ЕНДІГІ БАҒЫТ-ЕДІЛ БОЙЫ

ЕНДІГІ БАҒЫТ-ЕДІЛ БОЙЫ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында

«Еділ-Жайық – екі су»... Жаралғалы жарып-бөліп айтылмаған бұл өзендер жайлы өлкенің өрен жүйрік ақыны Насихат Сүгірұлы өзінің Сталиндік бұғауда отырып, туған жерге арналған кезекті бір ұзақ толғауын осылай деп бастаған-ды. Беу, десеңізші, талайдың сұғын өзіне тартып, өзегін жұлып алар арудың арқасындағы қос бұрымындай қатар жатып, бар сырды бірі қатты, бірі жай бұралған егіз ішегінен егілтетін қара домбыраның саз үніндей, адамзат баласының ізгі арманын алға жетелейтін болат жолдың қос тініндей қатар жатқан бұл өзендер жайлы арғы-бергі ықылым заманда кімдер жырға қосып, әуенді әнге арқау етпеді десеңізші.

Алдымен ару Ақ Жайықты алыңыз. Бірде Даик, Гаик, Еик, уақыт өте Ұлы су, одан бері Жайық, тіпті Степан Разин мен Емельян Пугачевтің елді бүрліктіріп, күллі Ресейді аяғынан тік тұрғызған әлдебір қозғалысына бола ежелгі атын мансұқ еткен (1775 ж. Жарлық) екінші Екатерина патшайымның өзі оның Жайық атын елінің есі, халқының жадынан жойып жібере алмады, әлі де Жайық аталады.

Еділ де сол, әу баста «Ра» өзені деп аталғанымен, орта ғасырдан бергі иеленіп келе жатқан «Еділ» есімін «Волга» деп қанша рет дүрдитіп бөрік кигізсе де, күллі түркі елі Еділ атын әлі естен шығара қойған жоқпыз. Иә, деймін-ау, Еділ-Жайық атауы қазақ пен татар, башқұртта қашаннан бері жатталып қалған ұлы есімдер. Онда бауырлас халықтардың қаны, қимас жандары бар. Аяқталмаған армандары, алға асыққан үміттері жатыр. Сондықтан да оны әнге қосып, жырға бөледі. Сол баяғы XV ғасырда жер жұмағын іздеп, басында Қазанда, одан төменгі Еділді еншілеп, Сарайшыққа желмаясын шөгеріп, Тайсойғанның Қорғаншасында он жыл қыстаған, Қаратау мен Жетісу асып, қос Танайын қасына ертіп, абыз шағында Арқаға жетіп, ақыры Ұлытауда мәңгілік ұйықтап кеткен Асан Қайғының өзі:

«Еділ менен Жайықтың

Бірін жазға жайласаң,

Бірін қысқа қыстасаң,

Ал қолыңды маларсың,

Алтын менен күміске», - деп біз сөз етіп отырған қос өзеннің осыдан алты ғасыр бұрын Еділ мен Жайық екенін дәлелдеумен бірге, олардың қашаннан байлық бастауы, дәулет көзі екенін жырға  қосады. Сол ақын тағы бір өлеңінде; «Ағайынмен тату бол, керек болса жаныңды қидың» мысалы ретінде:

«Еділ бол да, Жайық бол,

 Ешкімменен ұрыспа.

 Жолдасыңа жау тисе

 Жаныңды аяп тұрыспа» - деп даналық жолдарын ұсынады.

Отызға жетпес ғұмырында аты Дешті Қыпшақтың көк туын құлатпаймын деп, қолынан шашақты найза, шарболат қылышын тастамайтын, Дон мен Еділ, Жайық арасында шапқылаумен ғұмыр кешкен жауынгер ақын Доспамбет (XVI ғ.):

                                     «Айналайын, Ақ Жайық,

                                       Ат салмай өтер күн қайда?!

                                       Еңсесі биік боз орда,

                 Еңкеймей кірер күн қайда?!» - деп зарланады.

Одан бергі XYIII ғасырда өмір сүрген атақты Ақтамберді жырау да әйтеуір осы бір Еділ-Жайық есімінің қашан да қазақтың жадында жыр, көмейінде сыр боларына сене отырып,

                                  «Еділ-Жайық - екі өзен,

                                  Талсыз болар деймісің?!

                                  Көкшетаудың көп көлі

                                     Елсіз болар деймісің?!» – деп атасы қазақтың қоғалы көлдер, қом суларының азбасына, тозбасына үміт артады.

XIX ғасырдың алғашқы жартысында бар-жоғы қырық үшінде қыршынынан қиылған Махамбет те сол Еділ-Жайықтың арын арлап, мұңын жырлады. Ағайындарының азаттығына бола күн кешті.

                              «Еділ мен Жайық жер еді-ау,

                               Мекен еткен шаруаға» деп ол қос өзеннің мәнін көтерумен бірге

                             «Еділ үшін егестік,

                              Тептер үшін тебістік.

                              Жайық үшін жандастық,

                                Қиғаш үшін қырылдық», - деп қос өзеннің кредосын ашық айтады. Ал сол Махамбеттің аталас інісі, белгілі Мұрат Мөңкеұлы:

                            «Еділ – Жайық арасы –

                              Екі судың саласы.

                              Байтақта қалған көп жұртқа

                              Арасы болғай панасы» деп тіледі.

Ал қазақ үшін туған Әбілхайырхан «Жайық суы құрғап, табаны тақырлағанша қазақтың жері болып қала береді» демеп пе еді.

Сайып келгенде, осылайша арғы-бергі талай ақынның жырына арқау, батыр-баһадүрлердің тағдырына темірқазық болған бұл қос өзен арасы ежелгі түрік тұқымдас – бүгінгі қарға тамырлы қазақтың білектің күші, ақ найзаның ұшымен қашаннан бергі қанын төгіп, қорғап қалған қонысы. Бірақ біз әуелі орыстың, кейін қалмақтың тепкісіне орай одан да айрылып қалып, алыстан, онда да тек күншығысынан көз сүзіп, көңіл бұзылумен ғана жүргеніміз де рас. Соған сай көне құлақ қариялар бұл араны жеті жұрт келіп, көшкен жер деп тегіннен тегін айтпаса керек-ті.

Әйтсе де жаны пейіште болғыр әлгі Әбілхайыр хан ұрпағы – Бөкей сұлтан арада екі ғасырдан астам уақыт өткенде аңырап жүріп, қаңырап қалған ата қонысқа деген аңсары ауып, қанында қайсарлығы өсті ме, әлде таққа байланған бақты қуды ма, әйтеуір ежелгі Еділ-Жайық арасына Ойыл-Қиыл, Жем-Сағыз бойындағы ұлтанды елден енші алып, көшіп келді. Бірақ аталған жер әкімшілік-басқару жағынан Ресейге, яғни патшалық Россияға бағынатын. Одан бері де қаншама ию-қию заман өтті, тіпті кешегі кеңес үкіметі шаңырақ көтеріп, кең байтақ қазақ жерін ұлтарақтай бөліп, көбі алпауыт Ресейдің қанжығасына кеткенде Бөкей ханның қазақтарға қоныс ретінде ғана қайтарған Еділ-Жайық арасы Ә.Ермеков, У.Танашев сынды елім деген, еті тірі  ағаларымыздың арқасында қандастарымызға енді басы байлы атамекен ретінде қайта бұйырды. Немесе 1922 жылдан бастап Қазақстан жері деп танылды. Ендеше 120 жыл Ресей иелігінде болған Бөкей Ордасының сол кездегі хал-ахуалы қандай еді. Патшалы Ресейден не алып, неден ұтылды? Бұл сұраққа жауап беру үшін әңгімені барлық істің бастауында тұрған Бөкейден бастайықшы.

Расында да осы орайда күні бүгінге дейін не жақсыда, болмаса жаманда аты жоқ, тек «Бөкей» деген есімімен ғана ел есінде қалған, қазақтың Еділ мен Жайық өзендері арасына қайта оралған кезеңіміздегі алғашқы хан – Бөкей Нұралыханұлы туралы бүгінгі тәуелсіздік заманында бір ауыз сөз айтпауымыздың өзі де айып сияқты.

Шындығында Бөкей кім?

Жалғасы бар, осында