Жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабында қазіргі Қазақстан картасында қала ретінде аты жоқ, бірақ сонау Алтын Орда дәуірінде ірі сауда және әкімшілік орталығы болған Сарайшық қаласы, Атырау, Маңғыстау өңірлерінің бұған дейін зерттелмеген кейбір археологиялық, тарихи орындары, арғы-бергі Атырау (Үйшік) қаласы туралы әңгіме болады.
Тым ертедегі Қызылүйік ғибадатханасы, Тоқсанбай тұрағы, Иманқара басындағы қойылымдар, Аралтөбенің алтын адамы да кейінгі кездегі соны жаңалық. Еділ-Жайық арасының өткені жайлы сөз қозғау да өлке тарихы. Сайып келгенде бұның бәрі кешелі-бүгінгі адамдар ізі, ісі.
Оқырманмен ойбөліс
Атажұрт тарихын тарамдап, даралап қанша жазсаң да таусыла ма, бірінен екіншісі, одан үшіншісі туындап, жалғаса береді ғой. Өз басым Қазақ хандығының алғашқы астаналарының бірі – көне Сарайшық қаласы туралы қалам тартып, іздене бастағанымда деректер көзі тым аз, бәрі де Ресей ғалымдарының әр жылдарғы жүрдім-бардым түрткендері ғана болатын сияқты еді. Одан бері де ширек ғасырдай уақыт өтті. Түртінсең табылады екен, әйтеуір күн сайын бір жаңалық, жетіп артылады. Солай десек те осы тақырыпта өз елімізде алғаш боп қадам жасағанымызды мақтаныш етемін.
Сондай-ақ Атырау өңірінің археологиясы туралы қазақ журналистері арасында бірінші болып ой толғап, қолымызға қалам алғанымызға да біраз уақыт өтті. Оларды кезінде түрлі газет-журналдарда жариялап, теледидар мен радио арқылы да құлағы түрік тыңдармандар мен оқырмандар назарына ұсындық. Бір алуанын пышақтың қырындай көлемде жеке кітап етіп те шығарған болатынмын. Бірақ уақыт өте соларды қайта қарап, аз-мұз толықтырса, кейбір жарық көрмеген жаңа дүниелерді соларға қосып, толыққанды тұтас дүниеге айналдырса қайтер еді деген де ой келуші еді.
Өйткені түбегейлі түгендеп, түбірімен қайта қопару үлкен жұмыс. Сондықтан барларының шашағын санап, бау-шуын бүгінгі көзқараспен түгендеу парыз сияқты. Осы ниетте өткендегімді өзімше сілкіп, сол баяғы түлкі тымақ, түйе жүн күпісін қайта кигіздім. Сөгілген көбе, сетінеген етегін қайта жөргемдеген түрім бар. Атап айтсам, кезінде «Қыр хикаялары» аз күндік жолсапардан туындаған жазба еді. Онда мен негізінен танымдық, бірақ ғылыми-тарихи және жергілікті жайларды қосып, желдірте жазғанды қалағанмын. Оны оқырмандарым жылы қабылдады. Аталған дүниені арғы-бергіні еске алып, әсемдей берсе, келісті керемет нәрсе шығаруға болар еді, бірақ аты кешегі, заты бүгінгі болып, шындықтан ауытқып кетеріміз анық. Соған сай сөз қосып, сұлулау сапасына кері әсерін тигізе ме деп ұрынбадық, әйтсе де сипаладым.
Бөкей хан мен оның Ордасына назар аударып, қазақ хандарын ұмытып кетті ғой деп көңіл бөлгенді жөн көрдім. Ал «Аралтөбенің алтын адамы» алғашқы нұсқасынан біраз кеңейтілді. Бірақ өн бойы өз кезеңінен еш ауытқыған жоқ. Әйтсе де бұнда Үстірттің арандары мен өңіріміздегі балбал тастар жайлы алғаш рет қалам тербеп отырғанымызды қаперге бере кеткен жөн сияқты. Оны кітапқа назар салған оқырманның қай-қайсысы да біледі ғой деген ойдамын.
Жоғарыда айтқанымдай, «Сарайшық» менің ғылыми ізденістегі алғашқы еңбектерімнің бірі. Сондықтан оған артық жамау, қосалқы сөз қосқанды жөн деп таппадым. Ал бұл тақырыптағы жаңа ашылулар болса, оны сол кейінгі авторлардың өз жазбаларынан оқуға болар. Мынау менің жеке ізденісім және ол Қазақстан тарихында бірінші ізденіс (1996-2000 жылдар) екенін өзгелер білсе екен деймін.
Ал көне Гурьев қаласы туралы дүние көне Үйшіктің іргетасының қаланғанына 375 жылдығына орай дайындалған. Бірақ бұған дейін еш жерде жариялағаным жоқ. Әрине, қандай қаламгер де қолына қалам алғанда әлде бір дақпыртқа ат қосып, атақ шығарамын деп емес, жоқты бар, барды зор етсем деп ойлайды. Ал біз болсақ, бұл жолы өз стилімізді сәл де болса өзгертіп алсақ та, айналайын, атажұртымның тарихы ұмытылмасыншы, өткеннің өркені арттағы буынға өнеге, кейінгіге керекті дүние болсыншы деп ойлағанбыз. Әр нәрсені уақытында көтермесе ескіреді, санадан өшіп, ұмытылады. Өз басым, қандай да бір тарихи дүниені қолға алғанда оның танымдық жағы, жергілікті жай, деректілігіне мән бергенді ұнатамын. Сол ерекшелікті осы кітапта да ескерген сыңайдамын. Онымыз қалай болды, бағамдайтын да бағалайтын да өздеріңізсіздер, менің ниеттес ойлы оқырмандарым! Олай болса тағы бір дүниемді талқыға ұсындым.
Жол басы
Белгілі археолог, талай шет елде болып, немістер, француздар, жапондар, ағылшын, итальяндықтармен әлденеше экспедицияда бірлесе жұмыс істеген Зайнолла Самашев әуелден қулық, көлеңкемен күн кешуге жаралмаған жан. Бірде ол әңгіме үстінде “Егер құдайшылығына келсек, Атырау жері әлі археологиялық жағынан зерттелмеген тың өлке. Ғалымдардың аз-мұз ізі қалса, тек Сарайшықта ғана, қалғандарының бәрі жылы жабулы, көбесі сөгілместен жатыр” дегені бар еді. Бұл мені көп ойландырды. Аз ба, көп пе, осы өлкенің өлгендерін зерттеуге, өшкендерін тірілтуге үлес қосқаным рас. Мүмкіндігіне қарай сөз еткен кейіпкерлерімнің бейіті болса, басына барып, жатқан жерін көруге, тәуап ету, ағайын-туыстарымен сөйлесуге тырыстым. Сөйтсем, Атыраудың ой-қырында мен көрмеген, сөз етпеген батыр, ақын, өнер саңлақтары кемде-кем екен. Бұл менің бала күннен бойыма біткен құштарлық, туған өлкеге деген сүйіспеншілік.
Алайда әлгі көргендерімнің бәрі көне болғанмен археология емес, сайрап өткен бұлбұлдар, қол бастаған көсемдер, сөз тастаған шешендер, саз саңлақтары-күйшілер, солар жайлы естіген әңгімелер ғана. Ал, археология дегеніміз не, археолог деген кім? Шынымды айтсам, бұл бұрын-соңды араласпаған, тіпті сөйлесіп, сырласпаған ғылымым, адамдарым. Тіпті олар кімдер еді деп іздеп едім, мен туған өлкеде ондай мамандық иесі де жоқ екен. Керек десеңіз осы өлкеде туып, басқа жерде еңбек етіп жүрген жандар да кездеспеді. Біреулер қаламызда қашаннан бері тұратын В.К.Афанасьевті айтып еді, оның өзі де бұл ғылым десе бар-жоғы жүрегі ақ, қызығушы ғана екен. Сонда маманы жоқ өлкенің марқайған археологиясы, марапаттайтын мұрасы қайдан болады. Кісінің кісісі қашаннан халқымызда айтатын “Біреудің малын біреу ысқырып жүріп іздейдінің” керімен жұмыс істемейме?! Жә, ол бүгін болмаса ертеңнің ісі. Барды бажайлау, жоқты толтыру-ағалар ойланатын, кішілер қолға алатын шаруа. Тек соны ұмытпайық.
Менің басыма осы З.Самашев сынды археологтармен ел, жер көріп, барды бағамдап, көргендерімді көпшілік алдына жайып салсам қайтеді деген ой келді. Бірақ оным тағы да археология емес, сапарнама, әрі кетсе өлкетанушы жазбалары ғана ғой, онымды жұрт қабылдай қойса. Дегенмен...
Сонымен әлгі айтқан Зәкең жұмыс істеп жатқан Республика Ғылым академиясының Ә.Марғұлан атындағы археология институты Батыс Қазақстан экспедициясының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты З.Самашев бастаған бір топ ғалым, мамандар және республика Ғылым академиясы Батыс Қазақстан бөлімшесінің Ғалым Хатшысы, Республика Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі Е.Ғилажев, мәскеулік археолог Л.Л.Галкин, барлығымыз 14 жан болып, үш автокөлікпен ұлы бесінде Атырау-Құлсары бағытында жолға шықтық, Мақсат-Жылыой бойындағы көне тарихи орындарға ғылыми негізде барлау жасау, Үстірттің үсті, Сам құмының терістігі, Шошқатау, Борсық құмдарына шейін иек сүйеп, көне орындарға көз салу еді.
Екіндінің алакеуім тұсында Мақаттан асып Бекбикенің сусыған ақ шағылына жеттік те, түн ішінде бір қауым ел болып, Құлсарыдан не пәтуа табамыз. Кім бізді онда құдасындай күтіп, қызыл қуырдағын ұсынады. Одан да осы жерге ат туарып, бел шешейік деген шешімге келдік те, шатырларымызды құрып, қазан көтердік. Жұлдыздар жымыңдаған күзгі кештің ошағында жыңғыл шоғы маздайды. Біз содан айнала отырып, әңгіме тиегін ағытамыз. Алғашқы таныстық, сіз... біз...
Тегінде экспедиция басшысы Зәкең болса, табиғатында басшылықтан гөрі істің, оңаша ойлап, дәл пішетін ғылымның адамы. Ал мәскеулік археолог Лев Леонидович дегеніңіз әуелден жалғыз жүріп, жатақ өскен, бірақ әйтеуір археология болса, сол бағыттағы жаңалық атаулы кездессе, жалғанды жапырып, бірдеңені бітірмесе де жарғақ құлағы жастыққа тимейтін елгезек жан. Әуелден керек тастың ауырлығы жоқ деп түсініп, кездескеннің бәрін қалтаға тығып, қарқылға басып жүре береді және бұнысы көп нәрсені жуып, шәйіп кете баратынға ұқсайды. Бір қызығы шопырларымыздың екеуі өмірдегі дүрдей бастық, бірі-жоғарыда айтқан, Ғалым Хатшы Есенғали да, екіншісі-облыстық теледидар және радио хабарларын тарату компаниясы төрағасының бірінші орынбасары Болат Нұрғазиев. Ол сонымен қатар телеоператор, көрген, білгенінің бәрін бейнетаспаға жазады. Бірақ негізгі қызметті біліп жатқан ешкім жоқ. Жүргізуші өз қызметі, археологтар да өз жұмысымен әуре.
Далалық көже, қоңыр шай. Қарны тойған жігіттер өз шатырларына кіріп алып, ұйқыға кетті...
Жерге жарық түсе аспазымыз Марина ертеңгі ас қамына кірісіп, жүргізушілер автомашиналарының моторларына үңілді. Ал Зайнолла болса, орнынан тұра сала басын төмен салған күйі түзге беттеп, тепеңдеп ала жөнелді.
Арада аз уақыт өткенде шай да дайын боп, дастарқан басына жиналдық. Кештеу келген Зәкең суыртпақтап сез бастады: “Асылы біз осы арада әлі де жарты күндей аялдайтын шығармыз. Өйткені мұнда неолит және энеолит дәуірлерінің ескерткіштері мол екен. Бағзы тұрғындардың пышақ, қырғыш ретінде, садақ масақтарына пайдаланған тастар, керамикалық ыдыстар сынығы да бар” деп еді, манадан бері үнсіз отырған мәскеулік археолог “Не дейді, өз басым мынау меңіреу даланы аралағаныма отыз жылға тақап қалды. Бірақ осы қу медиенде алты мың жыл бұрын адамдар тұрды деп есептемеуші едім. Бұл-жаңалық, ғажайып жаңалық” деп алдындағы кесесін ысыра салды да, ерте қозғалмаса бәрінен құр қалатындай тұра жөнелді.
Археолог дегеніміз қандай мамандық екен деп, кешеден бері ауыз ашып жүрген біз, орындарынан ошарыла көтерілген сапарластарымызбен бірге, ниет құбыла, ілесе кеттік. Арада аз уақыт өткенде Лев Леонидович алдындағы ақ тақырға 20-30 тас шақпақ пен керамика ыдыстар сынықтарын жайып салып, өзіне өзі “Жарайсың, Арыстан ибн Қарға! (Лев Галкинді қазақшалағаны) Бұл үлкен жаңалық” деп мәз болды.
Оның пайымдауынша неолит дәуірінде бұл өңірде мал шаруашылығы мен аңшылық кәсіп жақсы дамыған. Ал археолог Ойрат Ишманов болса “Шындығында мына жерде тек неолит, энеолит емес, сармат, савроматтар кезеңінің де жәдігерлері көп. Прохор, суслов, сармат соңы кезеңі деп үшке бөлінетін сарматтар дәуірі біздің республикамызда бар болғаны бір-ақ пайыз мөлшерінде зерттелген. Ал Бекбике соған қосылған соны жаңалық. Қазір біз аталған тұрақтан жұмыртқа тектес, ернеуі кең, беттері толық, түрлі геометриялық оюлармен өрнектелген қыш ыдыстарды тауып отырмыз. Меніңше бұлар біздің заманымыздан бұрынғы IV-III және II мыңжылдықтың басында өмір сүрген тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінен хабар береді. Яғни мал өсіріп, оның өнімдерін азық еткен, киім киген, тұрмыстық құрал жасаған” дейді.
Осы арада Зәкең де қарап қалмай “Айтса айтқандай, бізде басқа сала сынды ғылымда да кеше, керек пе, бүгін де тоталитарлық өпіремдік болды, әлі де бар. Оған дәлел ТМД-дан басқа елдердің бәрінде де қандай ма өндірістік құрылыс басталмас бұрын сол жерде алдын ала археологиялық зерттеулер жүріп, жердің қабаттары ғылыми тұрғыдан тексеріледі. Содан кейін ерекше белгілері байқалмаған жағдайда ғана құрылыстар жүруге мүмкіндік туады. Ал бізде ондай зеттеулер әлі күнге болған емес және жуық маңда болмайды да. Оның жарқын көрінісі мынау емес пе?» деп мұнай құбырлары тартылған тарам-тарам желілер арасында шашылып жатқан адам қаңқаларын көрсетеді. Сайып келгенде осы қаңқа сүйектердің өзі тарих толған сыр, мүмкін ол неолит дәуірі болмас, бірақ қай дәуірдің болса да сырын ақтарар еді-ау. Әй, бір-ақ оның бәрін түсінсек, әрқайсымыз археолог болмас па едік?!
Осы кезде топографтар аталған аумақтың аэрожоспарын жасап, картаға түсірді. Фотографтар қолға тигеннің бәрін суретке басып, ал археологтар ондаған қалта шақпақ тас (дұрысы минералдар) пен керамика сынықтарын олжа көріп, атқа отырдық. Бұл дәл сиыр сәске еді.
Кейін біз жер аттары жайында анықтамалықтың бірін аударыстырып отырып, маңғыстаулық Ғалым Әріптің «Қаламқас» деген еңбегінен «Адай, Тінейдің Тәңірберген атты батыры ата жауы қалмақпен шайқаста, қарсыластарын жеңіп, олжаға түскен Бекбике деген қызын боз биенің сүтіне шомылдырып, қатындыққа алады. Осы күндегі Мақат пен Құлсары арасындағы темір жол бекеті сол өзінің ақылгөй іс-қимылымен рулы елдің сыйлы анасы, батагөй бәйбішесі атанған Бекбикенің атымен аталады» деген жолдарды оқыдық. Иә, ондай келген жерінің атын шығарып, есімі ел есінде қалған аналар аз ба? Шамасы, Бекбике шешеміз де сондай қадірлі жан болса керек-ті.
Жалғасы бар, осында