ҚҰДЫҚШЫ

ҚҰДЫҚШЫ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы,басы осында

Сайып келгенде республикамыздың көп өңірінде кездесе бермейтін, бірақ Атырау, Маңғыстау қазақтарына тән, бір жағынан қашанғы тіршілік көзі саналған құдықшылықтың орны ерекше. Ол – ұлттық атакәсіп,   шеберлік  шыңы,  кез-келгеннің  пешенесіне  жазылмаған,  ілуде біреудің бойына бітер дара қасиет. Асылында құдықшылық кәсіптің тұқым қуаламағаны жоқ. Әсіресе, өткен ХХ ғасырдың 40-50  жылдарына шейін бұл өнер атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жетті. Содан болар тұтас Маңғыстау, Жылыой, Азғыр өңірінде жылдар бойы құдықшылықты кәсіп еткен шеберлер көп болған. Мәселен, Үстірт бойында атақты Бейнеубай, Жайлы, Мәміш, Өмір, Сартай, Мақышбай, Орақ, Қарабатыр, Жүнбас, Шағырлы, Еснияз, Ерше, басқа да құдықшылар жетіп артылады.

Олар қазған құдықтар негізінен төрт түрге бөлінеді:

  1. Шыңырау – жер бетінен екі-үш, кейде 4-5 метр тасқа жеткізіп шегендеген,

одан арғы жағы су көзіне дейін тастан ойып қазылған, тереңдігі 6 метрден 65 метрге, одан да әрі асатын құдықтар. Жылыой жері, Үстірттегі құдықтардың дені осындай шыңыраулар.

  1. Тайыз құдықтар – құм мен сор жағалауынан, тоғайлық, түлей  

айналасының құламалы жерінен қазылған, тереңдігі 3-6 метрден аспайды.

Олар табылса таспен, ағаш, бұта, жыңғыл, ақтікенмен, кейде сүйекпен түбінен аузына қарай шегенделеді.

3. Орпа – уақытша пайдалануға қазылған (ауыз су, ауыз құдық) тайыз құдықтар. Олар шегенделінбейді.

4. Апан – жары құламалы, кең етіп қазылған, көзі жақын құдықтар.

Өңір малшылары 1960 жылдарға шейін суды шыңыраулардан шығырға көлік жегу арқылы тартқан. Олардың өзі шығыр айыр, шығыр доғалақ, атанақ (блок), іс темір, шығыр арқан, қауға, белжіп деген алты түрлі жабдықтардың көмегімен жүзеге асады. Аталған дүниелердің бірі жоқ болса, шыңыраудан су шықпайды.

Сөз жоқ, Маңғыстау өңірінің әйгілі құдықшысы Еңсеп. Үстірттегі ең терең, суы мол шыңырауды соңғы қазған да сол Еңсеп. Ендеше осы хас шебер жайлы алғаш қалам тербеп, тамаша көркем шығарма жазған заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев еді. Бұл арада біздің айтпағымыз, аталмыш әдеби дүние туралы емес, сол әдеби туынды арқылы құдықшылық кәсіптің, құдықтың тарихи ескерткіш, архитектуралық, археологиялық мұраға айналғандығы.

Расын айтсақ, туған өлкенің ой-шұқыры тарихына әр сәт құлақ түріп, керек дегенін қойын дәптерге түсіріп жүргенде аталған аймақтың құдық қазу тәсілдері жерінің табиғи ерекшеліктеріне орай түрлі болып келеді. Нарын мен Тайсойғанның борпылдақ құм құдықтарын былай қойғанда тереңдігі 10-15, тіпті кейде 65-200 метрге жетіп құлайтын Үстірт шыңырауларын қазып шығудың өзі түрлі-ақ. Мысалы, жоғарыдағы Еңсеп өзінің ең соңғы және басын жұтқан “Еңсеп өлген” құдығын бір жыл қазса, Азғыр бойындағы тереңдігі 8-10, 10-15 метрлік құдықтарды 5-10 күнде-ақ суын бұрқыратқан. Жылыойдың Иманқарасындағы Шолтақай құдықтары да солай, бар-жоғы 2-3 айда сыр берген.

Маңғыстау шыңыраулары көбіне-көп 10-15 метрден шыға береді. Ал Үстірт үстіндегілер 60-200 метр аралықтарында болады. Әр тереңдікке сай су көлемі де түрлі-ақ. Маңғыстаудың “Ұзын шыңырау” атты құдығының тереңдігі 61,4 метр болса, суға дейінгісі 56,4 метр, яғни су қабаты 5,3 метр. Егер осы есеппен алсақ “Тойнашта” 56,5-56,3; “Жүзадымда” 61-53,3; “Қарағаштыда” 64,3-54,3 метр аралықтарында.

Су көлемі дегенге бір мысал келтіре кеткен жөн сияқты. Бейнеу ауданындағы “Қасар” құдығының тереңдігі төрт-ақ метр, өте сулы. Соған сай бұл арада басқа су көзі жоқ. Өзі таудың қолатында тұр. Мал таудан түсіп, су ішіп, қайта көтеріледі. Әйтсе де қанша мал су ішсе де қоры ортаймайды. Тіпті Тобыштың Жаңайы – Қожаназар байдың 3000 жылқысы түйдек келіп, бір су ішкенде де “Қасардың” суы бір елі де ортаймайтын еді және жылқышы баласы әлгі көлемдегі малды қол қауғамен талмай бір мезетте суарып шығаратын еді деген сөзді сол өңірдің қариялары әлі күнге айтып отырады.

Аталған өңір құдықшылары негізінен жұмыс құралы ретінде сүймен, балта, тас шапқыштарды пайдаланған. Әрине, құдықшы үшін ең қиыны – тұщы су көздері бар жерлерді дұрыс таңдай білу. Мәселен, Маңғыстау, Жылыой құдықшылары, әлгі айтқан Еңсеп, Бейнеубайлар ондай орындарды ертең ерте қара жерге құлағын тосып, жата қап, тың тыңдау, болмаса күн шыға жер бетінен атпен шауып өту, жүген сүйретіп келе жатып, соның дыбысы арқылы білу, тіпті қолындағы сүйменін лақтырып, содан шыққан дыбыс арқылы жердің ащы- тұщылығын бағамдау, су көздерінің тереңдігін бажайлау, яғни су көлемі, топырақ қабаты, сапалық қасиеттеріне дәл баға беретін болған. Соған сай тапсырыс берушімен келісімге келген, еңбек ақыларын белгілеген. Мұндайда кейде бір шыңырау үшін 500 бойдаққа дейін алған. Құдық қазу тәсілі де түрлі. Алдымен шөбі шүйгін, малға жайлы қонысты, қыстақ басы немесе керуен жолдарының бойында (онда судың ащы-тұщылығына қарай әр құдықтың арасы 14-15, кейде 35-40 шақырымға дейін) қазылып, әрбіріне жер бедері, құдықшының не құдық иесінің есіміне орай жеке-жеке ат беріліп отырған. Оның өзі жолаушы үшін бағдар, белгі, нысана болып есептеледі. 

Жоғарыда айтқан ертедегі керуен жолдарына нақтырақ тоқталар болсақ, мейлі ол тарихтағы Үстірт үстімен өтетін Ноғай жолы, болмаса Маңғыстау арқылы жөнейтін көне Хиуа бағыты болсын, әр 25-30 шақырым сайын суы ащы ма, әлде тұщы, бәрібір міндетті түрде құдық не бұлақ кездеседі. Ал 100-150 шақырымда тұщы су қалайда болады. Сайып келгенде бұл керуеншілердің әр күн сайын көліктерін суарып отыруы, ал 100-150 шақырымдағы тұщы су көздері өздерінің әр 4-5 күнде ауыз су қорын жиып алуына арналған. “Керуен жолдарының мұндай тәртібін, - дейді Ә. Кекілбаев өзінің “Ұйқыдағы арудың оянуы” атты еңбегінде – Геродот жазған “патша жолдарынан” ғана көреміз. Археменидтер астанасы Суздан Жерорта теңізіне, Эфеске дейін созылған аталмыш жолдың үлгісі кейін керуен жолдарының дүниежүзілік үлгісіне айналды. Геродот суреттейтін патша жолында да керуен сарайлар мен қоналқы орындар бір күншілік жерге, яғни жүк артқан түйе 9 сағат жүретіндей қашықтыққа созылған”.

Бұдан әрі құдық қазу үлгісіне тоқталар болсақ, Үстірт шыңырауларының әуелгі 3-4 метрі қызыл саз, одан әрі тас қабат болып келсе, Азғыр, Тайсойған бойы құдықтары саз, ішінара тас, көбіне құмдауыт болып келеді.

Бағзы құдықшылар әдетте шыңыраудың екі бүйіріне аяқтың ұшы кіретін теппелер, су көзіне жеткен кезде бүйіріне бір адам сиятындай қуыс қалтарыстар қалдырады. Бұл сыртқа шығу үшін керек, болмаса жоғарыдан түсетін тастардан сақтанған. Шыңырауларға түсіп-шығу үшін тек қана мықтылығы жоғары қыл арқандар пайдаланылған. Әдетте көптеген құдықтардың астыңғы тұсы таспен өріліп, үстіңгі жағы түрлі материал (ағаш, жыңғыл), сүйекпен шегенделген.

Жоғарыда айтқанымыздай, құдықшылық ғасырлар бойы атадан балаға әулеттік кәсіп болып, жалғасып келе жатқан өнер. Құдықшы аты қазған шыңырау, оның су көлемі, сапасы, беріктігімен ерекшелінген. Ондай су көздерінің ғұмыры да ұзақ болады. Маңғыстаудың өзінде ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарында 817 тұщы, 322 ащы құдық болса, сол ғасырдың соңғы жылында олардың саны 1211 тұщы, 2957 ащы құдыққа жетіп үлгеріпті. Кейінгі мәліметтегі, яғни ғасыр соңындағы құдық санының күрт көбеюі патша өкіметінің 1881 жылғы Каспий сыртқы облысын құрып, бастапқы санға Теке, Красноводск уездеріндегі құдықтар да қосылып жазылған. Тағы бір себеп, бұл сияқты құдықтар санының бірде азайып, бірде көбеюі – шаруагерлер мен мал санының кезеңге сай өсіп кетуіне тәуелділігі. Солардың ішінде “Жаңа су”, “Қара төрткүл”, “Шаңғала”, “Шәлі”, “Жүз адым”, тағысын тағы құдықтар өзінің суының молдығы, тұщылығымен ғасырлар бойы аталып, пайдаланылып келеді. Бірақ уақыт өте мұндай атайы (шөл және шөлейт аймақта суы мол және қапелімде ашымайтын құдықты осылай атайды) құдықтардың көбі Кеңес Одағының ыдырауы, кеңшарлардың жойылып, мал санының төмендеуіне орай құмығып, иесіз қалуына байланысты күрт азайды. Мәселен, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында күнделікті қолданыста жүрген үш мыңға жуық құдықтың қазірде нешеуі қалып, қаншасының қараусыз қалғанын бір құдайдың өзі білсін.

Шыңыраулар суы әрдайым малға жұғымды, адамдарға асыл дәм болып келеді. Содан да болар елде шыңыраулар суын “дәрі су” деп те атайды. Республикамыздың батыс өңірлерінің шыңыраулары Қазақстанның басқа жерлерінің шыңырауларына еш ұқсамайды. Ол жайлы кезінде академик-жазушы Сәбит Мұқанов өзінің “Саяхаттар” кітабында кеңінен әңгімелеген. Елуінші жылдардың аяғында Гурьев облысын басқарған кезеңінде Нұртас Оңдасынов Үстірт құдықтарының картасын жасаттырып, Сағидолла Құбашев ғылыми түрде классификациялаған. Сондықтан бұл істі тек тұрмыс қажеті, тіршілік ресурсы деп қарамай, ұлттық өнер, керек десе тарихи ескерткіш деп бағалауымыз керек. Оны дер кезінде дәл танып, талай шығармасына арқау еткен қаламгер, Республика Мемлекеттік сыйлығының иегері, халық жазушысы, әлем әдебиетінің классигі атанған осы өңірдің түлегі, сол шыңыраулардың суымен бетін жуып, жөргегін құрғатқан, бой өсіріп, буынын қатайтқан мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев еді.

... Жүріп кеткен кісіге 27 шақырым деген не тәйірі, әп сәтте әлгі айтқан Үстірттің батыс сілемдеріне де жетіп келдік. Одан әрі Шибұлақтың ирелеңдеген тар қуысынан сол сал бөксе Үстірттің жалына көтерілу кәрі Атыраудың шаңытқан, құмдауыт, тегіс жолынан басқаны көрмеген біздің жүргізушілердің екі көзін атыздай етті. Оның үстіне жергілікті археолог В. К. Афанасьев мына асуды көргенде қара аспанды төндіріп, безек қаққаны сондай, тіпті біразымыз экспедиция сапары осымен біттіге саядық. Өйткені 50-60 градустық тік жоғары көтерілер қабақ доңғалағы қандайда бір жер тістеген көлігіңе сын болатын түрі бар. Бірақ біз “Асанқайғыны соғып, зар илеп” тұрғанда Болаттың жалғыз өзі көнетоз “УАЗ”-игіне қамшы басып, Үстірттің үстіне шығып та үлгеріпті.

Екінші боп барлық құрал-сайман, тамақ, жүк тиеп келе жатқан «таблетка» машинамыз көтерілді. Бірақ еш жүксіз, тек өзі ғана. Онда да он үшіміз итеріп, ақ тер, көк тер боп, әупіріммен деңіз. Соңында академияның мүше-корреспонденті Есенғали рульге отырған ескі «УАЗ» қозғалды. Сөйтсек Шибұлақтың шопыр атаулыны терлетпегені жоқ екен. Шындығында бұл біз үшін ең бір сындарлы, қиын асу болғаны рас, оны жай сөзбен суреттеудің өзі де қиын еді. Ақыры іңірлетіп Қособа қорымына да жеттік-ау. Тағы да шатырлар тігіліп, қазандар көтерілді, тағы да ошақ оты маздады.

Қособа қорымы, қорғанын 1946-50 жылдары Кеңес Одағының белгілі археологы, Хорезм археологиясын қырық жылдан астам зерттеген Сергей Павлович Толстов, 1975-80 жылдары Самарханд археология институтының ғалымдары Н.Ю.Юсупов пен Ю.П. Манылов аз-мұз зерттеген. Аталған орын да Алтын Орда дәуіріне жататын, бірақ көп бүлінбеген қорған. Оның 42 жеке бөлмеден тұратын келісті керуен сарайы бар. Онда керуен басы, дін иелері мен бекзадалар, саудагерлер мен қолөнер шеберлері орналасса, одан әрі көшпелі жатақтар, әскери түмен тоқтайды екен. Керуен сарайдың бір бөлмесін бізден бұрынғылар тазалап көрген сынды. Қабырғалары кәдімгі Маңғыстаудың ұлу тастарынан асқан шеберлікпен қаланып, көтеріліпті. Ал сарайдың сырты болса жеке бөлмелері, іштеріндей емес, құс таңдайлап, өрнектеп шығарған. Аталған қорған кең, биік жазықтың бір мұртына, яғни көлденең қарақшы, жаулаушылар шабуыл жасауға мүмкіндік бермейтін биікке орналасқан. Ал жолаушылар болса, бұдан әрі керуен жолға кең дәліз арқылы шығып кететін болған. Сарай маңында ыждағаттап қараған адамға қола тиындар мен Хорезм керамикалары, күйдірілген қыш ыдыстар мен фосфор түсті әйнек сынықтары кездеседі. Оңтүстік бетте Сарайшықтағыдай Ноғай Ордасы тұсындағы 22 х 22 см үлгісіндегі қыш кірпіштерден тұрғызылған үлкен кесене орны бар. Шамасы мазар қабырғасы әлгіндей тастардан көтеріліп, олар шикі балшықтармен ұстатылса керек.

Осы керуен сарайдан түстікке қарай аумақты қорым басталады. Олардың орналасу ерекшеліктері – әуелі Алтын Орда, ноғайлықтар дәуірінің қойылымдары, одан әрі түркімендер мазары, одан соң жергілікті халық - қазақтардың бейіттері жалғасып, олар біздің ғасырымыздың басына дейін келеді. Осындай бай қорымда бейіттер мен тас қою, құлпытастардың алуан түрлі үлгілері кездеседі. Діни наным – отқа табыну, ислам дінінің енуі де айқын байқалады. Бейіттер көтеру де – үш тас, сандық тас, қой тас түрінде не үлкен-үлкен кесек тастарды бір-бірлеп, етпетінен тастау не тігінен көтеріп қою, болмаса лақат үстіне дөңгеленте құр қалау, жинастыра үю үлгісінде екен. Кейбіреулерінде оның батырлығын бейнелейтін элементтер, мәселен, дулыға кейпін көрсету дәстүрі бар. Тым әрісіндегі қойылғандарда ру таңбалары, ал беріректерінде қойылушы адамның жөн-жосығы келтірілген. Осылардың өзінен-ақ олардың кезеңдерін анықтауға болар еді. Мәскеулік археолог Л.Л.Галкиннің айтуынша бұл “Хорезмнен бергі керуен жолы бойындағы он екінші сарай және Білеуліден кейінгі ең негізгісі”. Шамасы бұл Ақсақ Темір шапқыншылығына ұшырамай, уақыт өте Алтын Орда астанасымен байланыс үзілген соң өмір сүруін тоқтатқан болса керек.

Осы арада Білеулі жайлы бірер сөз. Үстірттің Қарақалпақ бөлігіндегі орта тұсында, дәлдеп айтсақ Бостан стансысынан терістікте 35 шақырым шамасында орналасқан бұл мәдени-тарихи кешен Алтын Орда дәуірінде (ХІҮ ғасырда) аты шыққан керуен сарайының орны. Үлкен Сарайдан орталық Азияға жол тартқан сауда керуендері Сарайшық асып, Ноғайлы (Ноғай) жолымен Ұшқан арқылы Үстіртті басып, осы Білеуліге ат басын тіреген. Одан әрі Хорезмге бағыт ұстайды.

А.И.Левшиннің айтуынша “Білеулі” атауы бір кезде осы арада өмір сүрген Білеулі есімді әулиенің, немесе осы төңіректен шығарылатын білеу тастарға (қайрақ тас) байланысты қойылса керек.

Білеулідегі керуен сарайы кезінде Үстірт, оның маңындағы ең ірі тұрақтардың қатарына жатқандықтан бір сәттің өзінде жүздеген адамды көлігімен еркін қабылдап, қызмет көрсете алады екен.

Аталмыш орынды мәдени-тарихи кешен ретінде өткен ғасырдың 46, 50 жылдары С.П.Толстовтың, 1972, 1975-78 жылдары В.Н.Ягодин, Ю.П.Маныловтың, 1979, 1988 жылдары қазақстандық ғалымдар Т.Жанысбеков, С.Әжіғалиевтің жетекшілік етуіндегі археологиялық экспедициялар зерттеп, керуен сарайдың негізгі ғимараттары мен айналасындағы құдықтар, ауыз су сақтайтын сартобтар орындары, бейіттерді белгілеген. Бейіттерде негізінен қазақтар мен түркмендер жерленген. Көптеген құлпытастарда жергілікті Адай, Табын, Әлім, Жетіру таңбаларымен бірге Ұлы жүздің Үйсін, Дулат, Албан руларының да таңбалары бар. Сарай бөлмелері жылу жүретін тас түтіктер (кандар) жүйесі арқылы жылытылған. Білеулі керуен сарайы орнына жүргізілген қазба жұмыстары ондағы архитектуралық үрдістің Алтын Орда өмір сүрген дәуірдегі сәулет өнерінің өте жоғары дәрежеде дамығандығын көрсетеді.

Керуен сарайы жөнінде кеңірек әңгімелесек, қазірде көзге ұрып тұрған сарай қақпасының ені 8, биіктігі 10 метр шамасында. Маңғыстаулық өлкетанушы Рахат Қосбармақовтың айтуынша бұдан 30-40 жыл бұрын осы алып қақпаның жоғары жағында бір-біріне қарсы қарап жатқан айбарлы екі арыстанның тас мүсіні болған көрінеді. Бірақ 1965-67 жылдары Білеуліге қайта-қайта келгіштеп жүрген өзбекстандық ғалымдар не мақсатта екені белгісіз, әйтеуір бір қажеттеріне керек болған шығар, әлгі екі арыстанды түбірімен қопарып, елдеріне алып кетіпті. Ал қалған қақпаның жалпы пішіні сәулет өнерінің арка үлгісінде доғаланып салынған. Алдында 50 метрдей жерде шегендеулі екі, таспен қоршалған тағы бір – жалпы саны үш құдық бар. Ауызғы жағы адайша шегенделген алғашқы екі құдықтың тереңдігі 15 метрдей, әлі күнге суы бар.

Сарай ортасы адамдардың алқа-қотан отырып, әңгіме соғатындай үлкен алаңқай. Алаңқайдан айнала әрбіріне 3-4 адам жатып, демалуға негізделген 15 бөлме орналасқан.

Археологтардың жобалауынша сарай екі қабаттан тұрған. Жанында жыл бойғы жауын-шашын, қар суынан жиналған жасанды көлдің орны бар. Олар түрлі топырақ сүзінділері арқылы атыз-арықпен осы қауызға жиналады.

Керуен сарайдың терістік бетінде 2-3 шақырым жерде аталған нысандарға қажетті құрылыс материалдарын – ұлу, жақпар тастарды кесіп, өндірген карьерлер орны кездеседі. Мүмкін А.И.Левшин «Білеулі» сөзін осы карьерлер мен жабайы жақпар тастарға қарап шығарған болса керек.

Осы арада Білеуліден түстікке бет түзеген жол маңдайы атақты Бесқаланың Қоңыратына бағыт алады да әрі қарай Хорезмге жөнеп береді. Ал батысында Жезді, Маңсуалмас.

Маңсуалмасқа жету үшін әуелі Бейнеуге бағыттап 58 шақырым жүргенде “Шұрықтың түлейін” басып, одан 46 шақырымдағы Құсшыға келеді. Құсшы “Жібек жолы” бойындағы белгілі бекет.

... Бір күнге жақын уақытымызды осы жерде өткізіп, қыруар іс тындырған біз кешкісін Бейнеуге барып қондық.

Бейнеу мен үшін ең бір ыстық, аяулы мекен. Осы өңірде еңбек жолымды бастадым. Талай достар тауып, жаны жомарт жақсы ағалар кездестірдім. Шәкірттер тәрбиелеп, жер таныдым, ел көрдім. Адай елінің өзгеге ұқсамайтын салт-дәстүрінің біразына қанығып, көңілге түйдім.

Осы кеште мен солардың біразын еске алып,қалың ойға берілдім. Әлгі айтқан достарды, асыл ағаларды іздеп, талай жерге телефон шалдым, тым болмаса дауыстарын естігім келді. Бірақ кеш келіп, мезгіл, мекенсіз жүруіміз біраз жайдан қол байлады. Сөйтсем, мен танитын жандардың кейбірі жұмыс бабымен басқа жаққа қоныс аударып, көшіп кетіпті де, кейбірі бақилық боп, бұл фәнимен қоштасыпты.

Ой, өмір-ай, десеңізші?! Топырақтарың торқа, жандарың пейіште болғай, асыл жандар, аяулы достар!

Ертесіне Сам құмына бағыт алып, жүріп кеттік. Елде Сам атауының топономикалық тегіне түрлі пікірмен қарайды. Мәселен, халық мұрасы - “Ер Тарғын” жырында “Тарғынның ата-анасы Самда тұратын еді” деген жолдар бар. Егер аталған батырдың туып-өскен жері осы аймақ, Ақжүніске ұрын барған қонысы Азғырдың түстігіндегі Ақжонас тауы, жайлауы іргедегі Сартауға дейін барып, бақилық ғұмыр кешкенде денесі Сарайшық қаласында хандар қауымына қойылса, бұл аймақта осы Самнан басқа атау да, жер де жоқ емес пе?” дейтіндер де жоқ емес. Бірақ тұрғылықты халық не дейді? Олардың айтуынша Сам атауын тым әріге жібермейді, бар-жоғы иек астындағы ХІХ ғасырдың ортасы, ХХ ғасырдың басындағы жергілікті тұрғын Сам Малкелдіұлының есімімен байланыстырады.

Ол елге сыйлы, ауылдастары арсында абыз атанған аруақты би, халықты аузына қаратқан ақылгөй жан болса керек. Соған сай әлі күнге ел аузында “Хан төрелігі бұзылса да Сам төрелігі бұзылмайды” деген қанатты сөз бар.

Ертеректе Маңғыстау, Үстірт бойының топографиялық картасын жасау кезінде жергілікті жағдай, жер бедерін жақсы білетін және “мынау біздікі, анау сіздікі” деп бұра тартуды білмейтін Сам қарияға шөп түседі де, ол мамандарды бастап, түбектің ой-қырында біраз жүреді. Арал теңізінің терістік батыс бөлігі, Бесқаланың Қоңыратына дейін бастап барады, жетелейді. Ақыры қоштасар сәт келіп, экспедиция жетекшісіне “Балам, уәде бойынша көрсет дегеніңді көрсетіп, айт дегеніңді ежелеп, аман-есен межелі жеріңе де жеткіздім, ендігі күнді осы аймақтың қарияларымен ұштасып, тағы да жалғастырыңдар. Маған ұлықсат беріңдер” дейді. Сонда Сам қарияның айлар бойы жүріп, көрсеткен көмегіне дән риза болған жетекші “Ақсақал, бәріне де рахмет! Бізден сізге не көмек керек, қолдан келсе жәрдемдесейік, ұялмай айтыңыз” десе керек. Осы сәт көзі жайнаған қария “Тамыр, егер қолыңнан келсе, қазіргі мен жайлап отырған жал-жал ақ шағылдарға ел айтатын “Сам құмы” деген атауды анау жасап жатқан картаңа да қонжита салшы. Ал, бергі жағындағы бөлек құмға талай жылғы сырласым Матайдың да есімін қалдыруды ұмытпағайсың” депті де атқа қонып, ауылына қарай жортып кетсе керек. Сөйтіп Үстірттің күнгей бетіндегі көлденең жатқан екі құм картаға абыз қарияның өтініші бойынша бірі – Сам, екіншісі – Матай болып түсіпті де, әлі күнге солай аталады.

 Жалғасы бар, осында