БӨКЕЙ ОРДАСЫ

БӨКЕЙ ОРДАСЫ
Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында 

Құм Нарынның төсіне

Дара қонған – бұл Орда.

Жәңгір ханның көшіне

Пана болған –  бұл Орда.

 

Туысындай жаңа Айдың

Арман елі – бұл Орда.

Кіндік қаны талайдың

Тамған жері – бұл Орда.

 

 Сан Орданың сарқыты

Секілді ме бұл Орда.

Қайта ашылып бар құты,

Жетілді ме бұл Орда?!

 

Туған елдің ақыры

Мықтылары бағына

Өлмейді оның батыры,

Тік тұрады ханы да.

 

Қалың жаудан кім елін

Қорғай алса, сол – батыр.

Ел – тәуелсіз, жер – жаңа,

Шекарада Орда тұр.

Ғайса-Ғали Сейтақ

 

Күнделікті өмірде «Бөкей Ордасы» деп жиі атасақ та, осындағы «Орда» сөзінің шығу тарихы жайлы нақты дерек жоқ. Бірақ «Ана тілі» (22.03.01ж.) апталығында жазылғандай Орда әу баста хандық биліктің әкімшілік үйлерінің атауы болған. Ол үйде хан күнделікті ресми жұмыстар жүргізіп, елшілер қабылдаған, билік, басқару істері, кеңес-мәслихаттар өткізген. Ал қонақ қабылдау, қонақасы беру ханның өз отбасы Орда үйінен бөлек, басқа үйде орналасқан.

Бірақ осы бір үрдісті дұрыс түсінбеген кейбір қаламгерлер уақыт өте шығармаларында хан ордасында қонақ қабылдап, сол үйде дәм татылып, қона жатып, түстенілді деп жатады. Ол түбірімен қате. Ол аз десеңіз хан кеңсесіне айналған осынау үйді кейде аға сұлтанның, болмаса би, болыс, байдың ақ ордасы деп те жаза қояды. Тіпті алты қанат ақ боз үйді де ұялмай-қызармай ақ орда дей қоятынымызды қайтерсіз.

Сайып келгенде хан ордасы тек көшпенділердің киіз үйінде емес, қысқы, болмаса тұрақты тұрағы – тастан, ағаштан салынған зәулім сарайларда да орналасқан. Хандар өз биліктерін қысы-жазы сол сарайларда жүргізген. Бір сөзбен айтқанда Орда хандық орталық.

Бірақ «Орда» атауының орыс тілі лингвистикасына кіру төркіні моңғол тілінен.  Немесе Шыңғыс ханның Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алу, Алтын Орда хандығын құруға байланысты дүниеге келген. Дәл мағынасы «хан, басқарушы ставкасы, хан сарайы» деген ұғымды береді. Батудың Еділ бойына кеп, астана салуына орай орыстар күллі Жошы ұлысын «Алтын Орда» деп  қабылдап, кейін ортаазиялықтарды кемсіту,  отарлау саясатына орай тіпті басқа мағынаға айналдырған. Әу бастағы мемлекеттік деңгейдегі саяси ұғым енді бытыраңқы, жабайы қауымдастық мәніне ауысқан. Уақыт өте кеңес дәуірінің ғалымдары да бұл сөздің түп төркініне назар аудармай, одан бетер мәнсіздендіріп жіберді. Жібергені сол, олар Орданы «термин применявшихся для обозначения начальных, дородовых обьеденений первобытного человека... Термин обозначавший в прошлом как и территориальные группы у различных отсталых народов» (Советская историческая энциклопедия, М.1967. Т. 10. С. 594) деп түсіндіреді, дейді тарихшы ғалым И.Кенжәлиев.

Екі жүз елу жылдан артық құлдық ұрып, бәрін үйрендік, көрдік деп жүрген «ұлы» халқымыз біздердің жаманымызды жасыру, жақсымызды асыру емес, төрдегі басымызды көрге сүйреуге жұмыс істеп, үнемі бұқтырумен келгенін де ұмытпауымыз керек. Бұл әсіресе өткен тарихты бағалауда айқын байқалады. Соның жарқын көрінісі ретінде «орда» сөзін олар енді халқымыздың ежелгі «жүз» терминімен алмастырып «Малая Орда», «Средняя Орда», «Большая Орда» дегенді шығарды. «Орда у тюрских народов военно-административная организация, становище, стоянка кочевников» деп анықтама берді. Сөйтіп ол орыстың түрлі тарихи, көркем әдебиеттері арқылы Еуропаға тарады.

«В обиходном смысле многочисленные скопища людей, слова «Орда» в прошлом применялось в художественной общественной структуры, ведущие бродяий образ жизни», (Большая Советская энциклопедия. М.1974.Т.18.с.591) десе бұл түсініктен Қазақ Совет энциклопедиясы да қала қоймайды, тап сол күйінде басты (КСЭ.А.1976.8т.585 б.).

Кезінде осындай кемсіту салдарынан қос өзен аралығындағы ежелгі Қасым, Ақназар (Қақназар) хандар билік құрып, иелік еткен кең далаға қоныс аударған Бөкей хандығына да «Бөкей Ордасы», «Кіші Орда» деген атақтар берілді.  Мұның өзі аталған сөздің түп төркініне барғанда онша анайы болмаса да, одан бергі орыс, жалпы Еуропалық ұғымдағы анықтамамен үңілгенде аса қолайлы да емес. Сондықтан бөкейлікке Ордадан гөрі «хандық» сөзінің ыңғайлырақ екені, немесе «Бөкей хандығы» деп атағанның дұрыстығын қатерге сала кеткен де артық болмас.

Бірақ бүгінгі әңгімені бұрыннан қолданыстағы сол «Орда» сөзінен бастасақ, дұрыс болар. Өйткені Орда сөзі бұл күнде тәуелсіз Қазақстан тұсында жақсы мағынасындағы қолданысқа ие. Оның дәлелі Астанадағы Президент әкімшілігі үйі – Ақ Орданы айтса да болар. Ал патшалық Ресейдің бөкейлікті құрудағы басты мақсаты – 1806 жылдың 15 мамырдағы «Көшпелі халықтарға жер бөліп беру тәртібі ережесінде» аталып көрсетілгеніндей жаңа иелік басшылығы – хан, сұлтандар тек империя ықпалымен жұмыс істеп, елдің Ресейдің экономикалық базасы болуы керек және ол бұдан былай Еділ мен Жайық арасындағы Самар даласына екі миллионнан астам мал өсіріп, керек уақытында Ресейді асырап отыруы тиіс еді.

Сайып келгенде «Қалмақ аймағы» деп аталатын жаңа жерге Кіші жүз қазақтары да үлкен үміт артты. Оның түрлі себептері де бар еді. Алдымен жылдар бойы тусырап, бос жатқан аймақ мал баққан жан үшін жақсы қоныс және қысылып, қымтырылмайтын кең, еркін өріс болса, оның үстіне Ресеймен біртабан жақындап, сауда-саттық, мәдениет, әл-ауқаттың жақсаруы, балаларының келешегін ойлаған ата-ана үшін оқу, тоқу, сауаттануға да септігі тиеді деп ұқты.

+1111-2

Сөйтіп қос өзен аралығындағы құмдауыт мекенді қазақтарға ысырып тастап, Бөкей сұлтанның барлық басқыштағы басшылар алдына ұсынған арыздарын қанағаттандырған Ресей өкіметі де бұл мырзалықтарынан ұтылған жоқ-ты. Өйткені бұған дейін сәл нәрсеге айқұлақтанып, әп дегеннен атқа қонып, қолдарына қару алуға әзір тұратын Кіші жүз екіге бөлінді, яғни саяси жағынан әлсіреді. Бұған дейін жиі-жиі қарақшылыққа ұшырайтын Еділ мен Жайық арасындағы сауда жолдары қауіпсіздендірілді. Ресейдің жаңа қоңсыларға деген ықпалы өсіп, өктемдігі артты. 1806 жылдан бастап патша жарлығы негізінде жаңа тұрғын аймақтың шекарасы белгіленіп, жәрмеңкелік орындары анықталды. Әкімшілік-басқару жағынан жаңа Орда жеті бөлікке: 2 округ, 5 қисымға бөлінсе, Бірінші теңіз жағалауы округінде – 16, Екінші округте – 14, Қалмақ қисымында – 7, Тарғын қисымында – 12, Таловта – 8, Қалыс Самарда – 16, Нарында – 12 старшындық болды. Хан ордасы, Жаңа Қазан, Талов атты жаңа тұрғын мекендер пайда болды.

1808 жылғы 17 шілдедегі патша жарлығымен Бөкей Ордасы Астрахан әскери губернаторы мен Орынбор шекаралық комиссиясына бағындырылды. Патша нұсқауында жаңа Орда Ресей империясына бағынады деп көрсетілгенімен, Бөкей ондағы қандайма бір басқару ісін тек өзі ғана жүргізіп отырды. Жыл өткен сайын өңірге қоныстебушілер қатары өсе түсті. Мәселен, Ордадағы бастапқыдағы үйлер саны тек 5 мыңдай ғана болса, 1812 жылы 7500-ге, 1819 жылы 8500, 1825 жылы 10490-ға жетіп, оларда 50 мыңнан астам адам тұрып жатты.

Міне, осы тәртіпті басшылыққа алған Бөкей алғашқы күннен болашақ хандық орталығын белгілеуге ерекше назар аударды. Қара, Сары өзендерді  жайлап, Еділді ендей бойлайтын Қиғаштың бастау алар негізі (Бәйбек, Кішкене арал) мен теңізге құяр саға тұстарын да (Көлбін) қалап, қонысқа қолайлы көріп, іші жылып еді. Бірақ жоғары жақтағы құзырлы орындар әні-мінемен созбалай берді. Бөкей хан өлгеннен соң ел басқару билігін оның інісі Шығай алса, арада сегіз жыл өткенде Жәңгір таққа отырып, әке мұрагеріне сай өз жұмысын бастады. Астрахан қаласында губернатор Андреевскийдің үйінде тәрбиеленіп, халықты әкімшілік тұрғыдан басқару әдіс-тәсілдерін үйреніп шыққан ол бірден реформалық өзгерістер енгізуге бағыт алды. Алдымен қазақтар тұрмысына еуропалық өркениет жетістігін енгізу, атап айтқанда, мектеп ашу, оларда білім алған жастардың өз біліктерін гимназиялар мен кадет корпустары, одан да жоғары оқу орындарында жалғастыруын қалады.

Орталықтан басқарылатын әкімшілік құрылып, құрамында 10 депутаты, 10 адамдық хан кеңесі, 14 ағаман-есауыл, базар сұлтаны, арнаулы тергеуші, іс жүргізетін кеңес жұмыс істей бастады. Басқару ісіндегі ру басшылары мен ағамандарды ақыр аяғында Орынбордың шекаралық комиссиясы бекітті.

Алғашқы кезде Жалтыр көлінің жағасы, одан теңіз бойы, Кішкене арал, Қара өзен бойын қоныстанып жүрген Бөкей мен оның ұрпағы 1824 жылы жаңа орталық – Ханқалаға көшіп барды. Онда әсем безендірілген үйлер тұрғызылды. Бар-жоғы 10-15 жылдың ішінде Жасқұс та жайнап, қауын-қарбызы тіл үйірді. Қалың тоғайы ит тұмсығын өткізбес жалпақ жынысқа айналды. Орынбордан алдырған инженер, штабс-капитан Тафаев болашақ үлкен ставканың кішкене қадасын қақты. «Отыз терезе, есікті» кең сарай, мешіт, мектеп, шіркеу, аурухана, банк, казарма, түрме, орман техникумы, басқа да құрылыстар бой көтерді. Бөкей Ордасын жан-жағынан орыс әскерінің бекініс шептері қоршап тұрды. Бірақ әуелден түлігінің түгіне тірі пенде қол тигізіп, «сен анда», «ол мында» деп саусақ шошайтуды көрмеген түз адамдары бұдан былайғы Жәңгір ханның қит етсе «пітір», «зекет», «соғым» деп сан алуан алым-салық, әңгір-таяғына үйренісе алмай бұрынғы Жайықтың шығыс бетіндегі жері тар болса да жүрегі кең, көңілі ашық күндері, Бөкей тұсындағы берекетті жылдарын аңсады. Тіпті сол кездің Бердібек Түлекенұлы деген ақыны:

                        Пәниден Бөкей кетіп, Жәңгір қалды,

                        Жасқұстың илеуіне Орда салды.

                        Хан Бөкей тіршіліктің тұтқасы екен,

                        Дүние ол кеткен соң шыр айналды, - деп зарланды.

Бір қарағанда оның да жөні бар еді. Бөкей қалың елді отыз жыл бойы тыңайып, пенде баспаған құйқалы да шырайлы өңірге, әсіресе нулы да сулы Еділ сағасы, Қара, Сары өзен бойларына қондыра салғанда бұрынғы бір-бірінің жұлығын басып, жайылым мен құдыққа таласып жүрген жатақтар енді шын мәніндегі жұмаққа келдік деп санаған. Бірақ Жәңгір тұсында қайтадан құдық, тағы да алым-салық басталғанда бастарын алып қашып, тіпті кейбірінің бұрынғы атакүлдік Аңқаты, Шыңғырлау, Бүйрек, Тойсойғанға жалт беріп, үдере көшкені бар. Дегенмен бұл әуелден қара бастың қамынан гөрі қалың елдің зарына құлағын түріп жүретін, Жәңгірдің өзі ойлап тапқан зобалаң емес, жоғарыдан ханды шеңгелін төндіріп, салығын өндірген патшалы Ресейдің пармәні еді. Пәрменге жәрдем жасаумен бірге туған халқы, өзі басқарған өңірдің әлеуметтік –экономикалық дамуына ерекше назар аудару – оның басты мақсаты болды. Сөйтіп ол 1801 жылдан бастап «Бөкей Ордасы», 1812 жылдан «Бөкей хандығы», ал 1845-тен хандық биліктің жойылып, «Ішкі Орда» атанған аймаққа жоғарыдан  орталық басқару билігін жүргізген империя тапсырмасын орындаумен бірге болатын аз-мұз қамқорлығын да қалт жібермей хандық басқаруды нығайтады.

Кешегі кеңес үкіметі заманында Жәңгір хан атына біраз сын айтылды. Тіпті XIX  ғасырдың бірінші жартысындаға Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліс туралы әңгіме болса, оны халық жауындай көргеніміз де рас.  Бірақ түптеп келгенде аталған көтерілістің ең негізгі нысанасы Жәңгір емес,  патшалық Ресейдің империялық отарлау саясаты, оның қазақ топырағы, Бөкей Ордасында жүзге асырылуына қарсылық екенін де естен шығармау керек.  Солай бола тұрса да ел басқару ісінде Жәңгір көптеген қателіктерге жол берді. Ең алдымен ол қалай дегенде де отарлаушы елдің қол шоқпары еді. Соған сай ол Ресей империясының саясатын ұстанды. Қызмет бабында ағайыншылыққа бой алдырып, қарапайым халықтан жиналатын алым-салық көлемін көбейтті. Бар тірлігі малмен байланысты көшпенділердің жайлауын тарылтып, күн көрісін қиындатты. Бұл қарауындағы халыққа ұнамады. Ұнатпаудың белгісі – үдере көтерілген қарсылық, қол жинап, қоқан-лоққы көрсету. 

Дегенмен бұл өз алдына бөлек әңгіме, басқа тақырып. Ал  сол Жәңгірдің туған халқының болашағына бола  істеген жақсылықтары да аз емес. Оны ғасырлар бойғы шұрайлы жер, тұщы сулы қоныс үшін мал соңында көшіп жүрген қазақты Жасқұс, Новая Казанка сынды сандаған үйі, сыңғырлаған сарайы бар отырықшы елге айналдырып, құм суырып, тозған даласын құнарландырып,  көк жасыл орманға айналдыру, тұрғындар денсаулығын жақсарту, оқу-ағарту ісін өрістету, өмірдің әр саласындағы білікті маманды дайындаудағы игі істерін атауға болар еді.

Олардың қай-қайсысы турасында да осыған дейін талай рет әңгіме болды. Сондықтан да әрбіреуін жіліктеп, жеке-жеке тоқталудың қажеті де жоқ шығар. Дегенмен сөз ретінде кейбір тақырыпты тілге тиік ете кету де артық емес сияқты. Осы ретте Бөкей Ордасындағы халық ағарту ісінің әп дегеннен қолға алынып, Жәңгір тұсында ерекше назарда ұсталынғандығы белгілі. Жалпы Еділ-Жайық сынды қос өзен арасына қоныс тепкен бөкейліктерге оқу-ағарту, сауат ашу ісі сонау 1801 жылғы қайта қоныстану кезінен-ақ басталған.  Кейбір тарихи мәліметтерге назар аударсақ Бөкей ханның өзі, інісі Шығай да бір адамдай сауаттты, көзі ашық болғанға ұқсайды. Жәңгір Астраханға оқуға барғанға дейін мұсылманша жазып, оқи алады екен. Бірақ ол арнайы медреседе оқып, басқа да кадет корпустарын тәмамдамаған. Десе де сол кезде қазақтың әлді, ауқатты отбасылары өз балаларының тілін сындырып, сауатын ашу үшін үйлерінде молда ұстаған. Мәселен, тарихи әдебиеттерден Өтемістің өзінің Тоқтамыс, Бекмағанбет, Махамбет, Хасен, басқа да балаларын, Бөкейдің Жәңгірді 12 жасқа дейін үйінде молда жалдап оқытқандығы, Жәңгірдің Астраханға барғанша, Махамбеттің де орыс тілін өте жақсы білгендігін оқуға болар еді. (Е.Ковалевский «Хождение по суще и морям» Спб. 1843 г.)

Жәңгірдің 1837 жылдың маусымында толтырылған лауазымдық парақшасында орыс, парсы, араб, татар тілдерін білетіндігі жазылған. Бұл оның ұдайы өз білімін жетілдіріп отыратындығын көрсетеді. Жәңгір қайтыс болғанда генерал-майор Ладыженский оның кітапханасындағы әдебиеттердің тізімін жасатыпты. Олардың қатарында шығыс тіліндегі түрлі мазмұндағы 212, орыс тіліндегі 35 кітап, сондай-ақ І Петр тарихының 4, энциклопедиялық лексиконның 15, заңдар жинағының 16 томы мен Ресей империясының 1829 және 1841 жылдары шыққан екі атлас тіркеліпті. Сондай-ақ оның кітапханасынан Шинкельдің «Архитектура ХІХ века», Максимовичтің «Атлас земного шара», Гогольдің «Мертвые души» кітаптары да кездескен.

Ал хан алдырып оқыған мерзімдік басылымдар қатарында «Отечественные записки», «Современник», «Северная пчела», «Москвитянин», «Журнал министерства народного просвещения», «Посредник», «Земледелческая газета», «Сенатские ведомости», тағы басқалары бар.

Солай-ақ болсын. Әділін айтсақ Жәңгір хандық құрған жылдарда назар аудармаған саласы жоқ.  Біздіңше солардың ішінде екі мәселеге ерекше көңіл бөлген жөн сияқты.  Оның бірі – әлгі айтқан әуелі халықтың сауатын ашу, оқу-ағарту ісі де, екіншісі – сауда-саттық,  экономикалық-әлеуметтік даму. Ендеше бұл мәселелерге неге ерекше ден қойды?

Бәрі қайын атасы Қарауылқожаның теңіз жағалауындағы  қыруар жерге қожалық етіп,  билік жүргізуіне мүмкіндік жасауынан басталады (Бірақ оның Қарауыл қожаға күйеу атануы кейін, 1841 жылдан басталады. Ө.Ә.) Ол болса  қол астындағы рулардың жайлауын тарылтып, өрісін кесті. Шұрайлы аймақтан айырылып,  нуы мен суы тапшы қу медиенге тығылған халық бас көтерді. Діңкелеткен салық тағы бар.  Мұның бәрі Жәңгір қолымен істелінсе де от көсеген көсеудің нағыз иесі басқа еді. Ал оны қалың халық санасына жеткізу үшін олардың түсінігін кеңейтіп, көзін ашу керек. Тұрмысын жақсартып, көйлегін көк, тамағын тоқ күйге жеткізу, нарықтық қатынастар, ақша-тауар  айналысы керек-ақ. Бұл оның ХІХ ғасырдың 30-жылдары Қарауылқожа мен Исатай арасындағы  кикілжіңнен кейінгі ұстанған саясаты еді.

Бөкей хандығындағы ХІХ ғасырдағы оқу-ағарту, дәлірек айтсақ сауат ашу ісінің қолға алынуын  шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады.

Бірінші, 1801-1841 жылдар аралығындағы елдегі діни сауат ашу, яғни құран сүрелерін оқу,  болмаса құранның өзін оқи білу және өздігінен жаза алу. Оған Махамбет ақынның Орынбор ұлықтарына жолдаған шағын хаттарын дәлел ретінде алға тартуға болар еді.

Екінші, 1841-1868 жылдар аралығы немесе сол қырық бірінші жылдың 6 желтоқсанында Хан ставкасында ашылған қазақ балаларына орысша жалпы білім беретін  Жәңгір мектебінің діни сауат ашу мектептерімен қатар жүруі.

Үшінші, 1868 жылдан бастап, кеңес заманына дейінгі Ішкі (Бөкей) Ордадағы діни білім беретін мектептерге шектеу салынып, есесіне орысша-қазақша бастауыш білім беретін білім ұяларының көбейе бастауы.

Бір қарағанда осылай жіктеп, бөлсек те Ордада сауат ашу ісі әр кезеңде түрліше жүрді. Жәңгірдің өзі он жыл бойы Астраханнан хандықты әкімшілік жағынан басқарудың әдіс-тәсілдерін оқып-үйренсе, хандық таққа отырған бойда, 1825 жылы Сырлыбай Жәнібеков деген жас жігітті Орынборға медициналық білім алуға жөнелтіп, ол бір жылдан соң туған ауылына қайтып оралып, шешек ауруына қарсы алғашқы емдеу шараларын жүргізе бастаған.

1826 жылы Қарағұлов, Шығаев, Шүкеев сынды ордалық бір топ жас сол Орынбордағы Неплюев атындағы әскери  училищені ойдағыдай бітіріп шықты.

Сол 1826 жылдың өзінде Жәңгір Қазан университетінің ректоры К.А.Фукстың шақыруымен аталған оқу орны студенттері алдында қазақтардың өмірі мен тұрмысы,шығу тегі жайлы арнайы лекция оқыды және Ордада Дерпт университетінің профессоры Ф.Гебель,белгілі ботаник Карл Клаус, химик А.Бергман, өзге де Г.Карелин,  Е.Ковалевский, В.Григорьев, М.Небольсин, Я.Ханыков, И.Мечников,  В.Даль,   В.Раевский, басқа да оқымысты ғалымдар болып,ордабасымен кең отырып әңгіме соқты, ел болашағы, адамдар, олардың көзін ашу турасында ұланғайыр сөз қозғады. Сонда әлгі оқымыстылар үй иесі жайлы керемет ойлар түйіндеп, пікір туындатты. Кейін соларды қошеметпен еске алды.

Қазан университетінің ректоры, профессор Карл Фукс Жәңгір жайлы «24 жаста, орта бойлы, бет әлпетінен және ашаң жүзімен еуропалыққа ұқсайды. Жайдары да жылы жанары, кескін-келбеті адамды өзіне тартып тұрады. Орысшаға асқан жетік болмаса да, тілі жатық, жақсы сөйлейді, біздің тілімізде біршама сауатты жазады. Ана тілі қазақша болса да, парсы, араб тілдерін де біледі, еркін жаза алады», деп жазса, Фридеман Гебель «Хан күлгін түсті мақпал бешпет пен шалбар сыртынан алтын оқалы камзол киген. Басында үшкір, бұлғын терісімен көмкерілген мақпал бөрік.

Бізді дастарқанға шақырғанда төрде өзі отырды. Бізге шампан шарабын құйды. Мен ханның денсаулығы үшін көтердім. Құран тыйым салатындықтан ол шарапты қолына алмады. Ол өзге сұлтандармен бірге тек қымыздан ғана ауыз тиіп отырды,» депті.

А.Терещенко деген біреу 1853 жылы «Москвитянин» журналына «Ол халқының әдет-ғұрпын берік ұстанды, өз жұртында ол – көшпенді қазақ, ғылыми ортада – ғалым. Оның пікірі мен лебізін жұрт аса зейінмен тыңдайды. Ол ағарту ісін қолға алып, шығысты зерттеу ізденістеріне ықыласпен атсалысты.» деп жазса, А.Харузин Мәскеу университетінде оқыған дәрісінде (очерк) Жәңгірді «Ақылы асқан, адамгершілігі үнемі қазақтардың жадында жүретін жан» деп бағалайды.

Шындығында Жәңгір билік тағында отырған 22 жылда туған халқына біраз жақсылық жасады. Алдымен Жасқұстағы жаңа қала соның еңбегі. Ол үшін қазынадан 36 мың рубль қаржы алды. Айшығы аспанмен таласқан мешіт, мектеп. Қандастарының Петербор, Орынбор, Астрахан қалаларында оқуына мүмкіндік туғызды. Мәскеу мен Петерборда болып, халқына қатысты біраз мәселені патша назарына ұсынып, шешуін тапты.

Енді солардың кейбіріне жеке-дара тоқталайық.

1832 жылы Ордада алғашқы медициналық емдеу қосыны ашылып,оған Қазан университеті медицина факультетінің түлегі А.А. Сергеев басшылық етті. Артынша мал дәрігерлік қосын да жұмыс істей бастады.

Елдің, тұрғылықты халықтың әл-ауқатын жақсарту, алдымен, олардың сауда-саттыққа  араласы, тауар-ақша  қатынасының дамуына тікелей байланысты еді.Осыған орай ордалықтар арасында сауда дамып, ақша қатынасы өркендеді. Бұрынғыдай саудада  тауарды тауарға, не малды тауарға айырбастау емес,ақша баламасын қолдану күшейді. Бұл, сөз жоқ, көршілес орыс селоларындағы жәрмеңкелерге қатысуы, келе-келе өз іштерінде өткізуі, онда ханның шеттен әкелінген тауарларға баж салығын төмендетуінің ықпалы еді.

Орда өңіріндегі бұл сынды нарықтық қатынастарға негізделген экономика елдің шаруашылығы мен тұрмысына да оң өзгеріс әкеліп, ішкі қажеттілікте ақша сұранысын өсірді. Ал ақша сұранысы дегеніміздің өзі сауда-саттықтың дамуы болатын.Осыған байланысты өте аз көлемдегі ұсақ тауарға негізделген көлік тасымалымен жүзеге асатын сауда операциялары күрт өсіп, тұрақты жәрмеңкелік саудалар күшейді.Онда ежелгі Ноғай хандығы тұсында ерекше дамыған мал саудасының үлесі мол болды. Тап сол кездегі сияқты жергілікті еділбай қойлары мен суыққа төзімді далалық жылқылар ақша айырбасына түсті.

ХІХ ғасырдың он үшінші жылы бөкейліктер Ресейге 41  242 жылқы, 16  302 сиыр, 227  100 қой, 14  066 ешкі сатса, келесі 1814 жылдың 6 наурыздағы майор Попов пен колледждік асессор Резанов жасақтаған «Астрахан даласында тұратын қазақтар малының жалпы есебі туралы» құжатта қандастарымыздың 2 млн. 27 мың түлігі (63,3 мың түйе, 350,5 мың жылқы, 135,8 мың ірі қара, 1 млн. 385 мың қой, 22 мың ешкі) бар деп көрсетіледі. Жиырмасыншы жылдардың аяғында Ордада жыл сайын жалпы құны 9,5 миллион сомға тұратын  400 мың еділбай қойы, біраз мөлшерде жылқы, аздаған сиыр өткізіп, түйе, қой жүндері, аң терілері мен ешкі түбіттері айырбасталды. Жыл сайын Қазан губерниясының 2 мың бақалшы-саудагері қос өзен арасын аралап, ұсақ тауарлар сатты. Ресей империясы осы өлкеден жыл сайын соғыс, қорғаныс мақсаты, түрлі экспедициялар қажеттіліктеріне орай көлік ретінде  мыңдаған түйе алып отырды.

Сайып келгенде мұның бәрі елде сауда-саттық, ақша айырбасының мықтап дамуы,арнайы ақша айырбасына негізделген жәрмеңкелер ашу қажеттілігін туғызды. Бұрынғы Котяев, Кордуан, Астрахан, Боғда жағында өтетін базар, жәрменкелерге қатысып жүретін қазақтар отызыншы жылдардан бастап, Хан ставкісінде ашылған өз жәрмеңкелерінде сауда жасады. 1830 жылдың өзінде жәрмеңке ұйымдастыру мәселесі Орынбор шекара комисиясында әңгіме болып, бұл мақсатқа империя қазынасынан  56161 сом  қаржы бөлінді. Арада екі жыл өткенде құрамында 316 сауда нүктесі бар 12 корпус тұрғызылды.Былайғы кезде  де  жұмыс істей  беретін ол нүктелер  жылдың көктемгі  және күзгі  шақтарында өтетін үлкен жәрмеңкелерде тіптен қызып,өсе түседі. Оған Ресейдің Мәскеу, Ярославл, Чернигов, Пенза, Кострома, Воронеж, Сартау, Тамбов,Қазан, Самара, Астрахан губернияларының саудагерлері мен тұтынушылары, Орынбор, Орал казактары қатынасып, негізінен бакалеялық, мануфактуралық, галантериялық, өндірістік тауарларын әкеліп, қазақтар малдары мен мал өнімдері, киіз үй, оның жабдықтарын шығарды. Былайша айтқанда Орда жәрмеңкесіндегі сауда-саттықта Ресейдің үлес салмағы барған сайын өсіп, олар өз тауарларын үстеме бағамен шетке шығарғанға мәз болса, есесіне қазақтардан арзан бәске мал және оның өнімдерін алды.  Бұл іске көршілес қалмақтар да араласып, көп мөлшерде жылқы әкеліп, кей жылдары олардың үлес салмағы жәрмеңкеде сатылатын барлық жылқының тең жартысын ұстады.

Әр төртінші сиырды Еділ бойындағы кундр татарлары мен ноғайлар, басқа да шаруалар жеткізді. Орта Азияның, яғни Бұхара мен Хиуа саудагерлері де Жасқұсқа жетіп, тоқыма бұйымдары, кілем, жібек, бау-бақша өнімдерін сатса, жоғары жақтағы Сартау шаруалары (еврейлер) астықтарын,  Царевскінің неміс саудагерлері киросиндерін, цариціндік келімшілер көмір, арақ-шарап, мәскеуліктер хош иісті шайларын сатты.  Ал біздің қандастарымыз кей жағдайларда оларды пішенге айырбастады. Осындай сауда-саттық, ақша айырбасының артуы елдің экономикалық өсуі, әл-ауқатының жақсаруына әсер етті. 1815 жылы Орда бойынша күзгі және көктемгі жәрмеңкелерге 1381608 сомның тауары шықса, оның айналымы 1269534, 1836 жылы екі миллион сомды құрады.  Жәрмеңкелерде 1815 жылы 57 500, ал 1857 жылы жүз мыңнан артық қой-ешкі сатылып, қандастарымыз одан түскен қаржының үштен бірін сол сәтте өз қажеттіліктеріне қайта жұмсаған.

Жасқұс – хандық орталығы, көптеген үй, мекеме шоғырланған жер. Сондықтан оны экологиялық жағынан тоздырмай ұстау, қолдан көгертіп, жасыл белдеу орнатқан жерді мал тұяғына таптатып, адам аяғы астында қалдырмау ниетінде осындағы жәрмеңкені 1860 жылы Орда орталығынан 35 шақырым жердегі Ахон елді мекеніне көшірді.  Бірақ сауда-саттық түрі өзгерген жоқ.  Қандастарымыз баяғыша өздерінің төрт түлігі мен оның өнімдері, киіз үй және оның жабдықтарын саудаға салып, өздеріне бөрік, мата, киім-кешек, көрпе, ер-тұрман әбзелдері, тұрмыстық бұйымдар алды.

Бұл кезде күллі Қазақстан сияқты тек Ішкі Орданың өзінде жәрмеңкелер қатары өсе түсті. Бірақ Ресейдің көптеген губернияларымен тығыз байланыс орнатқан Ахон жәрмеңкесінің үлес салмағы бәрінен де жоғары еді.  Ал Таловкада (Талөкпе) бар-жоғы 9,5-15 мың сом аралығында еді. Осы Ахонда 1891 жылғы көктемде өткен жәрмеңкеде тауар айналысы бағасы 1 797 476 сомды құрады. Соған сай мал бағасы да басқаларға қарағанда анағұрлым жоғары еді. Жылқы 30-70, түйе 40-80, ірі қара 26-30, қой 4-5 сом аралығында сатылды.

Патшалық Ресейдің Министрлер Кабинеті Ішкі Ордамен арадағы саудаға үлкен мән берді. Өйткені Ресей үшін қазақ малы мен олардың өнімдері өте арзан және сапалы еді. Оны өз аймақтарына апарып сатса, үстеме пайданың өзі ұшан-теңіз-ді. Әсіресе, ешкі, биязы қой жүнін Ресейдің орталық губернияларындағы граф Комаров, Вильсон, Гассель-Кус, Пихлау, Борнгауптың киім тігу, шәлі, тоқыма фабрикалары асқан құлшыныспен алды. Ресей Сыртқы Істер Министрлігі қазақ ешкілері түбіттерін жоғары бағалап, Париж бен Лондонның ақсүйектері әйелдерінің сұраныстары бойынша жіберді.

Сөйтіп жәрмеңке арқылы келген сауда-саттық бөкейліктер тұрмысына мықтап енді. Оны сол кезгі орыс шолушыларының бірі В.А.Тресвятский «Азиялық Ресейдің жер жөніндегі мәселесі», «Дала өлкесі» деген еңбектерінде жан-жақты тоқтала келіп «Базарлар мен жәрмеңкелер көшпенділердің жеке шаруашылығына тереңдеп енгені соншалық, мұның өзі дүниежүзілік капиталистік рынокқа ойдағыдай тартып отыр. Енді бұл байланысты үзу ешкімнің қолынан келмейді» деп жазған еді.

Міне, осы сияқты қазақтар тұрмысына дендеп енген жәрмеңкелердің өзіндік сауда жүргізу тәртібі, мерзімі болды. Мысалы, өндірістік, азық-түлік, галантереялық тауарлар арнаулы дүңгіршектер (лавкалар) арқылы жәрмеңке іштерінде босатылса, осы арада халыққа қызмет көрсету орындары жұмыс істеді.  Ал аула сыртында мал, мал терілері, пішен сатылды. 1891 жылдың  көктемінде Ордада 51 808 сомға мал терісі, 400 сомның пішені сатылған. Келесі жылғы осы уақыттағы жәрмеңкеге 5 мың адам қатысып, оның 1 мыңы орыс, 15-і хиуалық өзбек, қалғаны қазақ пен татар, басқа да ұлт өкілдері болды.

Осы арада тағы бір құжатқа назар аударсақ – 1900 жылдың көктемінде Ахон жәрмеңкесінде базарға1 054 896 сомның тауары әкелінді. Осында 175 сомның шарабы, 1 мың сомның сырасы, 6500 сомның түбіті, 57873 сомның түйе жүні, 8364 сомның қой жүні өткізілген. Жәрмеңкеге 7 мың адам қатынасып, сауда айналымында Ресей, шетел ақшалары жүрген. Ал сол жәрмеңкелердің өту мерзімін айтар болсақ, жоғарыдағы әңгіме аужайынан байқағандарыңыздай Ахонда көктемгі жәрмеңке сәуірдің 5-і мен мамырдың 15-і, күзгі жәрмеңке қыркүйектің 15-і мен қазанның 15-і аралықтарында, Таловта жылына бір рет, тек тамыздың 8-15 аралықтарында, Ордада жылына бір рет, желтоқсанның 15-22 аралықтарында (соғым жәрмеңкесі) ұйымдастырылған.

Егер осылардың бәрін қорытып, жинақтар болсақ ХІХ ғасырдағы Бөкей Ордасындағы жәрмеңкелерде қандастарымыз сатқан мал мен оның өнімдері ондағы барлық сатылған тауар көлемінің 79,8 пайызын құрайды екен. Ал осы жәрмеңкелерге Ресей саудагерлері әкелген тауарлар мөлшері 18,7, Орта Азия тоқымшашылары мен дихандары жеткізген тауарлардың үлес салмағы 1,5 пайызды құрап, тек жоғарыдағы төрт (Ахондағы екі, Талөкпе мен Ордадағы бір-бір жәрмеңке) жәрмеңкенің тауар айналымы күллі Астрахан губерниясында жәрмеңкелердегі тауар айналымының 63 пайызын ұстаған екен. Мұның өзі ХІХ ғасырдың басында сауда қатынасы тек ақша ауыстыратын сарайларда ғана жүретін екі ел – Ресей мен Қазақстан арасында бұдан былай тауар, ақша айырбасы, сауда-саттық түрінде дамып, оның Бөкей Ордасында тіптен өсе түскендігін дәлелдейді. Сайып келгенде көлік түрі тек ат, өгіз арба, түйе шанадан аспаған және әуе-табиғат жағдайы тіптен күрделі Бөкей Ордасында бұл сияқты көрші елдермен экономикалық байланыс- сауда, тауар-ақша қатынастарының нығаюы елдің әлеуметтік дамуы, оқу-ағарту, тұрмыстың жақсаруы, адамдар санасының өсуіне де игі әсерін тигізді.

Міне, бұл Бөкей және оның Ордасы туралы аз-мұз әңгіме. Енді Еділ бойына бет түзейік. Онда бізді Құманғазы аудандық мұнай-су айдау басқармасының бастығы  кең қолтық, елжанды азамат Нығыметолла Біләлов қарсылап алды. Бөкей хан мен Сейіт баба басына зиярат еттік.

Сарайшықтан Бөкей жатқан Кішкене арал ауылына (Астрахан облысы, Красный Яр ауданы) жол тартқанда баяғы Бату, Берке Сарайларға өкше көтерген көне Жібек жолының көсегелі сүрлеуі есіңе түседі. Болмаса Алтын Орда өмір сүрген тұста Сарайдан Қарақорымға сапар шеккен Италия мен Арабтың жиһанкез елкезбелері Плано Карпини мен Гильдома де Рубрук, Марко Поло, Ибн Батута жазбалары ойға оралады.

Сол көне жазбалардың өзін былай қойғанда, бабадан балаға аңыз болып жеткен әрқилы әңгімелердің өзі қанша ма? Әсіресе әлгі айтқан Алтын Орда дәуірі, Ноғайлы заманының Әз Жәнібек, Асан қайғы мен Сыпыра, Жиренше мен Қарашаш, Орақ, Мамай туралы неше алуан сөздер кешеден бүгінге міні құрымай жетті емес пе?!

Ноғайлы заманы сөз болса, «Азау» атауы еріксіз еске түседі. Оны тарихшылардың біразы қазіргі Азов теңізінің ежелгі атауы деп түсіндіреді. Ал әлгі айтқан Ресей аймағына екі шақырымға жетер-жетпес боп кіріп жатқан Кішкене аралдан сәл терістік шығысқа бет бұрсаңыз қазірде аз-мұз шөгіп, ожырайған кейпін опырыңқырап жіберген биік шағыл – «Азау» құмы көрінеді. Бұл бір кездегі ноғайлар мекені, әлі де солай. Өйткені мынау Кішкене арал тұрғындары түп-түгел ноғайлар. Ал өздерінің өлең-жырында «Азау» деп ауызынан тастамайтын Доспамбет, сонымен замандас Марқасқа, Шалкиіз, Жиембеттеріңіздің қай-қайсысы да анау алыстағы Азов па, әлде, тап мына Азау ма, әйтеуір бір Азауда ноғайлар арасында дүниеге келген. Соған сай Еділ мен Ақ Жайықты өз жырларына қосты. Ендеше осындайда ойға «бұл қайдағы Азау, әлде анау Азаудан теперіш көрген азовтықтар тағдыр тәлкегімен бері ауысып, өз ауылдарын «ежелгі азаулықтарымыз» деп атай салды ма екен,» деген сауалдар оралады. Қайдам, алыстан алтын түсті Азау шағылы көрінеді...

Шағыл. Құм шағылдар атауы естілсе, не сусыған сол «алтын таулар» суретін көрсем болды есіме бала кездегі Нарын төсіндегі айналаның бәрін биік-биік құм шағылдармен қоршаған сары алтын (әлде қызыл дейміз бе) дөңдері түседі. Дөң деген аты ғана, шындығында тауы жоқ біздің өңірдің нағыз құм таулары солар еді.

022

Біздің балалығымыз әлгі құм таулардың ортасында өтті. Тіпті бастауыш сыныпта оқыған «Жасқайрат» мектебі, оның малшы балалары жататын жатақханасының өзі қалың шағылдың қақ ортасына жайғасқан. Айнала, керек десеңіз біз жататын интернат үйінің терезелері алдында да нар өркеш нән шағыл орналасқан. Ол көктемгі, болмаса күздің аса желді, көк дауыл шақтарында жанындағы пошта рациясының биік бағандар, оның басындағы сым темір желілерімен қосылып, бірде гүрілдеп, дірілдеп, кейде ішін тартып, қасқырдың қаншығындай ұлиды, ыңылдайды. Ысқырып, түрлі дауыстар шығарады, керек десең ән салады. Сол оқыс дыбыстар әлі де қала тірлігінде жел көтеріліп, шатырлар сартылдай бастаса, еріксіз ойыма балалығым оралады. Құлағыма құм-шағылдардың қым-қуыт ащы дыбыстары келеді. Сол күндерді сағынамын.

Құм-шағылдар демекші, кейде газет-журналдар оқып, теледидар мен радио тыңдап, әлемнің әр қиырындағы алуан құмдар туралы айтылғандарды аузымның суы құрып танысатыным бар. Сөйтсе, құмдар шертер сыр көп екен ғой және олар біздің Нарында ғана емес, әлемнің әр қиырында кездеседі екен. Олар айнала соққан желдің екпіні, сол кездегі түрлі оқыс қимылдарға сай алуан-алуан үн, дыбыстар шығаратынға ұқсайды. Мәселен, Чилидің Коппано аңғарындағы Эль-Брамодор құм шоқысының оқыс даусы тағы да қасқырдың ұлығанын еске салса, Қызыл теңіздің Синай түбегіндегі Джебель-Накуг жотасы желді күні бетіндегі адамдар қозғалысына сай әуелі бөлтіріктің қыңсылағанын қайталаса, дөң басына қарай тағы да 5-6 қадам аттасаң қоңырау сыңғыры құлаққа келеді. Оны жергілікті тұрғындар көне аңыздар желісімен аяқ астында бағзы замандардан қалған қасиетті ғибадатхана жатыр. Құм төбеге көтерілсең әлгі құдай үйінің иесі адамдарға қоңырау шалып, құлшылыққа шақырады, тәубаға келуді қалайды дейді.

Ал Кабул маңындағы Рег-Рева құм төбелері аяқ бассаң болды, әлде кімдер барабан қаққандай айналаның бәрі жаңғырығып, аяқ астындағы құмдар діріл қаққандай кейіп танытады. Қандай қорқынышты? Мұндай аңыздар қазақтың да құм шағылдарына тән. Оны бала кезде талай естігенбіз, тіпті қорыққанбыз да. Сондай мазмұндағы әңгімелердің бірін ХІІІ ғасырда Венециядан Ханбалыққа бет алған италиялық саяхатшы Марко Поло да өз күнделігінде мынадай жолдар қалдырапты: «Ол жақта мынадай да ғажайып бар. Желді күні шөл далада түнделетіп келе жатып, кездейсоқ жолдастарыңнан көз жазып, оларды қалай да тауып алуға асықсаң, айналаңнан аруақтардың күбірлескен даусы, керек десең өз жолдастарыңның үнін де естисің. Олар сені шақырады, бағытыңнан адасасың».

Құм жайлы осындай әңгімелерді одан әрі сабақтай беруге болады. Ал кешелі-бүгінгі Қазақстан жерінде атақты Айғайқұм құм таулары ақтарар сырды айтсаңызшы. Менің есіме Нарын құмым, ондағы өркеш-өркеш шағылдардың желді күнгі жөйт үні, жан шошытар дауыстары құлаққа келеді.

Қайран, атажұрт, айналайын ақ құмдарым-ай?!

Жалғасы бар, осында