Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында
Кішкене аралдан бесіндікке иек көтерсеңіз - алыстағы ақшулан толқындар арасынан ежелгі Әжітархан - қазіргі Астраханның көне кремльдерінің кресті мұнаралары көрінеді. Астрахан да тарихқа бай. Бірақ оның өткенін ойлы оқырман талай бұзау көн қапты, көне қалың кітаптардан ақтарып, санасында сақтаған да шығар. Ал мына бір деректі көп адам біле де бермейді. Ол атақты Қажымұқанның Астраханда болуы еді.
Төрт рет дүние жүзінің және Еуропаның чемпионы атанып, 59 шет мемлекетте болған, 48 медаль алған халқымыздың палуандар патшасы Қажымұқан Мұңайтпасов көзі тірісінде талай әлем чемпиондарын, Еуропа мен Азияның арқасы жерге тимеген алыптарын тізе бүктірген батыр баба (Ол 1927 жылы ресми түрде “Қазақ даласының батыры” атағын алған) патшалы, кейіннен кеңестік Ресейдің көшпелі циркі құрамында боп, көптеген жерде өнер көрсеткен. Соның бірі Астрахан қаласында өткенге ұқсайды. Онда мынандай жағдай болған екен. Ол жайлы аталған оқиғаның куәгері, аталған облыстың Лебяжье селосында тұрған, қазір арамызда жоқ Қами Жұмағалиев ақсақал кезінде маңғыстаулық журналист Әбілхайыр Спановқа былай деп әңгімелеген екен. Одан және ағайындарының айтуымен бізге де жетті.
Бұл шамамен 1910 жылдары болса керек. Алдында ғана Ригада өткен классикалық күрестен дүниежүзілік жарыста бас бәйгені иемденіп, аты әлемге аян болған Қажымұқан Мұңайтпасов Астраханға көшпелі цирк құрамында келеді. Еділ жағасындағы көне қаланың елгезек халқы күш атасын қол қусырып, құшақ жая қарсы алады. Ойдағы-қырдағы қазақтар да “Қажымұқан келді” дегенді естіп, цирк қызығын тамашалауға асығады. Ойын соңынан палуанның өзімен тілдесіп, үйлеріне кіріп, дәм татуға шақырады. Солардың бірі ретінде қаладан 60-70 шақырымдағы Лебяжьеде тұратын атақты күйші, Құрманғазының шәкірті Ерғали Есжанов та арнайы кеме басын көлденең тартып, «Астрахан да қашаннан қазақ жері. Өзіңіздің ортамызға келгеніңіз зор мәртебе болды. Ендігі тілек – отбасымызда болып, төрімізге озсаңыз, сөйтіп, алыс-жақындағы көрген-білгеніңізден сыр ақтарсаңыз, әңгіме тыңдасақ. Бұл бүкіл ауылымыздың тілегі. Мен сізге үлкендер өтінішін жеткізіп тұрмын, құп алғайсыз” деп қолқа салады.
Палуан да бәлсінбей туғандар ұсынысына бірден-ақ келісімін береді. Сонда Лебяжьеде мынандай-бір қарағанда оқыс, екінші жағынан қызық жай болады.
Ерекең үйіне аулалас, көрші тұратын татардың ерке шолжың баласы Қажекеңдер бір топ жолдастарымен аулаға ене бергенде қорада жемде тұрған үш жастық бұқаны босатады да жібереді. Күні-түні байлауда ұрынарға қара таппай тұрған семіз бұқа қонақтарға қарай өкіріп, бақырып шаба жөнеледі. Мұндайды күтпеген қонақтар абыржып, қапелдемде не істерін білмей қалады. Ерғалида да еш амал жоқ. Бірақ осы сәтте Қажекең суырылып алға шығып, шалт қимылмен бұқаның шаңырақ мүйізіне жармасады да, қабырғаласа жүріп, шоқтықтан қаусыра құшақтаған күйі асықша иіріп, атып кеп жібереді. Әудем жерге омақаса құлаған беймаза бұқа орнынан азар көтеріліп, мүйізін әлсіз шайқаған күйі ауланың аулақтау бұрышына кете барады.
Ерғали көрші ұлдың бұл сынды әумесер қылығынан қатты ұялып, ренжіп қалады ма деген ниетпен құрметті қонағынан қайта-қайта кешірім сұрайды. Ал ол болса тап бір ештеңе болмағандай “Оқасы жоқ, балдыздың бір базынасын көтермесек, несіне жезде атандық. Солай емес пе апасы-ау?” деп әйелі Бәтимаға қараған күйі қарқ-қарқ күліпті.
Қадірменді мейманның қабағына кірбің ұяламағанына әбден көзі жеткен Ерекең алға түсіп, емен-жарқын пейілмен үйге бастайды.
Бұл кештегі отырыс өте тартымды, әсерлі өтеді. Қажымұқан күрес өнеріндегі американдық Джо, неміс Поль Абс, Фон Кенич, Ганс Каван, итальяндық Струмент, француз Жан Сабатье, Фиедри Колос, эстон Тигане, атышулы Алекс Аберт, Георг Лурих және Азия мен Африканың арыстандары Темір Булат Кануков, Али Осман, Сали Сулейман, Робине Хосаев, Чемберс Ципс, Ли Хун Синг, Мурзук Кахута, Сара Ки-Кимен таңғажайып кездесулері жайлы айтса, үй иесі тартынбастан күй шертіп, көңіл көтереді. Әсіресе күрес құдіретінің жанында жүрген Бәтима (Надежда Николаевна Чепковская) жеңгеміздің ризашылығында шек болмай, қайнісіне қайта-қайта қолқа сап, күй орындатқызады, татар, орыс әуендерін тартқызады. Сөйтіп бұл кеш лебяжьеліктер есінде ұзақ сақталып қалады.
...Тап солай, өткен ғасыр басында Қажымұқан палуан Астраханда болса, осы біз тұрған төбеден бар-жоғы 2-3 шақырым жердегі Бәйбекте 1920-1930 жылдары әйгілі Сейтек (Оразалиев) күйші, ал мынау шығыстағы көзге ұрып тұрған боз төбе - Жыңғылдыкөлде күй анасы Дина тұрған. Сайып келгенде ата күлдік Нарынның күн шығысындағы Бекетай құмында орналасқан күйші мынау теңіз бойындағы Жыңғылдыкөлге қалай келді? Осы жерден Алматыға аттаныпты. Оған не себеп болды? Бұлар жайлы көп адам біле бермейді. Реті келгенде оны да айта отырайық.
Жалғасы бар, осында