Елім... Жерім... Қазағым...
Осы жазбамның негізгі бөлігі «Қазақ халқының тағдыры туралы ойларым» деген атпен 2011 жылдың соңында жазылған. Қолдарыңыздағы «Қайран Қазағым» деген сол, тек соңғы жағына кейінгі жылдардағы ойларымды қосып, толықтырып осындай атпен назарларыңызға ұсынып отырмын. Жазбамда келтірген дәйектер мен мәліметтердің барлығын да мезгілді баспасөз беттерінде жарық көрген тарихшылар, демографтар, ғалымдар, белгілі мамандар жариялаған. Халқымның ғасырлар бойы шеккен азабы мен тауқыметін ойласам, көз алдыма елестетсем, тарихи еңбектерден оқысам төбе шашым тік тұрады.
Жыл сайын 31 мамырды азалы күн деп атап өтеміз, бірақ бұл нәубетті ешқашан ұмытуға болмайды. Ешкімді де, ештеңені де жадымыздан шығармауымыз керек!!! Бұл - тірілердің парызы. Әйтпесе бізді тарих та, ата-бабалар аруағы да кешірмейді.