Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында
... Біз алдыңғы түстен бері тау жағалап келеміз. Туғалы топырағын баспаған өңірдің тауы қайсы, тасы қайда, біліп жатқан біріміз жоқ. Жергілікті жандардан сұрайын десең қыбырлаған тірі қарға кездессейші, атамаңыз! Тіпті, әдеттегі ауыл маңын жайлап, қозы көштен әрі аса алмайтын қой-ешкіні былай қойғанда, 20-30 шақырымды артқа тастап, 5-6 күндік шалғайдағы ащы шөпті қуалап тебіндейтін дала кемелері-түйенің де ілуде бір қарасы көрінбейді. Керек десеңіз, жуық маңда жүріп өткен жалпақ табанды ізі де жоқ. Соған қарағанда мынандай елсізде жалғыз жортқан түз тағысы - қасқыр да сирек шығар...
Бәріміз де тағдырын төрт түлік мал, оның өніміне байлап өскен қыр қазағының төлі емеспіз бе, атакәсіп, бабалар дәстүріне сап, анда-санда көлігімізден түсе қап, із кесеміз, жер бедерін бағдарлап, тірлік нышанын іздейміз. Бірақ суы жоқ даланың нуы да қат. Кей-кейде кешегі кеңес заманының көзіндей боп, айқыш-ұйқыш тартылған автокөлік жолдары кездеседі. Олардың өзі тым ерте жүріп өткен көмескі сораптар ғана. Мұның бәрі менің арғы-бергі ойымды бір арнаға тоғыстыратын ата-бабамыздың ізшілдік, жершілдік қасиеттерін ойға оралтады. Сайып келгенде ол да кез келгеннің пешенесіне жазыла қоймаған, жаратылыстың өзі бірер-жар адамға ғана сыйлаған сирек өнер. Оның өзі мына сынды шетсіз, шексіз, ұшы-қиырсыз маң далада мекен теуіп, аттың жалы, атанның қомында өскен қандастарымызға ғасырлар бойғы көріп-білген, еске ұстаған мол тәжірибесі негізінде жинақталған өнер. Өйткені далалықтар қолында қазіргідей тілі керекті бағытыңды көрсетіп, безілдеп тұрған компасы, не жол бойы барар жеріңнің алыс-жақындығын өлшеп-пішіп тұрған шақырымдық көрсеткіштері жоқ. Соған сай “Бағыт осы, керекті нысан алда!” деп жөн сілтеген әлдебіреудің нұсқауымен тартып бір кеткенің болмаса, мың тарау дала жолының қайсысына түсеріңді білмей аңтарылып қалу шет қонып, алыс жайлаған кез келген ауыл баласының әрқайсысында болған жағдай. Осындайда есіңе елде қалған ата-анаң, болмаса көпті көрген абыз қариялардың айтқан әңгімелері мен ұғындырған сілтемелері түседі. Немесе ес біліп, етек жапқанда оқыған В.К.Арсеньевтің “Дерсу Узаласындағы” амурлық Узаланың ғажайып ізшілдігі мен болжағыштығы ойға оралады.
Марқұм өмір бойы мал бағып, жылқы құлағында ойнаған әкеміз табиғат болмысын ылғи да алдындағы төрт түліктің қимылы, қас- қабағымен өлшейтін. Ол кісі өрісте жүрген әр малының жүріс-тұрысын олардың құмға түскен ізі арқылы болжап, бағамдайтын. Малының бір нәрседен үріккенін, болмаса тоқ-аштығы, ақсақ-тоқсағын да сол арқылы дәл басатын. Әкей талай көзге түртсе көрінбес қараңғылық пен ақ шұнақ боран, ала-сапыран жаңбыр, тұмандарда еш қиындықсыз өз отауы, өлең төсегін еркін тауып келе беретін. Мұндайда ол жер бағдарын жақсы білу, табиғаттағы шөптің, тіпті бейіттердің, мүмкіндік болса жұлдызды түндегі темірқазық пен жеті қарақшы, үркердің орналасуы, өзен суының ағысы, шөптің өсімін қатты біліп, бақылаудың қажеттігін еске салып отыратын.
Мұндайда ізшілдіктің де орны зор. Нағыз ізшілер ізге қарап, мал не жолаушының алыс не жақындығын, көлігінің шаршап, не тың келе жатқандығын жазбай таныған. Оны өткен ғасырларда осы Атырау, Маңғыстау өңірлерін аралаған орыстың талай ғалымдары таңдайын қағып, жағасын ұстап жазған-ды. Ендеше, дәл қазір қайталап еске алудың қажеті болмас. Дегенмен тағы да бір мысал. Осыдан отыз-қырық жыл бұрын біздің ауылда Қайырқом Мақуов деген шопан болды. Әуелі ұжымдық, кейін кеңестік шаруашылықтың заманы ғой, әр отардың бағымында кем дегенде 700-800 қой болады. Төлдегенде олар екі, екі жарым есеге өседі. Бірақ ол әр күнде ертеңгілік не қызыл іңірде отарды санап, малдарды түгендейді. Сондайда бәріміз де баламыз, Қайрекең қойларын санап жатады. Кәдімгідей қолын шошаңдатып, түгендеп тұрғанын көргенде біз ағамызды бір қыдыру сан біледі деп ойлайтынбыз. Сөйтсек ол кісі сан атаулыдан мүлде бейхабар, бар-жоғы әлгіндей қыруар қойды түстеп түгендейді екен ғой. Міне, қараңыз, мұның өзі қандай ғажайып қабілет, шеберлік, жады десеңізші. Әбден барлық малды көз алдынан өткізіп болған соң ғана “Бүгін ана қой жоқ”, “Мына қозы ақсақ, өріске еруге жарамайды” деп бір-ақ айтады екен.
Ал ол кісі өз қатарлары арасында қартаның ақша салатын құмар ойынынан басқасын да тым тәуір айналдыратын. Кейін естіп, таң қалсақ, Қайрекең сонда да қартаны түстеп өз орны, жөнімен басып ойнайды екен ғой.
Жә, біз үшін әңгіме орайында ізшілдіктің де, жершілдіктің де керегі шамалы. Өйткені мың жылдық қорымдар мен қорғандарды табу үшін әлгі өнердің еш қажеті жоқ. Негізге аларымыз - тарихи деректер көне әдебиеттер ғана. Дәл қазір қолымызда бары Лев Леонидовичтің жұлым-жұлым картасы мен тілі “терістік” деп безектеген мектеп оқушыларына арналған құбылнама. Сонау батыстан бастап едік, әйтеуір сипалап жүріп Жездіні таптық, бірақ нақты солай атала ма, жоқ па, оны да біліп жарытпаймыз. Әйтсе де картаға солай деп қонжиттық. Енді Тоқсанбай тауындағы ескі орынды іздеудеміз. Бұл соңғы екі мекен (Жезді, Тоқсанбай) бұрын-соңды еш археологтың көзіне түсіп, картада белгіленбеген. Тек әлдебір геологтардың сілтеуімен ортамыздағы ақсақалымыз Л.Л.Галкиннің көзіне түсіп, ол осында 2-3 рет келген. Бірақ үш-төрт жылда бір қатынайтын мәскеулік ғалымға қазақтың сырын ақтара қоймайтын сараңдау сары даласы қалайша құпиясын аша салсын, шынын айтса Лев Леонидовичтің бұл жағынан көп нәрсеге тісі өтпейді. Енді, міне, тұтас экспедиция алып келеді. Соған сай біздің жүрісімізде нақтыдан гөрі болжам, сенімнен гөрі дүдамалдық басым.
Алдымызда ұзыннан ұзақ созылып кең жазық жатыр. Мұны осы өңірде тау дейді. Бір-бірімен иық тірісіп, өркештенген жоталар. Кейбірі бейне қызыл жосаға малып алғандай, күреңітіп, алаулайды. Мүмкін Жезді деп сол үшін де атайтын шығар. Көз ұшынан көлеңдеп көгілдір көл көрінеді. Ол да көл емес, тұзды сулы сор. Алдымыздан анда-санда ана бір жылдары өзбек, кейін әлем ғалымдары, археологтарының аузын аштырып, көздерін жұмдырған көлбеу жебе сызықтар, ал біз үшін ата-баба мұрасы – арандар шығады. Арандар жайлы ойласаң есіңе ертеден жеткен елең-алаң бір сурет, ала-сапыран шабыс, ызы-шу аңдар апаты, аңшылар қиқуы жетеді. Тағы да осы өңірдің білгірі Әбіш, оның кере қарыс “Үркер” романы, оның әп дегеннен арандар жайлы суреттеулері есіңе оралады. Сондай-ақ Мұхтар Мағауиннің «Аласапыранындағы» оқиғаларды айтсаңшы?! Тегінде Үстірт үстінде арандар көп-ақ және бәрі де кең жазықтың аң қашып кете алмайтын мүйістеу бұрышына орналастырылады екен.
Енді сол арандар жайлы аз-мұз ғылыми түсінік берейікші.
Жалғасы бар,осында