Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында
Екінші кешімізді Құлсарыға таяу жердегі кең жазықта өткізген біз ертесінде Мұнайлы мола, Ұшқанға астық. Ол аудан орталығынан оңтүстікке қарай 40-45 шақырым көлемінде орналасқан көне қалашық орны. Ғалымдардың пайымдауынша, ол кезінде шапқыншылықтан қатты бүлініп, тоналған. Археологиялық карталарда “Ұшқан” деп көрсетілсе де, жергілікті халық “Ұшқан ата қорымы” деп атайтын бұл жер де тарихта көптен белгілі. ХІV ғасырдағы итальян жиһанкездері картасына түскен осы мекен жөнінде Алтын Орда жерін басып өткен бір саяхатшы “Біз Хорезмнен шығып, Білеулі, Қособа арқылы Ұшқанда үш күн түнеп, керуен көліктерін тынықтырдық. Онда үлкен керуен сарайы, сарай жанында қыш ыдыстар жасайтын кірпіш күйдіру шеберханалары бар. Іргесіндегі бұрқыраған бұлақ суы нұрдай тұщы. Тегінде “Ұшқан” атауы моңғолдың “Үш хаһан” сөздерінен туындаған болуы керек» деп жазған екен.
“Ұшқан ата” қорымы Атырау облысындағы археологиялық көне ескерткіштерге ең бай, жалпы саны шамамен үш мың орын. Мұнда сонау ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы шикі тастардан соққан күмбезді мазарлар, сол кезгі үш тас, сандық, тіпті сағана тасты, дәлдеп айтсақ, қорымда нақты ғылыми тіркеуден өткен тарихи-этнографиялық жағынан құнды 94 құлпытас, 3 қойтас, 8 сағанатам және 1 сандықтасты бейіттер кездеседі. Құлпытастардың түр-түрі бар. Бәрі де асқан шеберлікпен жасалынған және өзіндік ерекшеліктерге бай. Мәселен, батырлар мен би, белгілі адамдарға қойылған құлпытастардағы өрнектер олардың арналған адамдарының ұлылық қасиеттері, ерекшеліктерін көрсеткен. Батыр болса, алдымен өрім қамшы, мылтық, найза, айбалта, саптама етік, кебіс, тағысын тағы суреттер сызбалары кездеседі. Олар жайлы кезінде өнертанушы-археологтар М.Меңдіқұлов, Т.Жанысбеков, З.Самашевтар зерттеулер жүргізіп, ғылыми еңбектер жазған болатын.
Құлпытастардағы эфиграфика мен таңбаларға және бейіттердің салыну үлгісіне қарағанда «Ұшқан ата» қорымында көрші Түркімен елінің және Қазақстанның батыс өңірінде орналасқан Адай, Кете, Шекті, басқа да рулардың адамдары жерленген.
«Ұшқан ата» қорымын жергілікті тұрғындар, сырқат жандар «Ұшқан ата – әулие!» деп танып, қасиетті орын ретінде түнейді, зиярат етеді.
Осы қорымның терістік етегінде әлгі жиһанкез жазған керуен сарайдың, шеберханалардың орны бар. Мұның өзі Ұшқанның тарихи әдебиеттерде айтылатын ертеде, немесе Алтын Орда дәуірінде, Шығыс Еуропадан Сарайшық арқылы Хорезмге, одан әрі Иранға, басқа да елдер мен қалаларға баратын сауда жолы бойында орналасқан, тұрғындар мол шоғырланған қала болғандығын дәлелдейтін бірден-бір айғақтар. Бұл жерде осыған дейінгі Қазақстанның, керек десе Одақтық орталықтың да (Мәскеулік) біраз археологі болған. Бірақ олар тарихи орынның өздерін қызықтыратын бөліктерін болмаса, тұтас кешенді жоспарын қағазға түсіріп, картасын жасамаған, бір сөзбен айтқанда, Ұшқан Қазақстан археологиясы үшін әлі тың тақырып. Соған орай біз қатысқан бұл экспедиция алғаш рет “Ұшқанның” аэрофотосын жасап, көптеген жәдігерлерді суретке басты.
... Осы арада тағы бір ымырт үйіріліп, кеш түсті. Қоңыр күздің ыстық алабы азайып, қызуы қайтқан әсем күні жалқындана жанып, батып барады. Біз бағзы заманғы жиһанкез жазған бұлақ басында тұрмыз. Қазір бұл бұлақ емес артезиан құбырлар, былайша айтқанда біздің милиоратор мырзаларымыз оған су атқылайтын шүмек қойған. Содан жойқын су атқылап, бұрқырайды. Әрине, осыдан алты ғасыр бұрынғыдай суы нұрдай, тұщы деуге болмайды, сәл-пәл бор дәмі бар ашқылтым. Бірақ оны алғау екен деп безіп кеткен түлік жоқ. Күн тұсау бойы көтеріліп, сәске қызуы күш алғанша, не зауал ауып, қызыл екінді таялғанша осы суы атқылап, әудем жерлік көлемді алып жатқан суатқа маңайдағы келе-келе түйелер шұбырып, үйір-үйір жылқылар құлайды. Дегенмен бәрі баяғыдай деуге болмас, мүмкін біздің бұл айтып тұрғанымыз бағзы заманға қарағанда тек тістің суындай бес- оны ғана болар.
Шіркін, мынау ұшы-қиырсыз сағым даланың сәні де, әні де мал екен-ау. Түлік құрыса туған жер де түгі кеткен кілемдей көз тартып, көңіл жұбатар ғажайып келбетін де жоятын көрінеді. Қайран киелі далам-ай, бір кездегі көктемде Маңғыстаудың ойынан Жемді кесіп, Мұқыр, Сағыз, Ойыл мен Шыңғырлауға асып, күздеуде қайтадан қыстаулыққа құлаған ұлы көштің жолы болған, тіпті одан бұрын Ұлы Жібек жолының керуен сарайларының бірі атанған атымтай жомарттардың мекені едің ғой. Енді сен де барған сайын базарыңнан айрылып, барыңды жоғалтып жатқан сияқтысың ба, қалай?! Қайтейін, кешегі мал арасында өскен менің де сыртым бүтін, ішім түтін болады, осыларды көргенде. Ал оны қалада өсіп, қу темірді ат қып мінген шойын мінез, шорқақ тірлік біреулер қайдан білсін. Қашан да шын қазақтың жаны да, әні де дала, даланың сәні - мал.
Біз ой үстінде біраз отырдық. Ошақта от маздайды. Жастауларымыз сол от жанында өздерінің уайым-қайғысыз әзіл-қалжыңдарын жалғастырып, әндерін әуелетсе, біз Болат екеуміз әлгі тарихи тас бұлақтың жанында отырып, Есенғалидың ерте бір жылдарғы бабалар айтқан небір ғажайып әңгімелерін, қалжың өлеңдерін тыңдаймыз.
«Алыс пенен жақынды жортқан білер,
Ащы менен тұщыны татқан білер»... деп сабақтайды ол өз әңгімесін.
Ертесінде тағы да жолға жиналдық. Ендігі бағытымыз - ежелгі “Жібек жолы” бойындағы белгілі бекеттің бірі – “Қособа”. Ол Үстірттің Маңсуалмас мекенінде орналасқан. Ол үшін әуелі бір елді мекенге жетіп, машинамызға май құйып, өзімізге нан-пан, шай-шекер алу, су-суан да жинақтау керек болды.
Даланың мың тарау айдау жолымен заулатып келе жатқан біз Бейнеу ауданына қарасты Құркөл селосының өкпе тұсынан бір-ақ шығып, осындағы көне көз қариялардың бірі Бекен Иманбаев ақсақалды кездестірдік. Ондағы ой - Маңсуалмас, Қособа бағытын бажайлап, жүрер жолымызды біліп алу. Сөйтсек Бекен қария өзімізге қарсы сұрақ қойып, қайдан, қалай келе жатқанымыздың мәнісін білді. Біз өкше ізіміздің жөн-жосығын айттық.
– Е, Иманқара дейсің бе, ол менің жастық, балалық шағым өткен жер.
Кешегі қызылдар кеп, бай-шай деп әлек-шәлегімізді шығармағанда біз әлі тұқым-тұқиямызбен сол жерде сүттей ұйып отыра берер ме едік. Аталарымның айтуынша алтыншы бабам Майланнан бастап Арал, Әкім, Шолтақай, Дәлік, Иманбайлардың бәрі де бар өмірін Иманқара төңірегінде өткізген. Ал Шолтақай қаздырған атақты сегіз шыңырау сол төңіректегі ызғындай халықтың ындынын қандырып, асырады. Оны Құлсары, Ақкиізтоғай төңірегіндегі көзі тірі қариялар, олардың көзі қарақты ұрпақтарының біразы әлі күнге айтар да, - деді. Осыны мәлімдеген Бекен қария өзінің бұл төңіректі, яғни Қособа жайын біле бермейтінін айтып, “Ол жағын мына балам Шалабайдан сұраңдар” деп “көк қасқа” көлігінен енді түсіп жатқан жүргізуші ұлын нұсқады. Ол болса “Дәл қазір сол жақтан аң қағып келіп тұрмын, менің өкше ізімнен айырылмасаңыздар болды, дәл 27 шақырымда Үстірттің сілемдеріне көтерілесіздер. Бірақ көтерілер жерде Шибұлақ деп аталатын тар қуыс бар, одан жоғары көтерілу үшін шопыр атаулыға көп ептілік қажет” дегені.
Біз рахметімізді айтып, көлігімізге от алдырдық. Жол атасы - тұяқ, мұраты - жету. Даланың түбіт шаңды шарғы жіп жолы тағы да ирелеңдеген күйі көкжиекке асығып, жоқ болады. Жолаушы болса, қашан да соның шегіне, шетіне жетуге құштар. Міне, біз автокөлік салонында үнсіз отырмыз. Осындайда ойға түрлі жайлар түседі. Алыс жолда әдемі, тәтті ой да серік. Менің есіме жаңағы Бекен қарияның Иманқарадағы түрлі шыңыраулар туралы айтқан әңгімесі оралады.
Жалғасы бар, осында.