Көрнекті жазушы, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зейнолла Қабдоловтың туғанына 85 жыл толуына орай шығарылған естеліктер, эсселер және шығармашылық портреттер жинағының жалғасы, басы осында
Ғарифоллла ЕСІМ
«Жақсы адамнан қол үзбе, шөлдегенде сусының» – атадан мирас болып бізге жеткен сөз. Жалғанда шөлдемейтін жан бола ма? Адам тумысынан шөлге жерік. Жазушы, академик, профессор Зейнолла Қабдолов шөлдеген жанға сусын болатын, өз сөзімен айтсақ, жарығы да, жылуы да мол жан болатын. Жақсылық деген жарық сәуле, болмысынан ондай жан-жағына сәуле шашу үшін де мол қуат керек шығар. Сондай мол қуатты, жылы жүректі, дархан көңілді ұстазымыздың ағалық, достық ниетіне талай тәнті болған жағдайым бар. Әркім әрнәрсені өз түсінігімен, өзінің өмірлік тәжірибесіндегі істермен аңғармақ, бағаламақ. Осы қалыпта сөйлесем, менің Зейнолла Қабдоловпен бетпе-бет кездесіп, тіл табысып, тіптен шүйіркелесіп сөйлескенім 1989 жылдың қаңтар айында болды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін сол кездегі Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті жанында ұлттық қатынастарды зерттейтін орталық құрылды. Оның директоры профессор Марат Сужиков болды. Мен осы орталыққа Семей қаласынан арнайы шақырылып, қызметке орналастым. Менің Зекеңмен танысқаным осы күндерде болды. Отбасы көшіп келмеген соң, көбінесе санаторияларда тұрып жүрдім. Реті келгенде таза ауалы жерге орналасқан Қазақстан Жазушылар одағының демалыс үйіне жолдама алып, тұрып жаттым. Бұл демалыс үйінің өз ерекшелігі бар екен. Әсіресе, кешкі тағам кезінде бәрі дуылдасып, бір дастархан басында отырғандай шүйіркелесіп дәм ішеді екен.
Демалыс үйінде мен танитын жазушылардан Сафуан Шаймерденов, Зейнолла Қабдолов, Хасен Әдібаев, Адам Мекебаев бар еді, қалғандарын анық біле білмейтінмін. Осындай кешкі астың бірінде Зекең маған бірер көз қиығын салды. Мен жалпылама сәлемдескенмен, өзге ишарат жасағаным жоқ. Келесі кешкі аста қасында екі «нөкері» бар Зекең, бір жерден келгенге ұқсайды, алдындағы аспазшы әкеліп қойған дәмге назар аудармастан:
– Мына отырған азаматты бұрын көрмегем-ау, – деді.
Тез сөйлейтін Хасен Әдібаев ағамыз:
– Бұл азаматтың есімі – Ғарифолла – деді.
Ары қарай Зекең бірден:
– Әй, бұл Ғарифолла болғанда, Семейден келген Есімов емес пе? – деді.
Хасекең құптап:
– Иә, соның дәл өзі, – деді.
Ойымнан кетпеген соң айтып отырмын, Зекең дарханды осы алғашқы кездестіргенімде-ақ ашылып сала берді. Ол:
– Ал, тамақтарыңды келген соң ішіңдер. Жүріңдер менің бөлмеме, мен мына Ғарифолламен кездескенімді сендерге жуып берейін, әйда кеттік, – деп, он шақты азаматты бөлмесіне алып келді.
Жатқан жері жайлы люкс екен, бәрімізге орын табылды. Мен мынаны Ғарифолла, енді Ғареке дейтін інім үшін ашамын деп, бүтін шөлмекті өзі ашып, бәрімізге құйды. Біз іштік, неше түрлі сөздер кетті. Мәселе онда емес, нендей сөздер қай жерлерде айтылмай жүр дейсің. Көріп жүрген құрмет, қошеметтер де, құдайға шүкір, аз емес, айтпағым, менің қалай қасиетті Зейнолла Қабдоловтың әлеміне кіруім еді. Осы күннен бастап дүниеден озғанға дейін, менің отбасымның реніші мен қуанышының бірінен қалмаған аға еді. Алматы деген ұңғыл-шұңғылы көп, мен сияқты сырттан келген адамға, шынында қауіп-қатері мол қала болатын. Мен түгіл, осы Алматыда өсіп-өнген азаматтардың өздері де сүрініп жатқанда, әрине абай болу керек-ақ еді. Осындай тұста бірден мені Зекең өз қамқорына алып кетті, сақтыққа үйретті, ақылын айтты, жақсы адамдармен таныстырып қана қойған жоқ, әдемілеп табыстырды. Сондай жанның бірінің есімі – әлемге әйгілі, бүгінде ерекше құрмет тұтатын жазушым Әбдіжәміл Нұрпейісов. Сосын асыл академик ағаларым – Серік Қирабаев, Зәки Ахметов.
Ол кезде Жазушылар одағында жиын жиі болатын, сондайдың бірінде «Жұлдыз» журналы бетіндегі сын материалдарға шолу жасау үшін, маған сын секциясында баяндама жасау тапсырылған. Сын секциясының төрағасы – Серағаң. Баяндамада Лениннің «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет» деген мақаласы туралы «Бұл сынға әдеби талдау кейбіреулер жазғандай, метафоралық қызмет атқаратын мақала емес. Ленин партиялық әдебиет деп көркем әдебиетті айтпаған, егер олай десе, ол – қателік, көркем әдебиет ешқашан партиялық болмайды» деп қойып қалдым. Отырғандар ішінде біршама профессор-әдебиетшілер бар еді, бәрі үнсіз қалды. Жарыссөзде сөз алған Зекең:
– Сераға, осы Ленин өзі шынында көркем әдебиет туралы жарытып сөз айтпаған, мына Ғарекең дұрыс айтып отырғанға ұқсамай ма? – деп соңын қалжыңға аудырды.
Мәжілістен кейін бірге шыққанда Зекең: «Сен өзің Орталық Комитетте қызмет атқарасың, бірақ Ленинге өштігің бар екен, байқа», – деді. Сәл ойланып, «Осы Лениннің де күні таяғанға ұқсайды, баяғы заман болса, бұлай екеуіміз бірге шықпас едік», – деді. Бұл 1989 жылдың көктем айы болатын. Ол кезде Коммунистік партия әлі күшінде, бірақ осындай сөздер, әсіресе, Москва жақта жиі естіліп жататын.
Академик Зейнолла Қабдоловтың достық көмегі мен 1994 жылы докторлық диссертация қорғау барысында мейлінше көрінді. Менің жұмысым туралы қауесет сөздер шыға бастады. Ол ғылыми жұмыс емес, Абай туралы тек комментарий деген сияқты. Докторлық диссертациямның тақырыбы: «Абай дүниетанымындағы Алла мен Адам болмысы». Шынында да тосын тақырып. 1 шілдеде қырық бес градус қапырыққа қарамай қорғауға Зейнолла Қабдолов бастаған академиктер – Серік Қирабаев, Жабайхан Әбділдин, Әбдімәлік Нысанбаевтар қатысып, сөз сөйледі. Ресми оппоненттерден кейін іле-шала мінбеге шыққан Зекең ағыл-тегіл сөз сөйледі, есімде анық қалғаны, ол:
– Ғарифолла Есім – философияны ұлттық рельске салды, бұл ең басты «табыс, ал ұлттық рельске нені, қалай салды, оған Канттың философиясын қантша шағатын, академик, мына отырған Жабайхан Әбділдин бағасын берсін – деді.
– Жақсылық жалғасты болсын деген болуы керек, Зекең менің Ұлттық Ғылым академиясына мүше-корреспондент болып сайлануыма белсенді қызмет атқарды, одан бергіде Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған мәжілістегі еңбегі әрі адалдығы естен ешқашан кетпек емес. Осындай жақсы істі Зекең өзінің жүздеген шәкірттеріне, інілеріне жасағанының талай куәсі болдым, ал менің білмейтін ол кісінің жан жомарттығы қаншама?!
***
Өмір деген сол, ұстазым, ақылшым болған Зейнолла Қабдолов дүниеден озғанынан бері бірталай мерзім өтті. «Жақсы адам – жарық шам» деген формула адамның тек бұл фәнидегі кезіне ғана қатысты айтылатын сөз емес екен, ол адамға мәңгілік берілетін баға екен. Азаматтар бас қосып қалғанда Зекең, оның керемет сөздері, қылықтары сөз болмай қалмайды. Дуылдасып, Зекең айтты деген сөздерді қайталап, мәз боламыз.
Зейнолла Қабдолов ғалым, жазушы, ұстаз, парасатты, кісілікті абзал азамат, баршамызға үлгі еді. Әрине, менің бұл пікіріммен келіспейтіндер де болар, әркімнің өз биіктігі бар емес пе?
Адам неге болсын өзі шыққан биіктен жан-жағына көз салмай ма, сондықтан кім не айтса да, бәріне түсінікпен қараған абзал. Бұл айтуға, жазуға жеңіл болғанымен, өмірде орындалуы аса қиын іс. Біреудің біреуге өз көзқарасын тықпалап жатқанын күнде көріп жүріп, шіркін, Зекең-ай, осындайда қысқаша қайырып:
– Ондайларды аяу керек, – дейтін.
Адамға аяушылық білдіру ізгілік сәулесі, мұсылмандық нышаны, бәрін білуші бір Алла, алайда, Зекеңнің мұсылман екеніне менің шүбәм жоқ.
Жалғасы осында