Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы., басы осында
Табиғат мүсіншінің аз сыйы, адамдар қолымен жасалынған небір ғажайып мұраларымен әлемдік деңгейде есте қалар мекеннің бірі – Үстірт. Бірақ олардың сыры әлі күнге ақи-тақи зерттеліп біткен жоқ, бар-жоғы ауызбен айтып, оның өзін де әлі де хатқа түсіріп, тасқа басып үлгермедік. Өйткені, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы 200 мың шаршы шақырымдық жерді алып жатқан бұл мекенге жетудің өзі қиын. Ал шындығында ол оңтүстік батыстан солтүстік шығысқа қарай 600 шақырымға жуық, ені 400 километрлік синкринальді ойысқа немесе миллиондаған жылдар бұрынғы Сармат теңізінің табанына биіктігі 300-350 метр болып шөккен арал сынды бұл сазды әк құм тас жыныстарының шөгіндісі. Мұнда күллі әлемді таң қалдыратын «Үстірт жебелері» деп аталатын ғылым ғажабы бар. Ол жайлы соңғы жарты ғасырда әлденеше рет жазылды.
2005 жылы «Вече» баспасы «Тайны веков» сериясымен А.И.Войцеховскийдің «Загадки древних святынь» кітабын жарыққа шығарды. Онда Коста-Риканың тас шарлары, Наска аралындағы еңселі балбалдар, Баалбек құландылары, Стоунхендж, Ұлы Қытай қорғаны, Мачу-Пикчу, Борабудур, Сиань қаласындағы күйген балшық әскері, Хеопс пирамидасы, Наска геоглифтері мен тағы да сол Үстірттің жұмбақ жебелері («Каменные батыры Устюрта») жайлы да материалдар бар. Кезінде қазақ жазушысы Сауытбек Абдрахманов осы кітап және А.Миловский мен В.Ниязматовтың «Вокруг света» журналындағы, С.Боевтың «Нло» алманағындағы мақалалары негізінде танымдық дүние жазды («Егемен Қазақстан», 21.10.2005). Ғалым Ақселеу Сейдімбеков өзінің «Күмбір-күмбір күмбездер» кітабында да Үстірттің құпия сызықтары туралы да тым жақсы ой толғады.
Осыларды жүйелей келе отандық ғажайып туралы ой түсіндесек, Үстірт жебелерінің ауызға ілігіп, сөз бола бастауы ХХ ғасырдың екінші жартысынан (1981 ж.) басталады. Өзбек ССР Ғылым Академиясының басшылығымен жұмыс жүргізген Қарақалпақстан археологтары оны отандық және дүниежүзілік ғылымда теңдесі жоқ жаңалық деп бағалап (Э.Ф.Юсупов), кейін оған жоғарыда айтқанымыздай, қазақстандық ғалымдар да үн қосты. Жалпы, бұл жебе сызықтар, сайып келгенде, тек Үстіртте емес, Қазақстанның өзге аймақтары, әлем картасында кездесе береді. Біз әңгімелеп отырған Маңғыстау жарты аралының солтүстік-шығысындағы арандарды қыран қанаты талатын тым биіктен тікұшақ терезесінен көрген ұшқыштар бір-бірінен сүйінші сұрағандай таң қалып, «Көрдің бе, төмен қарашы, не деген ғажап, кәдімгі Наска! Наска!» деп дауыстаған көрінеді.
Шындығында «Наска» деген немене еді? Әлде Перудің Наска шөлі ме? Жо... Жоқ, шөл емес, сол шөл жазығындағы жебе кейпіндегі алып сызықтар болатын. Оны американ ғалымы Пол Косак 1939 жылы аспанда алып лайнер салонында иллюминатордан алғаш рет көрген. Кәдімгі қара жер бетіндегі артынан алдына қарай жебе кейпінде сүйірленген алып қапшық бейнесіндегі татуировкалар десе де болар. Сөйтсе аумағы 500 шаршы шақырымды алған шөлде 13 мың сызық, 788 пішін мен 100-ден астам спираль жатыр. Ғажап-ақ! Соны А.Войцеховский алғаш рет көргенде таң қалып «Осы өңім бе, түсім бе? Шынында да мен жаңа ғана тас қаптаған Насканың жұмбақ төсінен ұшып өттім бе? Иә, айтары жоқ. Наска шөлін көрген соң көпке дейін есіңді жия алмайсың – аса бір ұлы құпияға қатысты болғаныңды сезбей қоймайсың... мәңгілікпен салыстырғанда өз өміріңнің соншалықты сорлы екенін түсіне бастайсың» деп жазған екен.
Ал Үстірт үстіндегі бұл сызықтар Арал теңізіне сұғына кіріп жатқан Дуан мүйісінен басталады. «Вокруг света» журналындағы «Ғасырлар садағынан атылған жебелер» деп аталатын мақалада олар жайлы «Әр сурет сыртқы беті ішке қарай тартылған қапшықты елестетеді. Кейбір суреттердің ортасында сызық бар, ол кең арнамен бөлініп жатыр. Сөйтіп қапшықтың жоғары үшкір тұстары екі жаққа айырылған жебелерді құрайды. Олардың басында сүйірлене біткен үшбұрыш пішіндегі ұшы бар – жебенің тұрқынан шығып жатқан тар өткел сол ұшына бастайды. Үшбұрыштардың ең басында диаметрі он метрлік сақиналар орналасқан. Тегінде олар бір кездегі шұңқырлар сияқты. Жүйенің сызбалық суреті жауға лап қоятын басты соққының бағытын көрсететін әскери картаны еске түсіреді. Әр суреттің ұзындығы 800-900 метрдей, бағыттаушы дуалдарды қоса есептегенде бір жарым шақырымға созылады. Ені 400-600 метрдей, қоршаудың қазіргі биіктігі 80 сантиметрден аспайды. Заманында бұдан биік болғаны анық» деп суреттейді. Ғалымдар Үстірт жебелерінің орналасу топырағын қазып келгенде онда біздің дәуіріміздің VII-VIII ғасырларына жататын көзе (керамика) бұйымдар табылған. Бірақ олардың орналасу қабаты жебе тастары орналасқан деңгейден сәл жоғары. Бұл жебелер ғұмырының керамикалық бұйымдардан бұрынырақ дүниеге келгендігін дәлелдейді және бір ерекшелігі Үстірттегі осындай ондаған алып сызықтардың қай-қайсысы да перуан жазығындағы әлемге әйгілі Наска құпия сызықтарынан әлдеқайда үлкен. Тағы бір ерекшелігі, әлгі жебелердің бәрінің де ұшы Арал теңізіне бағыттап жатқан көрінеді. Неге? Ол жағы беймәлім.
Ал сонда әлем ғалымдарына таңсық болған бұл жебелерді жергілікті халық қалай түсіндіреді?! Олар не мақсатта, қай кезеңдерден бастап, не үшін пайда болған?! Әуелі өзіміз тілге тиек етіп отырған А.Войцеховский еңбегіне үңілсек, туындыгер «Эти стрелы, которые часто встречаются и вдоль чинков плато Устюрт, известны местному под названием «араны» деп жазады. Мұны археолог В.Ягодин алыстан басталып, бірте-бірте тарыла келіп, ұш жағында қоршаудың сүйірленіп бітетін бұл жебелерді бағзы заманғы аңшылар ірі аңдарды қуып әкеліп қамап, нағыз аранға құлататын қоршаулы қаша деп түсіндіреді. Оны кезінде қазақтың этнограф ғалымы Ақселеу Сейдімбеков те кеңінен талдап жазған болатын. Ол аталған арандардың тек қана аңшылық мақсатқа орай дүниеге келген іс екендігін айтады. Бұл тақырыпты сәл тарқатсақ Каспий мен Арал теңіздерінің арасына орын тепкен Үстірт дөңі бұрындарғы «Мақта жолы» немесе «Ұлы Жібек», тіпті «Ноғай жолы» деп аталған көшпенділердің ру-тайпаларының өмір сүруіне қолайлы мекен болуымен бірге төсінде құлан, ақбөкен, арқар, жолбарыс, қабан, жалғыз мүйізді бұлан, қасқыр, түлкі, қарсақтардың миграциялық қонысы болды. Осыған сай оларды аулап, бір жағынан нәсіп, екінші жағынан кәсіп еткен түркілер ғасырлар бойы аң аулап, саятшылықты далалық өнер деп білді. Яғни күнкөрістік өнер.
Екіншіден, осы саятшылықтың өзін әскери дайындық, ептілік пен төзімділік, әбжіл қимыл, ат спортын дамыту шеберлігі, үшіншіден, тамаша табиғат аясында салт атпен сар желіп, көңілді демалудың да сәнді сипаты еді. Олар жайлы кезінде араб, парсы жиһанкездері «Көшпелі түркі тайпаларының жейтіні көбінесе жабайы аң еті», «көшпелі түркілер аңшылыққа айрықша төзімді, әсіресе қарақұйрық пен құланды қуғанда қайран қаласың», олардың үйлерінің іші-сырты жолбарыс пен жабайы аңдардың терісінен көрінбейді» деп жазған болатын.
Аңшылық жалғыз-жарым адамдармен бірге тұтас ру-тайпа болып топтала жүріп, жылына бір-екі рет айлап шұғылданатын кәсіптік өнерге де айналған. Оны Г.Е.Груми – Гржимайло, Әбілғазы (1603-1633) еңбектерінен оқуға болар еді.
Топталып аңға шығар алдында хан (қаған) әдейі адамдар жіберіп, қай жерде қандай аңдар шоғырланғандығын біліп, содан соң ру адамдарының белгілі күнде аңға шығуы керектігін хабарлаған. Ол бойынша әр рудың орналасу орны, кімдерден кейін, қай жолмен жүруі және қандай құраммен жүретіндігі құлақтандырылады. Мұндайда көшпенділер аң қағуға үйренген ең жүйрік, ұшқыр, төзімді аттарына ыңғайлы, әдемі киімдерін киіп, қару-жарақтың да дұрысын ұстап шығады. Отағасыдан соң (аңшыдан кейін) сән-салтанатты қыз-жігіттер – бозбалалар, орта жастағы әйелдер мен еркектер жабуланған әдемі түйе, аттарымен сырмақ-текеметпен безенген арбаға отырып, дала төсін шарлайды. Бұл сонау Өзбек хан тұсындағы аңшылыққа аттанған далалықтар суреті. Оны сабақтай түскен Г.С.Саблуков «...Әдетте ханның мұндай көңіл көтеруі бір ай, тіптен екі айға созылған. Осы мерзім ішінде ханның құдірет-қуанышы мен сән-салтанаты жарқырай көрінді. Ат үстінде лыпып тұрған мың сан адам. Ең айтулы атына мініп, ең таңдаулы қаруын асынған жауынгерлер. Моншақтай тізілген сансыз арбаларына үнді мен гректің заттарын тиеген саудагерлер. Көз жетпес алапқа алқа-қотан созылып, байлық пен қуаныштан бал-бұл жанған қалың жұрт – міне, осының бәрі мына жабайы даланы халқы көп қаланың көшесіне айналдырып жібергендей» деп жазады.
Енді жоғарыдағы А.Войцеховский мен В.Ягодиннің аран жайлы айтқандарын қазақы ұғымға сай тарқата түссек, әлгі атты, арбалы дүйім жұрт әуелі қатар түзеп, алдарындағы аңдарды сақиналап қуалаған күйі күні бұрын белгілеген жазыққа қарай біртін-біртін шеңберлерін тарылта түседі. Әдетте осы аңдарды қуып тығатын қалта-арандардың түп тұсы тығырық сай, жары биік өзендердің қолтықты иіндері болып келеді.
Оған дәлел ретінде А.Сейдімбеков Құланөтпес өзенінің атауы мен Құлансай атты жер, Шоқан жазбаларында кездесетін Іле өзені мен Тарбағатай арасындағы ұраларды келтіреді.
Соңғы жылдары адамдар тізбегінен жасалынған жанды қорған өз шеңберін тарылтқан сайын адамдардың қырағылығы арта түседі. Өйткені, қай рудың шеңберінен аң шығып кетсе, онда сол рудың басшысына дәл сол жерде күллі адамның көзінше дүре соғылады. Сондықтан, кім-кімнің де жауапкершілігі жоғары, керек десеңіз, шеңбер шебіне киіз-сырмақ, басқа да қалқандар ұсталып, азан-қазан айқай-шумен қуғыншылар құрған шеңбер жинақтала түседі. Жаны қысылған аң амалсыздан жебе сызықтың қылта тамағынан (аузынан) ішке енеді. Осы тұста күні бұрын қойылған қарулы топ ұра сызықтың ішінен тартылған қос ұра сызықтың аузын қалқалап тұра қалады. Бұдан әрі қыстырылып, қымтырылып ішке енген аңдар алдын ала қазылып, беттері жабылған ұраларға құлап, не қиялап, өздеріне бағыттап мұқияттап көмілген жебе ұшты нар қамыстарға арандап жарылады. Атыс-шабыс та осы арада. Міне, қан-жоса қырғын, жан ұшырған айқай-шу деген осы.
Осындай аң атып, қызық көрудің кезегі хан бастаған отбасы, оның қызметшілеріне тиеді. Одан соң аран қашаға тағы аң толтырылып, оны әскербасылар, батырлар мен рубасылары, олардың ержеткен ұлдары мен жауынгерлер қызықтайды. Әлгі қансыраған атыс-шабыс аяқтала келгенде қариялар сауға сұрап, келешектегі осындай аңшылыққа да тұқым қалсын деген ұсыныс тастайды. Ол тілек міндетті түрде орындалады. Сайып келгенде, Үстірт жебелерінің құпиялары осындай кәсіп пен нәсіп, аңшылық өнер, әскери дайындық, қала берді, халықтық серуенге алып келеді. Мейлі, перуан даласындағы айқұш-ұйқыш сызықтар, жоғарыда айтқан Құланөтпес пен Құлансай атаулары, Іле мен Тарбағатай арасындағы терең ұралар да осы саятшылық, аңшылық кәсіпке орай туындаған болар. Қалай дегенде де аталарымыз ақылсыз іс істемегені белгілі. Оның үстіне әр уақыт, келмеске кеткен кезеңдердің өз әрекеті, тіршілік түйткілдері бар. Үстірт арандары (жебелері) да сондай мақсатта туындағаны сөзсіз.
Біздің сапар одан әрі жалғасуда.
Ақыры қазақ айтатын сиыр сәскеде Тоқсанбайға да жеттік-ау. Оның өзі
таулар ортасындағы арал сынды бөлек үлкен шоқал екен. Өткен жылдары оны Лев Леонидович қазып, зерттесе керек. Бірақ табылған заттық деректерді дәл қай кезеңге жатқызарын білмей, біраз бас ауыртқан. Ал Зайнолла ағамыз болса, ондағы жер қыртыстары мәдени қабаттар (үш түрлі), кездесетін тастар мен сүйектер, садақ оқтары, қайрақ тастар, көмір қалдықтарын біраз бажайлайды да “Мынаның ең астындағы қабатты шамамен қола дәуіріне (осыдан 4 мың жыл бұрынғы) жатады. Бұған дейін тап осындай қала орны Малайзия (Трон), Оралда (Арқайым, Сынтас) ғана табылған. Ал мынау олардан да бұрынғы дәуір жәдігері. Сондықтан бұл Қазақстан, жалпы ТМД елдері, керек десеңіз дүние жүзі үшін үлкен жаңалық.
Екінші қабатта - біздің эрамызға дейінгі бір мыңыншы, ал үшінші қабатта біздің эрамыздың ІХ-Х ғасырларындағы (орта ғасырлық) оғыздар тұрмысын көрсететін материалдар бар” деп таң-тамаша қалды. Біз де бұл жаңалыққа мәз болып, туған жер құпиясына қаныға түстік.
Сөйтсек бұған дейін Еуразияда адамдардың қала құрылысы алдындағы шоғырланып, өмір сүру тұрмысы дүние жүзінде алдымен Малайзия, Иран жерлерінен басталған десе, Орал тауларынан (Арқайым, Сынтас) табылған белгілерге орай орыс ғалымдары бұл процесті өз Отандарында басталған да оңтүстік-иран тауларына жылжыған деп келген екен. Енді мына деректерге бас иер болсақ, екеуі де емес, өзіміздің Үстірттің етегі - Тоқсанбайдан (осыдан төрт мың жыл бұрын) басталады да солтүстікке бағытталып, жылжыған. О, ғаламат десеңізші?! Бар жаңалық осы емес пе?
...Аталған жердің аэрофотосы жасалынып, жоспары түсірілді. Фотосуретші Ю.Черкасов та аяп жатқан жоқ, біресе жоғары көтеріліп, біресе төмен түсіп, жалпы да, жеке де, әйтеуір суретке басып жатыр. Лев Леонидович болса, қашаннан “керек тастың ауырлығы жоқ” деген қағиданы берік негізге алған. Түрлі көлемді сәрбөз, шыт, кенеп қалталардың бәрін де түрлі тас, сүйектермен толтыруда. Зәкең де өз ісімен әуре. Ал біз тап сол арада бес мың жылдық тарихы бар Тоқсанбай мәдениетінің сыйы деп, қазба жұмыстарынан табылған қойдың асығы мен қозы құйрық қайрақ тасты еншілеп мәз боламыз.
Тағы бір аранның қасында отырып, түстігімізді ішкен біз зауал ауа көлік басын елге бұрдық. Мың шақырымдық жолды артқа тастап, тау қуалай заулаған көлігіміз ұлы бесінде Тұрышқа жетіп, сол араның өткен-кеткенін білетін қариялардың бірі Жұбанияз ақсақалдың үйіне тоқтадық. Сұрайтынымыз Тоқсанбай мен Жезді. Бірақ көпті көрген ақсақал басын шайқап, білмейтіндігін білдіреді. Біз болсақ нәубет зардабын көп тартқан кейкі қарт (бар сырды ішке бүгіп) “білмеймін деген бір, білем деген көп сөз” деп қалды ма деп те күдіктенеміз. Ал ол болса бетті басқа жаққа аударып “Әрің емес, беріңді, өлгенің емес, тіріңнің жайын айт! Қалаң қалай күн кешіп, нарыққа несімен жауап беруде?” деп қыстайды. Амал не, қысыр сөзге уақыт аз, атқа қондық. Алда әлі Бейнеу, одан әрі Опорный, тағысын тағылар.
Бейнеу демекші, аталмыш кенттен ауылға қарай бет алғанда алдыңыздан көне тарихтың көп сырын ақтарып Сыңғырлау шықты. Сыңғырлау Маңғыстаудың қос мұңлығы - Қайып пен Ақбөбектің мекені, Қорабайдың қонысы.
...Әнші Қайып, етікші Қайып Есжан байдың сұлу қызы Ақбөбекке ғашық болады. Оқиға қалай өрбіді?
Есжан Ақбөбекті атастырып қойған жері – Итбайдың Есбергеніне ұзату үшін қызу дайындалады. Әрине, кетер қызды келістіріп аттандырмаса бай атына сын. Олай бола сұлудың сән-салтанатын асырып, отау үйін оттай жандырып, өрелі киіз, өрнекті алаша, Бесқаладан алдырған Бұхар кілем, Хиуа атластарымен тысталған төсек-көрпе, халат пен шымылдық, жасау-жиһаз, сәукеле, камзолының бәрі де дер кезінде дайын болуы керек. Қыз мінер ақ боз ат, оның күмістелген ер-тұрманы да әзір. Айтпақшы, аяғына киер көксауыр шоңқайма етік қайда? Тегірені бір шолып шыққанда оның да орны толды. Көрші ауылдағы Қорабай қарияның ұлы Қайып осы өңірге белгілі етікші, әрі әнші, керемет күйші. Оны алғашқы күннің кешінде-ақ танысу шайы үстінде байқатып үлгерді. Ертесінде күллі ауыл жастары етікші жігіттің айналасына үйіріліп, отқа ұмтылған көбелектей шырқ айналды.
Етікшіге арнап қыз ағасының отау үйі бөлек тігілді. Осы үйде Қайып ару Ақбөбекпен алғаш кезігіп, аяғын өлшеді, қалыбын алды. Сол кезде тік қараған жанарлардан жарқылдай от шашылып, махаббат оты тұтанды. Ол уақыт өте алаулап, жанып, жуық маңда өшпейтін өрісті өрттей биікке көтерілді. Бірақ шариғат жолы басқа еді. Күні ертең-ақ осынау көкірегінен гүл өсіріп, жүрегін жалау қылған жас қыз Маңғыстау ойына ұзатылмақ. Онда да біреу өліп-өшіп, сарғайып күтіп отыр. Ал Қайып үшін бұның бәрінің бәсі бес-ақ тиын. Күн өткен сайын ынтығып, арман болған айдай сұлу аруды әлемдегінің бәрінен қызғанып, құша түскісі келеді. Егер құдайшылығына барса, айттырып қойған қызға қол салу, үйленем деп үйірілуден артқан күпіршілік жоқ. Сайып келгенде, ол Қайып, Қорабай үшін барып тұрған сөкеттік, дөрекіліктің шегі, ақымақтықтың ақыры.
Қайып пен Ақбөбектің махаббаты күн өткен сайын өршуде. Ауылдағы алтыбақан ойыны жиіледі. Оны қыз жеңгелерінің бәрі біледі, бірақ білсе де білмеген күйде. Әйтсе де ел құлағы елу, біреуден біреу естіп, бай бәйбішесі, одан байға да жетті. Қырсыққанда жуық маңда біте қояр етік жоқ, етікші жігіт тоятты, қызық сәттер үзілмесін деп әдейі соза түсетін сияқты. Дегенмен таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді. Ауыл арасындағы гулеп бара жатқан әңгімеден қаймыққан Есжан ақыры Қайыпты өз ауылынан қуып, Итбайға “Тез арада келінін алып кетсін!” деп хабар салды. Екі жас бақытты күндердің де шеңбері тарылып келе жатқанын білді. Білсе де бал татыған қызық сәттен айрылғысы келмеді. Ақыры Қайып қолайлы сәттің бірінде Ақбөбекті алып қашты. Алдымен Жарқұдықтағы ата-анасына барды.
– Әке, келін әкелдім!
– Әп, бәрекелді! Қай ауылдың ботасы?
– Алыс емес, Елжан байдың Ақбөбегі.
– Не дейді? Ол дегенің бота емес, бұйдасынан байлаулы базарға шыққан бозтайлақ деуші еді ғой!
– Бәсі келіссе, базары не тәйірі.
– Иесі бардың киесі болады, “келін келді!” деп жүргенде кепиеті соғып, бақ емес, сор болмасын.
Осы кезде Қайып артында жабыса тұрған жас келін болашақ атасына тізесін бүгіп сәлем берді де, бай қызына тән бұлалықпен “Ата, бұл сөзді ойлап айттыңыз ба, әлде ойнап айттыңыз ба, білмедім. Бірақ өз басым осы арадағы үш ауылға көзден көкала үйрек боп ұшатын шадыман шаттық емес, аузын шым-шым байлаған бір қап дау алып келдім. Оны рулы ел болып басасыздар ма, жоқ әлде, жалыны Жарқұдықты шарпыған от қып шашасыздар ма, оны өздеріңіз білерсіздер. Бірақ бір келуге келгенім рас” деді.
Шындығында бұл сөздің жаны бар еді. Өйткені айттырып қойған Ақбөбекті әкесі Қорабай түгіл, қолымен шоқ көсеген Қайыптың өз босағаларында мәңгілік қалдыруға еш мүмкіндігі жоқ еді. Артынша Есжан байдың ес жидырмас қарулы жігіттері Қорабайдың қосақтаулы қойларының арасына тығылған айдай Ақбөбекті алды-артына қаратпай ала жөнеліп, иесі Итбайдың Есбергеніне тапсырды. Сүйгенінен айрылған әнші Қайып торға түскен арыстандай алас ұрып, бұлқынды. Аңырып қырға шапты, опынып ойға түсті. Аңызға айналған “Ақбөбек” әні күллі Маңғыстауды күңірентіп, Үстірттің үстінде, Қаратаудың жонында саз болып сарнады, жұлдыз боп ақты, нөсер боп сорғалады. Бірақ қайтып оралған қыз да, арманына жеткен асыл махаббат та жоқ. Есін жимай елақтап, бұл өмірден баз кешкен Қайып, сол бетімен ел асып, ессіз сүйген махаббатын Маңғыстауда қалдырады да түстіктегі Тәжікстаннан тұрақ табады. Ал Ақбөбек болса, сол бір отызыншы жылдардың ойранында өзі қосылған Есбергенімен Иран өтіп, Гурген жерінде бақилық сапарға аттанады. Сөйтіп қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы Ләйлі-Мәжнүні атанған екі жастың туған жерінде олардың адал махаббаттары жайлы ауыздан-ауызға тараған тек аңыз ғана қалды.
Мен бұл әңгімені жанымда отырған Болатқа айттым. Күні бойғы сапардан соң кешкілік шай үстінде Есенғалидың есіне салдым. Олар тағдыр тәлкегіне ұшыраған ғашықтардың қиын жолдарына аяушылық білдірді.
...Даланың боз шүйке шаңды ала бөтен жолы тағы да бір жапандағы жанды тарих Желтауға алып келеді. Мұнда археологтардың еш шаруасы жоқ. Шаруа Есенғалидікі. Ұлттық Академияның Батыс Қазақстан бөлімшесі осында бүгінгі заманғы құрылыс үшін аса қажетті материал- ұлутастың мол қоры бар екендігін біледі. Бірақ ол жасы жетіп, піскен дүние ме, әлде әлі де күте тұруы қажет қор ма, мақсат осыны анықтау.
Жалғасы бар, осында