Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында
...Ендігі бағыт Құлсарыға таяп қалғанда терістікті бетке алатын күре жолмен шежірелі Иманқара тауына жету. Ол әлгі айтқан айыр жолдан бар-жоғы алпыс, ал дәл осы арадан жүз шамалы шақырымда.
Иманқара - жергілікті тұрғындар тау десе де теңіз деңгейінен 200 метр биіктікте орналасқан өркеш-өркеш жоталар шоғыры ғана. Ол ондаған шақырымнан мұнартып тұрса да ұшы-қиырсыз емес, бары екі-ақ километр, ені 300 метр. Әрине мұндай жотаға көтерілу де қиынға соққан жоқ, үш көлігіміз де әп-сәтте тас төбеге шауып шықты. Терістік беткейдегі қоңыр жазық жотадағы көне қорғандар (жалпы саны - 18) түбіне тізгін тартып, бел жаздық.
Осындайда ойға өткеннен жеткен көне жазбалар оралады. Онда анау Алтын Орда дәуірінің жиһанкездері Хиуадан Берке сарайға бет алғанда осы Иманқарадан Қайнарға құлап, Қайнардан Ақтөбе, Сарайшық арқылы Жүзбелі көпірден өткендерін еске алмаушы ма еді. Ендеше бұл Иманқара cонау XIII-XIV ғасырларда бар және арғы-бергінің аялдап, керуен кідіртер бекеттерінің бірі болғаны сөзсіз.
Аталған экспедиция 1989-90 жылдары осы арада қазба жұмыстарын жүргізіп, біраз жайларға қаныққан екен. Сондағы үлкен олжа - мұнда тым ертедегі, яғни жоғарыда айтқан сарматтар дәуірінде жерленген молалардың үш алаңқайға орналасқан орны табылған. Олардың жалпы саны 40-қа жуықтайды. Орналасу дәстүрі жағынан Орталық, Шығыс Қазақстанда көбірек кездесетін “мұртты қорғандар” дәстүрі мұнда да бар. Аталған жерде сегіз қорған орны қазылып, зерттелген. Соның бірі үш қабатты мола. Оның астыңғы қабатында ерлі-зайыпты отбасының сүйегі табылған. Отағасының жанында садақ жебесінің 19 ұшы (масақ), бас жағында қойдың артқы денесі. Жатқан әйел мойнынан моншақ және аяқ жағынан әлгі қойдың алдыңғы денесі табылған. Археологтар тілімен айтқанда мұның көптеген сыр-құпиялары бар екен. Әрине, біз оқырмандарымызға туған жердің әр жәдігерінен ғылыми емес, жалпы түсінік беруді мақсат етіп отырғандықтан олардың бәрін зерделей талдауды қажет деп таппадық. Бірақ осы қорғандарда жерленген адамдардан садақ оғын, (бір таңданарлығы олардың бәрі де тек 19 данадан) сондай-ақ қола айна мен шыны моншақ, қыш құмыралар табылып, олардың бәрі де шамамен біздің заманымызға дейінгі V ғасырда өмір сүрген адамдар және соларға тән заттар деген тұжырым жасалынған. Аталған бейіттердің қай-қайсысы да таудың ең биік жеріне орналасқан да, олардың қабырғалары әрбірі 60-70 келілік темір тақылеттес дәу тастармен өрілген. Ерекшелігі бұл жерге малдың ізі түспек түгіл, құм борауы, шағыл басуы мүмкін емес. Содан да болар олар әлі де ондаған мың жылдарды мұрты бұзылмай қарсы алар түрі бар.
Бұл Иманқараның археологиялық ерекшелігі. Ал осы таудың күнгей батыс етегіндегі жасанды үңгірлерді көрсеңіз - тағы бір таңданып, ойға батарыңыз сөзсіз. Өйткені бұл үңгірлердің дәл қай жылдары қазылғаны белгісіз. Біреулер ғасыр басында Нобельдің ағылшын мұнайшы-геологтарының паналап, зат сақтауы үшін әзірленген десе, тағы біреулер тіптен басқа жорамалдар айтады. Ені 2,5, биіктігі 2,2 метрден, тереңдігі 25 метрге созылатын үш дәлізді, бес бөлмелі бұл үңгірге 1944 жылдың мамырында Ағаев бастаған немістердің диверсиялық десанттарының өз заттарын тыққандықтары белгілі. Ендігі аз әңгіме сол жайлы.
* * *
Иманқара етегіндегі осы үңгірден суыртпақталып сәскелікке сарнаған жол шығады. Ол сізді текті табиғаттың өзі бейне фарфордан құйып, сомдай салған сұлу галерея-бортауларға алып келеді. Бортауларды тамашалау - ғажап-ақ. Әсіресе күзгі күннің кешкі шапағында назар салсаңыз, сол бір сұлу суреттерден көз айыру тіпті де мүмкін емес. Аяқ астындағы теңіз кірпісінен аумай қалған ащы шөптер әлгі әдемілікті одан бетер әсерлендіріп, сізді мүлде басқа әлемге алып кетеді. Асылында бұл жер өткен уақыттарда теңіз түбі болса керек. Тарихта айтылатын бір кездердегі Орал тауларына дейін созылған әйгілі Тетис мұхиты мен кейіннен шалғайын жиып алған Каспий теңізінің тірі дәлелі осы бор таулар-ау дейміз біз.
Сөйтіп шыңдары көк тіреп, бастарын бұлт шалмаса да, шалқайып жатып, бар сырды ішке бүккен Иманқара мен Қойқара артта қалды. Одан әрі Қайнар, шығысында Жұбан тамы, күнгейінде Дүйсеке күмбезі бар. Бұлардың қай-қайсысы да тұнған тарих, түбегейлі сыр.
Мысалы,1974 жылдан республикалық есептегі сәулетті ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауға алынған күмбезінің биіктігі 7,7 метр, ішкі кеңдігі 5,8 х 6,65 метр Жұбан тамын ХІХ ғасырдың аяғында Адайдың Қараш, Ескелді аталығының Нұғыман ұста бастаған талғамы биік, сергек сезімді онға тарта сәулетшісі Жем бойындағы Қабыланды жотасының әбден піскен ұлутасынан салыпты. Қариялардың баяндауына қарағанда бұл күмбезді салуға (Жұбан бай 1894 жылы қайтыс болып, там 1895 жылы тұрғызылған) 20 мың теңге ақша, 10 жылқы, 122 қой, 1 пұт шай, 15 пұт қант жұмсалған көрінеді. Сайып келгенде оқу-тоқуы жоқ далалық данышпандардың осындай еш шеге, тіреусіз бой көтерген ғажайып ғимараттары еріксіз таңдай қақтырады.,,,,
Ал «Атырау-Құлсары» автокөлік жолының қалаға 12 шақырым қалғандағы тұсында орын тепкен Дүйсенбай қажы салдырған Дүйсеке мешіті болса, XIX ғасырдың соңындағы шикі кірпіштен тұрғызылған әдемі археологиялық ескерткіш алғашында мешіт, кейін бала оқытатын медресеге айналған бұл үйдің кітапхана мен қоңырау бөлмесі, дәлізі мен үлкен залы, тағы да алты бөлмеден тұратын қабырғасының қалыңдығы 1,5 метр, дуалмен қоршалған, қақпасы бар ескерткіштің бейтаныс жанға ақтарар сыры мол. Онда алғашында Дүйсеке (Дүйсенбай), кейін баласы Нәби иманды қызмет атқарған деседі.
Қайнар бойы, мынау Ақкиізтоғай, одан әрі Жемді жағалап, Үстіртке ассаң 150-200 жыл бұрынғы талай асылдарға берілген астар, ондағы жүздеп тігілген киіз үй, күбілеп пісілген қымыз, табақтап жеткізілген сыбаға, шашасына шаң тимеген шабыс аттары мен таңдайына бұлбұл қондырған әнші-ақындар, билер мен шешендер, оларға тартылған тайтұяқтар мен күміс теңгелер ойға оралар еді. Асылы ата салтын ауызға алып, өткеннен ой өрбіткен қазіргі кезеңде осы күнгі ас беру мен өткенгі ата-баба салтындағы үрдістің айырмасы, оның мәні мен ерекшелігі, міне, осы турасында да аз-мұз айта кеткен жөн сияқты. Өйткені түрлі әдебиеттер мен басылымдарда тек еске алу тойы сияқты боп кеткен қазіргі ас берулердің әу бастағы мән мағынасы жайлы өте сараң және салғырт жазылады.
* * *
... Біз Иманқарамен әлі де қоштасқан жоқпыз. Өйткені дәл қазір ту сыртымызда кешкі ымыртпен керіле созылып, мүлгіп жатқан оның өн бойы тұнған тарих, түгел шежіре. Бірақ соның бәрін бір демде қалай ғана айтып тауысарсың. Бағзы біреулер оны кейде Адай тауы деп те атайды екен. Әуелгіде біз “Бұл қайдан шыққан атау, Иманқара қашаннан Иманқара емес пе еді?!” десек, “Жоқ, кешегі ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ауыл-ауылды ұжымдастыру кезіндегі адайлардың қазақы тұрмыс қалпына өзгеріс енгізген «ортақшылдыққа» қарсылығы осы арадан басталады. Осыған байланысты мәскеулік шенеуніктер құжатында Иманқара “Адай тауы” деп белгіленсе керек”, дейді мен білем деушілер. Бірақ, дұрысы қайсы, бұрысы ше, ол жағы бізге беймәлім, әтсе де әлгі айтқан адай көтерілісінің тап осы Иманқара өңірінде қоламтасы қоздап, Үстіртте үдей түскені анық. Ол жайлы кезінде Атыраудың белгілі чекисі Жұмабай Қартқожақовтың аузынан да біраз әңгіме естігеніміз бар-ды. Соның кейбірі тарихта аты қалған Адай көтерілісі. Ол 1930 жылы тұтанып, аз ғана уақытта өз қатарын мыңдаған сарбаздармен толықтырды. Маңғыстаудың ойы мен қырында отарын айдап, келесін қозғамаған үй қалған жоқ. Талай көш Түркімен, Тәжікстан асып, ит арқасы қияндағы Иранға жетті. Ауғанстанды айналып, Түркияға тебіндеді. Отырса ойын бұзып, тұрса тақымын қаққан бықпырт – жаңа қоғамның жергілікті халықтың бар тірлігі болып табылатын алдындағы малы, үстіндегі дәулетті дүние-мүлкін тәркілеп, өздерін басы ауған жаққа жер аударғаны, үрерге иті, сығарға биті қалмаған халықты амалсыздан көтеріліске шығарды, ақыры жеңіліс тапқан ел беті ауған жаққа безді.
Дала, далалықтар ақтарар сыр көп қой, көп...
Жалғасы бар, осында