СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ АТАҒЫН СЫРТТАН АЛҒАН АТЫРАУЛЫҚТАР
АСАНОВ Қасым Әбуұлы, 1931-жылдың 1-қаңтарында жылы Гурьев (Атырау) облысының Теңіз (Құрманғазы) ауданындағы Утера селосында өмірге келген.
СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ (31.12.1965).
Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы (1972). ВАСХНИЛ академигі (1988). Қазақстан Ұлттық академиясының академигі (1996).
Балалық шағы Атырау қаласы іргесіндегі Тасқала селосында өткен. Қазақ ауылшаруашылығы институтын (1952), К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылығы академиясын (1955) бітірген.
1955-1965-жылдары Алматы облысындағы Шелек темекі совхозының директоры. 1965-1969-жылдары Талдықорған облысындағы ХХІІ партия съезі атындағы колхоздың председателі (бұл қызметті екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтен қабылдап алған).
1965-жылы колхоз қант қызылшасы егісі көлемін 820 гектардан 1000 гектарға жеткізіп, оның әр гектарынан 529 центнерден өнім алып (шаруашылықтың бұған дейінгі жетістігі 464 центнер болатын), республика рекордын жаңартады. Колхоз мемлекеттік жоспарды 132 пайыз етіп орындайды.
Осы көрсеткіштер үшін Қасым АСАНОВҚА сол жылдың 31-желтоқсанында Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин орденімен және «Орақ пен Балға» Алтын медалімен марапатталады.
1966-жылы қант қызылшасын егу көлемін 1080 гектарға ұлғайтып, оның әр гектарынан 471 центнерден қызылша алады. Сондай-ақ, сол жылы жоспардағы 6000 центердің орнына 13294 центнер астық жинап, мемлекет қамбасына тапсырылады. Орта есеппен әр сиырдан (ол да сол 1966-жылы) жоспардағы 2800 литрдің орнына 2987 литр сүт сауылады. Қасым АСАНОВ жетекшілік еткен ХХІІ партия съезі атындағы колхоз 1967-жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылығы академиясында аға ғылыми қызметкер-докторант (1969-1973). Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік тәжірибе станциясының директоры, бір мезгілде Шымкент совхоз-техникумының және дендрологиялық парктің директоры (1973-1987). «Азық және жайылым» ғылыми-өндірістік бірлестігінің директоры (1987-2003).
Ленин (1965), Октябрь революциясы (1981), «Еңбек Қызыл Ту» (1976), «Халықтар достығы» (1986), «Құрмет белгісі» (1958), «Парасат» (2007, өлілей) ордендерімен марапатталған.
2006-жылдың 12-мамырында Алматы қаласында қайтыс болған.
Қасым АСАНОВ – Қазақстанда бірінші болып жайылымдар мен шабындықтар туралы ғылыми зерттеу жасап, оларды тиімді пайдалануды енгізген, сондай-ақ дендрологиялық паркті Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанда бірінші ашқан ғалым.
Ол - Талдықорған облысында еңбек етумен Социалистік Еңбек Ері атанған екінші атыраулық (біріншісі – «Орақ пен Балға» Алтын медаліне 1948-жылдың наурызында арасында бірінші болып қолы жеткен Ысмағұл Мырзабеков).
Жұмабай ДОСПАНОВ,
«Алтын ғасыр», 2018-жыл