ЖЕЛТАУ-АБЫЛДЫҢ ОТАНЫ

ЖЕЛТАУ-АБЫЛДЫҢ ОТАНЫ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында

       Алдымен алдымыздан көсіліп жалпақ жазық шықты. Қалың шилер арасынан жылғаланып соқыр бұлақ ағады. Бұлақ соңы шиыршық атып көз ұшындағы биік дөңге алып қашады. Дөң биік қабақ не жалданған жон емес – тау. Алыстан арбап, көз тартатын біз іздеп келе жатқан Желтау. Желтау туралы әңгіме көп. Бірақ мен білетіні, ол осы Желтаудың тобылғы тоғайы көші-қонды адайлар ғасырлар бойы аңыз ғып, ырғай қамшының сәмбі сабы мен түйе мұрындыққа таптырмайтын бұта жалғыз осында деп отырса, арғы-бергіден әңгіме сабақтаған қариялар осы жерде 1715 жылы атақты Әбілхайыр хан ақылды Бопай апамызға күзеуде отырып үйленіпті дейтін. (Оның өзі бұл күнде Орынбор жерінде жатыр). Сондай-ақ бұл жер өткен ғасырдың ғажайып күйшісі, қазақ музыка өнеріндегі аса ірі тұлға, атақты Абыл Тарақұлының кіндік кесіп, кір жуған атакүлдігі. Абыл туралы әңгіме жетерлік. Солардың ең басында Маңғыстаудың соңғы “әулиесі” Әбіш Кекілбаевтың “Күй” хикаятының тұратыны белгілі. Бірақ басқасын қайдам, әйтсе де өз басым Абылдың “Абылы” мен “Наратуын” тыңдаудан артық ләззат жоқ деп білемін. Әрбірі жеке-дара опера десе де болғандай ғой. Ахмет Жұбановтың айтуынша атақты Қошқар күйші “Наратудың” халықтық нұсқадағы тоғыз түрін түгел орындайды екен. Ғажапты қараңыз, заңғар А.В.Затаевичтің өзі Науша Бөкейхановтан жазып алған ең осал нұсқасының өзін поэма деп бағалап “Мен нотаға түсірген шығармалардың ішіндегі ең қиыны” дейді. Ал “Наратуын” күйшінің өзі көзі тірісінде шәкірттеріне бұл шығарманы “Мен өлгенде жаназамда орындарсыңдар” деп тапсырған екен. Адам өлімінде жоқтау айтса да шығанда бір күй орындамайтын қазақ “Наратуды” сол дәстүрді бұзып, реквиум дәрежесіне жетеді деп тұрса, не деп уәж айтарсыз. Ақыры дұрыс та.

            Қош, бәрі де жөн-ақ. Бірақ сол шығармаларды бүгінгінің күй білмес, түсінбес дарақылардың арасынан аулақ, дара отырып, өзіңмен өзің, кітаптың оқуы өткен жаттанды күйшілер емес, халықтың өз ортасынан, кәдімгі табиғи құлақ, көз, саусақпен үйренген ерекше дарын Ғатау Ибішев сынды шебердің саусағынан тыңдасаңыз. “Беу!” деп бір қойыңыз. Күйге шөліркеген ындыныңыз қанып, ымыра-алғысыңыз төгілер еді-ау!

            Құдайшылығына келсек, Абыл – күй тәңірісі, саз сүлейі. Одан тәлім-тәрбие алған Есбай Балұстаұлының өзі “Ақжелеңнің” алпыс екі түрін шығарып, орындапты деседі. Сол Есбай өмір бойы өнерден ләззат тауып, бала-шаға, мал-мүліктің бәрін жиып тастап, соңғы демін де күймен үзіпті. Бір қарағанда Есбай өмірінде жәй нәрсе жоқ, бәрі де қым-қиғаш қарама-қайшылықтарға толы. Әрине, оның бәрін дәл қазір санамалап, айтып жату мүмкін емес. Бірақ оның соңғы “Өттің дүние” күйінің шығу тарихына ден қойсақ, ел ішінде Тазбала атанған Есбайдың қаншалықты қайталанбас дара тұлға екендігін білуге болар еді.

            Қашан да Кіші жүздің кіндік тұсы деп Сағыз, Мұқыр, кейде Кең Жылыой, болмаса Көкжарды атайды. Әрине, соңғы екеуі - бірі қалың Адайдың жоғарыдан төмен, не ойдан қырға көктем мен күзде әрі-бері құлағында аяқ созар алқабы болса, екіншісі - жәрмеңкесімен жан жинап, ағайын тоғысар ұйығымен ғана аталатын шығар. Әйтпесе анау айтқан реті де шамалы.

            Әңгіме онда емес, әйтеуір сол Көкжар жақтағы көлеңкесі ұзын, көкірегі ояу правитель Қаналы төре қыз ұзататын болып, Кіші жүздің үш анасына түгел хабар салады. Онда палуандар белдесуі, алтын қабақ ату, ат жарыс, ақындар айтысы, тағысын-тағы жарыстардың бәрі өтеді. Жыршы-термеші, әншілер атаулы да қалмасын деп хабарланады.

Бұл Есбайдың өмірде де, өнерде де есейген тұсы болса керек. Сонда да он екі ата Байұлы атынан күй сайысына қатыспақ болып жолға шығады. Сөйтсе әлімдерден Тоғызбай, Жетірудан он жеті жасар Науша қыз кеп, алдын ала көл жағасына оңаша киіз үй тіктіріп, дайындық үстінде екен. Есбайдың әзірлігі өзінде, ауыл-ауылды аралап, күйін шалып жүре береді. Кезек күйге жеткенде Қаналы барлық күйшілерді шақырып,күллі жиналған қауымға “Той менікі, берілер бәйге, байрақ та менікі. Олай болса жеңімпазды да өзім таңдаймын. Ендеше, ешкім емеурін білдіріп, сыр ашпасын, және орындалатын күй әркімнің өз шығармасы болуы керек” деген пәрмен тастайды да, кезекті сайыскерлердің ең жасы және қыз баланың жолы үлкен деп Наушаға береді.

Ол “Кербез-керік” деп, өзінің жасы келіп, нағыз өтімді кезінен хабар берер ойнақы да шалтты күйін шалқыта орындайды. Екінші болып, одан сәл ересектеу әлімдік күйші Тоғызбай керек десеңіз, мен де бабымдағы жасымда тұрмын. Бойымдағы шабыт қуаты лекітіп келеді де тұрады деген пиғылда “Лек-лек” атты күйін жебейді. Кезек Тазбала - Есбайға келгенде ол сәл тыныстап, “Маған дейін күй безегендер арасында аяқ астынан толғатып, жаңа дүние тудырған бірі жоқ, бәрі де ауылдарынан алып келген жасамыс шығармалары. Ал мен болсам бұлардың қылығынан өзгешелеу, қазір дүниеге келген тың туындымды толғайын. Аты - “Терісқақпай-Ақжелең” деп бастап кетеді.

Күй аяқталғанда тыңдаушы жұрт елең етіп “Пай-пай, шіркін-ай, мына қарияның он саусағы түгел жорғалайды ғой!” деп таң-тамаша болады. Сол кезде күй бағып отырған төре “Ой, құдайым-ай, осы қазақтың өз аузына ие болатын күнін қашан көрер екенбіз” деп өзгеге бұрып отырған байрағын амалсыздан халық қалаған Тазбалаға табыстайды.

Үй сыртында күй жеңімпазына тігілген үш жасар кер бұқа басына топырақ шашып, өкіріп-бақырып күйсеп тұр. Мезгіл-мезгіл бауырын шаққан боз бөгелекті мүйіз шайқап, жасқап қояды. Жібек шапанын иығына іліп, кер бұқаны жетектеген жеңімпаз күйші сол арада “Бөгелек”, “Кербұқа” атты қос күйді қатар жебейді. Осы кезде бас бәйгеден дәмеленіп, бәлен күн бойы оңаша үйде күй төгіп, шабыт шақырған Науша қыз жастығы ма, әлде етегі көтеріліп, ерке қылығын ешкім еншілемегендігін алға тартты ма, той иесіне “Төрем, балалығым ба, әлде той бастау қиындығы ма екен, әйтеуір қайдам, шамалылау күй тартып қаппын, тағы бір кезек беріңіз?” деп, Қанай төренің рұхсатымен “Бұлбұл” атты тағы бір күй орындайды.

Жас қыздың батылдығы мен шеберлігіне тәнті болған той иесі “Әуелден бәйге алу реті сенікі еді, бірақ шеберліктің маңдайы қасқа келеді де, көзге бірінші түседі” деп Наушаға екі беті бірдей жібек шапан жауыпты. Сонда Есбай орнынан қозғалақтап “Уа, халайық, мен қашанда қолыма домбыраны талай арқалының соңында алушы едім де, менен кейін ешкім бұл аспапқа қол созбайтұғын-ды. Мына бала сол дәстүрді бұзды. Асылы, заманым өтіп, бар қызық жастарға ауысқан екен. Әлейім жалған, өттің дүние осы ғой, мынау соңғы күйім болсын!” деп тағы да екі күй орындайды. Оның бірі “Әлейім жалған” да, екіншісі “Өттің дүние” көрінеді.

Тазбала осы сапарында бұлардан басқа да “Ел айырылған”, “Шыбын қағар”, “Таздың күйі”, “Шазда қыз” деген күйлер шығарыпты деседі. Сайып келгенде, құлақ салса аталған күйлердің шығу тарихы осы, тікелей Қанай правительдің қыз ұзату тойы, ондағы күй додасына қатысты. Мүмкін, рас та шығар. Қалай десек те Тазбаланың атақты Абылға, Абылдың біз келе жатқан осы Желтауға қатысы бар екені рас.

Иә, қазақтың қай қыры мен төбесі де киелі, тарихқа бай, шертер сыры мол. Сөйтіп біз болашақ үлкен құрылыстарға аса қажетті ұлу тастарын қойнына тығып, сұлық жатқан Желтауға жетіп, махаббаттың біздің жердегі тағы бір Қозы Көрпеш - Баян сұлуы - Асалы-Көкетай мазарын тамашаладық.

Ол Опорный ауылының Төңірекшың бетінде орналасқан. Өңірдің атақты халық архитекторлары кейін Омар-Тұр күмбезін тұрғызған Назар Шорабаев, Өтесін шеберлердің қолынан шыққан бұл күмбез қуғыншылар қолынан қаза тауып, бір-біріне қосыла алмай кеткен қос мұңлық – ғашықтарға арналып қойылған. Көкетай байдың сұлу қызы да, Асалы сол байдың жылқышысы, жарлы жігіт. Бірақ олар бір-бірін жарлы-бай деп жіктемей, жақсы көреді, сүйеді. Ақырған бай мен алдында мыңғырған малы жоқ кедейдің құда болған күні жоқ, ешқашан ит жындары біріккен де емес. Сонда қайтпек. Ақыры ессіз ғашықтар Асалының Жем бойындағы ағайындарына жетіп, бой тасалау, сөйтіп түтін түтетіп, отау құру ниетінде ауылдарынан қашып шығады. Арттарынан қуғыншылар шығып, жетіп алады. Асалы қарсыласып, қарулы жігіттер қолынан қаза табады. Сүйгенінің артында қалғысы келмеген Көкетай да ағайын-туыстың айтқанына көнбей, өзіне өзі қол жұмсап, Асалымен бірге жанын қияды.

Тегінде бұл өңірде ғашықтық өртіне шарпылып, шыбын жанын дауға салған мұңлықтар саны жетерлік. Керек десеңіз Таздың атақты батыры, патшалық империяға өмір бойы қарсылықпен өткен Нарынбай мен Өтендердің жан серігі Төремұраттың да қазасы осы махаббат дауы, Қызданайдың “қырсығы” еді.

Қош, сонымен, бетті ауылға бұрып, кейінгі кездегі керемет мұнай көзі- Қисымбайға бел шешіп, ертесінде Сарықамыс кенті жанында аз-мұз жұмыс жүргіздік. “Іздеген жетер мұратқа” деген емес пе? Мұнда да сарматтар дәуірінде жерленген сарбаз мүрдесі үстінен шықтық. Археолог З.Самашев ақтарар сыр көп. Ол әр сүйекті ұстап ап, талай топшылауларға ерік беріп, ақырында өз тұжырымын айтады. Ал фотосуретші Ю.Черкасов болса, Зәкеңнің әр болжамын суретке басып, Болат Нұрғазиев бейнетаспаға жазады. Біз қойын кітапшамызды толтырамыз.

– Мынау,- дейді Зайнолла Самашұлы - қола дәуірінің басына темір

дулыға киген, жанына қынжал байлаған жауынгері. Ал мына біреу (екінші жерден тапқан бас сүйекті қолына ап) – әйел адам. Таңданарлығы – төменгі жақ сүйегіндегі бір тісі, тіптен бөлекше біткен екен. Бұдан әрі ол әлгі әйелдің әшекей бұйымдары – айна, моншақтары жайлы әңгімелейді. Басқа да тұрмыстық бұйымдары туралы айтады.

Ендігі бағытымыз Сарайшық қаласы. Ол бір кездегі ерке Еділ жағасындағы Үлкен Сарай - Берке Сарайынан кейінгі екінші шаһар, талай хандардың жаз бойы демалып, балық аулап, аң қағатын саяжайы. Еуропаның әр шалғайынан кіре тартқан Ұлы Жібек жолы үстіндегі ғаламдағы Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпірі бар Ұлысу өзені бойындағы ірі қала. Ақсақ Темірдің қан қақсатқан қолынан соң қайтадан есін жиып, Ноғай хандығының астанасы атанған Сарайшық 1580 жылы казактар қолынан бұратала қирап, ақырында Жайық өзені бойындағы көп станицалардың бірі боп қалды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында оның соңғы кірпіштерін сол кезде Гурьев қаласында салынып жатқан шіркеу құрылысына пайдаланды. Сөйтіп көне Сарайшық қаласы соңғы үйлерінен де айрылып, тек тарихта аты ғана қалды. Жайық өзенінің жыл өткен сайынғы өр суының тасуында орнын өзгертіп, оңтүстікке қарай жылжуы бір кездегі қала орнының бірте-бірте су астында қалуына себеп болды. Археологтардың айтуынша бұл күнде аталмыш қаланың тек үштен бір бөлігі ғана сақталған, оның өзі де қала шеті, қорымдар орны ғана.

Қала орнында әр жылдары археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Солардың ішінде соңғы жылдардағы жұмыстар нәтижесі қуанарлықтай көп жайлардың сырын ашты. Ең бастысы қала құрылысының қай жылдары салынғандығы анықталды. Өйткені бір ғалымдар оны Алтын Орда дәуірінде бой көтерген қала десе, екіншілері “Бұл мүмкін бұрынғы Саксин қаласының орнына салынған, тағы біреулері біздің дәуіріміздің ҮІІІ ғасырында, тіпті І ғасырда бой көтерген қала” деген болжамдар айтатын. Ал шындығында Сарайшық ХІІ ғасырда ірге тепкен де Алтын Орда өмір сүрген дәуірде, көркейіп, гүлденген. Бұл археологтардың соңғы жылдарғы тынымсыз қазба жұмыстарының нәтижесінде дәлелденген болжам. Сондай-ақ Сарайшық кезінде қытай, үнді, иран елдерімен де сауда, экономикалық байланыста болып, ұдайы араласып жатқан. Бірақ аталған қала орнына жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Алдағы уақыттарда да жалғасады, соған сай әлі де тың жаңалықтар, ашылулар болады деп ойлаймыз. Ендеше Сарайшық туралы әңгімені осымен аяқтай тұрып, келесі сапарлар туралы сөз қозғайық.

Экспедиция бұдан әрі анау Ресей жерінде жатқан Кіші жүздің соңғы хандарының бірі, Бөкей Ордасының негізін қалаған Бөкей басында болып, зиярат ету ниетінде еді. Сөйтіп біз Жайықтан Еділ сағасына бет түзедік.

Жалғасы бар, осында