АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ, ТЕРЕҢНIҢ ТҰНЫҒЫ

АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ, ТЕРЕҢНIҢ ТҰНЫҒЫ

Көрнекті жазушы, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз –  ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зейнолла Қабдоловтың туғанына 85 жыл толуына орай шығарылған естеліктер, эсселер және шығармашылық портреттер жинағының жалғасы, басы осында 

 

Мыңбай РӘШ

Мыңбай_Рәш

Сурет! Жай ғана емес, сұлулық суретi.

Тылсым табиғат, тәңiр жазумен сырлы салынған сурет. Әншейiн емес, жанды сурет. Сезiм суретi. Жұдырықтай жүрек кез-келген пендеден табылады ғой, ондай да емес. Құдiрет болмысын да, түр-тұлғасын да бѳлшекке кесiп-пiшiп, ѳз құзырымен сомдаған ғажайып сурет iспеттi. Естiр құлағы, кѳрер кѳзi, сѳйлер тiлi бар бейне. Бiр сѳзбен айтсақ, ѳзiмiздей ол да Құдайдың құлы. Пенде. Анау-мынау емес, пенденiң пiрi. Тұтастай алсаң – Тұлға! Жүрiс тұрысы, мiнез-құлқы, тындырып кеткен iстерiн ескерсек, әлгi «тұлға» деген бiр-ақ сѳзге сияды екен. Мұндайда:

«Осынша дәрiптеп отырғаныңыз кiм?», – дейсiздер ғой. Жауабым дайын, әлбетте.

– Қазақтың «аса кѳрнектi» деп айдар тағып айтар сѳзiне лайықты азамат академик-жазушы Зейнолла Қабдолов!

Әдебиетiмiздiң классигi, бұрынғы «Ара» журналының бас редакторы болған, кейiн Жазушылар одағын екi рет басқарып, зейнеткерлiкке шыққан кезiнде қастерлi ұстазым Ғабеңнен бiр күнi:

– Ғабе, кейiнгi кездерi қандай тақырыптарға жазып жүрсiз? – деп сұрағанымда, ол ѳзiне тән маңғаздығымен сәл ғана езу тарта жымиып:

– Жас ұлғайғандықтан шығар, күнделiк жазып жүрмiн, – деген едi.

Содан берi айлар ағындап, жылдар жылжып ѳтiп жатыр... ѳтiп жатыр...Бұл күнде менiң де жасым қартаң тартқандықтан болар, естелiк жазуға машықтана бастадым. Жасырып-жабары жоқ, қайсыбiр менiң құрдастарым: «Естелiк кiмге керек?», – деп мұрын шүйiргендерiн де естiдiм. Жоқ! Олай емес, естелiк әбден керек. Бақиға озған тұлғаларды еске түсiрудiң не артықтығы бар? Кѳздерiн кѳрiп, сѳздерiн естiген елдiң елеулi тұлғалары хақында сыр шертудiң қандай айыбы бар? Әбден қажет!

Осындай сезiм құшағында мен аяулы азамат, даңғайыр бiлiмдi замандасым Зейнолла аға хақында басы нәрлi, соңы зарлы естелiгiмдi жазуға тура келдi.

Менiң Астанадағы «Елорда» баспасынан басылып шыққан «Мен айтпай, сiрә, кiм айтар?» атты естелiк кiтабымда Зейнолла Қабдолов туралы тиiп-қашып айтылғаны болмаса, толығынан арнайы жазылмаған едi. «Кейiн қосармын, кейiн жаза жатармын» деп жүрiп, аяқ астынан Зекеңнен айырылып қалған соң, ѳкiнiштiң ѳртiне түсiп отырғаным мынау ... Әйтпесе, Зейнолла аға әлгi тұлғалармен терезесi тең едi ғой.

Тегiнде, қазекем тiрi жүргенде аса iрi тұлғалардың бағасын бажайлай бiлмейдi. Ѳмiрi үзiлген соң ѳкiнiш ѳртiне оранып:

– Ойбай-ай, пәлi-ай! – деседi.

Ағаттықтың кѳкесi осында жатыр. Тұлғаларды кѳзi тiрiсiнде аялап, қастерлеу қажет қой. Бiр ғана мысал. Ақын Мұқағали Мақатаев менiң кѳз алдыма елестейдi. Кезiнде күмпiлдек тобыр кѳз тоқтатып кѳргiсi де келмей, «Е кѳптiң бiрi, қоянның жүнi» санаған ақынды ѳлген күнi:

– Қап, пәле-ай, ғажайып ақынымыздан айырылдық-ау! – деп атақты Әбдiлдәнiң аһ ұрғанының куәсiмiн.

Солай! Бұл қазақтың маңдайына бiткен қасiрет! Осындайда «ақсақ қой түстен кейiн маңырайды» деген ерiксiз есiңе түседi.

Иншалла, бұ жағынан қарағанда Зейнолла Қабдолов жұлдызы әу басынан жарқырап туған тұлға екенiн жасыра аламыз ба? Студенттiк шағының ѳзiнде Зейнолла Қабдолов есiмi оқырман қауымға етене таныс едi. Кѳркем әдебиетте ойлы-күйлi алғашқы ѳлеңдер жинағымен кѳрiнген Зейнолла Қабдолов есiмi мен оның замандасы, досы, сыншы Серiк Қирабаев екеуi сол кезде-ақ кѳп кѳзiн елең еткiзгендi.

Тiптi жоғары оқу орнында студент болып жүрген кездерiнде-ақ қазақ кѳркем әдебиетiне түрен салған жас дарындар қатарында танылғаны тайға таңба басқандай белгiлi.

Екi шәкiртiнiң екеуiне де ұлы Мұхтар Әуезов ұстаздық етiп, батасын бердi. Үлкен үмiт күттi.

Екеуi де сол үмiттi ақтап шықты. Ақтағанда қандай! Бiрi – ғұлама ғалым, академик-жазушы болса, екiншi сарабдал әдебиет сыншысы һәм академик. Әттең, соңынан ерген елiне елеулi екi шәкiртiнiң осы дәрежеге жеткендерiн Мұхтар Омарханұлы кѳре алмай, ертерек бақиға озды. Бiрақ қалың жұрт, ѳскелең ұрпақтары кѳрдi. Бұл күндерi Мұқаңның ѳзiмен бiр мақтансақ, шәкiрттерiне шапағаттарын мол шашқан осы екi тұлғамен және мақтанамыз.

...Зейнолла аға хақында бiр үзiк сыр шертуге керi қарай оралайыншы. Жаңылмасам, сексен бiрiншi жылдың шiлдесiнде жүрдек поезбен жолға шықтым. Бағытымыз – Балтық жағалауы. Оған жету үшiн Мәскеуге соғып, Рига вокзалы арқылы аттанасың. Ғажап болды! Купеден шыға бергенiмде:

– Мықа, қалай, күйлi-қуаттысыз ба? – деп, ол әдетiнше сызыла сѳйлеп, хал-ахуалымды сұрап, iшi-бауырымды елжiретiп жiбердi. Таныс тұлға. Бұрын талай естiп, құлағым тәнтi болған дауыс.

Зейнолла аға! Кәдiмгi Қабдолов! Қуанғаным соншалық:

– Сiз қайда барасыз? – деп жатырмын.

– Балтық жағалауындағы шығармашылық үйiне! Әу, ѳзiң қайда барасың?

– Мен де соған...

– Бәрекелдi, бiрге тынығатын болдық, бiз анау 9-купедемiз, – дедi Зекең.

Қасында әдетiнше бозала бала қайыңдай ақша жүзiне жараса түсiп, мойыл кѳзi күлiмсiреп Сәуле жеңгемiз тұр.

– Хамит ағаң да бiздiң купеде! – дедi Зекең.

Бақсақ, Хамит Ерғалиев Ленинградтағы теңiз флотында iстейтiн баласына сапарлап барады екен. Мәскеуге жеткенше үш тәулiк жол жүру керек. Бiрақ бiздi жалықтырған жоқ. Жол бойы Шымкенттен, Қызылордадан Зекеңнiң шәкiрттерi шығып, құшақ жая қарсы алып жатты. Ал Оралға келгенде бiр ағайындары күтiп тұр екен. Және бiр туысы үш литрлiк банкаға тығыздай толтырылған қара барқыт түстес балық уылдырығын сыйлап жатыр.

– Әу, бұларың не? – деп Зекең ыңғайсызданып едi.

– Уақасы жоқ, ѳз Жайығыңның дәмi ғой, жолда керек болады, – десті олар

Мәре-сәре болып, дәм-тұзымыз жарасып, үш тәулiктен аса бере Мәскеуге келдiк. Хамаң Ленинградқа тартты. Зекең мен бiздiң отбасымыз Рига вокзалынан Дубалтаға жеттiк. КСРО Министрлер Кеңесiнiң тѳрағасы  Косыгин мырзамен дарбазасы жапсарлас кѳп қабатты Жазушылар одағының шығармашылық үйiне кеп жайғастық. Зекең мен Сәуле жеңгей 6-қабатта. Менiң отбасым 2-қабатта.

Қолымызда тоғыз жасар сүт кенжемiз Нұржан деген ұлымыз бар.

...Күндер ѳтiп жатты. Асханада тѳңiректiң тѳрт бұрышынан келген қаламгерлер бас қосып, тамақтанады. Зекеңнiң ерекше қастерлілiгiн сонда байқадым. Шет жұрт жазушылары шеттерiнен келiп:

– О, здравствуйте, Зейнолла Кабдолович! – деп жапатармағай сәлемдесе кетедi.

Орыс, украин, беларус жазушыларын Зекең маған таныстырып жатыр.

– Анау «Блокаданың» авторы Чайковский, анау Вадим Кожевников, анау Роберт Рождественский, анау Олесь Гончар, анау Егор Исаев...

Қойшы, бәрiне қанық, бәрiн де бiледi. Шынымды айтайын, о кезде мен кейбiреулерi болмаса, кѳбiсiн бiле бермейтiнмiн. Қайта Зәкең әлгiлерге менi:

– Мынау қазақ сатиригi! – деп таныстырып жататын-ды.

Мен Зекеңдi бiле бастағаныма да алпыс жылға аяқ басыпты-ау!

Мезгiл қандай жүйрiк. Сонау Мұхаңның шәкiртi болып, ҚазҰУ-де оқығанын бiлетiнмiн. Әзiлхан бастап, Сафуан, ѳзi, Мүсiлiм, Тұрсынбек, Жұмағали болып жалғасып кете беретiн қаламы жүйрiк журналистер iшiнен ол кѳркем әдебиет саласында алғашқылардың бiрi болып, Мұхаң, Сәбең, Ғабеңдердiң кѳзiне шалынған-ды. Ұстаздық пен жазушылық тiзгiнiнен қатар ұстап, таңдаулылар тобына сол кездiң ѳзiнде-ақ қосылды. Ал оның адамгершiлiгi жағы да ѳзгелерге ѳнеге боларлықтай ѳрелi қалпынан бiр танған емес. Әсте қатты дауыс шығармайды. Ақырындап айтып-ақ, «мақтамен бауыздағандай» мысын құртатын. Әдептiлiк, кiсiлiк, үлкендерге iнiлiк, кiшiлерге ағалық қасиеттерi қашанда табиғат берген сұлу пiшiнімен астасып жататын. Сол жiбектей есiлген бiртоға мiнезi о дүниеге озғанға дейiн жалғасты.

Сол Балтық жағалауындағы кез есiмнен кетпейдi...

Сәуле мен бiздiң үйдегi Сталина шүйiрлескен бойы электричкамен жағалаудағы қалашықтарды аралап кетедi. Бала-шаға, немерелерiнiң қамы ғой баяғы – о жақта тоқыма бұйымдары ѳте кѳп болатын, содан да шығар. Бiз Зекең екеумiз Балтық теңiзi жағалауына барып, бiр-бiр сүңгiп алып, палаталарымызға оралып, жазумен айналысамыз. Зерiккен кезде кѳбiгi кѳпiрген Рига сырасынан бiр-бiр саптыаяқ сiмiріп аламыз. Зекең сәл жымиып:

– Әу, уылдырықты ұмытпа! – деп қояды. 26 күн бiрге болдық. Бiр айға жуық! Бiр ғажабы, Зекең шығарманы асықпай жазады екен. Сондықтан да шығар, туындылары тартымды болып келетiнi. Сонда бiр рет суретке түсу ойымызға да келмептi-ау. Махамбет жайлы роман жазуға кiрiскенiн де айтып едi.

Бiр күнi:

– Әй, Мықа, кәнi тыңда, пiкiрiңдi айт, – деп бiр тарауынан үзiндi оқыды... Бас! Кәдiмгi адамның басы. Жай ғана емес, Жәңгiр ханның екi аяғын бiр етiкке тыққан батыр Махамбеттiң басы. Жәй ғана сѳздер емес, сурет. Жанды сурет. Ашуыңды айтақтатқан, ханға деген жан жүрегiңдi түршiктiретiн сурет. Сѳз кѳсемi ғана сомдай алатын, хас шебер қаламымен ғана салынатын сурет болып елестетедi кѳз алдыма.

Қаз дауысымен қоңырлата ғана оқыған қаламгер туындысы менi қатты тебiренткен едi!

...Содан берi қанша жыл ѳттi! Кейiн қанша кездесiп жүрсек те, батыр туралы романыңызды бiтiрдiңiз бе деп сұраудың ретi келмептi.

Менiң бәзбiр замандастарым жылына бiр-бiр роман туындатып, сиясы кеппей жатып, сыйлыққа ұсынуды әдетке айналдырғанын есiме алып:

«Қайран Зейнолла ағам-ай», – деп ауыр күрсiнемiн. Жоқтаймын. Сағынамын. Ѳзектi жанға бiр ѳлiм десек те, Зекеңнiң орны бѳлек едi ғой!

Дубалтада демалып жатқанда, бiр күнi ғимарат сыртындағы аулада ойнап жүрген менiң балам Нұржанның бет-аузы қып-қызыл қанға боялып, жылап келдi. Қолында үлкендеу тасы бар, тiстенiп алған, бiреуге жұмсағысы келiп тұр.

– Ә, Нұржан, мынауың не? – дедi Зекең.

– Бұл тас! – дедi Нұржан жұлып алғандай, – Анау Аускастың тұмсығын бұзайын деп едiм...

– Қой, олай етпе! – деп Зекең табанда айнытып шығарды, – «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деп Абай атаң айтқан. Кектi болма, тектi бол. Мұны әлi-ақ ержетiп, есейгенде бiле жатарсың!

Сол-ақ екен, менiң тiлiмдi жѳпелдемеде ала қоймайтын, шолжыңдау ѳскен Нұржан жым болды. Түксиген қабағын ѳзгертiп, уысындағы тасын тастай салды да, қозыдай қутың қағып, жүре бердi. Зекең ұлты латыш Аускастың да тiлiн тапты. Екеуiн қолма-қол достастырып:

– Кәне, бiр-бiрiңнiң қолдарыңды қысыңдар! – дедi. Екi бала Зекеңнiң айтқанына кѳнiп, түк кѳрмегендей ойындарын жалғастырып кеттi.

Бұл ұстаз-ғалымның тәрбиелiк тағылымының бiр сәттегi кѳрiнiсiндей сезiлдi маған.

Бiрде академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың әл-Фараби атындағы университеттiң үлкен құрсағы толы аудиториясында студенттерге оқылған дәрiсiн тыңдаған едiм. Басын байыппен бастап алып, бара-бара ақ нар толқындарын аспанға атып, арнасына сыймай кеткен мұхиттай мѳңки жөнелсiн... Тәңiр-ау! Осыдан алпыс жыл бұрынғы, яғни, 1946 жылы ұлы Мұхтар Әуезов бiзге оқыған дәрiсiн тағы да есiме түсiргенiн қарашы! Ау- майды-ау! Аумайды! Ой ѳрiсi, сѳз саптаулары, дәрiс оқу мәнерi дейсiз бе?... Бәрі-бәрi ұлы ұстазды кѳзге ерекше елестетедi.

Сонда қазiргi академик-сыншы Серiк Қирабаев, қазiр арамызда жоқ: Айқын Нұрқатов, Баламер Сахариев, Нығмет Ғабдуллин, Шәмшиябану Сәтбаева және басқалар болып, аузымызды ашып, кѳзiмiздi жұмып, тәнтi болатын едiк қой. «Қалай қалай сiлтейдi!» – деп сiлтiдей тынған қалпымызда дәрiстi қызыға да, құлшына да тыңдайтынбыз. Жазып үлгере алмайтынбыз. Онсыз да құлағымыздың құрышы қанып, жүрегiмiз тебiренетiн. Жанымыз толқитын. Ѳңкей бiр аллитерация мен ассонансқа айналып жатқан сұңғыла сѳздер... «Өмiрдегi мол мiндi, сан сорақыны, кѳп кѳргенсiздiктi неге кѳрмей келемiз?», – деп дана Мұхтар айтқандай тѳгiледi кеп! «О, бәрекелдi! Бәсе!», – дедiм iшiмнен. Зекеңнiң «Менiң Әуезовiм» деп ұлы ұстазын ѳзгелерден қызғанғандай, ѳзiне ғана тели шығарма жазуы тегiн емес екен ғой! Ендеше, асылдың сынығы, тереңнiң тұнығы деуiмiз Зекеңнiң бойына әбден жарасады емес пе?! Әлбетте!

 

Туғанда дүние есiгiн ашады ѳлең,

Ѳлеңмен жер қойнына кiрер денең, –

 

деп дана ақын айтқандай, Зейнолла ағамыз дүние есiгiн ѳлеңмен ашып, алғашқы шығармашылығын ѳлеңмен ѳрiп, жеке жинағын шығарудан бастап, романдарымен жалғастырып кеттi. Ұстаздық жолына келсек, құйып алар құлаққа сабақ болар сѳздерiн айтып кеттi. Мол парасаттылықпен, шебер шешендiкпен айтып кеттi. Келе-келе ұлы Мұхаң секiлдi тарлан тұлғалардың бiрi ғана емес, бiрегейiне айналып кеттi. Ѳз атын Қазақ Елi тарихына алтын әрiптермен жазып кеттi.

Жалғасы осында

Теги зейноллақабдолов зейнуллакабдулов тайсойғансайты