ЖЕЗДІДЕГІ ОҒЫЗДАР ҚАЛАСЫ

ЖЕЗДІДЕГІ ОҒЫЗДАР ҚАЛАСЫ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында 

Міне, біз Тұрышты басып, Жезді тауын іздеп келеміз. Жүйрік уақыт уыста тұрмайды, зулап өтеді де шығады. Әр қоғамның өз теперіші, сыбағасы бар. Біз әлгі айтқан Тұрышқа дейінгі тоқсан, Жездіге дейінгі жүз шақырымда қоғамдық мал баққан бірде-бір жанды көргеніміз жоқ. Жеке қожалықтың өзінен бар-жоғы екі-үшеу ғана. Бірі – Ноғайтыға таяу да, екіншісі – Жездіге жетіп келгендегі Сорбұлақ деп аталатын қолтықта. Екеуінің айдағаны 50-60 төңірегіндегі ешкі-қой ғана. Қайда қарасаң да есік-терезелерін жұлып, арқалық тастамаларын суырып алған иесіз қыстаулар мен аула-қоралар. Әлде  малдың бағы қайтты ма, болмаса болымсыз адамдар ойлап тапқан қатігездік пе, әйтеуір біз зерттеген Жем мен Үстірт, Еділ мен Жайық арасында соңғы 6 мың жылда бабаларымыз малсыз күн кешпеген екен, енді міне, 5-6 жылда сол малыңа зауал келді, оның себебін немен түсіндіріп, дәлелдерсің?! Мұндайда тек қана ауыр күрсініп, ендігі күнің не болар екен, бар бақытын малдан тапқан қайран ғана қазағым-ай дейсің де қоясың.

Жездіде оғыздар қаласы бар. Біздің дәуіріміздің ҮІІІ-ІХ ғасырларына жататын бұл қаланың орналасуы да бұрынғылар сияқты, алдымен, өз жауларынан қорғаныс стратегиясы мол, яғни екі жаны, артынан жау ала алмайтын түбек сынды тұмсық жарға орналасады да, келуші жаудың бәрін тек алдынан ғана күтіп алады. Қала әдеттегі шығыс үлгісіндей ең түбі - цитадель (қала басы тұратын жер), шаһристан (бекзадалар мен әскер басы, саудагерлер тұратын 38 бөлме), рабат (қол өнершілер тұратын жер) мекенінен тұрады. Одан әрі шақырым жарымға созылған ұзыннан-ұзақ бейіттер. Мұндағы түрлі жәдігерлер аталған қаланың шамамен екі ғасырдай өмір сүргендігін дәлелдейді.

Бір ғажабы Қособа да, бұл да терістіктен түстік батысқа қарай орналасқан және барлығының да (“Ұшқанда” да) бейіттердің орналасуы түстікке бағытталады. Бір кезде мұнда (922 ж.), яғни оғыздар қаласында араб саяхатшысы Ибн Фадлан да болып, өз жазбаларын қалдырған.

Айтпақшы Ахмед Ибн Фадланның Маңғыстау өңіріне аяқ басуының өзі де үлкен хикая емес пе еді?! Қалай еді өзі...

  1. жылдың көктемі болса керек. Араб халифатындағы Бағдат қаласынын

өкше көтерген сауда керуені Үстірт дөңдеріне асылып, Сам құмдарында аяқтарын санап басады. Бағыт сөз басында келтірген Ұшқан ата, Иманқара, Қойқара, Қайнар, Сарайшық, одан әрі Бұлғар мемлекетіне жету. Ондағы мақсат- қашан да адамдардың тіршілік негізі болып табылатын сауданы дамыту. Осы бір жолда сол оныншы ғасырда, оған дейін және кейін де әлемдегі құрлық атаулының бәрін де, әсіресе Азия, Африка, Еуропада жалпақ табанды түйе, кесек тұяқ жылқы ізі қалмаған, яғни сауда керуені өтпеген жер аз шығар. Қаншама жойқын соғыс, ғадауат майдандарынан бұрын сауда керуені жүрді. Құрлықты былай қойғанда теңіздің өзінде алғаш боп сауда кемелері ел мен ел арасына байланыс орнатты. Жол салды. Тіпті Колумб пен Магеланды жер шарын шыр айналдырып, жаңа құрлық,  бейтаныс елдер табуына берік негіз болған ақылға сыймас оқымыстылық не жер көрем деген жиһанкездік емес, сол сауда, тиыннан тиын сауып, мапаха табу, үлкен байлыққа күрп ете түсу жорығы еді. Бірақ алғашқы сауда қайдан басталды.

Әйгілі Әбіш (Әбіш Кекілбаев) айтады “Саудагерлер ол кезде әдетте, шығыстан шығып, батысқа қарай жол шегетін. Пайдаға шаш етектен қарық болам деген күпті көңіл оны қайдағы бір ит арқасы қиянға айдап апаратын-ды. Дәндеген сайын “жолға шықсам, бөтен ел, бөтен жұрт көрсем” деп әрдайым әлеңкідей жалаңдар да отырар-ды. Барып келгесін базарда жаңа бұйым жайып тұрып, дүйім жұрттың алдында не көріп, не естігенін айтып,білмейтіні жоқ сұңғыла, ештеңеден тайсалмайтын жүрек жұтқан батыр боп көрініп, беделін бір көтеріп тастар-ды. Жол шынында да саудагердің көзін ашады. Олар бірте-бірте жүрген жерлеріне мәдени жетістіктердің жемісін шашқан нағыз құтаяқ қызырларға айналады. Мұсылман дүниесінде жарыққа шыққан география ғылымы ең алдымен осы саудагерлерге қарыздар”.

Расында біз жүріп келе жатқан Үстірт үсті, анау Жылыой бойы талай сауда жолын үстінен асырды. Олар “Скиф жолы”, “Ноғай жолы”, “Жібек жолы”, “Мақта жолы” деп аттары өзгерсе де заттары жол боп сақталған керуен іздері, бағыттаушы сораптар.

Бұдан соңғы тағы бір нысана – жаңа ғана аяғынан қаз тұрып, күллі Арабия мен Азияның батыс бөлігін бас идірген мұсылман дінін жол бойғы елдерге уағыздау, жергілікті халықтардың салт-дәстүр, әдеп- ғұрыптарын зерттеу. Мұсылман Бұлғар мемлекетіне қол ұшын беріп, қолтығына су бүрку. Бес мың адамдық алып қол, айбынды керуенді бастап келе жатқан атақты жиһанкез, білікті хәкім Ахмад Ибн Фадлан. Олар жолайғы елдің бәрін намазға жығып, дінге кіргізуді негізгі нысана етіп ұстаумен бірге төрт мың шақырымдық жолдағы көрген-білгенінің бәрін тәптіштеп хатқа түсірді. Бұл кейіннен Ибн Фадланның атын айдай әлемге паш етіп, арада мың жыл өтсе де есімін өшпейтін күйге жеткізді. Бағдат-Теһеран-Серахс-Ашгабад-Бұхара-Үргеніш-Нүкіс-Қоңыратты көктей өткен керуен мың сан түйелерін мұрындығынан тізіп, Үстіртке үздіге көтерілгенде алдарынан иығында қоржыны, қолында қоңыр асатаяғы бар дәруіш шығып, бес мың адамдық ызғын көшке иек қағып “Көкелеріңнің көктемгі наурыз көжесіне асыққандай қайда асқақтап барасыңдар?! Осынау киелі жердің киікоты мен боз жусанын таптауға кім билік берді. Ел мен жер киесіз, иесіз дейсіңдер ме?! Бұдан әрі жүруге рұқсат жоқ!” деп ызғарлы үн шығарды.

Көштегі мұны естіген тентектеу ұлдың бірі “Айдалада арқыраған мынау кімнің шікірі, қазір-ақ басын қағып, боз даласындағы борсықтың ініне тығып жіберейін” деп қылышын қынабынан суырып, астындағы атын тебініп қалып еді, керуен басы “Кешірімді бол, қарағым! Табаныңның астында өзге елдің топырағы, төбеңде жат жұрттың аспаны, от-суы да басқа уалаятта тұрғанда қылышыңды артыңа ұста, көрсетпе. Айтса оныкі дұрыс. Біз бұлардың жеріне емес, сенімін жаулау, сөйтіп көңілдерін аулау үшін келеміз” деп қызба жігітке басу айтады да өзі көлігінен түсіп, алдындағы айбаттанып тұрған дәруіштен мынау сары даланы сұраусыз басқаны үшін кешірім өтінеді. Тек өтініп қана қойған жоқ хан алдында тұрған қарашадай қалтырап, бір үзім нан мен тостаған толы ақ ұсынады. Сапар мақсатын түсіндіреді, керуенді одан әрі жалғауға рұқсат сұрайды. Жер иесі ықтиярынан кейін ғана оның мұсылман дініне кіруін өтінеді.

Дәруіш онсыз да дінсіз емес еді. Бірақ керуен басының сағыздай созылып, қоғадай жапырылып тұрған мұсылманшылық жолы, әдептілігі оны ойлантып тастайды.

“Құдай дінсіздіктен сақтасын! Жолың болсын жолаушы. Бірақ қашан да шақырусыз қонақтың өзге жердің құба белі, құрақты көлін басарда оның да иесі, киесі, аңқылдаған ері, саңқылдаған сері ұлдары болатынын ескеру керек. Біз, сақтар, мынау ұшқан құсы мен жүгірген аңы көзден бұл-бұл ұшатын меңіреу далада көрінгенді найзаның ұшы, садақтың жебесіне нысана болсын деп, бостан босқа елақтап, есекдәме кейіпте жүрген ештеңеміз жоқ. Ата қаны, ана сүті сіңген өлкенің ұлтарақтай жерін кез-келген үрген ит, ұлыған бөріге бастырмаймыз. Аспанында ауылымыздың қыраны, көлінде көз алдымызда түлеген үйректің шүрегейі жүзсін деп, түнде ұйқы, күндіз күлкіден жаңыламыз. Қанша залалы аз, зардабы жоқ елдің де заңғар тектес заңы болады. Сондай үрдіс бізде де бар. Ол - біздің арымыз, намысымыз. Намысты алтын кеудені ешкімге таптатпаймыз!” Дәруіш осыны айтты да керуенді жолға салады.

Беу, десеңізші, Фадлан жазбалары осылайша сыр шертеді. Мен де ол келтірген жолдарды өзімше пайымдаймын, ой өрбітемін.

... Тағы да таң атты. Біз бұл күні әдеттегіден тым ерте тұрдық. Оның да түрлі себептері бар. Жатарда осы өңірдің талай-талай дала тағылары - көкжалдар мен сілеусіндер, қояндар мен түлкілер жайлы түрлі әңгімелерді боздатқанбыз. Оның үстіне жаңбыр жауып, шатырсыз жатқандарымыз көшумен жүрдік. Сөйтіп жастыққа енді ғана бас тигізе бергенімізде жанымыздағы терең шатқалдың түкпірі, әлде арғы тұстан түлкі шақырып, қызыл қасқыр ұлыды. Бәтшағарлардың дауыстары ащы-ақ екен және дәл бір көкжелкеңнен шыққандай зәре-құтыңды алады. Мүмкін дұрыс ұйықтамағандықтан ба, әлде әлгіндей әңгімелер мен оқыс дыбыстар әсері ме, ішіміздегі мәскеулік Владимир Горбунов деген фотосуретшіміз қайта-қайта бастығырылып, мазаны алумен болды. Алғаны сол - жаңа ғана ұйқыға бас қойғанымызда әлгі пәруана тым қатты қышқырып, айқайға басты дегейсіз. Қапелімде не болғанына түсінбей қалған біз аяғымыздан тік тұрайық. Сөйтсек суретшіміз қолайсыз түс көріпті... Қайтадан жастыққа бас қояйық. Әлгіміз тағы да қышқырсын. Бұдан әрі ұйықтап көр. Осыдан ба, әлде басқа себеп болды ма, әйтеуір осы күні тым ерте тұрып кеткеніміз анық. Болат әзірлеген ыстық кофе, азанғы ауқаттан соң тағы да терістік асып, Тоқсанбай тауын іздеп кеттік. Бұл біздің Үстірттегі соңғы нүктеміз болмақ. Бірақ оған артар үміт те аз емес. Өйткені сол маңайда көненің көзі – ескі қорым, қорғандар жетерлік. Осы төңіректе бір кездегі Адайдың жеті қайқысының бірі – Қаржау Тұрсынның «Көлқайнар» деген әні айтылады. Тұрсын осы өңірдің тумасы.

Алдымен «Жеті қайқы» жайлы бірер сөз. Тегінде Маңғыстау, Бес қала, Хорезм, Жем бойы, Мұқыр, Сағыз болмаса, басқа аймаққа түсініксіздеу бұл сөздің төркіні ХІХ ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Маңғыстау өңіріне аты белгілі жеті өнерпазға жерлестерінің асқан құрмет ретінде берген атаулары.

Қайқы көне сөз, мағынасы сөз сүлейі, әнші-күйші деген ұғымды береді. Осыған сайып, Асан Қайғы атының соңғы бөлігі осы қайқыдан шыққан шығар деу де артық емес.

Жә, ол тілшілерге ой болсын. Ал біз әңгімелеп отырған «қайқылар» топталып, ел аралап, өнер көрсетіп, бұрынғылардың сал-серілік дәстүрін өлтірмеген нағыз сегіз қырлы, бір сырлы сазгерлер мен ақындар, жыршылар мен күйшілер, әншілер, қысқасы дарабоз дүлдүлдер. Халық сол бір Адайдың жеті қайқылары деп өз орталарында оза шапқан Жанай Өскенбай (Өскенбай Қалмамбетұлы, әндері: «Кербез Айша», «Жеті бұлбұл», «Жирен жорға»), Майлан Шолтаман (Шолтаман Байсарыұлы, әндері: «Дәләйлім», «Талкеме»), Кенже Әділ (Әділ Өтеғұлұлы, әндері: «Әділдің қара әні», «Жайма қоңыр»), Медет Жылкелді (Жылкелді Теңізбайұлы, әндері: «Дәурен», «Құнан нар»), Қаржау Тұрсын (Тұрсын Алдашұлы, әндері: «Айырық», «Оймауыт», «Көлқайнар», «Тас астау»), Мая Досат (Досат Баймембетұлы, әндері: «Ырғама», «Босмойын», «Жамал-ай», «Ақ көйлек»), Сүйіндік Тастемірлерді (Тастемір Боранқұлұлы, әндері: «Маңғыстау») атайды.

Біз жоғарыда олардың әндерін ғана келтірдік. Шындығында Өскенбай әншілігімен қоса, керемет күйші, жыршылығы тағы бар. Тұрсын да күйші. Ал Әділ мен Досат, Шолтаман мен Тастемір, Жылкелділердің қай-қайсысы да халық әндерін тамаша орындайды, жырдан да сауырынан су төгілмес жорғалар, яғни жан-жақты өнерпаздар.

Аталған қайқылардың (бұл тек ер адамдарға арналған атау, әйелдерге «сәйкі» дейді. Мыс: «Ақбөбек сәйкілікпен бұлаңдайсың», «Қайыптың әні») асыл мұраларын біздің заманымызға түгел болмаса да, там-тұмдап, түйірлеп жеткізгендердің ішінде Қарағұл Қонаршиев, Имакша Жұмабаев, Қайырбай Қалмағамбетов, Құрмаш Нұраханов сияқты әншілер болса, олардан үйренген Күріш Тасболатов, Ізбасар Шыртанов, Қыраубай Домбаев, Рухия Батыршиевлар бар.

«Жеті қайқының» «Досат» (Досат), «Оймауыт» (Тұрсын), «Құнан нар» (Жылкелді) әндерін А.Затаевич өзінің 1925 жылы Орынбордан жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» кітабына нотасымен басты. Сондай-ақ Шолтаманның «Дәләйлім» («Тал кеме»), Тұрсынның «Көлқайнар», Тастемірдің «Маңғыстау», Әділдің «Жаймақоңыр» (оның өзі екі-үш нұсқа) әндері бұл күнде көп әншінің репертуарында бар.

Ал әлгі Тұрсынның «Көлқайнар» әнінің алғашқы шумағында:

           «Қандай жақсы Маңғыстау қыс қыстауға,

             Күн аралап, суарып, жылқы ұстауға.

             Наурыз туа көші-қон жайын айтып,

             Көшіп барсаң, Көлқайнар, Тасастауға.

             Көлқайнарға, Көлқайнарға,

             Қара жерде жақсы екен жылқы ұстауға,» деген жолдар бар. Болмаса, кешегі отыздың ойранында осы арадан үдере көшіп, Иранда 62 жыл ғұмыр кешкен Рысбай Жармағамбетовтың елін сағынғанда («Сағыныш») шығарған әніндегі:

«Ел едік, Сарыарқаны жаз жайлаған,

 Қыс көшіп, Маңғыстауға мал айдаған.

 Шілдеде шыңыраудан қой суарып,

Басында Тас астаудың құраулаған», - дегенді еске алыңыз. Сондағы Көлқайнар, Тасастаудың қай-қайсысы да ежелден бергі құтты қоныс, тарихи мекендер. Біз қазірде соларды бетке ұстап келеміз.

 

Жалғасы бар, осында