БӨКЕЙ ХАН

БӨКЕЙ ХАН

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында

 

Ішкі Орда ханы өздерінің мәдени өмірлерінің және ақыл-ой қабілеттерінің дамуы жағынан Бөкей ханға алғыс айтуға міндетті. Бөкей қазақтарды дала төсінен астрахандықтардың жеріне көшіріп әкеліп, қала, қыстақ ғұрпын қалыптастырды.

М-С.Бабажанов.

 

Турасына көшсек, тарихтан танымы бар, өткеніне өзегі өртенер жан болмаса, бүгінгі ұрпақтың көбі бұл есімді біле бермейді. Өйткені жоғарыдағыдай өткенді сүртіп, өлгенді түртіп, құдай десе құтырынып, бай-молданың соңына шырақ алып түскен кешегі қызыл коммунистер заманында Бөкей түгіл оның атасы Әбілхайырдың өзіне бас шайқап, әре-сәре кейіпте көз аларта қарадық емес пе?

Ішкі Орданың алғашқы ханы – Бөкейдің қай жылы туғандығы жайлы нақты дерек жоқ, бірақ оның Нұралының көп әйелі, әлде үш не болмаса, төртіншісінің ұлы екені анық. Кеңес дәуіріне дейін өмір сүрген зерттеуші Бөкейді 1748 не 1749 жылы туған болуы керек деп болжайды. Бұл пікірді кейінгі кезде оралдық өлкетанушы Ж.Ақбаев та қолдап, өз жазбаларында келтіріп жүр. Ел ішінде айтылатын аңыздарда «Нұралыханның сандаған әйелінен 30 ұл, 40 қызы болыпты» делінсе, 1771 жылы хан ауылында болған орыс тарихшысы И.Г.Георги өз жазбаларында «оның 4 әйелі, 8 күңінен барлығы 75 перзент бар, солардың 40-ы ұл» деп көрсетіледі. Ал Атырау өңірінің біздің заманымыздың XX ғасырының 60, 70-жылдары  өмір сүрген мықты шежірешісі Ыбыраш Қорқытов өз қойын дәптерінде жоғарыдағы аңызда айтылатын отыз ұлдың атын тізіп, жазған екен. Олар – Абылай, Ақсерт, Арыстан, Артықәлі, Бөкей, Бекқали (Сапақ), Бегәлі, Ғазалы, Есім, Есенәлі, Елтай, Жаналы, Жалтыр, Жәнібек,  Жәреке, Қаратай, Күсен, Нұреке, Орман, Пірәлі, Сығай, Саяқ, Сереке, Сейдалы, Тұрдалы, Ұзақәлі, Шотқара, Шорман, Шөке (Шоқа). Бірақ Т.Боранғалиұлының деректерінде бұдан басқаша беріледі. Анық-қанығы белгісіз, әйтсе де Бөкей ханның үшінші әйелі –аққолтықтан (халықтық дәстүрде үшінші әйелді осылай атаған. Ө.Ә.) өрбіген үш ұлдың үлкені деп жазады. Кейінгілері Шығай (дұрысы Сығай), Шөке (Шоқа). Бөкей әйгілі Сырым батырдың замандасы, тым әрі кетсе, төрт-бес жас кішілігі болуы да ықтимал. Жас шағында жігітшілік жолымен екеуі бір сұлуға таласып, бірақ соңыра әлдекімдердей бір-біріне кек сақтамай, керек десе Сырым батыр әкесіне қарсы шыққан кезінде де «Баяғы шүйке бастың қыжылы кетпеген мігіт екен ғой, соны дық санап жүр» деп айтады деп Бөкей Сырыммен арадағы еш дауға араласпапты. Ал Сырым болса Бөкейдің қос өзен- Еділ мен Жайық арасындағы кең жазыққа қоныстануына жаны қалмай араласып, ақыры патшадан  рұқсат алуға да ықпал еткенге ұқсайды.

Ежелгі Еділ-Жайық арасы бір кездегі қыпшақ даласы, кейінгі Ноғай Ордасы орналасқан, қазақ мемлекетінің уығын қадап, керегесін көтерген Қасым хан, оның ұлы Ақназардың ақ найзаның ұшы, құрыш білектің күшімен сақтап қалған сары даласы, абыз ата Асанның желмаямен Жерұйық іздеп, желіп өткен, өзінің бір кездегі жөргегін жуған қасиетті мекені болғанымен, біраз уақыт қалмақтар мен Астрахан губерниясына қарасты кундр татарларының мекеніне айналғаны белгілі. Соған сай 1737 жылдан бастап бұл аймаққа қазақтардың мал-жанымен көшіп-қонуына рұқсат етіледі. Әйтсе де 1771 жылдан бастап қаңырап бос жатқан бұл аймаққа қожа Орал мен Астрахан казактары ғана еді.

Солай бола тұрса да 1748-1749 жылдардың қатты қысынан бастап Орынбор губернаторы И.Неплюевтің рұқсатымен тек Нұралы, кейіннен 1755-1758 жылдардан бастап оның күллі тұқымдарының Жайықтың оң, яғни Самар бетіне шығып, қыстауына мүмкіндік туды. Бұл жылдар мал тұяғы тимеген шұрайлы жердің үйір-үйір жылқы, келе-келе түйенің, қой отарларының қандай қыстан да қысылмай шығуына жағдай жасады. Әйтсе де 1771 жылдан бастап қаңырап бос жатқан бұл аймаққа қожа Орал мен Астрахан казактары ғана еді. Міне, осы кезден бастап, қос өзен аралығына қазақтардың малмен өтуіне тіптен мүмкіндік болмады. 1794 жылдан кейін Ресейдің құзырлы орындары қазақтың елге есімі белгілі адамдары аманат бермесе, теңіз жағасына мал қыстатуына рұқсат бермеді. Индерден Үйшікке дейінгі аралықта Жайық өзенінен мал өткізуіне және қазақтардың Орал қаласына 100 шақырымнан ішкері жақындауына тыйым салды.

Күндер өте Шыңғырлау мен Жымпиты, Бұлдырты мен Ойыл, Тайсойған мен Бүйрек, Сағыз бен Мұқыр бойын жайлап, мал өрісі тарылып бара жатқан қыр қазақтары аталған өңірге алаңдады. Кейде олар Жайық бойын күзеткен шекаралық әскер басшыларының рұқсатына қарамастан ішкі бетке еніп кетіп те отырды. Осыдан кеп жылдар бойы тусырап жатқан қос өзен аралығын қазақтар иелігіне беру қажеттілігі туды. Оның бұдан басқа да себептері бар еді.

Патша өкіметі Сырым бастаған қазақтар қозғалысынан соң да қайта-қайта бас көтере бастаған Кіші жүз қазақтарының күшін ыдырату, отарлау саясатын бұрынғыдан да пәрменді жүргізу ниетінде болса, Орынбор-Орал казак әскерлері  старшындарының «әскери барлауы» деген желеумен елге шығып, қара халықтың малын барымталап, дүние-мүлкін тонауы, сондай-ақ елдегі сұлтандардың таққа таласынан бір-бірінің адамдарына жәбірі, тағы да ұрлық-зорлық, соққыға жығу жиіледі. Екі оттың ортасында қалған халық қайда кетсек те, әйтеуір осы алпауыттар мен әпербақандардан құтылсақ екен деген ниетте болды.

Осындай тонауға түскен ел, тәлкегі шыққан халық, Қаратай, Жантөре сынды өз ағайындарының билікке таласын көрген Бөкей қайткенде де осы арадан кету, бас сауғалап, басқа жерден мекен іздеуге асықты. Оған қоса ол бұл өңірден өзі сынды қашаннан бері Шыңғыс хан тұқымы аңсаған тақ,  көксеген баққа жуық маңда қолы жетпейтінін жақсы білді. Сонда не істемек? Амал жоқ, замандасы Сырымның жатса-тұрса айта беретін Жайық пен Еділ арасындағы Самар даласына (Нарын құмына) бет түзеу керек. Ол бір қарағанда бұқара халықтың да көптен бергі көкейдегі ойы, көңілдегі түйіні, ата-бабаның ежелгі қонысы еді. Оны осындайда иеленіп қалмаса, қашан қолға тимек?! Бірақ мұндай бақытқа ие болудың бірден-бір жолы, алдымен орыс әкімшілігінің рұқсатын алу керек.  Өйткені аталған жерлер жоғарыда айтқанымыздай Орал мен Астрахан казак әскерлерінің бақылауында еді.

Міне, осы сынды түрлі себептер мен қажеттілікке орай Бөкей Нұралыханұлы Астрахан казак полкінің командирі, полковник Поповқа, ал Поповтың Астрахан әскери губернаторы Кноррингке, Кноррингтің хаттары мен ұсыныстары  және Бөкейдің Павел Біріншіге жолдаған өтініштерінің негізінде патша 1801 жылдың 11 наурызында мынандай Жарлық берді: «...қырғыз –қайсақ Кіші Ордасындағы хан кеңесіне басшылық жасап отырған Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтанды өз қарамағыма шын ықыласыммен қабылдаймын, қай жерге көшіп барамын десе де ерікті...».

Осы жылы Бөкей бастаған 5000 үй Жайықтың оң бетіне көшті. Арада жеті жыл өткенде үйлер саны 7500-ге жетті.

Бөкей алғашқы жылдары Сарайшық төңірегі, қазіргі Сарытоғайда, одан қазіргі Атырау облысындағы Исатай ауданы Жалтыр көлінің маңын қонысқа жайлы, малға тыныш деп тауып, 200 үймен көшіп келеді. Ол кезде аталған көл ұзыны 22, ені 16 шақырымды алып жатқан шалғыны мол, балығы көп, шұрайлы аймақ екен. Бірақ Жайық өзенінің көктемгі тасуынан ғана кемерленіп, қалған кезде жаңбыр, қар суымен молығатын тұйық көлдің болашағы шамалы екендігіне көзі жеткен Бөкей бұл жерде көп аялдамай, артынша Еділдің Көнеу беті, (Жанбай, орыс құжаттарында Дамбай, дұрысы Джанбай) кейін Қиғаш өзенінің түпкі сағасына қарай қоныс аударады.

Жалтыр көлінің батыс жағасында әлі күнге Бөкей қыстауының орны бар. Осы жерде отырғанда оның анасы қайтыс болған. «Бөкей шешесі» деп аталатын қорым қазіргі Хамит ауылының (бұрынғы Новобогат селосының) арқа батысында орналасқан. Дәл осы арада «Бәйбек қыстауы» деген де жер кездеседі. Ал осы атаудағы село Нұралыханұлының Қиғаш бойындағы соңғы табан тіреген жері – Кішкене арал (орысша «Малый арал» деп атайды) түбінде де бар. Сөйтсе Бәйбек мырза Астрахан басшылығымен арада тілмаштық қызмет атқарған Бөкейдің оң қолы болғанға ұқсайды.

Біз бұл әңгімелерді кезінде жасы 100-ден асқан абыз ата, Исатай ауданының  Тұщықұдық ауылы тұрғыны Сидеғали Нұрманұлының, ресейлік Бәйбек селосының ардагер ақсақалы, сол өңірдегі «Родина» ұжымшарының бір кездегі басқарма төрағасы Қазбек Дүйсенұлы Қоқаловтың ауыздарынан естідік. Сидеғали қария «Атам Әлмағанбеттің әкесі Төлепбай Бөкеймен замандас, сырлас, Нарын бетке бірге көшіп, қоныстас болған жан еді. Аталарымның айтуынша Бөкей көруге көз керек, беденді, көркіне ақылы сай, беделді адам екен» деп отыратын. Тарихи дерекке назар аударсақ Небольсин «Бөкей тапқырлығымен, зеректігімен және бұрын-соңды болып көрмеген ақылдылығымен ерекшеленетін» дейді.

Ал Бөкей шешесіне қайта оралсақ, атыраулық белгілі журналист марқұм Күзембай Әмір «1947-1948 жылдары мектепте оқып жүргенімде Бөкей қыстауын да, «Бөкей шешесі» қорымын да көрген болатынмын. Алғашқысы күйдірілген қызыл кірпіштен салынған, бірақ сол кезде орны ғана бар, ал соңғысының басынан түн болса от жанып тұратын. Сондықтан қасына көп жақындамаушы едік» деп еске алатын. Жергілікті халық қорым төңірегінде құрылысқа аса қажетті қиыршық тастың мол қоры болғандығы, оны жұртшылықтың кейінгі кезге шейін пайдаланып келгендігін айтады. Сөйтсе де ол туралы халық аузында түрлі аңыздар бар, оны бүгінгі әңгімеге араластыруды жөн санап отырған жоқпыз.

Жоғарыда айтқанымыздай жаңа қоныстанушылар бұдан әрі Павел I-нің рұқсат бергеніндей Қиғаш бойы, теңіз өресі, арқадағы Үлкен және Кіші Өзен төңірегі,басқа да сулы-нулы жерлерге қоныс тепкенді қалап, сұлтан төңірегіне жиналғандар қазіргі Мақаш ауылдық округі аумағы, Жанбайдың терістік беті, кейін Астрахан облысындағы Кішкене арал селосы маңына келген. Мүмкін Бөкей атына байланысты да шығар, сол кезде Кішкене арал «Хан сарайы» деп аталыпты. Іргесінде «Хан өзек» деп аталған жіңішке өзен ағып жатқан. Арқа батыстағы биік төбені «Хан төбе» дейді екен. Кішкене аралда сұлтан қыста қыстап, жазда жайлауға, құмға көшеді екен. Негізінде елде Бөкейді көбіне мал қонысына орай көшіп жүретін адам болыпты дейді. Бұл пікірді көп жыл осы арада еңбек етіп, кейін 1973 жылы Атырау қаласында дүние салған фельдшер, Кранштат әскери фельдшерлік мектебінің  өткен ғасыр басындағы түлегі Қажығали Мәмеков те жоққа шығармайтын, оны өз жазбаларында кең қамтып, жазып та кеткен.

Жергілікті халықтың айтуынша Бөкей негізінен Кішкене аралдың теріс-батыс бетіндегі Тебенұр көлін жиектеген Бабашағыл деген жерде отырған. Ол бір кездегі қалмақтар жайлаған қонысқа қолайлы, малға жайлы мекен екен. «Тебе» қалмақтың түйе, «нұр»- көл деген сөзі.

Ғажапты қараңыз, сол Бабашағылдан сәл ғана аулақ- қозы өріс терістікте Исатайдың әкесі Тайман да отырыпты (Кейінен Тайман Ордадағы жер бөліс ыңғайына қарай қазіргі Манаш мекені тұсына қарай қоныс аударады). Оған себеп екі қария өле-өлгенше көңілдес, дос болған. Тіпті Жалтыр көлінің жағасында отырғанда шешесінің жылын берген Бөкей жиналғандар алдында басына қайғы үйірілгенде жанынан табылған барша ағайын, әсіресе Тайманға елден ерек рақметін жаудырып, онымен достығы ұрпақтан ұрпаққа кететіндігі, балаларына даритынын айтып, сендіріпті. Оған қоса өзінің әлі де батысқа қарай, анау Астраханның қолтық тұсына қоныс аударғысы келіп отырғандығын, бұл ниетке тілеулесі Тайманның да қарсы болмайтындығы, өйткені қалған ғұмырымызда ауылымыз аралас, қойымыз қоралас, жаз жайлауымыз бен қыс қыстауымыз  қатар жатып, бір-біріміздің төбемізді, ошақтағы оттан көтерілген түтінімізді көріп отырайық деп екі абыз ағайын-туыс, балаларының көзінше нан ұстасып, нар ауыстырып, ант-су ішіпті.

Сол үрдісті ұмытпаған Исатай кейін Жасқұстағы Хан Ордасына табан тіреп, қамап тұрғанның өзінде Жәңгір сұраған бір аптаға мұрсат беріп «Әкелеріміз Алла атынан достыққа ант беріп еді, мына шоқыншы сыбан қалмақ оны да ұмытты ғой» деген екен. Данагөй қариялар Исатайдың сол жолғы Хан Ордасын шаппауының басты себебі – батырдың әкелері антын бұзу, әруақ аттаудан қорыққаны деп дәлелдейді. Сайып келгенде әке, ата сыйлап өскен елміз ғой, қисынды уәж, мүмкін солай да шығар. Есесіне бұл ғұрыптан Жәңгір де құралақан болмаса керек-ті. Тіпті ол сол бір өлім мен өмір тірескен шақта қос батырды оқ ұшына байлаудан тайсақтап, Орынбордан келген орыс әскеріне басу айтқанды жөн санағанға ұқсайды. Оны полковник Гекенің 1837 жылдың 5 қарашасында губернаторға жолдаған хабарламасындағы: «Хан менен Таймановқа тым қатал талап қойма, бас араздықты ағайындықпен реттерміз деп сұрап отыр. Әрі ханның халықтың тыныштығын ойлап, араша түсуі мені жіпсіз байлауда» деген жолдардан да анық аңғаруға болар еді.

Тағы да Кішкене арал, немесе Бабашағылға қайта оралсақ, аталмыш алқап Бөкей үшін қолайлы болғанға ұқсайды. Баласы Жәңгірді Астраханға беріп, хандықты әкімшілік жағынан басқару әдістерін үйретті. Сөйтіп ол он жыл бойы Астрахан генерал-губернаторы Е.С.Андреевскийдің отбасында өсіп, тәрбиеленді. Бірнеше тіл үйреніп, еуропалық тәлім алды. Ал Бөкейдің өзі болса, бар-жоғы 13-15 жылда жаңа қоныстанған қос өзен аралығындағы 7072000 десятина кең жазықты барған сайын кеңейтіп, 5 миллионнан астам мал өсірді. Бастапқыдағы 5 мың түтіні бар 77 болысты 25 мың шаңырақты 149 болысқа жеткізді. Отыз жыл бойы иесіз жатқан бұрынғы Самар даласын Ресейдің ғажайып базар базасына айналдырды.

Бір қарағанда бұл тек малдан басқа кәсібі жоқ халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, тұрмысын жақсартудың және жай ғана емес, жаңаша яғни, әлгі айтқан еуропалық үлгіде жақсартудың бірден-бір жолы еді. Сөйтіп алғашқы күннен майлы ішектей араласып, бірінің қалтасын бірі қағып, толтырған көршілердің байланысы өсті. Әсіресе жоғарыда айтқанымыздай бар дәулеті мен ырысы жоңғар даласына үдере көшкен қалмақтармен бірге кеткендей болған ресейлік алпауыттар қуанышында шек жоқ еді. Әуелгіде отарлау саясатын алыстан болжап, Бөкей сұлтан ұсынысын құшақ жая қарсы алған П.С.Попов қазақтардан түсетін пайда, бұрындары хиуалықтар мен бұқарлықтарға ауып кететін мал енді ресейліктер иелігінде қалып, өздері әбден орыстанады да, осыған дейінгі Астрахан губерниясындағы тұрып жатқан азиялықтар – көшпелі қалмақ, түркімен, татарлар (ноғайлар) араласып, ұлтсызданады деген ой да болды. Осы жолда Бөкейдің астына көпшік лақтырып, оның Қаратай, Жантөре, Орман сынды туыстарының Жайықтан Еділ бетке өтуі үшін алдымен Бөкейдің өзінен рұқсат қағаз алуын, сондай-ақ бөкейлік бұқара халықтың да Жайықтың қазақ бетіне өтуі үшін де әлгіндей тәртіптің орындалуын талап етті. Бұл ағайын арасына сына қағу, хан мен халықты жауластыру, сөйтіп бұған дейін қайта-қайта бас қосып, патшалық Ресей саясатына дөңайбат танытып отырған Кіші жүз халқын іштен іріту мақсаты еді. Тіпті Орынбор генерал-губернаторы Г.С.Волконский 1805 жылдың 21 қарашасында Орал казак әскерінің бастығы, әскери атаман Д.И.Бородинге «Дайте почувствовать Букею всю гнустность поступка Каратая, и что ему, как уважающему мною султану никаких иметь связей с Каратаем» деп бұйрық берді.

Бірақ оның өзі Бөкейге көп жағдайда қай ниетте екенін қайдам, әйтеуір сенім артып, арқа сүйейді. Мәселен, ол 1805 жылы 25 қарашада «Менің жіберген арнайы адамым майор сұлтан Шерғазы Қайыпұлы Байұлы мен Жетіру руларының арасында араздық тудырушы Қаратай сұлтан жөніндегі хатыңызды алып келді. Сіз Қаратайдың Жантөреге қарсы шықпауына және бұқара халықтың Жантөренің хан сайлауына барынша қолдау көрсетуіне ықпал еткейсіз» деген тілек білдіреді. Арада екі жыл өткенде, 1807 жылдың 17 шілдесінде Бөкейге тағы да хат жолдап, Қаратай мен Орманды Жантөремен татуластыруын сұрайды және «Қаратай сұлтан бізбен ымыраға келсе, онда бұрынғы дүрдіараздықты ұмытып, бірлесе жұмыс істер едік. Бұл үшін өзіңізге өзіміздің қарыздарлығымызды ұмытпаймыз» дегенді айтады.

Дегенмен қағаз жүзінде осылай дегенмен шын мәнінде Нұралының билік басындағы ұрпақтарын бір-біріне айдап салып, ызғыштырып отырған императорлық мысық тілекті жақсы түсінген олар әруақыт бірауыздылықты аңсады, бәрі де Қаратай сұлтан маңына топтасқанды қалады, іс мүддесін ойлады. 1804 жылдың 26 қазанында Кіші Орданың хан Кеңесінің төрағасы Бөкей Қаратай (Байұлы руларының сұлтаны) Биғали (Алаша), Орман (Байбақты), Шығай Нұралыұлдары (Қызылқұрт), Жантөре Айшуақұлы (Жетіру руларының сұлтаны) және басқалар Байұлы мен Жетіру руларының мәселесін  шешуге құлшыныс танытып, серт байласты. Бұл патша үкіметінің әкімшілігіне ұнамады. Соған сай олар Қаратайды тұтқындау керек деп шешті. Бірақ осы кезде қазақ жасақтары линия бойына тұтқиылдан шабуылдар ұйымдастырып, «дала құйындары» деген жаңа атауға ие болды. Кіші жүздің көптеген рулары Бөкей сұлтанның қол астына топтасып, енді Бөкейге деген сенім артты. Әйтсе де бұл империялық басшылыққа тағы да теріс ой тастады, Бөкейге деген сенім азайды.

Бірақ бұл кезде Кіші жүзде хандық басқару институты әлі де өз жалғасын табу үстінде болатын. 1811 жылдың 27 қыркүйегінде Г.С. Волконский Сыртқы істер министрі Н.П.Румянцевке әбден кәрілік жеңген Айшуақ ханның өтінішін патша әкімшілігі құп алып, Шерғазы Айшуақұлының шекараға жақын жерлер мен Сырдария өзені бойына, ал Бөкейдің Астрахан даласы мен Жайық өзенінің Каспий теңізіне құятын сағаларын билейтін хан болып сайланғандығын хабарлайды.

Сайып келгенде, ғасыр басындағы он жылда орыстар тарапынан кейінгі кезде қай саясатта да ит жыны бірікпеген «жабайы қырғыздарды тыныштандырып, орыстармен жақындастыра түсу» үшін сан түрлі айла-шарғы, әрекет жасалынды. Соның бірі – Кіші жүз қазақтарының күшін ыдырату, қос өзен аралығына жаңадан қоныс аударғандарды уақыт өте дінінен, ділі, тілінен айырып, аз уақытта орыстандырып жіберу саясаты еді. Бірақ империялық басқару әдісін емес, ел басқарудың қазақы қалыптасқан хандық билік жүйесімен бар күшті өз қолына алған Бөкей алғашқы күннен басқа жолды таңдады. Отарлаушылар қанша жерден қолмен от көсеуге итермелесе де ағайыншылығынан, туған халқына деген жүрекжарды жылуынан бас тартқан жоқ. Оны қапысыз байқаған Орынбордың билік орындары Ресей Сыртқы істер министрлігінің Азия департаменті мен Орынбор әскери генерал-губернаторы, Орынбордың Шекаралық комиссиясына және Астрахан генерал-губернаторы, Орал казак, қалмақ кардон басшылары тарапынан Бөкейге деген бақылаудың күн өткен сайын күшейтілуін талап етті.

Әйтсе де Бөкей сұлтан өле-өлгенше өзі басқарған өңірдің адамдарының дәулетті, жері бай, көлемі кең, еншісіне сай еркін жайлап, қоныстануын қалады. Соған сай Орал әскери кеңесіне Орынбор генерал-губернаторына, орыс патшасының өзіне 1803, 1806, 1807, 1808 жылдары Ішкі Орда қазақтарына тұрақты жер бөліп беру жайлы арызданып, хат жазды, мәселе қойды. Бірақ отарлаушылар үшін қалай дегенде де отыз жыл бойы адам ізі түспеген иен дала енді таза байлық көзіне айналды. Төрт түлігіне қоса жүн, тері, басқа да ырыс қайта оралды. Осы кезде, яғни 1806 жылдың 19 мамырында «Көшпелі халықтарға жер бөліп беру тәртібі ережесіне» сай біз әңгіме жасап отырған «Кіші қайсақ ордасының» территориялық жер көлемі бұрынғы Кіші және Үлкен, немесе жергілікті халық атайтын Қара, Сары өзендерге қоса Боғда тауы, Еділ сыртына дейін өсті. Арқаға ұлық қаққанға мәз болатын қазақ сұлтанына патша 1812 жылы «хан» атағын беріп, өңірге тағатын алтын медалін қоса тапсырды.

Шара 7 шілдеде өтті. Оны тарихшы Я.В.Ханыков «Очерк состояния Внутренней Киргизской Орды» деген еңбегінде «При прибытии князя Волконского и Букея на приготовленное и обставленное место за городом Уралском, военный губернатор обьявил киргизам Высачайшую волю о возведении Букея в ханское достоинство, потом прочитаны были на русском и татарском языках Высочайше грамоты об утверждении и приступлено к приведению Букея к присяге на Коране. По окончании ее, сделано 12 пушечных выстрелов, с трех кратным беглым ружейным огнем и музыкой. Новый же хан облечен всемилостивейше пожалованным собелью шубою, саблею и шашкою и ему была вручена Высочайшая Грамота на имя его» деп жазыпты.

Бірақ Бөкейге хан атағы оңайлықпен келген жоқ. Әсіресе Нұралының хандық тақ үшін қандары бастарына тепкен «бес қалмағынан»* басқа да ұлдары жетерлік еді. Тіпті «сол атақ шоқыншы Бөкейге тисе басын қағып, грамотасын өртеп жібереміз» деп алақандарына түкіріп, жол тосқандары да болыпты. Осындай дөңайбаттан қорыққан Бөкей Орынбордағы хандық құжатын белгілі би Бекпембетке най семіз, қаба жал, қаба құйрық, қара айғырдың құйрық қылдарының арасына тықтырып алдырыпты деген де аңыз бар. Қалай десек те, көктен күткені жерден бұйырған бұл құрмет әуелгіде «жаңа жер қоныс бола ма, жоқ па?» деген күдікпен бар байлығын Ойыл мен Сағыз арасындағы атакүлдігіне тастап, Нарынға бар-жоғы 5 түйе, 20 қой, 17 жылқымен көшкен Бөкей сұлтанның да, оған қараған көшпенді оралмандардың да мерейін өсіріп, сенімін арттырды. Жылдар бойы тусырап жатқан шұрайлы дала қыр қазақтарының бір малын екеу, екеуін төртеу етті. Сауда өсті, дәулет артты. Орыс дінін емес, ислам жолын ұстанған мұсылмандар «Ақмешіт» деп аталатын құдай үйінде маңдайларын сәждеге тигізіп, Ахтуба өзеніне жақын жерден базар салып, отаршыл орыс пен ата жау – қалмақ, бақалшы татар мен ақ жүрек қазақ тиын санап, сауда қыздырды. Жұрт кейіннен бұл жайлы «Хан Бөкейдің тұсында секер шәйнап, бал жұттық» деп жырлады.

Тегінде жергілікті халық Бөкей хан турасында еш уақытта ғайбат сөз айтып, терісқабақ танытпайды. Қайта «Ол өз заманында сауатты, заман ағымын жақсы түсінген көреген адам болған. Көршілес орыс елінде етек алған отырықшылық, елді сауаттандыру, жаңа мәдениет, жаңалыққа көп көңіл бөлген. Кейіннен дәстүрге енген көп бөлмелі қарағай үйлер мен шикі тастан соғылған тас қыстаулар сол Бөкей заманында салынып, қолға алынды» деп отырады. Бірақ осы сынды алдымен хандық тақ, ғажайып даңқты аңсаумен бірге туған халқының болашағы көбірек алаңдатқан Бөкейдің хандық ғұмыры ұзаққа бармады. 1815 жылғы 21 мамырда шикі судан жұғатын бөсір ауруына шалдығып, аз күнде қайтыс болды.

Артында бәйбішесінен туған Әділ мен Тәуке, тоқалы Әтен ханымнан өрбіген Жәңгір және үшінші шеркеш әйелі Жұмадан Меңдігерей қалды. Әке өсиеті бойынша хандық мұрагерлік тақ әке өсиеті бойынша үшінші ұлға бұйырды. Бірақ билік басына Жәңгір өскенше інісі Шығай келді. Ол өзі билік құрған сегіз жыл ішінде аса жемқор, адамдарды бір-біріне айдап салар залымдығымен аты қалды. Керек  десеңіз, ол хандық жылы орынды мұрагер ұлға бермеудің де бар айла-шарғысын істеп бақты. Әйтсе де билік Жәңгірдің өз өтініші бойынша 1823 жылы 24 маусымда әкесі таққа отырған Оралдағы Хан тоғайында сайлау негізінде жүзеге асты.

Шығай билік құрған тұста қос өзен арасын қоныстанушылардың біразы  бұл өңірді жазда ғана жайлап, қыс қыстауын Жайықтың шығыс бетінде өткізу үшін ескі жұрттарына қайта көшіп жүрді. Бұл көптеген көшпендінің көңілін алаң ғып, қайсыбірі жылы орынды суытпай бұрынғы қара орындарында отырып та қалды. Өйткені Шығайдың парақор ащы тырнағы соны талап етті. Бірақ Орынбор әскери шекаралық басшылықтың 1818 жылғы Жайықтан кері  өтуге тыйым салған жарлығы мен билет жүйесінің енгізілуі бөкейліктердің  бұдан былай Жем-Сағыз, Тайсойған мен Бүйрек бойына қайта айналып соғуына мүмкіндік бермеді.

 

* Хандық таққа көбірек таласқан Нұралының қалмақ әйелінен туған ұлдары

 

Жәңгір таққа отырған күннен бастап билікті нығайту, басқару аппаратын өзгертуге ерекше мән берді. Оның бұл ісін орыс тарихшылары «басқарудың Жәңгірлік реформасы» деп атады.

 Ол қандай реформалар еді?

Алдымен бұған дейінгі ел басқару ісіндегі аталарының бәрі, керек десе тым әрідегі Шыңғыстан бастап, одан бергі Бату мен Берке, өз әкесі Бөкей мен ағасы Шығайдың үш ай қысты қыс қыстаулары мен сарайларда өткізсе де жаздықтарын жайлауда, болмаса Сарайшық сынды саумал ауа, жасыл орман, сахараға арнайтын.

Бұл олардың қашаннан бергі аттың жалы, атанның қомында өскен көшпенділігінен де болса керек. Бірақ Жәңгір таққа отырып, Фатима сынды еуропалық тоқал алғаннан кейінгі жұмыстанғаны – жылжымайтын түпкілікті мекен – Хан Ордасы орталығын салу, басқару ісіне өзгерістер енгізу болды. Ол үшін хандық әкімшілік орталығын салу және ондағы басқару аппаратының ерекше жүйемен жұмыс істеуіне назар аударды. Жаңа әдіс бойынша 12 биден тұратын рулық хандық басқару жүйесі жұмыс істеді. Аппараттың өзінде бұлардан басқа ханның жеке тапсырмасын орындаушы 12 ағаман есауыл, ең негізгі жұмыс түрлерін жинақтаған екі бөлім, арнаулы тергеушісі бар кеңсе қызмет етті. Бұлардан басқа Ордаішілік жәрмеңкелер мен сауда орындарында бірыңғай ортақ тәртіптің сақталынуы мен олардағы баж салығының жинақталуын бақылап, қадағалаушы базар сұлтандары болды.

Бұл Жәңгір таққа отырғаннан кейінгі дүниеге келген жаңалықтар. Бірақ оның төрінде патшалы Ресей әкімшілігі, оның отарлау саясатына байланысты не бір құйтырқылықтар да жатқан-ды. 1822 жылы Орынбор генерал-губенаторы П.К.Эссен «Орынбор қырғыздары туралы жарлығының» жобасын талдап, жасады. Дегенмен ол Азиялық комитетте 1824 жылы ғана қаралып, қабылданды да, сол жылдың күзінен бастап жүзеге асырыла бастады.

Жаңа жарғы бойынша ірі феодалдардың жергілікті бөлігі жойылып, оның орнына орталықтан басқарылатын аппарат құрылды. Мәселенің бәрі әкімшілік басқару, сот, заң істерін бұрынғыдай хан кеңесі емес, ханның жеке өзі шешіп, ру басын тағайындау да өз қолына көшті. Бірақ бұл тағайындау кейіннен Орынбордың шекаралық комиссиясында міндетті түрде бекітілетін болды және осынау кең байтақ өлкенің батысынан Астрахан, шығысынан Орал казактары сақинадай сығып, ерекше бақылауда ұстады. Соған сай аталған Орданың  көптеген шекаралық ауылдары орыс селоларымен қанаттас,  көрші отырып, олардың үлгілі жақтарын үйренуге мүмкіндік туды. Отырықшылық өсті, сауда-саттық дамыды, тауар-ақша қатынасы ұлғайды. Дегенмен, ресейлік әкімшілік-басқару аппараты жат жұрттық қоңсылардың алғашқы күннен күле қарап, күңірене шығып, қойны-қоныштарына кіре араласқанын ұнатпады. Соған сай олар жаңа көршілерге «Айналайын, қойыңды аулақ жайып, аяғыңды әрмен көсіл» деуді де ұмытпады. Керек десе Каспий теңізінің  терістігіндегі қоғалы су, балықты көлдерін де қимай, шекара белгілеп қойды. Қазақтар оны «шырта» (черта) деген. Одан ішке енсе, әсіресе мал өтіп кетсе, шошқаның дауынан да жаман, бәлеге қап, қыруар айып төлейді, болмаса одан да зоры көрсетіледі.

Тап осы жерде бұрынғы Жем, Сағыз, Шыңғырлау арасын жайлаған қазақтардың екі өзен арасына келіп қоныстануы, бұрынғы көшпенді елдің қыстық үй салып, отырықшы елге айналуында да қиындықтар болды. Көш Сары өзен бойына кеп тоқтап, жайлауы жасыл, суы мөлдіреп жатқан жерге кереге қабырға керемет үй тұрғызамыз, Бөкейдің жаңа қаласы көтеріледі деп жүргенде Оралдың казак әскері бұл жерге ішкі өзен әскери линиясын салдырып, қазақтарды қуып шықты.

Каспий жағасындағы Көнеу деген жерге 1820 жылдың 2 қаңтарында Орынборға «Предположение о введении между управляемым мною киргизским народом постоянной оседлости вашему высокоблагороднию уже известно» деп, кейін өзіне үй салуға жер тауып беруін өтініп хат жазған Шығай (ҚР ОММ 78 қор, І тізім, 5 іс, 20 п.) 1820 жылы Көнеуде ағаш үй салдырып, кейін 1825 жылы орыстардың қайта-қайта өртеуі, тіпті бұзып тастаған соң амалсыздан Нарын құмына қарай көшеді.

1827 жылы Жәңгір патшаның таққа отыру тойына шақырылады. Осы кезде оған Жасқұста жаңа қоныстық мекен (үй салатын жер) белгіленіп, Тофеев құрылыс сызбасын жасайды.

Нарын даласын иемдену бастамасы әуелден Бөкей атынан болғанымен оған рұқсат берерде империялық Ресей де көп қулығын ішке бүгіп қалып еді. Соның бірі – бұл өлкені өздерінің шикізат базасына айналдыру ниеті болатын. Уақыт өте ол мақсат та толығынан орындалды. Кейіннен өлке адамдары былай тұрсын, бұл аймақтың түлігіне шейін орыстарға қызмет етіп, кәдесіне жарады.

1828-29 жылдардағы орыс-түрік соғысында Ресей әскері Балкан тауынан кідіріссіз асса да алды қыс боп, бас сұғып, аялдар баспана, бой жылытып, жан сақтар ауқат, артық қару, оқ-дәрісі жоқ пұшайман халде әбден тарықты. Әу баста жаулап алған жердің дәулеті асырайдының керімен жорыққа шыққан әскер үміті ақталмады. Осы кезде өкімет тарапынан амалсыздан отар есебінде отырған қазақтарға қол жайып, көмек сұрауына тура келді. Көз ашқалы көргені орыс, алған білім, тәрбиесі де солардікі болған Жәңгірге қарсы сөз айтуға лажы жоқ, басын шұлғып, қол қусырды.

Бір қарағанда ол кезде бұдан басқа амал да жоқ екені белгілі. Тез арада қалаған жеріне жүздеген түйе керуен азық-түлік, киім, қару-жарақ, киіз үйлер жеткізілді. Қаншама ұзақ және тау-тасты жол болса да, соншама жүкті кідіріссіз жеткізгеніне таң-тамаша қалған орыс өкіметі мен оның әскер басылары тұңғыш рет түйенің мұндай жолда қолайлы көлік екендігі, оның жүнінен тоқылған жылы шұлық, қолғап, сиырдың бұрын-соңды жеп көрмеген құрт-ірімшігі, еділбай қойының тәтті де майлы еті, көші-қонға қолайлы баспана – киіз үйлерге ауыздарын ашып, көздерін жұмды.

Бұдан әрі Жәңгірге Ордада тез арада жүк тасуға төзімді жібек жүнді түйе мен етті еділбай қойын, жалпы түлік атаулыны көптеп өсіру ісі тапсырылды. Жылқы малын асылдандыру бағытында Ресейдің арнаулы зауыттарында өсіріліп, сұрыпталған 20 айғыр бөлінді.

Жәңгір тұсында Бөкей хандығы жылқы шаруашылығын дамытумен ерекше көзге түсті. Тегінде бұл Ноғай хандығы тұсынан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр. Жәңгір де сол үрдісті ұмытпай аталмыш түлік тұқымын асылдандыруға айрықша көңіл бөлді. Соның арқасында асыл тұқымды Орда жылқыларын сатып алу үшін Ресей мен Кавказдың алыс-жақын қалаларынан саудагерлер шұбырып, бөкейліктердің сұрағанын беріп, қалағандарын алып жатты. Тіпті сол кездің Н.Лесков деген жазушысы «Жәңгір хан сахараның алғашқы атақты сейіс, атбегісі. Оның үйір-үйір жылқылары Еділ мен Жайық арасындағы кең Нарында еркін жайылды. Бір қарағанда, Жәңгір тағында емес, түлігімен де патша» деген болатын.

Бірақ біз бұл арада әңгімені Бөкейден бастап, оның мұрагері Жәңгір және олар басқарған Ішкі Орда жайлы кең көлемде ой толғаудан аулақпыз. Бар-жоғы халқымыздың қос өзен аралығындағы Самар даласын сонау Ноғай Ордасы заманынан соң қайта иемденіп, қоныстануына, сөйтіп бүгінгі Атырау, Батыс Қазақстан, Ресейдің Астрахан, Саратов, Волгоград облыстарына қарасты Құрманғазы, Исатай, Махамбет, Индер, Орда, Жәнібек, Казталовка, Жаңақала, Фурманов, Құмөзек, Володар, Красный Яр, Харабайлы, Алғай, Полласовка аудандары тұрғындарының осы аймақта баянды бақыт тауып, қызық ғұмыр кешуіне негіз болған, аруағы риза болғыр Бөкей Нұралыханұлы жайлы аз-мұз болса да мәлімет беру еді.

Оның сүйегі жоғарыда айтқанымыздай Ресейдегі қазіргі Кішкене арал, бұрынғы Хан сарайы деп аталатын жерде. Кезінде темірден киіз үй пошымында Ресейдің Петерборында тапсырыспен жасатылып, салынған шілтерлі бейіті кешегі отызыншы жылдары құлатылып, майыстырылған екен. Бірақ ресейлік қандастарымыздың қолға алу нәтижесінде 1994 жылдың мамырында қайтадан жөнделіп, бой көтерді.

Қасында жұбайы, Жәңгірдің анасы Әтен ханым жерленген. Мұнда 2010-2012 жылдары хан мен оның жұбайының бұрынғы темір тор кесенелері жаңғыртылып, заманауи мазарлар тұрғызылды.

Жоғарыда сөз еткен Кішкене аралдағы Бөкей бейітінің бас жағында жергілікті халықтың көптен бері мінәжат етіп, құлшылық жасайтын Сейіт баба зираты да бар. Ол да сол бір тоқсаныншы жылдардың басында хан бейітімен бірге жөнделіп, қалпына келтірілді. Қазір бейіт басына су құбыры, электр желісі тартылып, мінәжат етіп, тәуап етушілер үшін демалыс үйі салынған. Облыста Бөкей хан Нұралыханұлымен бірге Сейіт баба атында да арнайы қор бар. Көне көз қариялардың айтуынша Бөкей мен Сейіт тірісінде сыйлас, көңіл дос адамдар болған. Тіпті оның адамшылығы, діни оқуын мойындаған Бөкей өз ағайын-туыстарына «Мен өлгенде сүйегімді Сейіт бабаның аяқ жағына қоярсыңдар» деп өтініш жасаған екен дейді.

Шындығында ханды табындырып, сыйлатқандай Сейіт баба кім еді?

Негізінен ноғай халқының отаны болып есептелетін бұл өлкенің төл ұлы деп есептелетін Сейіт Мұхамед Құбайлы осы арадан сәл әрірек, тура батысындағы Қожатай ауылында 1742 жылы дүниеге келген. Әуелгіде ауыл молдаларынан білім алған ол 16 жасында Мысыр жаққа ауылдастарымен бірге ілесе шығып, ислам дінінің суфизм ағымында білім алады. Бағдатта, Сирия, Үнді елдерінде өз білігін жетілдіреді. Біраз уақыт Бұхарада, Түркістанда болады. Бірақ туған жерге деген сағыныш оны күн өткен сайын аңсатып, ақыры жер ортасы шағында – кіндік кесіп, кір жуған Қожатайына қайтып оралады. Мұнда да біршама жыл өмір сүреді. Осы жылдарда ел құрметтеген айтулы абыз дәрежесіне көтеріледі. Ел ішінде мұсылман дінінің дұрыстық жолын уағыздап, тәуіптікпен айналысқан. Кейіннен Бөкей ханмен сыйластықта болып, қыс қыстауы мен жаз жайлауы, күздеулерін бірге өткізгенге ұқсайды.

Егер аңызға құлақ түрсек, бастапқы бір жылдары жайлаулыққа бет алған Бөкей өзінің мал-мүлкін алып, айдаған күйі кете барған. Керек десе шай қатықтық лақты ешкісі жоқ Сейіттің отбасы жападан жалғыз үй болып, жұртта қалады. Мұндай қорлыққа шыдамаған бәйбіше кешкі ас үстінде шалына наз ретінде «Отағасы, сенің молда, көріпкел, тәуіптігіңнен не пайда?! Байқасаң бұл өмірде билік пен дәулетің болса ғана сыйлысың. Жоқ екен, жолдас, дос, керек десе құдайы көршің де қарайласпайды. Судай араласып, сүттей ұйыған Бөкей сол жоқтығыңды бетіңе басты» дейді.

Қаралай, қара суын сораптай тартқан Сейіт қария еш абыржымастан «Қамықпа кемпір, ханның да мұршасы келмей жатқан шығар. Әйтпесе бір түйеден артатын жүгің жоқ екенін біледі, көшіріп алады ғой. Дегенмен шыдай тұр, бір амалын табармыз» депті де шайін іше беріпті. Содан соң аз-мұз демалып алып, әбден іңір қараңғысы қоюланған сәтте кемпірі алдындағы әңгіменің қоламтасын қайта қоздатып, жаңғырта бастайды. Діндар қария тағы да сабырлылыққа дес беріп, үнсіз жатады. Әйтсе де кемпірінің ығыр әңгімесі құлақты жеп барады, қайта бастайды. Тағы да Бөкей жаман... осы кезде қария орнынан қозғалып, қараша үйін құлатады. Содан соң киіз үй сүйегі, оны-мұны дүние-мүлкін арбаға тиеген күйі үстіне кемпірі екеуі жайғасыпты да бәйбішесіне «Көзіңді жұм, тек мен аш дегенде ғана ашарсың» депті. Кеюанада не билік бар, айтқанына көніп отыра беріпті.  Осы кезде қоталақ арба зырлап ала жөнеледі, жай зырламайды, қоңыраулы үн шығады. Апырау, мынау қайдағы қоңырау? Дегенмен әйел адамның қызығушылығы қашан да бірінші жүретін әдеті емес пе, орта жолда көзін ашып қалса, өңкей ақ қоян арбаны қаңбақ құрлы көрмей заулап келеді. Міне, ғажап!

Дәл осы шақта Сейіт баба кемпіріне «Өй, найсап, мен саған не дедім, жап көзіңді!» деп ақырады. Ештеңеге түсінбеген бәйбіше шошып кетіп, қайтадан жұма қояды. Аздан соң діттеген жерлеріне де жетеді. Қараша үй де көтеріледі. Ойлары орындалған қос қария жатып қалады.

Ертесіне күндегі әдетінше ерте тұрып, тысқа серуенге шыққан Бөкей хан ауыл шетінен орын алған қараша киіз үйді көріп, таң-тамаша қалады. Жетіп келсе, ішінде Сейіт молда сахар намазын оқып жатыр. Хан өз қылығына қатты өкінеді. Амал қанша, көршісінен қателігі үшін қайта-қайта кешірім сұрап «Қалған өміріміз бірге өтеді. Керек болса, қолдан келген көмегімді аямаспын» деген екен. Сол уәде орындалады. Бірақ ел сыйлап, жұрт қадірлеген абыз баба ханнан үш жыл бұрын, 1812 жылы өзі тұрған Кішкене аралында дүние салады. Мүрдесі сондағы қорымға қойылады. Кезінде Сейіт баба тәлім алып, ізгілік жолын уағыздаушы діндарлар Шейх Ақмәмбет, Бин Молла Сейіт, Салисан Шейх Мужавир, Сахиб Асар, Сейіт Мұхаммедтер кейін фәни дүниелік болғанда осы Сейіт баба қасына жерленеді.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында кеңестік саясатшылар Бөкей хан сынды Сейіт баба атынан қорқып, оның кесенесін қайта-қайта құлатып, тәуап етушілер жолын кеспек болады. Бірақ муридтер олардан қолын үзген жоқ. Қос халықтың айтулы ұлдарының бастарына құран оқып, дұға жасады. Жабырқағандар жандарына дауа іздеп, түнеді, нияздарын байлады. Ондайлар тек өз төңірегі емес, күллі ТМД елдерінен келіп жатты.

Біз бұлардың бәрін тізбелегенде Астрахан, Атырау өңірінде Кішкене аралдағы Сейіт баба бейітінің Бөкейден бөлініп қаралмайтындығын еске салу еді. Сондай-ақ, әңгіме әйтеуір ханды дәріптеу емес, оның туған халқы алдындағы еңбегін ескеру, тарихтағы үлесін саралау. Егер қос өзен аралығындағы ежелгі жеті миллион десятина мекенге елді қайта орналастырып, ілгеріде айтқанымыздай күні бүгінгі республиканың екі облысы мен Ресейдің Астрахан, Волгоград, Сарытау облыстары, қалмақ даласындағы мыңдаған қандастарымыздың екі ғасыр бойы ежелгі атакүлдігінде бақытты ғұмыр кешкенін көргенде Бөкей ханды  ризашылықпен еске алмасқа амал жоқ. Ендеше мұның бәрі Бөкей Нұралыханұлының еңбегін ескеру, есімін дәріптеуге әбден лайық жан екенін дәлелдейді. Олай болса Бөкейді еншісі бөлек ресейлік қазақтар ғана емес, қандас, қарындас қазақстандықтар дәріптесе несі айып?!

Бұл Бөкей, оның баласы Жәңгір жайлы аз-мұз әңгіме. Енді  олар құрған хандық, кейбір салалардағы қол жеткізген табыстары туралы айтар болсақ, мына бір тұстарға ерекше назар аударуға болар еді. Алдымен «Орда» атауының өзі қайдан шықты?

жалғасы бар, осында