«Астрахан-Мәскеу» жолаушылар поезы СССР астанасын бетке алып жүйткіп келеді. Нәби терезе алдынан кете алар емес. Ерте көктем белгісі – ауа райы күрт жылынып, наурыздың ортасында-ақ көгере бастаған даладан жас шөптің иісі келеді. Еңкейе бастаған Күн астынан жарқырап Ики-Барча өзені (қалмақша атауы сақталған) көрінеді. Сол өзеннің арғы жағында оның үйі, отар қойы, жайылысы қалып барады. 22 жылдай мал баққан өңірі жүрегіне ыстықтанып, жанарына жас үйірілді.
Жанына облыстық партия комитетінің бірінші секретары Василий Иванович Антонов келе қалған.
-Уже, по дому скучаешь, Наби?
-Да, Василь Иванович. Отара перед окотом, беспокоюсь...
Облыстың бірінші басшысы мен қарапайым шопан әңгімелесіп кетті. Емін-еркін сыр шертісуге екеуінде де мұндай мүмкіндік шектеулі еді. Олар орысша, қазақшаны араластырумен ұзақ сөйлесті. Василий Иванович қазақ тілін тек түсініп қана қоймай, әжептәуір сөйлей алатын. Ол - Орынборда дүниеге келген. 11-жасқа келгенінше бұл қала Қазақ республикасының тұңғыш астанасы атанған. Сәби шағында, мектепте - қазақ балалармен бірге жүрген-ді. Кейін комсомол жұмысында да Орынбор облысын көптеп мекен еткен қазақтармен аралас-құралас болған. Енді міне, Астрахан облысын басқарғанында осы аймақтың әрбір бесінші тұрғыны – қазақтармен бірге жұмыс істеуіне, дастархандас болуына тура келген. Солардан бірі - қарапайым шопандықты абыроймен атқарып, КПСС-тің ХХІІІ-съезіне облыстан сайланған 7 делегаттың ішіндегі қазақ жігіті Нәби Бабаев өзімен бірге Мәскеуге келе жатыр.
Қазіргі заманғы қалтадағы жедел телефон жоқ, бұлар жолға шыққаннан бір күн бұрын, 1966-жылдың 22-наурызында СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің үлкен тобына Социалистік Еңбек Ері атағы берілген-ді. Олардың арасында үш астрахандық: Лиман ауданындағы Ленин атындағы колхоздың аға шопаны Авдеев Константин Фролович, бір жылғы құрдасы әрі қандасы, Қарабайлы ауданындағы «Заря коммунизма» колхозының аға шопаны ҚАЛИЕВА Жәмила Рахметқызы және Енотаев ауданындағы «Волжский» совхозының аға шопаны БАБАЕВ Нәби Қайыршақұлы бар екенін В.И.Антонов тек 24-інде, таңертеңгісін жол бойындағы бір қаладан обкомның екінші секретары Иван Григорьевич Дуденковпен автомат-телефон арқылы сөйлескенінде бірінші болып білген. Естіген бойында перрондағы дүңгіршектен дорбасын толтырып арақ-шараптарды ала салып, өздері орналасқан СП вагонға балаша жүгірген. Алдымен бұл қуанышты хабарды екі адамдық өз купесіндегі облыстық совет атқару комитетінің председателі Николай Константинович Блохинге естірткен.
Содан Астрахан облысының делегациясы бір купеге тығылысып, жерлестері Нәби Қайыршақұлы БАБАЕВҚА Социалистік Еңбек Ері атағы берілуін «жууға» кірісіп кеткен.
Бұлар Мәскеуге 25-наурызда келіп . Араға күн салып, жексенбі болса да, Кремльде, СССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі Николай Викторович ПОДГОРНЫЙ съезге келген бір топ марапатталушылар қатарында Нәбидің омырауына Ленин ордені мен Социалистік Еңбек Ерінің «Орақ пен Балға» Алтын Жұлдызын өз қолымен қадап жатқан сәтте - қазақ жігітінің төбесі көкке бір елі ғана жетпей тұрған-ды. Нәбидің мерейін асыра түскен тағы аса қуанышты жайларға Мәскеуде көптеп куә болды, көзімен көрді. Н.В.Подгорныйдың қолынан тап сол күні Қазақстанның сыртынан келген қазақ ұлтты ХХІІІ-съезд делегаттары: Челябі облысындағы «Путь Октября» совхозының аға шопаны Лайық Мұхтарұлы АРЫСТАНБАЕВ (сол облыстың Қызыл ауданында туған) пен Орынбор облысындағы «Октябрь» совхозының аға шопаны Аманғали Дабылұлы МҰҚАНОВ (Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданына қарасты Қобыланды селосында 1926-жылы дүниеге келген) Социалистік Еңбек Ерінің «Алтын Жұлдызына» - Ленин ордені мен СССР Жоғарғы Советі Президиумының Грамотасын қосып алған еді. РСФСР-де қазақтарға мұндай атаққа қол жеткізудің мүмкіндігі тым шектеулі екенін қандастарымыз жақсы түсінетін шығар. Нәби – тек өзі үшін ғана емес, орыс елінде тұрып, ерен еңбек терімен ерекшеленіп, осындай аса жоғары мараптты иеленген Лайық пен Аманғали ағалары үшін қуанған. Ресейлік бұл үш қазақ съезде де, қонақ үйде де әлсін-әлі кездесе берген.
29-наурызда өзінің 11 күндік жұмысын бастаған КПСС съезіне «Алтын Жұлдызын» жарқыратып Нәби Бабаев та кіріп келе жатты. Осы съезде бірінші рет КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары Леонид Ильич БРЕЖНЕВТІ, СССР Министрлер Советінің Председателі Алексей Николаевич КОСЫГИНДІ, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Дінмұхамед Ахметұлы ҚОНАЕВТЫ өз көзімен көрді. Осы съезде қазақ халқының тарихында тұңғыш рет Д.А.Қонаев - КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат болып сайланған еді.
Нәби - Москва өзені жағасында, Кремльдің іргесінде съезд басталар сәтте ғана пайдалануға берілген 3182 бөлмелі (нөмір) 5300 орындық алапат саналатын (1970-жылдары әлемдегі ең үлкен ретінде Гинесса рекордтар кітабына енген) «Россия» қонақ үйінде жатып, кей түндері ананы-мынаны ойлап, өткен өмірін есіне алып, қазіргі жағдайына сенер-сенбесін білмей таң қала берген. Қарапайым шопандықты атқарумен мұндай аса биік дәрежеге жететінін ойламаған, тіпті балгер-тасшы алдын-ала айтса да оған сене қоймас еді. Бұл қонақ үйде 2004-жылы оны бұзып тастағанша куә болғаны - 10 қабатты ғимараттың әр қабатында тәуліктеп төрт-төрттен кафе жұмыс істейді, сол кафелерде Астрахан мен Гурьевтің қара уылдырықтарын қанша сатып алсаң да, ешкім шектеу қоймайды!
Алдымен көз алдында кинодағыдай болып балалық шағы тізбектеліп өтті. Әкесі Қайыршақ - Орал жағыныкі. Совет өкіметі орнағаннан кейін қайын жұрты Гурьев қаласы маңына көшіп келген. Жайық бойында, Бақсай деген орыс казактары мекендеген ежелгі селода балықшылықпен күн көрісін жасаған. Содан 1929-жылы «Бақсай» атты колхоз құрылғанда соған кірген. Келесі жылы Таңдай хуторында Қазақстанның батысында бірінші болып қой өсіру совхозы құрылғанда – соған жұмысшылыққа, құрылысшылыққа, пішеншілікке ауысқан.
Оны анасы далада босаныпты. Қырда совхоз малы үшін пішен шауып жатқан, көптен бері үйіне келмеген күйеуіне жаяулап бара жатқанында, толғақ ұстаған. Құдай мықтап сақтаған, шілденің аптабында жүруге дәрменсіз ана мен дүниені жаңа көрген шарана сәбидің қаталап өліп кетулері әбден мүмкін еді, оларды сақтап қалған - арбалы көршінің үстерінен дәл түсуі еді.
1941-жылдың маусымында кенеттен Ұлы Отан соғысы басталып, желтоқсанда әкесі майданға кеткен. Оның артынан, 1942-нің көктемінде 18-ге толысымен туған ағасы Ғинаят та соғысқа аттанған. Сол жылдың тамызында «Бақсай» совхозы – Бақсай селосынан Таңдай селосына қайта көшіп келген. Нәби екінші класта оқу үшін интернатқа жатқызылады, өйткені анасы қырда, көмекші шопан.
Бала болса да біледі, 1942-жылдың күзі басталғанда неміс-фашист әскерлерінің Қалмақ АССР-ін түгел жаулап, Астрахан қаласына тақалып тұрғандарын. Кеш түссе – облыс орталғы Гурьевтен 50 шақырым Таңдай селосында шам жағылмайды, «Гурьев облысының Европа бөлігі (Жайық өзенінің оң жағы түгелімен) Сталинград майданына тылы саналып, соғыс жағдайында» деген Мәскеудегі Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінен арнайы қаулы келген. Селоның үстімен мезгіл-мезгіл самолеттер ұшады, олардың советтікі, не немістікі екенін балалар түгілі үлкендер білмейді. Әсіресе түнде ұшқандары - тым қорқынышты, жаудыкі болып, бомбаларын сорғалатса – не істейді? Онсыз да Таңдайдың ұсқынан жан шошырлық. Төбелері, есік-терезелері жоқ, жартылай қабырғалы үйлер – бейне осы жерде соғыс болып өткендей әсер береді. Нәби соғыс басталар алдында өзінің туған селосына келгенінде өзге жерде, аудан орталығы Жаманқалада жоқ әдемі үйлер мен жайқалған теректерді көріп, қызығып кеткен. Неге осыншама күйге душар болғанын мұғалімдерден білгендері - 1941-жылдың күзінде Таңдайдан Мақат ауданына, Қандағашқа тартылып жатқан теміржол бойына көшкен «Гурьев» совхозының басшылары құрылыс материалдары ол жақта болмағандықтан, осындағы үйлерді бұзып, қажеттілерін тасып әкеткен.
Үшінші класты бітіріп, каникулға шыққан бойында соғыстан мүгедек болып әкесі келді. Бір ай ғана демалып, бұрынғыша көмекші шопан таяғын ұстаған қолына.
Қыркүйекте СССР Сыртқы сауда халық комиссариаты жүн-елтірі бас басқармасының (Главпушнина) бұйрығы бойынша «Бақсай» совхозынан «Астраханькаракульсовхоз» тресіне шопандарымен бірге 10 мың бас қой (12 отар), 100 мүйізді ірі қара мен 50 жылқы берілу туралы бұйрық шығып, ол жедел жүзеге асырылады.
Бұларды жеткізу жетекшілігіне Жексен Саримов бекітіліп, ол №1-ферма басқарушысынан босатылады да, орнына Қойбақ Иманғазиев 3-ші рет тағайындалады.
Астрахан облысына аударылғандардың тобы мыналардан жасақталады (толық емес тізім).
1.Саримов Ж.,
2.Абатов С.,
3.Абатова Ж.,
4.Абатова К.,
5.Айманов,
6.Әміров Ж.,
7.Әміров Н.,
8.Бабаев Қ.,
9.Баймұхамбетов,
10.Байсұлтанова,
11.Бақтыгереев К.,
12.Бақтыгереев Н.,
13.Баянов Ш.,
14.Бәйімбетов А.,
15.Бәйімбетова,
16.Бекболатов,
17.Бекболатова,
18.Ғайниев К.,
19.Ғайниев С.,
20.Далбақов А.,
21.Доспанова К.,
22.Дүйсембаев А.,
23.Дүйсембаев Ә.,
24.Дүйсембаева Ж.,
25.Дүйсенғалиев,
26.Дүсіпов О.,
27.Елемесов,
28.Елемесова З.,
29.Ердәулетов Б.,
30.Ермекбаева,
31.Есбосынов,
32.Есқалиев К.,
33.Жантілеков,
34.Жексенбаев Х.,
35.Исмақов,
36.Қазбеков Т.,
37.Қамиев Ақуда,
38.Қамиев Қатау,
39.Қанбетов Б.,
40.Қарабалиев,
41.Қарамұрзиев,
42.Құмаров Б.,
43.Құмарова,
44.Құдабаев Б.,
45.Құдабаева,
46.Құсайынова,
47.Мақашев Р.,
48.Мақашева С.,
49.Мәденов М.,
50.Мергенова,
51.Нұрғалиева,
52.Нығметова,
53.Нысанбаева Ж.,
54.Омашев А.,
55.Омашев Н.,
56.Оразғалиев,
57.Өмірзақов,
58.Үмбетәлиев С.,
59.Таңатаров Н.,
60.Таңатарова,
61.Фазылов,
62.Хакимов,
63.Шаштиева,
64.Шошаев,
65.Шынтасова,
66.Ыбырашев Н.,
67.Есенов А.
Төртінші класс табалдырығынан аттағанына жарты ай толмай жатып, Нәби әкесі мен анасына еріп, Таңдай мектебімен, өзіне екі жыл үйіндей болған интернатпен қоштасып, шұбатылған үлкен көшпен Күннің батысына – Астраханға үлкендермен бірге ұзақ жолға шығады. 10 жасар баланың кішкентай жүрегі туған еліне оралмасын сездіргендей,республикааралық шекара саналатын Қиғаш өзенінен өткен сәтте лүпілдеп, көтеріліп кеткенде – аузына запыран дәмі келген... Бірақ оны бейтаныс орыс елінде үлкен бақ күтіп тұрғанын қайдан білсін, оның өзі 21,5 жылда елілеп жылжумен жеткен-ді.
Қайыршақ Бабаев – Енотаев ауданына қарасты «Волжский» совхозына бөлініп, аға шопандыққа тағайындалады. Оның көңіліне медеу тұтқаны – совхоз директорының орынбасарына өздерін осы облысқа бастап келген Жексен Саримовтың қойылғаны еді.
Совхоз орталығы Волжское селосы тарихи орын саналады. Ол 1918-жылы қалмақтардың ежелгі тұрағы Шамбай селосының атауын өзгертумен большевиктік Ресейдің картасына алғаш рет енгізілген. Бұл елді мекеннің ірге тасын қалаған қалмақтың Баталаевтар тұқымының арғы бабасы Шамба көрінеді. Азамат соғысы бұл жерді де шарпып өткен. Ол соғыста жергілікті қалмақтар большевиктер жағында болса, Ұлы Отан соғысында большевиктерден безініп, неміс басқыншыларын ашық-жасырын қолдады. 1931-жылы Волжское селосында дені қалмақтардан жасақталған «Улан Малыч» («Қызыл Малшы») колхозы құрылады.
1943-жылдың желтоқсанында қалмақ жанұяларын депортациялап, Қалмақ АССР-ін таратқаннан кейін, сол жылдың 27-желтоқсанында Астрахан округі – облыс болып құрылып, Қалмақ республикасы құрамында болған Енотаев ауданы осы облысқа беріледі. 1944-жылдың жазында "Красный Скотовод" колхозы – «Астраханькаракульсовхоз» тресіне қарайтын "Волжский" қой совхозына айналдырылады. Совхоз құрылғанда онда 42 үй, бастауыш мектеп, 10 орындық аурухана, 3 мың бас қой, 87 жылқы, 148 мүйізді ірі қара, 40 гектар көкөніс, 7 трактор ғана болған. Бірде бір автомашина болмаған.
Совхоздың тұңғыш директоры – Василий Афанасьевич Греков. Ол совхозды 1944-жылдың маусымынан 1945-жылдың желтоқсаны аралығында басқарып, бұл қызметті Қазақстанның Таңдайынан келген орынбасары Жексен Саримовқа тапсырып, Харабалинск аудандық партия комитетінің бірінші секретарына сайланады. Кейін Саратов облысына ауысып, Вольский ауданындағы «Россия» колхозын зейнеткерлікке шыққанынша басқарып, 1958-жылы Социалистік Еңбек Ері атанады, 1958-1962-жылдары V-шақырылыған СССР Жоғарғы Советінің депутаты болады.
Совхоздың екінші директоры (1945-1950) қазақ ұлтты Жексен Саримов Волжское селосында 4,5 жыл ішінде 100 орындық клуб, 20 орындық балабақша, наубайхана, 15 орындық монша, 2 пәтерлік 18 үй салынады. Ауыл шаруашылығы өнімдері еселеп артады. Осы еңбегі үшін оған 1947-жылы «Еңбек Қызыл Ту», 1949-жылы «Құрмет белгісі» ордендері беріледі. Нәбидің әкесі Қайыршақ Бабаев та – 1949-жылы «Құрмет белгісі» орденін алады. Бір қызығы, Ж.Саримов осы совхозға қайта оралып, партия бюросын басқарғанында - тағы да өзі қамқорлаған жерлес інісі Қайыршақпен бірге 1958-жылы екінші рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.
«Волжский» совхозының одан кейінгі жақсы атақ алған директорлары Павел Григорьевич Шишкин (1950-1953), Василий Карпович Гуциков (1953-1962), Иван Трофимович Кушнир (1962-1985).
САРИМОВ Жексен, 1899-жылы Орал губерниясының (Батыс Қазақстан облысы) Каменск ауданындағы Мартынов селосында туған. 1926-жылдан ВКП(б) мүшесі. Орал ауыл шаруашылығы (1932-1933), совет-партия (1934-1935) мектептерін, Астрахан ауылшаруашылығы техникумын (1949) бітірген.
Кулак Мартыновтың малшысы (1912-1918). Орал қаласында етікші (1919-1920). Орал шикізат дайындау конторында жұмысшы (1921-1924). Орал губерниялық коперативтер одағының күзетшісі (1925-1926). «Айдархан» кооперативінде бригадир (1927-1928). Орал механизаторлар мектебінде курсант (1928-1929). «Первомай» колхозының тракторисі (1929-1931), председателі (1931-1932). Орал ауыл шаруашылығы мектебінде курсант (1932-1933). «Айдархан» машина-ауылшаруашылығы станциясының директоры (1933-1934). Орал совет-партия мектебінің тыңдаушысы (1934-1935).
№8 «Гурьев» қаракүл совхозы саяси бөлімі «Социалистік қой шаруашылығы» газетінің редакторы (06-09.1935), жұмысшылар комитетінің председателі (09.1935-07.1938), директорының орынбасары (07.1938-06.1939), құпия бөлімінің меңгерушісі (06.1939-01.1940).
Бақсай аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы (1940-1941). Бақсай машина-трактор ауылшаруашылығы станциясы директорының орынбасары (1941-1942), саяси бөлімінің бастығы (01.1942-06.1943). Облыстық партия комитетінің нұсқаушысы (06-09.1943).
№5 «Бақсай» қаракүл совхозы №1-фермасының басқарушысы (09.1943-09.1944).
Таратылған Қалмақ АССР-інің Астрахан облысына берілген Енотаев ауданына «Бақсай» совхозының 12 отар қойымен қоныс аударған (09.1944). Ол жақта «Волжский» қаракүл совхозы директорының орынбасарын (1944-1945), директорын (12.1945-05.1950), партбюро секретарын (1955-1960); Енотаев аудандық советі атқару комитеті председателінің бірінші орынбасарын (1950-1952), аудандық партия комитетінің екінші секретарын (1952-1955) атқарған. Зейнеткерлікке шыққасын өзінің туған жері Батыс Қазақстан облысына оралған.
«Еңбек Қызыл Ту» (1947), 2 мәрте «Құрмет белгісі» (1949, 1958) ордендерімен марапатталған.
1962-жылдың қаңтарында зейнеткерлікке шыққан қос «Құрмет белгісі» орденді Қайыршақ Бабаев - аға шопандықты ұлы Нәбиге тапсырады. Әкесі 17 жыл аға шопан болғанында әр 100 аналықтан 131-ден артық қозы алып көрмесе, Нәби сол 1962-жылы 132 қозыға қол жеткізеді. Одан кейінгі көрсеткіштері жоғарылай берді: 1963-жылы – 140 қозы, 1964-жылы – 149 қозы, 1965-жылы – 157 қозы. Соңғы 3 жылда орта есеппен әр 100 аналықтан 148 қозы, әр қойдан 3,8 келі жүн және қаракүл елтірісінің 87 пайызын 1-сортпен тапсырғаны үшін Социалистік Еңбек Ері атағына қашан ие болғаны жоғарыда жазылды. Осы атақты алған 1966-жылы 160 қозы төлдетіп, Енотаев ауданы мен Астрахан облысының рекордын жаңартады.
Келесі жылдың 2-тамызында облыстық партия комитетінің бірінші секретары В.И.Антонов жүрек талмасынан кенеттен қайтыс болғанда – Нәбидің көзіне еріксізден жас үйірілген. Өйткені ол өмірінде алғаш рет облыстың бірінші басшысымен туысқандай болып кетіп еді.
1968-ден 1969-жылға қараған қыс өте қатты болды. Әлсін-әлі жауумен болған қар тіптен қалыңдап қана қоймай, апта сайын дерлік борандатып тұрды. Үскірік аяз екі күннің бірінде 30 градустан асып жатты. 3 айдың ішінде совхоз - 3 мың бас қойдан айрылып тынды. Өзге колхоз-совхоздарда өлген мал саны 5-тен 11 мыңға дейін жеткен. Совхоз бойынша бір қойды шығын етпеген үш аға шопанның отары ғана болды. Олар: Социалистік Еңбек Ері Нәби Бабаев, орденділер Әбуғали Өтепов, Әбуғали Молдашев еді.
Қыс аяқталар шақта облыстық партия комитетінің бірінші секретары Л.А.Бородин совхозға арнайы келіп, осы үш шопан бригадалары мүшелеріне бағалы сыйлық тапсырып кеткен. Нәбидің ұсынуы бойынша оның екі көмекшісі Владимир Белкин мен Тауыш Қимауовқа РСФСР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет Грамотасы берілген.
Л.А.Бородинмен де жеке достығы ұзаққа созылған. Ол облысты басқарған кезде Октябрь революциясы және «Халықтар достығы» орденімен марапатталған. Тура 20 жыл ауыспастан облыстық партия комитетінің мүшесі болған. Бұл кісі 2008-жылы Астраханда дүниеден өткенде – оның қаралы митингісінде сөз сөйлеген.
13 жыл облыс басшылығында болған И.Г.Дуденковпен өте жақсы қарым-қатынаста болған. 1972-жылы әр 100 аналықтан 172 қозы алып, Астрахан облысының рекордын жаңартылмастай етіп (ол рекорд жаңартылмады) көтеріп тастағанында, оны Мәскеуге жетелегендей етіп ертіп барып, министрлермен кездестірген осы кісі болатын. Кейін министрге ауысқанында да бірнеше рет кездескен. 2004-жылы Иван Григорьевич дүние салғанында Астрахан облысы делегациясы құрамында Мәскеуге - оны жерлеуге барған, діні бөлек болса да, есте қалатын жайсаң адамға дұғасын бағыштаған.
Шопан болып жүргенінде, бірде оның үйіне Мәскеуден Бүкілодақтық «Труд» газетінің тілшісі келіп, қойын дәптеріне көп нәрсені жазып, бола келгенінде - соңғы сұрағын қойған:
-Скажите, товарищ Бабаев, у вас двое сыновей. Когда вырастут, кем бы вы видеть их хотели?
-Космонавтами, - деп жауап берген Нәби.
-А если не удается им стать космонавтами?
-Тогда - чабанами.
Тілші таң қалғанын жасыра алмаған:
-Почему, такие две крайности?!
-У тех и других работа слишком важная, государственная. Очень хорошая работа, - деп жымиюмен жауап берген, Еңбек Ері.
БАБАЕВ Нәби Қайыршақұлы (10.07.1934, Таңдай селосы, Бақсай ауданы, Гурьев облысы, Қазақ ССР-і), Социалистік Еңбек Ері (22.03.1966).
Таңдай орталау мектебінің 3-класын бітірген (1944). Әкесіне еріп, совхоз малымен Астрахан облысына қоныс аударған (1944).
Астрахан облысының Енотаев ауданына қарасты «Волжскиий» совхозында көмекші шопан (1944-1962), аға шопан (1962-1994).
КПСС ХХІV-съезінің делегаты. Астрахан облыстық партия комитетінің мүшесі (1968-1988). Астрахан облысы бойынша Социалистік Еңбек Ері атанған 5 шопанның бірі.
Ленин (1966), Октябрь Революциясы (1970), «Халықтар достығы» (1980) ордендерімен марапатталған.
Нәби Бабаев 1990-жылдардың ортасында қой өсірумен айналысатын «Бабаевы» фермерлік-шаруалық құрған. Оны бүгінде ұлы Таупих басқарады.
Келесі жылы 80-ге толатын Таңдайда туған танымал қария сол 1944-жылдан мекен еткен Волжское селосында тұрып жатыр.
Айтылмай қалмасын, 1966-жылдың 22-наурызында - бір күнде Ремейде тұратын 4 қандасымыз Нәби БАБАЕВ, Жәмилә ҚАЛИЕВА, Лайық АРЫСТАНБАЕВ, Аманғали МҰҚАНОВ Социалистік Еңбек Ері атанып қоймай, тап сол күні Таңдайда туған, не еңбек еткен шопандар: 30 жасар Паңгерей БЕРДЕШОВ - Атырау облысының Махамбет ауданындағы «Бақсай» қаракүл совхозында, 26-27-дегі Бақтыгерей МҰҚСИМОВ – Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданындағы «Тайпақ» қаракүл совхозында, 66 жастағы Қылыш ТӨЛЕПОВ – Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы «Сағыз» қаракүл совхозында «Алтын Жұлдыздылар» болған еді... Иә, төрт ауылдас азаматтың төрт жақта жақта жүріп, бір күнде, бір Жарлықпен Социалистік Еңбек Ері атанулары – таң қалдырар тарихи оқиға, сол төртеудің иықтасып бірге түскен фотосуреттерінің тарихқа қалмағаны – «әттең» дегізетін өкініш. Өйткені соңғы үшеу – бұл дүниеден өтіп кеткен...
Жұмабай ДОСПАНОВ
«Алтын ғасыр» газеті, 2013-жыл