Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында
Жыңғылдыкөлден Алматыға
Өткен ғасырдың 20-22 жылдары Нарын бойындағы дала тұрғындары үшін өте қиын болды. Оның түрлі себептері де бар-ды. Әуелі Орал жақтан қызылдардан қатты соққы жеген Аненков әскері оңтүстіктегі Иран, Түркияға бағыттап ығысады да күн салқындап кетуіне орай Жаңғала бойында қыстап қалады. Жай ғана қыстаған жоқ, жергілікті халыққа бықпырт тигендей алдындағы азық-түлік, дүние-мүлкін, керек десеңіз ауласындағы малына дейін тартып алып, қарсыласқандарды атып тастап отырды. Оған қоса сол кезде әуе-табиғат жағдайы да келіспей, қысы қатты, жазы жайсыз болып, жері қуаң, ылғалы аз, малмен күн көрген адамдар тек құрығын ұстап, қурап қалды.
Осы сынды тағдырдың екі жақты қыспағын қатар көрген тұрғындар бұдан былай базарында аз-мұз астығы, суында балығы бар Еділ бойын сағалап, Каспийдің терістік бетіне қоныс аудара бастады. Солардың ішінде Бекетай құмында отырған Дина да бар еді. Біраз уақыт Астраханның Козлов, Бәйбек ауылдары, өзіміздің (Қазақстанның) Ковяков селосының сыртында аялдап, қыс кездерінде кейбір әлді қожайындардың қолында желі бар балаларын домбыраға үйретіп, көктем, жаз, күз айларында Котяев, Кордуан базарларындағы жәрмеңкелерге қатысып, базаршылар алдында күй шалатын.
Дина Кенжеқызының күйшілік өнеріне тәнті болған көпшілік қауым, жеке-дара өнерпаздар ылғи да ол тоқтаған үйлер мен жәрмеңкелерге іздеп барып, күйлерін тыңдайтын, шеберлік қырларын үйренетін. Сондай жанның бірі - Смағұл Көшекбаев болатын. Нұржау бойы теңіз беткейіндегі жаға-қырлықта өскен ол жастайынан өнерге ғашық еді. Өсе келе Сейтек күйлерін көп тыңдады, өзінен сабақ алды, үйренді. Дина шеберлігіне де ден қойды. Смағұл музыкалық аспаптардың қай-қайсысында да еркін ойнайтын. Отызыншы жылдардың алғашқы жартысында Ковяковтағы “Пионер” орталау мектебінде сабақ беріп жүрген ол астындағы “Орленок” есімді жалғыз атын сатып, соның қаржысына Алматыға аттанды. Мақсат - үлкен өнердің есігін қағу, беделді додаларда бағын сынау. Бұл туралы А.Жұбанов өзінің “Ғасырлар пернесі” кітабында “1937 жылдың көктемінде Гурьев облысы Теңіз ауданынан Алматыға домбырашы, мұғалім, ақын және әуесқой композитор Смағұл Көшекбаев келіп, КазЦИК атындағы оркестрге кірді. Сонымен қатар ол филармонияның қарауына берілген қазақ музыкасы кабинетінің қызметкері болды. Көшекбаев Динаны біледі екен. Кабинеттің тапсыруы бойынша Динаны Алматыға шақырып келуге кетті” деп жазады. Мұндағы ой - аталған оркестрді ел ішіндегі халықтық таланттармен толықтыру, олардың репертуарындағы не бір асыл шығармаларды жазып, қағазға түсіру, кейінгі жастарға үйрету еді.
Смағұл аға Алматыдан келе сала өз ойын Дина шешемізге жеткізеді. 76 жастағы кәрі ана бұл ұсынысқа еш қарсылық білдірмейді, қайта келісімін беріп, “Қайда апарсаңдар да барамын!” дейді. Осындай ұсыныс аудан орталығына жақын мекендерде тұрып жатқан белгілі домбырашылар Қонаш Айсин, Меңдіғали Сүлейменов, Ишанғали Жанқановтармен бірге Меңкеңнің ұлы, жасы жиырмаға жаңа жеткен, аудандық оқу бөлімінде істейтін Хисметтерге де айтылды. Солардың ішінде аса бір жасамыс Қонаш қария болмаса, қалғаны аталған ұсынысқа бірден келісімін берді.
Бұл кезде Дина қазіргі Құрманғазы ауданы № 5 темір жол бекетінің шығысындағы Жыңғылдыкөл деген жерде отыратын. Республика халық ағарту Комиссариаты ұйымдастырған Бүкілқазақстандық халық өнері қайраткерлерінің бірінші слетіне Дина Ресей территориясында, яғни жоғарыда айтқан Козловта тұрғандықтан қатыса алмаған болатын. Бұл жолы әдейі айту, қолқалау нәтижесінде қол жетті. Бірақ көпті көрген кәрі ана “Жас ұлғайып, бағымның базардан қайтар тұсында бәйгеге қосыламын деп, желпілдеп отырмын ғой. Мүмкін, бұған дейін байрақ атаулыны жібермеген алтын қолым жұлдызы жанып, тағы да топтан озар. Озбаса озатындар кімдер екен, оны көрейін. Бір қарағанда бұндай сапар енді қайтып келе ме, жоқ па? Әйтсе де, алдымен, туған топырағым – Бекетай құмына жетіп, әке-шеше, ата-ене бейіттеріне құран оқиын, бастарына бір уыс топырақ салайын. Тірілермен бақиласып, қоштасайын” деп 10-15 күнге мұрсат сұрайды. Бірақ екі апта деп кеткен Дина шешеміз оның үстіне тағы да екі апта қосып, бір айда азар оралады.
Бұл кезде қарап жатқан Смағұл жоқ, ауыл-ауылда көркемөнерпаздар сайысын өткізіп, оларда өзі іріктеген таңдаулы күйшілердің де шығармалар жебеуіне мүмкіндік туғызды. Астраханның Құмөзегінде тұратын Ерғали күйшіге барып, Алматыда өнер көрсетуге қолқа салды. Бірақ ол бірден кеңес өкіметіне өкпелі екенін айтты. “Мен,- деді ол - төңкеріс болады, барша халықты жарылқайды, әсіресе кедей-кепшікке күн туады дегенге жанымды салып, балаларымның бәрін сол жолға тәрбиелесем, кешегі 28-30 жылдарыңда әлгі өкіметтің өзімді ауламдағы оншақты қойым, шәй қатықтық 2-3 сиырым үшін құлақ, балаларымды құлақтың ұлы деп ағаш атқа мінгізіп, артымнан ала төбет ит қосқаны есімнен кетпейді. Ондай өкіметтен жылылық болады, 70-тен асқанда ұшпаққа шығарады деп тіпті де ойламаймын. Ниетіңе рахмет! Бірақ жолыңнан қалма. Мен бармаймын!”
Каспийдің тар қолтығына тығылған қарттың қаһары қатты екен. Қалай айтса да көнбей қойды. Бұдан әрі Ысекең адай шалдың енді қайтып илікпейтініне әбден көзі жетті де қайтып кетті.
Дина шешей бұл кезде кіндік кесіп, кір жуған Бекетай құмында туғандарымен қоштасып, үлкен жолға әзірлік үстінде жүрген еді. Исатайлық Ғатау Рамазанов сол бір шақты еске алып, кешегі сексенінші жылдары былайша әңгімелегені бар.
– 1937 жылдың күзге салымы еді. Бірақ жаз ыстығы әлі де қайта қоймаған шақ. Онда біз Айбас құмының арқа шығысындағы «Шәпок обасы» деген мекенде отырамыз. Оның өзі Динаның Бесқасқа ауылына алғаш келін болып түскен жері. Мақаттың Нұрпейіс есімді ұлымен тағдыр қосып, арада аз уақыт өткенде ол қайтыс болады да қайын інісі Нұрсұлтан, оны Дина алғашқы күннен атын атамай Шәпок дейді екен, сонымен атастырылып, ғұмыр кешеді, онның үстінде ұл-қыз сүйеді.
Шамасы күйші ана өзінің отбасылық беті ашылып, келін болып түскен сол орынмен қимай қоштасқысы келді ме, әлде жолсапардың жөні солай келді ме, сәскеге таман біздің ауылға қасында әлде бір ағайыны бар Дина шешей келді. Астында ақ тайлақ, басында биіктеу ғып байлаған нән жаулық. Үстінде қара тықыр мақпалдан тіккен жеңіл камзол. Тайлақтың алдыңғы өркешіне мол ақтықпен шанди ораған домбырасын ілген. Үйдегілер күнсіп, шөлдеп келген қонақты құшақ жая қарсы алып, шай қойды, әкем жалма-жан бір бағыланды аударып, шешеміз тездетіп қазан көтерді.
Дастарқан басында күйші өзінің осыдан барған соң ұзақ жолға- Алматыға аттанатындығын айтып, туған жерін қимастықпен қайта-қайта еске алып отырды”- дейді.
Ал, сол Дина тұрған Жыңғылдыкөлден Котяев ауылына бағыт алған орта жолдағы бәлен қабат көпсудың бірі - Рожок мекенінде күні кешеге дейін тұрған Қымбат Нұрғали келіні осыдан біраз жыл бұрын ғана дүние салды. Арғы-бергі әңгімені анда-санда айтса да әрдайым дәмді ғып жеткізетін сол анамыз “Дина апайды Рожоктан Котяев бағытында соңғы рет шығарып салған да өзім. Ол кісі Жыңғылдыкөлде отырғанда Котяев базарына апта сайын баратын, көктемгі, күзгі жәрмеңкелерінен қалмайтын. Құмда өсіп, су мәнісін көп біле бермейтін кейуана өзеннен өтерде кез-келген жанға сене бермей ылғи да мені іздеп жүретін. Бір ғажабы ол кісі үлкен болып тұғыр ат, не бойыпты боз інген, атанға аяқ артқанын көрген емеспін. Ылғи да өспейтін, өшпейтін ақ тайлағын бақыртып, келіп жатады, кетіп баратады.
Соңғысында “Келінжан, мен әлі ата-бабам баспаған, ұзақ жолға аттанап барамын. Мақсат - ұстазым Құрекең күйлерін барша қазақ, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Мүмкін, бұдан әрі көріспейтін де шығармын, тіпті саған судан өткіз деп қолқа салмаспын да. Бірақ бір күн дәмдеске қырық күн сәлем деген емес пе? Рахмет, жаным! Жүріп кетсек, артымыздан жұбату айтып, еске аларсың” дегені. Расында да Қымбат апай содан қайтып Дина шешейді көрмепті.
Дина, Меңдіғалилар Алматыға аттанар алдында Ганюшкинде үлкен концерт береді. Оған марқұм Айса баласы Қонаш күйші, Ғымыран Балтаев, Ишанғали Жанханов, Хисмет Меңдіғалиевтер де қатысады. Ертесіне құрамында Смағұл бастаған бес адам, яғни Дина (Ол Котяевтен қосылады), әкелі-балалы Меңдіғали мен Хисмет, Ишанғали Астрахан, Орал арқылы Алматыда өтетін республикалық екінші өнер фестиваліне қатысу үшін жүріп кетеді. Жолай Оралға, ондағы белгілі “Сән-ау!” күйінің авторы Кәуенге соғады. Бірақ ол да жасының ұлғайғандығын бетке ұстап, аталған жарысқа қатыса алмайтындығын айтады.
Сол бір отызыншы жылдары Мәскеу мен Алматы арасына қазіргідей күндесін-күнде жүйткіп жатқан жүрдек пойыз жоқ. Барларының жүрістері де шабан-ақ. Ит арқасы қияндағы ұзақ жолдағы бес жолаушының ермектері өткен-кеткенді ойға оралтып, мезгіл-мезгіл күй шалады. Әсіресе қос қарияның қолын қарау қалғандарының басты арманы. Бірақ назардың көбірек ауатын Дина шешейдің қолына домбыра алуы сирек-ақ. Онда да Смағұл аға “Бәленшекең ана күйдің мына жерін былайша тартатын еді, ананың тартқаны тіпті басқаша, ал сіз қалай тартар едіңіз? Тағы бірінікі мүлдем қате, сіз де соған ұқсайсыз” деп адуын күйшіні алдап соғып, ақыры амалсыз қолына домбыра алғызатын. Ондайда Дина шешеміз әбден ызаланып барып, өзінің бір толғағанда қанша шығарманы шиырғанын өзі де білмей қалатын. Ал қалғандарына керегі де сол. Тіпті сирек орындалатын халық күйлеріне шейін түйдектететін. Сөйтіп, бірінің білетінін екіншісі, екіншісінікін үшіншісі үйренген шағын топ апталап жол шегіп, сары алтын күздің салтанатты шағында Алматыға да жетті.
Бұлар барса республика көркемөнерпаздарының екінші слеті басталып кетіпті. Бірақ жол мойнының қашықтығы және келіп тұрған күйшілердің өз елінде өте беделді, айтулы күйшілер екендігін алға тартып, екі қарияны бірден-ақ сахнаға шығарып жіберуіне тура келді. Ғұмыр бойы дайындық дегенді бетке ұстап, арнайы уақыт жойып, бәлсініп көрмеген қос тарлан сахна төріне жайылған қалы кілемдегі құрақ көрпеге малдасын құрып, отыра қалуы мұң екен, халқымыздың қара домбырасы сөйлей ала жөнелді. Өнер соңы дүркірген қол соғу. Сахнадан жібермей тағы да күй сұрау. Тағы да шатырлаған шапалақ. Сөйтіп Атыраудан ат арытып жеткен қос алып слеттің бас жүлдесін жеңіп алып, бұған дейін республикалық филармония жанынан құрылып, жұмыс істеп жатқан Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрамын толықтырған жеке орындаушылар болып қабылданды. Қалғандары да сол оркестрге алынып, жұмыс істей бастады.
Әрине, алыс ауылдардан нағыз орындаушыларды шақырып, фестиваль өткізу, келген күйшілердің бетке ұстарын шашау шығармай жұмысқа алып, ебіл-себіл болудағы басты мақсат - осынау елден жеткен, нағыз қазыналы халық ортасынан келген өнерлі жандар жадындағы барлық байлықты өзгелерге де үйретіп, қағазға түсіру, сөйтіп халыққа қайтадан жеткізу. Осы ниетпен сүйегі қатып кеткен қариялар өз алдына, ал жастар жағына түгелдей ноталық сауат аштыру, тек бір өңірдің шығармалары емес, күллі қазақтың күй өнері дәстүрін үйрету, аға буын өкілдерінің орындау, тарту шеберліктерін меңгеру қолға алынды.
Міне осы ретте әр қарияның қасына қос-қостан жас домбырашыларды қойып, олардың орындау шеберліктерін игеруіне жағдай жасады. Бұл бүгінгі асыл мұрамыздың сол кезден бастап тірнектеліп жиналуына негіз болды.
Жалғасы бар, осында