ЖЫЛОЙҒА ТҮСКЕН ДЕСАНТ

ЖЫЛОЙҒА ТҮСКЕН ДЕСАНТ

Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабынан үзінділер жалғасы, басы осында 

...1944 жылдың көктемі Кеңес Армиясы үшін қанша қиын, қатерлі болғанымен жеңіссіз емес еді. Күн өткен сайын жаудың беті қайтып, фашистердің кеңес жерінен алыстатылып жатқан кезі. Бірақ герман армиясының қарсы барлау мекемесі мен шпиондық орталықтары қарап қалмай, кеңес тылында арандату, қастандық жұмыстарын жүргізіп отырды. Соның бірі - мамыр айының 2-нен 3-не қараған түні осы күнгі “Жаңа таң” өндірістік кооперативі өңіріне жаудың обер-лейтенанты (Әлихан Ағаев бір кездегі атты әскер бөлімшесінің командирі, Мәскеу түбіндегі ұрыстар кезінде қолға түскен, шын аты-жөні Тілеумағамбетов Әмірхан, ал шпиондық диверсиялық жұмыста Ағаев, Иранов деген бүркеншік атпен жүрген) басқарған он төрт диверсант парашютистер тобының түсуі еді.

Аудан көлемінде бұл оқиғаны алғаш байқаған Қосшағыл кәсіпшілігіндегі ашық мұнай қоймасының әскери күзетшісі Иманәлі Бозтаев болатын. Сол кезде бар болғаны он жеті-ақ жастағы балаң жігіт бейуақытта аспан төсінде ағараңдап жүзіп бара жатқан “жұлдыздың” жай нәрсе емес екендігін сезеді де аудандық ішкі істер бөлімінің жауапты кезекшісіне және милиция бөлімінің бастығы Тотай Декеевке телефон соғады. Таң атуын күтіп, тағат табатын шақ емес. Т.Декеев тездетіп кеңсеге жетсе, жауапты кезекші аудандық ішкі істер және мемлекет қауіпсіздігі бөлімдерінің бастықтары Хамза Шоқанов пен Петр Лукич Кочинге де тосын хабарды айтып үлгерген екен, олар да келіп қалыпты. Үшеуі сол бойда облыс орталығына телефон шалады. Ондағы қырағы көз жандар да түн жарымында батыстан шығысқа қарай көктей өткен бейтаныс ұшақтың бар-жоғы 2-3 сағатта келген бағытына қайта оралғанынан хабардар болып шықты. Шамасы немістердің диверсиялық десанты болуы мүмкін. Себебі, мұндай күдіктің де жаны бар-ды. Бұдан кейін осы облыстың Теңіз, Новобогат аудандары мен Орал өңіріне түскен арандатушылардың мәлімдеуіне қарағанда кезекті топтың Жылыой, Қызылқоға аудандарына түсірілу үшін әзірленіп жатқандығы айтылған еді. “Ендеше тез арада аудан орталығынан оперативтік топ құру керек те Құлсары мен Ұялы ауылдық кеңесі бағыттарына аттандыру керек,”- деген бұйрық болды. Осы мезгілде Гурьевтен облыстық мемлекет қауіпсіздігі басқармасы оперативтік бөлімі бастығының орынбасары К. К. Шармай бастаған топ та алыстағы ауылға асыға аттанған-ды.

Бұл шақта жоғарыдағы орындар күдіктенгендей Ұялы ауылдық кеңесінде де айтарлықтай жаңалықтар бар еді. Ең әуелі сол кездегі Киров атындағы ұжымшардың Аманбай тоғайы елді мекеніндегі егіс бригадасының адамдары Берденбай Жолжанов қария мен Өтеулі Дәденов, сондай-ақ тағы да Қадыр Жаулыбаев, Бөртебай Қазыбаев деген кісілер мамырдың сәске түсінде Ұялыға кетіп бара жатқан жолдарында Нұржанқора деп аталатын мекенде жау десанттарымен алғаш рет кезігеді. Онда шақырусыз келген қонақтар өздерін біресе “Ақтөбе облысынан келе жатыр едік, түнде құдық іздейміз деп, жолдан бұрылғанда автомашинамыз құм қауып, жүре алмай қалды”, десе енді бірде “Әскерден қашқан кісілерді іздеп жүргендерміз”, деп жалтарады да сол бойда “Бізді көрдік деп ешкімге айтпаңыздар” деп тағы өтінеді.

Осы арада бұл күнде тіптен сарғайған, бірақ тарих сабақтарын көзге елестетер мына бір айғаққа да назар аудара кеткен жөн. Ол жоғарыда аталған Қазыбаев Бөртебайдың ресми орындарға берген түсініктемесінен алынды. “Автомат асынған, қызыл әскерше киінген үш адам алдымыздан шыға келді. “Түнде машинамыз сынып қалды, көмектесіп жіберіңіздерші”, деген соң соңдарынан ердік. Жарты шақырымдай жүргенімізде тағы сондай үш кісі кездесті. Біреуінің капитан погоны бар, қалғандарында жоқ. Бірақ олар ештеңе сұрамады”.

Міне, мұның бәрі кездейсоқ жолаушылары жоқ түз адамдары үшін күдік туғызбай қоймайды. Содан да болар, жоғарыдағы Берденбай қария бастаған жолаушылар хабарын алғаш естіген жылқы фермасының басқарушысы Байшыған Бектұрлиев пен сиыр фермасының бригадирі Байжан Атағожиев әлгі жайларды түп-түгел ауылдық кеңес төрағасы Есен Құдайбергеновке жеткізді.

Осы уақытта облыс пен ауданнан шыққан оперативтік топтар да белгіленген аймаққа келіп үлгерген еді. Олар әлгіндей түрлі хабарлар барысынан бұлардың тек қана жау жағының десанттары екеніне шүбәсіз сенеді. Жау десанттарының Жем өзенінің жағасындағы Нұржанқора, Аралтөбе мекендері мен Сарқасқа құдығы маңында жүргендіктеріне қанығады да алғашқы барлау жұмыстарын жүргізе бастайды. Ақыры 13 мамыр күні, ішінде біз әңгіме жасап отырған Б.Бектұрлиев те бар К.К.Шармай бастаған топ бүлікші десанттарды Сарқасқа құдығы тұсында кезіктіреді. Қалың қамыс арасынан ұра қазып, ұрысқа әзірленген жау жағы қуғыншы топты қол пулеметінен оқ жаудыра қарсы алады. Жерлестеріміз қарсыластардың құр қол, құрғақ сөзге беріле қоймайтынын сезеді, бірақ бағыттарын байқау ниетінде Байшығанды тілдесуге жұмсайды. Ондағы мақсат - елшілікке жүрген қария (сол кезде Байшыған 58 жаста екен) оларға НКВД отрядының қарулы да мол екендігі, сондықтан еш қарсылықсыз берілуден басқа амалдың жоқтығын айтады да, егер дұшпандар берілсе, оларды қарусыздандырып, отрядқа алып келеді. Ал берілмеген жағдайда хабарын жеткізеді. Тіпті екеуіне де келіспей, елшінің өзін жібермей қойса, ол қарсыластар тобы арасында жүріп, алауыздық отын тұтатады, іріткі туғызады. Сөйтіп олардың түпкі мақсаттарының күйреуіне жағдай жасайды.

Расында да күдік соңы дәл келіп, диверсанттар оңайлықпен беріле қоймайды. Ағаев болса, қуғыншыларға өздері туралы хабарды жеткізген Байжан Атағожиев екенін біледі де, қалайда оның көзін құртуды ойлайды. Өйткені бейтаныс қонақтардың өздерін жергілікті жандардан бөлек ұстап “жасырынбақ” ойнауы шындығында да қырдағы қырағы бригадирді сезіктендірмей қоймаған. Соған орай оның осындай ойды ауылдық кеңес төрағасына барып айтқаны да рас еді. Ал Ағаев болса, сол ауылдағы әлде бір аузы жеңіл біреулер арқылы бұл хабарды естіп те алған-ды. Сондықтан ең әуелі Б. Атағожиевтің өзімен есеп айырысқанды жөн көрген топ жетекшісі Байшығанға да күдікпен қарап: “Сен шал ешқайда бармайсың, бұлтақтасаң жазаң - өлім ғана”,- деп тапаншасын оңтайлады. Қапелімде не істерін білмей қалған Байшыған қария жандәрмен күйде кейінгілердің тапсырмасына сай қулыққа көшіп “Інім, мені өлтіргеннен нең көбейіп, нең азаяр дейсің, одан да аз күн болса да қастарыңда жүріп, жол бастайын, осы араның жер жағдайы бес саусақтай жадымда”,- деп жылдырмалата бастайды.

Бұл ұсыныс Ағаевты ойлантып тастайды. Онсыз да асығып тұрған топ жетекшісі көп әріге бармай-ақ: “Ендеше қазір бізбен бірге жүріп, жол бастайсың. Бірақ байқа, сәл күдіктенсем атамын да тастаймын, өз обалың өзіңе,  қазіргі бағытымыз – Алатау, Жем бойы. Әйтсе де әуелі Атағожиевтің үйіне баруымыз керек”,- дейді де желкесіне мылтықтың қанды ұңғысын тақаған күйі елші шалды алдарына салады.

Бұлар жеткенде бригадир өз төрінде, ақар-шақар отбасымен кешкі астарын жаңа ғана алдарына алған екен. Ағаев әп дегеннен үй иесін түрлі сауалдармен тығырыққа тіреп, қажетті жауаптар алуды қалайды. Бірақ бір кездегі қызыл әскер, бүгінгі құрметті бригадир оңайлықпен қармаққа іліге қоймайды. Салғыласып тұратын мезгіл аз, диверсанттар Атағожиевтің екі қолын артына байлап, Алатау асады. Кетіп бара жатып, Байшыған ауыл әйелдерінің біріне: “НКВД отрядтарының қаперіне саларсыңдар!”- деп бағыттарын да айтып үлгереді.

Жұрт көзіне түспеу мақсатында түнде жүріп, күндіз дамылдайтын бұлар көз ұшында көрінген мұнар тауға жету үшін екі күн бойы жылжиды. Жау жағының  “Алатау” деп аласұруы - аталған аймаққа жетіп алса, біраз уақыт бой тасалап, амалдар еді де, содан соң қарап жатпай ел ішінде түрлі бүліншілік жұмыстарын жүргізу, нәтижесінде жергілікті халық арасында іріткі туғызу, қоғам болашағына сенімсіздік орнату, сондай-ақ осы өңірдегі тәулігіне 1300-1500 тонна «қара алтын» айдап тұрған мұнай құбырларын істен шығару, ол – “Гурьев-Орск” мұнай құбыры және де “Қандағаш-Гурьев” темір жолын талқандау еді. Әу баста жергілікті жағдайды жақсы білетін Байшыған мен Байжанды осы мақсатта пайдаланғысы келген олар қос қарияны да біраз сілікпелеп көреді. Бірақ екі тұтқын өз дегендерінен қайтпай, қаскөй топты қайткенде жаңылдырып, Алатауға жібермей, мүмкін болса қуғыншылар қолына түсіруді ойлайды. Мұны біліп қалған Ағаев ауылдан аулақта, өзге облыспен шекаралас Қаражар деген жерде еліне шүбәсіз берілген жаралы жауынгер Байжан Атағожиевті атып кетеді.

Ал бар жұмысы тек жол бастау ғана емес, қарсыластар құрамында іріткі туғызуды көбірек ойлаған Байшыған болса, аптаға созылған азапты жүрісте (диверсанттар өздері ұйықтағанда Байшығанды қашып кетпес үшін өре кигізе орап, бастарына жастанып жатады екен) жау жағының әр кеш сайын бірлеп, екілеп қашып, ақыры тең жарасына дейін, ең соңында бесеуге дейін азаюына себеп болады. Мұның соңы шағын топтың Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы “Теректі” ұжымшарының Құлақши ауылының тұсында (Бір қарағанда ол Ақтөбе облысының Байғанин, Гурьев облысының Қызылқоға, Жылыой аудандарының қиылысқан жері, жергілікті халықтың тілімен айтсақ - Кенбай өңірі) қарулы топқа кезігуіне әкеп соқты. Бұл № 3 мұнай айдау құбырының бастығы Вениамин Алексеевич Пахоменко мен облыстық мемлекет қауіпсіздігі басқармасы оперативтік бөлімі бастығының орынбасары Константин Константинович Шармай жетекшілік еткен отрядтар еді.

Осынау диверсиялық десантты көрген және оларды құртуға қатысқан жандардың бірі, 2000 жылы дүние салған Атырау қаласының тұрғыны, милиция ардагері Ешмұқан Есқалиев. Ол К. Шармай бастаған отряд құрамында апталар бойы аталған топтың ізін кесіп, ақыры № 3 мұнай құбыры тұсында кезіккендерін айтады.

Кездесу барысы былай болғанға ұқсайды. К. Шармай бастаған оперативтік топ № 3 құбыр басына ерте ме, кеш пе, Ағаев бастаған топ қалайда келеді деген сеніммен күтіп жатады да, Т.Декеев жетекшілік еткен екінші топ олардың ізін кеседі. Осы кезде құбыр басындағы Тасқұдық ауылының аз ғана малын далаға бағымға алып кеткен қария кешкілік қоналқаға қайтып оралғанда өзгеше жаңалық ала келеді. Ол - өрістен қызыл әскерше киінген екі солдатты көруі еді. Солдаттар қарияға өздерінің Ағаев бастаған топтан қашып шыққандықтарын, бірінің осы арадағы Ораз деген қарияның баласы – Сәтмағамбет екендігін айтып: “Ауылды сағындық. Барайық десек үй маңында милициялардың жүргенін көріп, қорқып отырмыз. Айта барғайсыз, адалдығымызға сенсін, ешкімге зиянымыз жоқ. Мүмкіндіктері болса бүгін бізді осы арадан тұтқындап, алып кетсін”,- деп сәлем жолдайды.

Бұл хабар оперативтік топ адамдарының ойын сан саққа жүгіртеді. К. Шармай сияқты өзінен басқаға өлдім десе де сенбейтіндер: “Олар әдейі алдап отыр, қазір біздің топ барғанда автоматтан оқ жаудырып, жусатып, қырып салады. Болмаса қарусыздандырып, оқ-дәрі, әскери, жұмыс күшімізді біледі”,- деп жорамалдаса, жергілікті жартыкеш жандар: «Біреуі осы араның адамы болса, анасы Айғананы алдымызға салып, неге бармаймыз. Қанша жауыз болса да: “Балам, бармысың?”- деп дауыс сала жеткен шешесіне жексұрындық жасамас”,- деген пікір айтады. Десе де көңілі қараға шапқан Шармайдың ойы басқада, көнгісі жоқ. Ағаевты аз жылда атамекеннен безіп, неміске түпкілікті берілген жандай көреді. Бірақ ақылдаса келе бәрі де соңғы пікірге тоқтайды. Айтқанындай екеуі де еш қарсылықсыз беріліп, бар жайды анық айтады. Бірі Батыс Қазақстан облысы, Ілбішін ауданының Мақатаев деген қазағы да, екіншісі осы арада соғысқа дейін байланыс бөлімшесінде қызмет еткен, майдан даласындағы ұрыс кезінде қоршауда қалып, қолға түскен Сәтмағамбет Оразов екен.

Қолға түскен қос жігіт қарақшы топтың ұзын саны, азық қоры, қару-жарақтары туралы көптеген мәлімет бере отырып, сол түнгі айсыз қараңғыда артық азық-түліктері мен соғыс құралдарының Иманқарадағы үңгірде жатқанын дәл барлап, тауып береді. Олардың ішінде екі миномет, тоғыз автомат, жиырма бес граната, он тапанша, тоғыз винтовка, жиырма мың патрон, жеті мың сом ақша, басқа да заттар бар екен.

Мезгіл үшінші аптаға таялғанда облыстық мемлекет қауіпсіздігі басқармасының бастығы Иван Михайлович Гончаров пен Жылыой аудандық бөлімінің бастығы Петр Лукич Кочин жандарына Сапаровты алып, ұшақпен жау жағының ізін кессе, Құлақши тұсындағы шатқалда жайылып жүрген бейтаныс екі ат пен бір түйені көреді. Сөйтсе аулақтан дүрбі салған “қонақтар” құбыр жанында әрлі-берлі жөңкілген милиция, әскери жауынгерлерді байқайды да, қас қарайып, қозғалыс саябырлағанша шатқалдың көзге көрінбес терістік беткейлерінің біріне бой тасалап, тығылып отырғанды жөн санайды.

Көлденең көліктер шолғыншыларды бірден-ақ күдікке қалдырады. Сол бойда оперативтік топқа хабар жетіп, олар да аталған аймаққа келіп үлгереді. Барлау барған сайын тиянақталып, ара қашықтық жақындай түседі.

Уәде арнайы тәртіп болмай оқ шығармау және диверсанттарды мүмкіндігінше тірілей қолға түсіру. Оның үстіне бұл “соғыстың” майдан даласына қарағанда, біріншіден, кездейсоқтығы, екіншіден, қарабайырлығын да ескермеске болмайды. Бұл жолы да солай. Оған себеп - өз әріптестеріміз болды,- дейді Ешекең - Әлгіндей бұйрық бола тұрса да қапелімде абыржып қалған жолдастарымыздың бірі қарсыластарға қарай граната лақтырды. Бірақ бұрын-соңды мұндай ұрысты басынан өткермеген ол асып-сасып жүргенде жарылғыштың тұтану сақинасын жұлып алмаған екен, соған сай мақсат жүзеге аспады. Осының бәрін байқап тұрған Ағаев әлгі гранатаны жерге түскен бойда көтере сап, біздің қателігімізді түзеткен күйі өзімізге қарсы қайта лақтырсын. Абырой болғанда ол төбемізден асып түсті де арт жағымызда жарылды. Дәл осы кезде қарсыластарымыз бізге қарсы оқ жаудыра, уралап тұра келсін. Амал жоқ, біз де ұрыс бастадық. Қашан да көптің аты көп, жігіттеріміз ықтырып-ақ бара жатқан сияқты. Қарсыластар енді бой тасалағанды жөн көрді. Бірақ алғашқы қарбаласта-ақ үшеуі оққа ұшты, артынша тағы екеуі жер жастанды. Сөйтіп бесеуі де опат болды.

Кейіннен осы бір қиын-қыстау сәтті еске алған Байшыған ақсақал болса “Жау жағы әуедегі жер бауырлай ұшқан кездейсоқ ұшақты көруі мұң екен, өздеріне тықыр таянғанын сезе қойып, мені сол бойда-ақ үйреншікті киізіме орап тастады. Бірақ ілкі сәттердегі опыр-топыр қозғалыс, қобалжу кезінде біреуінің аяғы тиіп кетсе керек, мен ылдиға қарай домалап кеттім де тарқатылған киіз құрсаудан босанып та үлгердім. Ұшып тұра айналаға көз салсам, алғашқы минутта-ақ алымды жігіттерінің бірінен айырылған Ағаев екінші бір қаруласын қол пулеметімен өлік жанына қалдыра сап, өздері сай бойлап қашып барады екен. Мен де келесі сайда жайылып жүрген көліктерді көре сап, солай қарай тұра жүгірдім. Мұнымды байқап қалған Ағаев: “Әй, шал, қайда қашып барасың?”- деген күйі автомаматын маған қарай кезей қалсын. Сол кезде аузыма қалай түскенін қайдам, әйтеуір “Сіздерге тездетіп көлік жеткізейін деп...”- деген әлде бір алдамшы сөздің түсе кеткені бар емес пе?

Бұнымды шындыққа жорыған ол: “Е, дұрыс бопты, біз жүгіре берейік, сен артымыздан қуып жетерсің”- деп одан әрмен қаша берді. Ал мен болсам, тақымыма марқұм Атағожиевтің торы аты түскен бойда осы маңдағы мұнай айдау құбырына қарай шоқыта жөнелдім. Бұл кезде өз еркімен берілмеген бөгде мінезділер де түп-түгел жер жастанып үлгерген еді”,- дейді екен.

Иә, сөйтіп үш аптаға жуық адамдардың мазасын алып, бүкіл үш облысты дүрбелеңге салған диверсиялық топ құрыды. Онда көрсетілген әрбір ерлік, соның ішінде туған елі, Отанның амандығы үшін өмірін қиған Байжан Атағожиев пен әр сағат, минут сайын жанын шүберекке түйіп, ақыры адалдық жалауын желбіреткен Байшыған Бектұрлиевтің ерліктері қалай мақтап, марапаттауға да лайық. Олар қашан да ұрпақтар есінде мәңгі жаңғырып, жасарып отырары хақ.

Осы күні «Жаңа таң» өндірістік кооперативінің алыс мал жайылымында, яғни анау бір жылғы қанды Қаражарда Байжан Атағожиевке арналып, ескерткіш белгі орнатылды. Аға ерлігі әркез еске алынып, жас ұрпақ алдында жырдай сөз болады. Ал, Байшыған ағамыз болса, өзінің кіндік кесіп, кір жуған Ұялы жерінде мүмкіндігінше маңдайынан тер сорғалап, еңбек етті. Кейіннен құрметті демалысқа шығып, 1970 жылы 84 жасында дүние салды.

 

 

*               *              * 

 

        Әңгімемізді осымен аяқтауға да болар еді, бірақ оқырман көңілінде Байжан мен Байшыған, Ағаев пен Оразовтар жөнінде, олардың кейбірінің кейінгі тағдыры, ұрпақтары туралы әлде де түрлі сұрақтар туындай ма деген ниетпен қосымша мынандай  деректі де қаперге сала кеткенді жөн көрдік.

            Алдымен Атағожиев жөнінде. Байжан бауырларының бәрі де бұл күнде сол өзі туып-өскен Ұялы маңы, Ақкиізтоғай селосында тұрады, шаруашылық өмірінде түрлі қызметтер атқарады.

            Бектұрлиев Байшыған ұрпақтары да баршылық. Біразы Атырау, кейбірі Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында жүріп жатыр.        

            Ал әлгі Ағаев (Тілеумағамбетов) болса, Атырау облысының Жылыой өңірінде туып-өскен. Мамандығы – агроном. Бес ағайынды болған. Үлкені Сембай. Ол – колхозшы, соғыстан бұрын қайтыс болған. Екіншісі - Шайғыр, ол да өндіріс саласында еңбек еткен, сексенінші жылдардың бел ортасында дүние салды. Үшіншісі - Әмірханның өзі және Шәрбан мен Нәжімеден, олар да қазір жоқ. Бірақ бәрінен де үрім-бұтақ бар, Құлсарыда, Мақат, Доссор, Балықшы поселкелері мен Атырау қаласында тұрады. Біз олардың кейбірімен кездесіп, талай рет әңгімелестік. Сонда олар Әмірханның әуелден қиянатқа көнбейтін, не айтса да маймөңкесі жоқ, тіке сөйлейтін, бір қарағанда ұлтжанды, социализм, қызыл коммунистерге жан дүниесімен қарсы, жоғарыдағыдай теріс пиғылдағы әрекеттері де тек осындай жеке пікірден туғандығын айтады.

            Оның бұл іс-қимылдары кейіннен елдегі тума-туыстарының бейбіт, тыныш өмір сүруіне кесел келтірген. “Қайда барсақ та алдымыздан: “Сендер қоғам жауының ағайынысыңдар» деген қоқан-лоқыға толы үрей сөз шығып, небір қолайлы жұмыстардан қуылдық та отырдық. Мысалы, мен бұл ауылға 1944 жылы келін болып түскенмін. Жолдасым-Нәжімеден ол кезде Доссорда аудандық ішкі істер бөлімінде милиционер болатын. Амал не, аталған диверсиядан соң, бәрінен де қуылды. Көшеге шықсақ көзтүрткі, жеккөрінішті болдық та жүрдік. Ақыры күйеуім осы қиянатқа шыдай алмай 1946 жылдың жазында дүние салды”, деп еске алады осы күні Балықшыда тұратын Зеріп апай.

            Расында да осы күні жасы 80-ге тақап, жақсылық пен жамандықтың талайын көзбен көрген әжейдің бұл сөзінде еш қоспа жоқ екені белгілі. Бірақ Әлихан ойының түп төркінінде ағайындарға деген қиястықтың жоқтығы, бар-жоғы туған халқына деген тәуелсіздік, егемендік жолындағы алып-ұшпа сезім отының бары анық. Дегенмен, осындай әу бастағы игі мақсаттардың уақыт өте өз қандастарына қуаныш емес, қайғы, ауыз тұшытар бал емес, сор болғаны қандай өкінішті. Осындайда ойымызға халқымыздың “Ойламаған от басады” деген даналық сөзі оралады. Шіркін, бәрін де он өлшеп, бір пішкенге не жетсін.

            Келесі кезекте Сәтмахамбет Оразов болса, ол Тасқұдықтағы Ораз Есенғалиев деген кісінің ұлы. Қарияның өзі 1986 жылы дүние салды. Қарағұл атты інісі әлі күнге сол Тасқұдықта тұрады. Сайып келгенде Сәтмағамбеттің де санасында сартаптанған дұшпандық емес, есесіне қайткенде де тыныш жатқан туған жер төсіне жету, ата-анасының қасында баяғы бала, сәбидей пәк күйінде күн кешу ниетінің жатқаны анық.

            Сәтмағамбет үйленбеген, өкінішке қарай оның сол 1944 жылдан кейінгі тағдыры бізге белгісіз. Бірақ білетіндер болуы мүмкін. Ондай жандар болса бізбен хабарласып жатса тіптен құба-құп.

            Жоғарыда әңгімелегеніміздей, милиция ардагері Ешмұқан Есқалиев Атырау қаласында 2000 жылдың орта шеніне дейін өмір сүрді. Бұл күнде Доссор поселкесінде тұратын Ілияс Қаржаубаев, басқа да онның үстінде жігіт боп, аталған оқиғаны басуға, кейіннен Қызылқоға ауданындағы Саркөл маңына түскен жау десанттарын ұстауға қатысқан. Осы еңбектері үшін Республика Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасын иеленген.

            Ешмұқан аға сол бір тынымсыз түндер мен күндерді еске ала отырып: “Саттаров (жоғарыдағы диверсанттардың бірі) маған: «Бәріміз де азаматпыз ғой, өмірде не болмайды. Қателесу де, қуанышты сәттер де аз емес. Міне, мен де сондай шақтарды өз басымнан өткізудемін. Сен азаматтық жасап, мына хатты Балқаштағы қалалық партия комитетінде хатшы боп істейтін қарындасыма салып жіберерсің. Қыз бала ғой, ағасының амандығын білсін. Ішінде: “Аман-сау, тірімін”,- деген екі сөзден басқа ештеңе жоқ”,- деп қолыма соңғы аманатын ұсынып еді. Бірақ мен ол аманатты орындай алмадым. Өйткені желкемізден көзін сүзіп, басқан ізіңді аңдыған өзге жандардан қаймықтым. Бөріге де жан керек деген емес пе, жақсылық жасаймын деп жүріп, өзім де солардың кебін кисем қайтемін деп сескендім. Бірақ оның: “Бәріміз де азаматпыз ғой, басымыздан не өтпейді, бір жақсылығыңды жаса. Қыз бала тілекші ғой. Ол да менің тірі, өлі екенімді білмей, қамығып жүрген шығар”,- деген жалынышты сөзі әлі күнге құлағымнан кетпейді. Азамат боп, аманатты орындай алмағаныма өкінемін”- деуші еді.

            Сайып келгенде, сол бір ой бізді де мазалайды. Иә, ол да сын сағат, біреуді біреу баққаны да рас, ол үшін ешкімді де кінәлай алмайсың, әр заманның өз сұрқылтайы болады емес пе!? Шынын айтсақ, бұл күнде Ағаев бастаған бүлікшіл топтың іс-әрекеті жайлы түрлі пікірлер бар. Біреулер ақтап алу ниетінде, бұл жолда қолмен ұстағандай дәлелдер де келтіреді. Бірақ біз алғашқы жазғанымыздан ауытқымай, сол пікірімізді өзгерткен жоқпыз.

            Иә, өмірде сандаған оқиға, түрлі ой, алуан-алуан пікір бар. Мәселен, біз тұрған үңгірге байланысты осындай да оқиға болған. Оны бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, екіншісі білмейді. Бір сәт оны да еске ала отырғанды жөн көрдік.

Жалғасы бар, осында