Көрнекті жазушы, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зейнолла Қабдоловтың туғанына 85 жыл толуына орай шығарылған естеліктер, эсселер және шығармашылық портреттер жинағының жалғасы, басы осында
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ
Бүгінгі салтанат иесінің күні кеше өткен мерейтойында да талай тіл мен жақ сайраған. Бұл кісінің ел мен халық алдындағы, әдебиетіміз бен мәдениетіміз алдындағы зор еңбектерін, үлгі, өнегесін бар қасиетімен толымды түрде айтып берген. Осы мінбеден қазіргі сөз алып сөйлеушілер олардан асып түспесе кем соғып тұрған жоқ. Мұның өзі, біріншіден, тек педагогтік еңбегінің өзі жарты ғасырдан асып бара жатқан юбиляріміздің рухани әлемінің сарқылмас кеніш екендігін дәлелдесе, екіншіден, мәтелге айналып бара жатқан бір тіркесті қайталағанда, әр шешеннің өз Қабдоловы бар екенін паш етеді.
Мәтел сөзге айналып бара жатыр дегенде нені мезгейтінім осы отырған зиялы қауымға түсінікті болуға керек. «Менің Әуезовім» деп аталған роман-эссе бәріңіздің естеріңізде. Өз Қабдоловы дейтінім, шешендер Зейнекеңнің сан салалы творчествосының қыр-сырларын жақсы білетіндіктерін танытты.
Біз роман-эсседе атақты автор өз геройы Мұхтар Әуезовті қалай бағалап жазғанын жақсы білеміз. Менің Қабдоловым дейтіндер де оған соншалық ілтифатпен қарауы керек қой деп өз басым дәл солай ойлаймын. Өз басым дейтінім, «Менің Әуезовім» шығармасындағы авторлық позицияға дау айтушылар да табылып қалады.
Бастапқы әзірде жаңа шығарма тақырыбына, стиліне жатырқай қарайтын оппонент табылатынын сұңғыла автордың өзі де сезген. Сезген де: менің Әуезовім «тек қана өзімше таныған, өзімше білген, өзімше бас иген Әуезовім» деп беймәлім оппонентімен алдын ала сөз жарыстырған.
Құданың құдыреті, шығарма жарыққа шығар-шықпастан жаңағы белгісіз оппоненті нақ қасынан табыла кеткені. Романның тақырыбына жармаспаса да, кейіпкерін меншіктедің демесе де, оппонент «бас иген Әуезовім» деген сөзге қадалды.
– Бұл жолғы Әуезов, – деді ол, – кейіпкерің. Кейіпкерін пір тұтқан қаламгерді сенен көріп отырмын. Шыңның құзар басына шығарып қойып, өзің төменнен көз сүзесің. Мейлі кім болса, ол болсын, авторы шығармасының кейіпкеріне биіктен именбей қарауы керек.
Осы сөздер айтылып жатқанда мен олардың қасында тұрғам. Оқыстан пайда бола кеткен оппонентіне автор жақ ашқан жоқ. Уәжге-уәж қайтармады. Мен де үнсіз қалдым.
Көмейіме келіп қалған наразы сөз булығып, ішімде тұншықты. Соны сыртқа шығарудың реті енді келіп тұр. Өйткені, Құдайға шүкір, менің де өз Қабдоловым бар.
– Ау, оппонент мырза, – дегім келіп еді менің, – көркем шығарма кейіпкері қалаған жеріңе көтеріп апарып қоя салатын қуыршақ емес шығар. Олай деп есептеудің жөні қалай болар екен?.. Күлкіге қалмайық десек, олай етпеуіміз жөн. Әнеу бір жылдары бір драматург жаңа жазып жатқан пьесасының барысымен Сыр ағаңды (Сырбай Мәуленовті) таныстыра келе: «Бірінші акті соңында төрт бірдей кейіпкерімді өлтіріп, біреуін жарақаттадым» деп екіленеді. Сонда Сыр-ағаң тұрып:
– Уа, достым, бүгін бәрін қырып тастаймын десең де, халқың өз қолыңда ғой, – деген екен.
Бұдан түйетін ғибрат: бойында жаны бар шынайы көркем характер бетін түзеп алған соң өзіне-өзі жол салып отырады. Роман-эссенің бас кейіпкері – Әуезов. Талай талантты бабына келген тұлпардай етіп баулыған Әуезов. Сол тұлпардың бірі – болашақ академик-жазушы Зейнолла Қабдолов. Әуезовтің сүйікті шәкірті. Ұстазы мен шәкірті бірімен-бірі іштей табысқан, сыйластықтары бір-біріне өзгеше жандар. Ұстазы: «Ғазиз көретін, сұлу мінез, сұлу білім, өнер иесі досым, інім», деп үзіліп тұр. Міне, сондай ұстазға арада талай жыл өтті екен деп, «әй, сен кім едің осы?» – деп, оған жоғарыдан төмен қарап, әзерге шырамытуы қалай болар еді? Өйтсе, шындыққа көрінеу қиянат жасалмай ма?
Бүгінгі той иесі «бас иген Әуезовке» біз, осы отырған бәріміз де бұрын да, қазір де бас иіп келеміз. Ал, «сұлу мінез, сұлу білім» шәкіртіне ше?
Мен өз басым университетіміздің Зейнолла Қабдоловтай ұстазға көрсетіп жатқан қошемет-құрметіне дән риза екенімді білдіргім келеді. Өз кезегінде университеті де осындай түлегін мақтан етері сөзсіз. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің мәртебесін әуезовше әуелетіп көтерген «Менің Қабдоловым» жөнінде де түбінде бір роман-эссе жазылатынына кәмілмін.
Ал, мен білетін Қабдолов сонау студенттік кезден басталды.
Бір күні осы университетіміздің қасиетті шаңырағына ойда жоқта Сәбең (Сәбит Мұқанов) келе қалды. Жастардың арасында жайнап кететін еді ғой жарықтық. Сол мінезіне бағып, әлдене күлдіргі нәрселерді айтып, бізді де күлкіге қарқ қылып, өзі де рахаттана күліп тұрды да, кенет әңгіме тақырыбын шұғыл бұрып жіберді. Тамағын кенеп алып, қайрау сөз айтты.
– Әй, жігіттер, осы күнгі ақын атаулының бәрінің ұшып шыққан ұясы – ҚазПИ. Осы мына университет студенттері, сендердің араларыңнан «бәрекелді, тусаң ту!» дегізіп таңырқатар бір жас ақын қашан суырылып шығады? – демесі бар ма.
Айтты-айтпады, Сәбеңдей жазушының сынын белі қайыспай көтеретін талант әлі арамызда көріне қойған жоқ-ты. Сол ақын қанатын қомдап шығар ма екен деп іштей тынып жүрген күндердің бірінде, университетіміздің әдебиет үйірмесіне бірсыпыра жас жинала қалдық. Үйірме жетекшісі қасына біз түстеп танымайтын өндірдей бір жас жігітті ертіп келді. Бар көз соған қадалды. Жігіт жас жағынан шамалас көрінді. Менімен екеуміздің арамыз «бір көйлекті бұрын тоздырды» дейтін мөлшерде білем. Тек бізден гөрі ерте есейгендеу көріне ме, қалай? Биязылығы, салмақты отырысы, үстіндегі киімінің қонымдылығы, ақ шаңқандай көйлегіне галстугін келістіре байлауы және біздерге от ұшқындаған көзінен бейне бір жасамыс адамдай мейірлі нұр төгуі – бәрі-бәрі әсер еткені сондай, әшейінде жөпшенділікпен у-дуы басылмайтын жастар, арамызға елдің бір қасқа-жайсаңы келгендей, демімізді ішімізден алып, сілтідей тына қалдық.
– Танысып қойыңыздар, мына қасымда отырған жігіт бәріміз атын газет, журналдардан бүгіндер жиі ұшырататын жас ақын Зейнолла Қабдолов. Жуықта «Социалистік Қазақстан» газеті жариялаған бәйгеде Зейнолланың тұлпар Пегасы талай тарлан ақындардың Пегастарынан оқ бойы озып шығып, бірінші орын алғанын білесіздер. Өздеріңіз шақыр деп құлағымның қу етін жеп едіңіздер, сол Зейнолламыз осы жігіт. Университетіміздің филология факультетінде бізден бірер ғана курс жоғары оқиды. Енді жаңа өлеңдерін оқу үшін сөз Зейноллаға беріледі.
Жігіт асықпай, аптықпай орнынан баяу көтерілді. Артына қарай қайырған толқынды шашын «қобырап кеткен жоқсың ба?» дегендей оң қолымен самай тұсынан жеңіл сипап өтті. Жаңа орындыққа отырған мезетте ағытқан пенжегінің түймесін қайта салды. Оң қалтасынан екі бүктеулі қағазын алып, қалтасының қақпағын құнттап жапты да, өлеңін сәл көтеріңкі түрде, әдемі ашық дауыспен оқи бастады.
Өлеңі «тағы оқы, оқи түс» дегізіп, бірден баурап алды. Мұндай өлең аса сезімтал, майда жүректен туатын шығар деп ойладым. Толқыныс, тебіреністерін мөлдіреген маржандай сөз өрнегіне төге келе, жырының соңғы шумағын жалт еткен құнарлы оймен түйіп тастап отырады екен. Әрине, жастардың аузының суы құри тыңдайтыны махаббат тақырыбы. Ғашықтық өлең тиегі ағытылғанда, ақындық асау толқын арындап ырғып кеп жас жүректерді шарпып өтті дейсің.
Шіркін-ай, ойда жоқта болдым да кез,
Жайықта бір қыз көрдім қарақат көз, –
деп басталатын өлең оқылғанда манадан бері алақанымыз қызарғанша аянбай қол соғып отырған біздер, жас ақынды қошеметтеп, орнымыздан дүр сілкініп ұшып тұрғанымызды сезбей де қалыппыз.
Бір жағы КазГУ-лік патриоттығымыз ұстап та ұнатқан бұл өлеңіміз, елуінші жылдардың орта белінде бүкіл халық боп Жайықтың толқындарында, махаббат қайығында жүзіп әндететін исі қазақтық әнге айналатынын ол кезде білгеніміз жоқ.
Тағы бір сәтті күні, кейінірек, Жайық қызымен де жүздестік. Дәл Зекең сипаттағаннан аумайды екен. Ол романтикалық кейіпкерден реалистік тұлғаға айналған, Зекеңмен бірге көп жылдар ұстаздық құрып Республикаға еңбек сіңірген педагог атанған өзіміздің Сәуле жеңешеміз еді. Енді қазір, апырай, алдыңа қойған тағамы қандай, аузыңнан дәмі кетпейді деп тамсанып, бұрынғы шіркін-айға, тағы бір шіркін-ай қосып жүретін жайымыз бар...
* * *
Сонымен, жас ақын Зейнолла Қабдолов есімі көңіл кітабына алғашқы кездесу кезінде-ақ жазылып қалды да, кейін бір парағына екінші парағы қосыла берді.
Романдары дүниеге келе бастады. «Ұшқын» туды. «Ұшқын» «Жалынға» ұласты. «Сөз өнері», басқа да зерттеулер үсті-үстіне жарияланып жатты. Ал, соның бәрі артық-кемі жоқ поэзия ауылынан шыққандай көрінеді де тұрады маған.
Романдары өз алдына, «Сөз өнерін» оқыңызшы. Бұл жоғары оқу орындарына арналған оқулық кітап. Тақырыбы – әдебиет теориясы. Ал, осы теорияны жазған автордың ақын екенін кітаптың алғашқы беттерінен-ақ сезе бастайсың. Өзге теориялық зерттеулердің берік қаланған силлогизмдік тұжырымдарынан басым түспесе кем түспейтін бұл еңбектің және бір ерекшелігі – онда шығарманы жазған кісінің ақындық лирикалық бейнесі де жасалған. Көз алдымызға жаны жомарт, көңілі таза, туған әдебиетіміздің ең асыл жауһарларын терген, ақ тер, көк тер еңбекшіл әдебиетші елестейді. Ғылым әлемінде сирек ұшырасатын жәйт. Және авторы ақын бұл кітапта творчестволық, шығармагерлік психология деген бір пән қанаттасып еніп, негізгі тақырыппен үйлесіп өріліп отырады. Оның бер жағында еңбектің тілі қандай. «Әдебиет – тілмен әдебиет» дейтін Мұхтар Әуезов өзінің бірқатар публицистикасын, сыни зерттеулерін орыс тілінде жазғанда, оны қазақшалаудың қиын шаруасын өзінің ауызекі сөзде де, жазған жазуында тілі төгіліп тұратын осы інісіне сеніп тапсыратын. Күндердің күні еңбегінің тәржімасын басылым бетінен көргенде, ұлы жазушы балаша қуанып, рақыметін қарша жауғызатын. Соны ести жүре мен: Мұхтар Әуезов сынды суреткерге «Бәрекелді, Зейнолла!» дегізген шәкіртінде арман бар ма екен деп ойлаушы ем.
Сондай автордың «Сөз өнері» кітабының тілі де сол аталымына сайма-сай. Орамды шешен, тапқыр да өткір тілмен түсірілген өнегелі шығарма.
Сөйтіп ыстық-суығы еш сезілмейтін теорияға көрік берген, тас күйіне жан енгізген лирикалық бейне – бұл да ұлы сыншы айтқан таныс, бейтанысың. Өзімді айтсам – менің Қабдоловым. Алда-жалда өзіңше бір ұтымды сөз тауып айтсаң, көзін жұмып сүйсініп, бар жүрегімен ақтарыла күліп, сені сөйтіп те көрікті тілдің қадірін білуге баулитын кеңес құмар достығы мол аға. Иә, сұлу сөзге ғашық аға. Ол үшін сөз өнері – ұлттық қазына. Ортақ игілік. Сол ұлтының бір перзенті есебінде эстетикалық байлықтарымыздың бәр-бәрін мақтан тұтады. Бір Мүсіреповті ғана емес. Сол ұлттық қазынамыздың әлемдік көркем сөз інжу-маржанына еш күмән-қитықсыз қосылатынын дәлелдеп береді. Бүгінгі халықаралық ғылыми симпозиум «Қазіргі қазақ әдебиетін зерттеу мен зерделеудің өзекті мәселелерін» талқылап жатса, бұл да бір терең, жан жақты талдануға тиісті қабырғалы проблема.
18 қыркүйек, 2001 жыл.
Жалғасы осында