ТҰМАР ТАҚҚАН ТҰЛҒА

ТҰМАР ТАҚҚАН ТҰЛҒА

Көрнекті жазушы, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз –  ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зейнолла Қабдоловтың туғанына 85 жыл толуына орай шығарылған естеліктер, эсселер және шығармашылық портреттер жинағының жалғасы, басы осында

шОТА уАЛИХАНОВ

Шота УӘЛИХАНОВ

 

Зейнолла ағай – бақытты адамдардың бірі. Бақытты болуының, меніңше, үш себебі бар. Бірінші – тектілігі, екіншісі – өнер-білімге құштарлығы, үшінші – жақсы адамдарға жұғыстығы. Сондықтан болар, ұстазы – Мұхтар Әуезов, досы – Әбдіжәміл Нұрпейісов, жан серігі – ай сәулелі Сәуле ханым. Зекеңнің түйген ой-түйсіктеріне, айтқан тапқыр сөздеріне, жазғандарына таңданатын тұстарым аз емес. Ағамыздың кейбір сөздері маған тасқа қашалғандай болып көрінеді. Мына бір сөз өрнектеріне назар аударайықшы: «Жазушы – елдің биі, шешені ғана емес, ұлттың көсемі». «Тілі әрсіздің ойы нәрсіз». «Әдебиет – өмірге әр кездегі қоғамдық жүйемен бірге келіп, бірге кетіп отыратын қолжаулық емес. Тұрлаулы, тұрақты ой әлемі». «Махамбеттің әр сөзі – құйылған құрыш, қорытылған қорғасын». «Өмір көркі – махаббат». «Арманның таусылған жері – адамның өлген жері». «Аға алдында кішілік керек, Адам алдында кісілік керек».

Зекең, өмірде болып жатқан кейбір көлеңкелі жайларды әзіл-оспақпен айтып, шындықты алдыңызға жайып салады. Ол тапқырлықты, бір ауыз сөзге терең ойды сыйғыза білуді, даналардан, алдында өткен ағаларынан үйренгені даусыз. Кешегі өткен ұлы Ғабаң: «Әдебиет пен өнер ұлы болмай, ешбір ұлт ұлы бола алмайды», – деген жоқ па еді?! Болмаса, Ғабиден ағай: «Біз ұлтшылдықпен күрескен едік, енді сендер ұлтсыздықпен күресіңдер», – деп айтып кетпеді ме?!

Халықта «Көп нәрсе еркектің қолында, ал еркек әйелдің қолында» деген де сөз бар. Сондықтан, жоғарыда, Зекеңнің бір кілті Сәуле жеңгейдің қолында дегенім бекер емес.

Зекең жасынан сымбатты, ойы алғыр, көзі көреген адам болған ғой. Ес білгеннен бастап:

 

Ажары атқан таңдай ару жастың,

Қасы бар қанатындай қарлығаштың,

Жанары жана біткенді елжіреткен,

Болсайшы бәрі сондай қарындастың, –

 

деп елтіп, тамсанып, сұлулыққа ынтық  болған адамды бір қолда ұстап тұру оңай болмаса керек.

Сәуле жеңгей көркімен, ақылымен, тазалығымен Зекеңді ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстады, тіпті бұлтартпады деуге болады. Ол кісінің өз әдістері бар: бастысы – сабырлылығы.  Жеңгеміз ешқашан аспайды, саспайды, тіпті қабақ шытқанын көрген жоқпыз, ондай жай болса, білдірмейді-ау, шамасы.

Аңғарған боларсыздар, кейбір жеңгейлер мен келіндеріміз атақты жұбайлары арқасында, Абай айтқандай «әсемсәп сәнсіп, білгенсіп бәлсіп, қисайта тартып мұрынын», кес-кестеп ешкімге сөз бермей, ақылгөйсіп жол сілтеп отырғанын көргенде, жағаңды ұстайсың. Ал, Қабдоловтардың береке-бірлігі, тату-тәттілігі,  өзгелерге сыйлылығы бір жағы Сәуле жеңгейге байланысты екендігі хақ.

Бір сөзбен айтқанда, Зейнолла ағай, мен сияқты, сәтті үйленген адамдардың бірі. Өзімді айтып отырғаным, мен де  бөтен адам емеспін – ҚазМҰУ-дің күйеу баласымын. Оның үстіне әйелім – Зекеңнің қарындасы. Бір таң қалатыным, Зекең әлі күнге дейін қарындасымен «Аяулы Зинаида Каримовна» деп сөйлеседі.

Мақтауға тұрарлық адамды орнымен мақтау, дұрыс бағасын беру қиынның қиыны. Ал, Зекең болса, мұндай тар жол, тайғақ кешу өткелдерден сүрінбей өтіп жүр, бүгінге дейін алдына жан салмай келеді.

Бәріміз айтып жүрген: «Ғабеңді мақтаудың керегі жоқ, Ғабеңмен мақтану керек» деген қанатты сөзі мәңгі жүрегімізде. Бәз біреулер үлкен жиындарда, Зекеңе сілтеме жасамай, өз сөзі ретінде  де айтып қояды, біз күлеміз де, қоямыз.

Бірде Хамит Ерғалиевке Зекең: «Хама, сіздің бір кемшілігіңіз бар, білесіз бе?!» – депті. «Не деп отырсың?» – деп Хамаң қаһармен қарайды. Сонда Зекең: «Сіздің кемістігіңіз – сіз жаман өлең жазуды білмейсіз ғой», – деген екен.

Мына бір оқиғаға өзімнің куә болғаным бар. Белгілі бір адамды жұрт мақтап жатты. Біреу тұрды да: «Ханда қырық кісінің ақылы бар деген, мына кісіде, хан болмаса да, қырық кісінің ақылы барына мен күмәнданбаймын», –  деді. Сөз кезегі  келгенде, Зекең тұрды да: «Қырық дейсіз, бұл кісіде қырық бір кісінің ақылы бар ғой», – деді. Сөзін асырды, не дейсіз?! «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген осы.

Зекең – мойнына тұмар таққан адам. Тұмарының үш бұрышы бар. Олар: жазушылығы, ғалымдығы, ұстаздығы.

Пенде болған соң, Зекеңде де кемшіліктер бар ғой, жаулары да болу мүмкін. Француздың ұлы жазушысы Александр Дюма: «Егер өмірімдегі маған лақтырылған тастарды жисаңыз, жазушыға деген дүние жүзіндегі ең үлкен ескерткішті жасауға жетер еді», – деген екен. Тіршілікте не болмайды?! Сол Дюманың мәйітін биыл француздар қазып алып, Париждегі ұлылар жататын Пантеонға қайта жерледі. Оған Францияның президенті, менің құрдасым, Жак Ширак қатысты.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бәрімізге сыншы – тарих.

Жалғасы осында

 

 

 

 

Теги зейноллақабдолов зейнуллакабдулов тайсойғансайты