнық әуеде тіпті алысқа кетіп жатыр. Бір шетте жайраған көп машина. Есіл қымбатты мүліктерді күннен, судан қорғар пана жоқ. Пана салуға қыруар күш керек.
Алдымен адам күші жетпеген болар. Жылдан-жылға өсе түскен егін, пішен, мал жұмыстары құрылысқа қол босата бермейді ғой. Дегенмен, орталықта қиқы-жиқы аласа үйлердің арасынан еңсесі биік ақ үйлер көтеріле түзу көшелер тартыла бастаған. Мектеп қасынан екі жүз балалық интернат ашып үлгіріпті. Орны пішулі, жабдықтары тасулы,
болашақ әйбат үйлер де, әдемі ниеттер де «маған қаралап» тұр. Совхоздың батыс жағында қимыл тым қызу. Жапа тармағай үй салып жүр. Төбесі черепица, іргесі тас, тұянадай - тұянадай текше кірпіш үйлер бірінен соң бірі көтеріле қатар түзеп барады. Кірпіштері шикі екен. Ұра басындағы қартаң жұмысшыға кездесіп, сұрақ бердік:
— Кімге салып жатырсыз?
— Өзіме.
- Балшық үйдің сонда өмірі қанша?
— Топырағы келісіп, иі қанса, іргесін, төбесін мықтаса, жүз жасайды. Әйтпесе бір жауында - ақ құлай салады.
— Күш - қаражатыңыз жеткілікті ме?
- Өзімдікі дегенде — өгіз қара күшім бар. Қазына он мың сом жәрдем берді.
Үйші жоғары қарамады. Қолы жұмыста, аузы сөзде. Құныққан жұмысын құрғақ әңгімемен бөгемей, жылыстап кеттік. Өз күшімен салушыларды қоспағанда, осындай мемлекет көмегімен салушылардың саны елуге жетіпті. Егер кооперация құрылыс жабдықтарымен кезінде қамтамасыз етсе, жұмысшылар тезінен - ақ үйге жарығалы отыр.
Бірақ кооператившілердің көбі қыңыр мінезден әлі арылмаған. Жол бойы талай дүкенге кірдік. Халықтың қазіргі керегі әлі тапшы, бұрынғы керегі мол. Сатушылар шампанский сұрағанға ақ арақ, жақсы жібек жүннен тоқыған мата сұраушыларға мақта маталарын ұсынады. Кітап сұраушыға жөнді жауап та қайырмайды. Өйткені кітап жоқ, бар болса, складта не бір тасада былығып жатыр. Онымен әуреленгенше, ұзын мойындарды ұстата салу оңай ғой. Оңай, қашан да арзан. Арзанның жілігі татымайды дейді қазақ. Жұрттың талап, талғамы өзгерген, алға кеткен шақта талай кооператившілер артта жүр-ау, қашан
қуып жетер екен? — дейміз...
Қасымыздағы құдықтан екі әйел бала шелектеп су тартып тұр. Әкесі балшық салып беріп, шешесі сүйретпе қалыппен кірпіш құйып жүр. Дәу бөренені еңкейтіп, шелекті суға батырарда балалар мықшың - мықшың етеді. Мықтымсып келіп ұстай алып едім, мені де мықшитты. Кішкентай ғана бір насос бірнеше адамның осы қызметін атқара алады. Насос
қиын да, қымбат та дүние емес. Совхоз басшылары «адам жетпейтінін» көп айтқанша, бар адамның еңбегін өнімді етуді көбірек ойласа деген пікірмен Ысекеңе қайта оралдық.
Ысекең дегенім — совхоз директоры Ысмағұл Мырзабеков. Ауыл шаруашылығында көптен істейді, Социалистік Еңбек Ері. Кейінгі кезде кәрілік аяқтан алыпты. Оған мойындамайды. «Кәрілік емес, аяғымдікі ауру ғой дейді. Қыстай Алматы дәрігерлеріне емдетсе де, сауыға алмаған. Ауру болса да, тізгін қолында. Совхоз туралы не мәлімет сұрасаң жатқа айтады. Тірі тарих. Біз келгенде пәтерінің алдында, аяғын мамырлай басып, жан-жаққа көз тастап жүр екен. Тұтқиылдан бір сұрақ қойдық:
— «Қазақ әдебиетін», «Жұлдызды» оқисыздар ма?
— Оқитын шығармыз.
— Өзіңіз ше?
Ысекең мүдіріп қалды. Оқымағаны беп-белгілі. Мәдениетшіл, үгітшіл бастықтардың көркем әдебиеттен бұл қасиетті таба алмауына талай таңданғанбыз. Біз томсара қалып
едік, ақырын өзі түзеді...
— Басқа газет, журналдар жеткілікті. Шынында «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдызды» ескермеппіз. Ескертуші де болмады. Енді соның әрқайсысын үш-төрт жүз данадан алдырсақ қанағат па?
— Қанағат! — деп жанымдағы екі тай бірден күлімдеді. Совхоз бұрын сегіз дана алдырса, сегізден төрт жүзге бір-ақ ыршыды. Ыршу-ақ! «Тек әрқашан, әр істе осынысынан танбаса» деген тілекпен совхоздан аттандық.
1962-жылы Ғабиден Мұстафиннің 60 жасқа толған мерей тойына арналған республикалық салтанатты жиналыста мінбеден сөз сөйлеген жиырма шақты танымал адамдар арасында Социалистік Еңбек Ері, Алматыда тұратын атыраулық ақсақал Ысмағұл Мырзабеков те болған еді...
Зормата ауылында осы деректі мақала кейіпкері Ысмағұл ағамыз бен қатар Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы, Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші секретары, Қазақ ССР-і Жоғарғы Советі Президиумының секретары, «Халық Қаһарманы» Хиуаз Доспанова, Қазақ ССР-інің тұңғыш Балық өнеркәсібі халық комиссары (1939-1941) Шайхы Әбішев, Социалистік Еңбек Ері Нәси Нұрханаева, Қазақ ССР-і Жоғарғы Советінің бірнеше депутаты дүниеге келген. Қазір орыны қалмаған дерлік бұл ауылдық кеңес аумағында «Еңбекші таңы» (1930), Киров атындағы (1930), «Ақбұта» (1933) колхоздары құрылып, олардың жүздеген еңбеккерлері ұзақ жылдар бойы Отан игілігі үшін тер төккен.
Атырау-Астрахан халықаралық тас жолы бойында табиғаты тамаша Зормата тұсына оның қысқа тарихы жазылған, айтулы азаматтары бейнеленген тақта орнатылып, автокөліктер үшін айнала ағаш егілген көлеңкелі кідіріс орыны жасалынса – ескерткіштен кем соқпас еді.
Ал, осыны жүзеге асыру қиын жұмыс емес, үлкен қаражат қажеттілігі туындамайды. Құрманғазы ауданының әкімі Аманкелді Барахатов пен мәслихат хатшысы Рифхат Сұлтанияев – облысқа танымал жергілікті ірі кәсіпкерлер Әбдібек Бисенов, Өмірзақ Қажымғалиев, Болат Біралиев, Сағынжан Рахимов және өзгелерді осы іске жұмылдырса, тірі халық – разыланса, марқұмдар рухтары кейінгі ұрпақты жебей түсер еді.
Жұмабай ДОСПАНОВ
«Алтын ғасыр», 2013-жыл