ТАҒДЫР-ТАЛАЙ

ТАҒДЫР-ТАЛАЙ

Бисенбай

Бисенбай Бисенғалиев.

05.12.1951 ж.т. Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Ембімұнайгаз» АҚ-на 100 жыл,  «Қарақия ауданына 45 жыл», «ҚР жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілерінің, «Қарақия ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына, Қарақия ауданының «Қазыналы Қарақия» энциклопедиясына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті», «МЕН – Геолог-барлаушымын», «Киелі өлкені өзгерткен БАРЛАУШЫЛАР»  кітаптарының авторы.

Тағдыр-талай

...

V

(жалғасы, басы осында)

...

   Аппағым менің өзін ессіз сүйетінімді, өзі үшін қандай жағдайға да баруға дайын екенімді көрді. Ұстамды, сезімге көп ерік бере қоймайтын адам болып көрінгенімен, екеуміз оңаша қалғанда мені жаны шыға сүйетін, аймалап, еркелейтін. Кейде жас сәбидің қылықтарындай қылықтары барын көріп қайран қалатынмын. Қазақтың дәстүрі бойынша мен қалыңдығымның құлағына сырға салдым, басқа ағайыным болмағандықтан (сұлуымның да айналасында ет жақын ағайындары жоқ еді) өзім құда түсу жоралғысын жасадым. Оған сол кеште мейрамхана залы тола отырған қонақтар куә. Ендігі мәселе шағындау болса да той жасап үлкендердің, жақсы, жанашыр жандардың ақ батасын алып, АХАЖ (ЗАГС) бөлімінде ресми түрде ерлі-зайыпты екендігімізді тіркету ғой. Аппағым екеуміз осы шаруалар жайын жақсылап ойластырдық. Таңғы асымызды ішіп алғасын бірден АХАЖ бөліміне барып өтініш бердік. Аппағым жұмысынан бірер күн ақысыз демалыс алды да осы шаруаға белсене кірісті. Алдымен, Аппағымның ақылымен, маған балалар үйінде қамқор болған, аналық ақылын айтқан, дұрыс жолға салып, басқа балалар сияқты бұзық жолға түсіп кетпей, осындай болып өсуіме мықты ықпал жасаған тәрбиеші апайыма барып, сол кісінің алдынан өтуді жөн санадық. Бұл кезде апайым зейнет демалысына шығып, үйінде болатын. Ол апайым Аппағымды әлі көрмегенмен, менің әңгімелерімнен сырттай жақсы таныс. Балалар үйінен шығып кеткеніммен мен жиі болмағанмен, арасында ауық-ауық ұшқан ұяма барып тұратынмын, ал апайыма сәл қолым тие қалғандай болғанда жиірек барып, хал-жағдайын біліп, қолымнан келгенінше көмегімді беріп тұрамын. Ол кісіні туған анамдай көретінім шындық, туған ананың қандай болатынын білмеймін, бірақ осы кісінің істері, болмысы, мейірімділігі арқылы жобалаймын. Апайымның тағы бір маған жасаған көп жақсылықтарының бірі, менің ана тілімді ұмытпауыма сіңірген еңбегі. Орыс мектепте оқыдым, балалар үйіндегі де, мектептегі де қасымдағы балалардың барлығы орыстілділер, қай ұлттан болмасын, барлығы орысша сөйлейді. Солардың ортасында жүріп мен де орыстілді болып кетер ме едім, қайтер едім. Апайым мені қазақшаға икемдей берді, бөлмесіне алып барып қазақ ертегілерін, батырлар жырын оқытатын, маған оқып беретін. Есейе келе қазақ тіліндегні кітаптарды өзі әкеліп беріп отыратын және оқыған, оқымағанымды сұрап, тексеріп отырушы еді. Апайым: «Сенің ұлтың қазақ, бойыңда қазақтың қаны бар, сол үшін де сен қазақ болып туғаныңа мақтануың керек»,-деп үнемі құлағыма құятын. Қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып жайында да көп айтатын. Апайымның осындай еңбегінің арқасында мен қазіргі күні қазақ болып жүрмін, әйтпесе балалар үйіндегі көп балалар сияқты мен де орыстілді, ана тілін білмейті біреу болып шығар ма едім. Ол апайымды Аппағым да сырттай жақсы біледі, менің тәрбиеме сіңірген орасан зор еңбегін жақсы біледі, мені осындай қылып тәрбиелегені үшін ризашылығын үнемі айтып отырады. Апайыма бардық, бұл әлемдегі менің жаныма ең жақын адамдарым, тілеулестерім кездесті. Екеуі де бір бірін көптен бері білетін адамдардай тез тіл табысып, шүйіркелесіп кетті. Аппағым апайымның келініндей болып шай қамымен жүгіріп жүрді, шай құйды. Аппағым апайыма ұнады, ол шай қамымен шығып кеткенде апайым маған көзін қысып, бас бармағын шошайтып «ұнады», «тамаша» дегеннің ишарасын жасады. Бұл белгі екеуміздің арамызда баяғы кезден бері бар болатын. Бала кезімде кейбір сәттерде апайым мені алыстан ғана осылайша қолдап, қолпаштап, көтермелеп жүретін еді. Апайыма ұнайтынын мен сезгенмін, себебі апайым екеуміздің талғамымыз бірдейге жақын, үнемі сәйкес келіп жатады. Мүмкін, апайым мені осылай қылып тәрбиелеген, бойыма өзінде бар жақсылықтарды сіңірген де болар. Енді міне, бір жақсы әйелдің қамқорлығынан шығып, екінші тамаша әйелдің аялы алақанына түсіп отырмын. Қалай ғана, өмірге келе сала бұралаңы көп жолға тап болған мені осындай асыл адамдарды жолықтырған тағдырыңа риза болмассың!? Қалайша мені анасыз өскен тұлдыр жетім, отбасын көрмеген тәрбиесіз деп айта алады екен жұрт!? Апайымыз шайдан соң батасын берді, екеумізге де ақылын айтты, маған Аппағымды тапсырса, Аппағыма мені тапсырды. Жасалатын жұмыс көп, уақыт аз болғандықтан, апайымыздың үйінен шайдан соң көп кідірместен шығып кеттік. Аппағым апайыма қымбат матадан көйлектік мата мен басына салатын әдемі жаулық сыйлады. Той күнін әлі белгілей қоймағандықтан (АХАЖ-дың қай күнге неке қиюды қойғаны белгісіз), тойға шақырып тағы да келетінімізді айтып, қоштасып шығып кеттік. Аппағым өзінің құдіретті таныстары арқылы АХАЖ басшыларына шығып, неке қию күнін көп созбай (дұрысында бір ай күту керек екен), бірер жұманың ішінде өткізу жағын шешіп жатқан. Аппағым той киімдерін, әсіресе ақ көйлек пен фатасын дайындауға кірісті. Әр әйелдің де арманы ғой... Осылайша шапқылап жүргенде той күні де жетті. Қонақтар санын шақтап шақырдық. Апайымыз, шығыс жекпе жегінің жаттықтырушысы ғалым ағамыз, бокс жаттықтырушысы, шипажай басшысы, досым анасымен, қалыңдығымен, Аппағымның құрбылары, тағы бірнеше таныстары, бар болғаны осылар. Неке сарайындағы ресми рәсімдерден соң, ең бастысы, екеуміздің заңды түрде ерлі-зайыпты екендігімізді көрсететін, растайтын ресми құжат, «Неке туралы куәлігімізді» алып, саусақтарымызға неке жүзігін салып мейрамханаға келдік. Күйеу жолдас досым болды да, қыз жолдас Аппағымның жақын құрбысы (баяғыда шипажайдан ерте кетіп қалған) болды. Той Шәмші Қалдыаяқовтың вальс әуенімен басталды (екеуміз алғашқы билеген). Беташар болды, апайымыз Аппағымның басына ақ жаулық жапты. Осындайда болуы керек қазақы рәсімдер жасалды, ұмыт қалмады. Апайымыз анамыз ретінде тойды ашып,  құттықтау сөз сөйлеп, Аппағыма ескілікті, көнеден келе жатырған күміс білезік, маған ырымдап қамшы сыйлады. Той өз деңгейінде өткен тәрізді. Құттықтау сөз сөйлеген шипажай басшысы Аппағыма: «Шипажайға қомақты табыс әкеліп отырған мықты маманымызды «ұрлап» кеттің, енді біз қайтіп күн көреміз?»,-деді әзілдеп және жас жұбайлардың бал айын өткізетін ойлары болса, шипажайдың есігі ашық, барлық шығынды өз мойнымызға аламыз деген ұсыныс та айтты. У-шу жаттықтырушысы ғалым ағамыз да пәлсапалық терең ойы бар құттықтау айтты. Шипажай басшысының әзілінің артында шындық та жатыр еді, мен бір жыл бұрын қаланың ішінен массаж кабинетін ашып, жеке кәсіпкер атанып, халыққа қызмет көрсетіп жүр едім. Той қонақтарының барлығы да біздерге БАҚЫТ тіледі! Тойдан кейін екеуміз европа елдеріне саяхат жасауға шықтық. Бұл саяхаттың жолдамасын бокс жаттықтырушысы сол кездегі бірге жаттыққан, бірталай жарыстарға бірге қатынасқан, қазіргі кезде әртүрлі салада жеке кәсіптері бар, шәкірттерінің атынан сыйлаған болатын. Бұндай дәстүр осы жаттықтырушымыздың бастамасымен ертеде басталған еді, талай үйленген спортшы достарымызға біз де осылай сыйлық жасайтынбыз. Бұл дәстүр боксы жігіттерді ұйымшылдыққа, бір біріне деген қамқорлыққа бастайтын игі дәстүр еді, әлі жалғасып келе жатырғаны қуанышты. Саяхатқа шығардың алдында Аппағым қай елдерге баратынымызды, қай елдерде қандай тарихи орындар бар екендігіне менің назарымды аударып, солар турасында тек гидтің айтқан ақпаратынан да бөлек, алдын ала солар жайында кейбір кітаптарды оқып, біліп алған дұрыс болады. Сонда бұл елдер, тарихи орындар жөнінде тереңірек білетін боламыз, ол елде халқының, елінің атағын шығарған, мақтанышына айналған қандай атақты жазушылар, ғалымдар, ойшылдар, ғұламалар болғанына да назар аудару керек деп, қажетті кітаптарды таңдап шығарды. Бұндай жағдай тек осы саяхатқа ғана қатысты емес, кейіннен барған басқа да көптеген саяхаттарға байланысты орын алатын. Кейбір саяхаттарымызды бір жыл бұрын жоспарлап, соған нақтылап дайындалатынымыз есімде. Ия, көптеген елдерде болдық, тарихына үңілдік. Рухани жан-дүнием, көңіл, ой көкжиегім Аппағыммен бірге жүргенде аса жоғары деңгейге көтерілді. Қаншама жақсылармен араластым, әңгімелерін тыңдадым, табақтас болдым, өнеге алдым... Аппағыммен бірге қаншама елдерді араладым, жер көрдім... Шексіз сүйген Аппағым нағыз дана әйел еді. Қаншама жылдар бірге тұрғанымызда бір рет те сөзге келіп көрмеппіз, тек сыйластық, бір бірімізге деген шексіз сүйіспеншілік, алғаусыз құрмет болыпты арамызда. Бір күні табиғат аясында, өзеннің жағасында демалып, суға шомылып, күнге қақталып, көк майса шалғынға аунап, қунап біраз уақыт болғанбыз. Табиғаты керемет жер ғой, бір жағы асқар тау, сол таудан бастау алып сылдырап ағып жатқан өзен, өзен жағалай өскен қалың тал-терек, тоғай. Аппағым жайған дастархандағы тағамдардың барлығына жуығы ауламызда қолдан өсірген көкөністер мен ауыл тұрғындарының қолынан шыққан табиғи өнімдер еді. Асықпай тамақтанып алып, тоқ басу үшін жапырағын кеңге жайған мәуелі бәйтеректің көлеңкесінде әңгімелесіп  жатқанбыз. Бір мезгілде, құшағымда жатып маған сыбырлап, ешкім естіп қалмасын дегендей: «Мен сені алғаш көргенде-ақ сүйіп қалып едім, көздерің ашық, адал адам екендігіңді көрсетіп тұрды. Екінші массаждың үстінде балбырап, өзім де байқамай қалғып кетіп, сәлден кейін көзімді ашып, ештеңеге түсінбей, қайда жатқанымды білмей абдырап қалғанымда сенің маған бейкүнә көзбен имене қарап, өзіңді айыпты санағандай болып күлімсіреген түріңді көргенде күліп қоя жаздадым. Үнімді шығармастан тез киініп шығып кеттім. Сонда да сенің аппақ көңіліңді танығанмын, бетіңнен сүйіп алғым келген. Артынан талай рет менің қолымнан да ұстауға батылың бармай, көкейіңдегі көп сұрақтарыңды айта алмай кібіртіктеп тұрғаныңда да саған өзім жабысып, құшақтап «Қалай сен көрмейсің, мен сені сүйемін ғой» деп айқайлағым келген. Кешкі асқа менен бұрынырақ келіп, алдыңдағы асты ішпестен менің келуімді күтіп есікке қарап отыратыныңды да біліп қалдым, мен кіріп келгенде ғана көңілің жайланып, асқа кірісетін едің. Байқаған адамға бұлардың барлығы да анық көрініп тұрған еді. Сен жасық емес едің, бірақ әдебің бар, ұятың бар еді. Мені шошытып аламын ба, айрылып қаламын ба деп жүргеніңді мен сезіп жүргенмін. Сені сүйіп қалмасам, құрбым кетіп қалғаннан соң бірер күннен қалмай мен де кетер едім ғой. Жан құрбымнан қалып, жалғыз демалғаным демалыс болып жарытпас деп. Сол жерде мені ұстап қалған сенің көздерің, адал ақ ниетің еді. Оны сен сезбедің. Сенің ғашық болып қалғаныңды байқау қиын емес еді, ол бет-жүзіңде, көз жанарыңда айқын жазылып тұрған. Бір жағынан сенен қорықтым, жолыңды байлап, өзіме тәуелді қылып алсам, қасымнан шыға алмай қалар, жас жігітке обал болар деп ойлап. Мен өмір көрген үлкен әйелмін, сен он екі де бір гүлің ашылмаған өмірің енді басталып келе жатырған жас жігітсің, әрі десе менің еркек атаулыдан жүрегім шайлығып, енді қасыма еркек жолатпаспын деп қалғаным тағы бар. Бетін қайтарып тастамайын, аз күн болса да қасында болайын, демалыс біткен күні қоштаспастан, оған білдірмей кетіп қалармын деп жүрдім. Бірақ, бірақ... Өзім де саған біртіндеп байланып қалғанымды кеш сездім. Сондықтан да қашып кете алмадым. Үйге дейін шығарып салып келгенде, жеті түннің ішінде үйге шақырмай, кіргізбей жібергенде де өзіме өзім сенімсіз болып едім. Сезімімді сездіріп аламын ба деп өзімнен қорқып едім. Шипажайда да бөлмеме жолатпай жүргенім сол себепті еді. Солардың барлығында да сен әдептен, сыйластықтан аспадың, менің көңіліме, ыңғайыма қарадың. Ал сен, алғашқы үйге әкеліп тастағаннан соң, бірнеше күн үйге келмей кеткенде мен қандай жағдайда болдым десеңші. Жүрегімнің жартысы сенімен бірге кеткендей болды ғой. Жеті түннің ішінде үйге кіргізбей жібергеніме өкпелеп кетті ме екен, енді қайтып келмесе не істеймін, өзіме өзім қылдым-ау, бұл не істегенім деп бірнеше күн ұйықтай алмадым, жылағаннан көпшіктерім көз жасыма малшынды. Жұмысқа барғанда құрбыларым да менде демалыстан кейін өзгеріс барын байқап қойды. Ту сыртымнан айтылатын сыпсың өсек көбейді. Бәрін сезіп жүрдім, назар аудармадым, маған ең бастысы сенің маған деген адал сеніміңді қалай қайтару жолы еді. Тіпті, әлдебір затымды, кітабымды ұмытып кетіппін деген сылтаумен кешке қарай шипажайға баруды, кездейсоқ кездескендей болып өзіңді көруді де ойластырып едім. Сондай шешімге бекініп, ертең шипажайға барамын деп келе жатырғанымда алдымнан өзің жарқ ете қалғанда қуанып кеттім, мойныңа асыла кетуден өзімді әзер ұстап қалдым. Бірақ қуанышымды саған сездірмеуге, байқатпауға тырыстым. Үйге келгесін де екеумізге екі бөлмеге төсек салып сені де, өзімді де сынамақ болдым... Менің талай сынағымнан сүрінбей өттің, шыдамсыздық танытып, әдепсіздікке бармадың, солардың барлығы менің өзіңе деген махаббатымды еселеп арттыра түсті. Бірер рет үйлену жөніндегі ұсыныстарың көңіліме жағып тұрғанымен, мен өзімді емес сенің болашағыңды, тағдырыңды ойладым. Өзімді ойласам, сені баяғыда өзіме байлап алған болар едім, оған жететін әйелдік қулығым бар ғой, оның үстіне сен де отқа түсетін көзсіз көбелек құсап ессіз құмартып жүрген болатынсың. Айналадағы халық «жас баланы үйіне кіргізіп алыпты, жасы келген әйелде ұят жоқ екен» деп пыш-пыш өсек айтады да қояды, қашанғы айтар дейсің. Ал мен олай істей алмайтын адаммын, өзің де байқап жүрсің ғой, мені біраз танып та болған боларсың, сондай өзіңе деген адалдығым үшін де сүйіп жүргеніңді сеземін. Сенің оқуыңды жақсы аяқтап, диплом алғаныңды атап өту үшін мейрамханада тойлап отырғанда жасаған, бұған дейін ешкімнің де ойына келмеген оригинал, тауып кеткен менің қолымды сұрауың, жар болуға жасаған керемет ұсынысың, мейрамхана залы толы танымайтын қонақтардың сені қолдауы маған шегінетін жер қалдырмады. Онсыз да көне кетуге шақ қалып жүрген мені осы жерде әбден өзіңе қаратып алған едің. Мен сол сәттен бастап, өмірімнің аяғына дейін сендік болып қалдым.» Осы жерге келгенде сен орныңнан тұрып, өзеннің суына аяқтарыңды малып, жайғасып отырдың да, мен де сенің қасыңа отырдым, сені құшағыма алып, ендігі болатын әңгіменің маңызды болатынын сезіп, жалғасын күттім. Сен әңгімені жалғастырып: «Бірақ, баяғы айтқаным айтқан, одан ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Сенің артыңда ұрпақ қалуы керек, сендей жанның өмірден із-түзсіз жоғалып кетуі дұрыс болмайды.Өзің де жалғызсың, енді сол жалғыздың ізі мен сияқты әйелдің «кесірінен», сен менің «кесірінен» деген сөзімді дұрыс түсінерсің деп ойлаймын, түпкілікті жоғалып кетпеуі керек. Мен ұрпақ әкелетін жастан асып кеттім. Сен ғашық болған ажарым, сымбатым жақын жылдары біртіндеп сола бастайды, беттен әр кетеді, кәрілік жетеді. Бұл табиғат заңы, оған ешкім де қарсы тұра алмайды. Ал сен өзіңнен басталатын әулетіңнің тегіңді жалғастырғанын көруің керек. Сенің мені шын сүйетініңді білемін, мен үшін өміріңді құрбандыққа шалуға да дайын болып маған үйленгеніңе де тәнтімін. Мен де сені сүйемін, сені сүйгендіктен де саған бір ұсыныс жасағым келіп тұр. Әбден тыңдап алмай қарсы тұрма. Аяғына дейін тыңдап ал, жақсылап ойлан, содан соң жауабын берерсің. Бұл ұсыныс екеуміз үшін де пайдалы, тиімді. Осы мәселе жөнінде көп ойландым, тіпті екеуміз отау құрған күннен бастап десем де өтірік емес. Сен екінші рет үйлен, екінші әйел ал, яғни жас тоқал алуың керек. Мен бәйбіше болып қала беремін, тоқалдан туған балаларыңды бауырыма салып өсіремін. Мен үшін ендігі жерде сенің ұрпағыңды көруден, дұрыс тәрбие беріп, өзің сияқты азамат қылып өсіруден асқан бақыт болмайды. Қаласаң бір үйде тұрамыз, орын жетеді, қаламасаң екі қатынның үйі екі бөлек болады, бірақ балалар екі үйге де ортақ болады. Бұндай жағдайлар біздің халықтың тарихында жиі болмаса да болып тұрғаны жайында көп оқыдым. Ақылды бәйбішелер сүйікті байларының ұрпағын көбейту үшін, өздері қартайып, бала туудан қалғаннан кейін байларына жас тоқал алып берген. Тіпті бір бәйбіше өзінің туған сіңлісін де тоқал қылып байына қосып, апалы-сіңлілі екеуі сол әулеттің тұқымын көбейтіп, жапырағын жайған жайды да білемін. Ақылды бәйбішелер тоқалдан туған балаларды бауырына салып, өзінен туған балалармен бірдей қылып тәрбиелеген, өсірген, өзінен туған балаларымен бір төсекке салып ұялас қылған. Ол бәйбішелер бала туған, бірақ сүйікті байының ұрпағы көбейгенін, жапырағы жайылғанын қалағандықтан да осындай қадамға барған. Міне, осындай қазақтың ақылды әйелдерінің сүйіктісі үшін қандай қадамдарға бара алатынының мысалы. Мен де неге солай жасамаймын, неге сенің ұрпағыңды тәрбиелеп, оларға «ақ мама» болмаймын!? Тек сен осы жағын дұрыс түсінуің керек, ақылға салып асықпай ойлануың керек.»,-деп маған қарады. Мен отырмын басым салбырап. Басқа еркек болса жас тоқал алатынына қуанар еді, ал маған бұл әңгіменің бас жағы жаныма майдай жаққанымен, соңғы жағы онша көңіліме қона қоймады. Бұл әлемде Аппағымнан басқа әйел бар екеніне көңіл бөлмейтін мен үшін тағы бір әйелді сүю керек, балалы болу керек дегені ерсі көрінді, құлағыма түрпідей тиді. Көз алдыма үйімізде Аппағымнан бөлек тағы бір әйелдің жүргені, оның да мені аялап сүйгені елестеп кетті де, қасымда отырған Аппағыма, менің осылай ойлап отырғанымды сезіп қалмады ма екен деп шошына қарадым. Ол өзеннің ағысына қарап, бірін бірі қуған толқындарды санағандай болып томсырайып  отыр екен. Аяп кеттім. Құшақтап отырған қолыммен оны қысып-қысып, өзіме қарата бұрып алып ақ тамағынан, көздерінен сүйе бердім. Сәлден соң мен: «Мен бұл мәселе жөнінде тіпті де ойлағым келмейді. Өзің жақсы білесің, менің жүрегімде тек қана саған орын бар, басқа жанға орын жоқ. Бұл мәселені шешетін сен айтқаннан да басқа жолдары жоқ па, бар шығар, болмауы мүмкін емес. Маған қасымда сен болсаң болғаны, басқа ештеңе де, ешкім де, бала да, тоқал да қажет емес. Ал міндетті түрде бала болуы керек болса неге балалар үйінен асырап алмаймыз? Өзім талай рет куә болғанмын, көптеген адамдар біздерден балалар асырап алған. Бұған қалай қарайсың? Өзім шыққан балалар үйінің басшыларын жақсы білемін, олар да мені жақсы біледі, жиі болмағанмен ұшқан ұяма барып тұратынымды сен де білесің, байланысым үзілген жоқ, қолымнан келгенінше көмек те беріп жүргенімді де білесің, олар бізге бала беруге қарсы бола қоймас»,-деп Аппағыма қарадым. Өзімше осынау қиын тығырықтан шығып кетерміз деп едім. Болмады. Аппағым: «Бұл жағын да мен ойластырып қарадым. Қисыны келмейтін жерлері бар. Қазақта «Өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас», «Өз балаң өзекке тепсең де кетпейді» деген сөздер бар. Мысалы, асырап алатын баламыздың арғы тегі қандай екенін, бойындағы қаны дұрыс па, әлдеқандай ауытқылушылықтары болмай ма, өсе келе қандай мінез шығарады?.. , білмейміз ғой. Өзіңнен тумағасын бәрі жұмбақ әрі ештеңе жасай да алмайсың. Өзіңнен туғанның аты өзіңнен туған, бойында сенің қаның жүріп тұрады. Өмірден өтерде де артымда ізімді басатын өз қаным қалып барады деп кетесің. Ең бастысы, өз қаныңнан жаратылған, өз тұқымың қалады артыңда, сен сол әулеттің басында тұратын боласың. Асырап алғанда жалғыз бала ала алмаймыз, ол да сен сияқты сүйенері жоқ болып жалғыз өспеуі керек. Алғасын бір біріне сүйеу, қамқор болатындай әртүрлі жастағы бірнеше бала алу керек. Және есін біліп қалған балалар емес, есін білмейтін кездерінде араларына жылдар салып алу керек. Олай болған жағдайда мен ол балаларды өсіріп жеткізе аламын ба, жасым болса келіп қалды, екеуміздің айналамызда жанашыр ағайындарымыз да жоқ. Жаман айтпай жақсы жоқ, алда жалда мен олай бұлай болып кетсем, ол балалардың барлық ауыртпалығы саған қалады ғой. Саған ауыр, өте ауыр болады. Осы жағын да ойлау керек. Асырап алған балалардың алдында біздер зор жауапкершілікте боламыз, олардың онсыз да келіспей тұрған тағдырын тағы да бұзуға жол жоқ қой. Сондықтан тек қана өз балаң болғаны дұрыс. Бұл жерде мен саған тағы бір мәселені айтайын, сенің арғы тегің белгісіз болғанымен, әкеңнің, анаңның кім екенін білмесең де, көрмесең де, бір жай анық, ол –  әкеңнің де, анаңның да қандары таза, тектері жақсы болғаны. Ол сенің болмысыңнан да көрініп тұр. Қаныңмен сіңген бойыңда әдептілік, жігерлілік, білімге, өнерге, өмірге деген құштарлылық... сияқты асыл қасиеттер бар екенін мен күнде көріп жүрмін ғой, соларды бір көргеннен байқап өзіңе ғашық та болдым емес пе. Енді сол бойыңдағы, қаныңдағы жақсы қасиеттер  өзіңмен бірге  құрдымға кетуі керек пе? Өзің көрмеген, білмеген, ақ сүтін ембеген, сонда да өзің қатты құрметтейтін асыл анаңның тоғыз ай, тоғыз күн бойы жатырында жатып бойыңа сіңірген осы асыл қасиеттерді жоғалтуымыз керек пе? Ол үлкен күнә болады емес пе? Осы жағын ойладың ба? Ойланғаның дұрыс. Бұл шешім, сенің құшағыңда басқа бір әйелдің талықсып, еркелеп, аймалап жатқанын сезу, көз алдыма елестету, өзіңді, жанымдай сүйетін махаббатымды бөтен әйелмен бөлісу, маған да оңай емес. Бірақ, солай жасағанымыз дұрыс болатынын білемін, көп ойланып, толғанып келген шешім ғой.»,-деді. Екеумізге де ауыр болды. Үнсіз отырып қалдық. Бұл серуеннен басымыз салбырап, үнсіз, көңілсіз қайттық. Әдеттегідей көңілді күлкі, бір бірімізге еркелеп, ойнап, әлдебір болмашы нәрсеге қуанатын көңіл-күй жоғалды. Үйге келіп кешкі шайды да көңілсіз ішіп, жатып қалдық. Қайдан ұйқы болсын, түнімен дөңбекшіп, ары аунап, бері аунап көрер таңды көзіммен атқыздым. Аппағым да тап сондай күйде сияқты, бірақ маған білдіргісі келмейді. Таңғы шайда оның да көздері ісіп кеткенін байқадым, түнімен жылаған тәрізді. Екеуміз де үнсіз шай ішіп алып қалаға кеттік. Бұл кезде екеумізде де көлік бар, әл-ауқатымыз шүкіршілік, жаңа үй алуға да, салып алуға да жететіндей, бірақ өзімізге бақыт сыйлаған  жылы ұямызды қимай, еш жаққа мойын бұрмай жүр едік. Алғашқы кезде ашып алған массаж жасайтын кабинетімді ұлғайтып, ішінде шығыс саунасы бар шығыс массаж орталығы қылып, қасынан шығыс жекпе жегі спорттық залын ашып, тағы бір жерден Аппағыма сән салонын салып, қасына тігін цехын да қосып бергенмін. Осылайша шалқып, қалқып жүргенімізде аяқ астынан мынандай мәселе шыға келмесі бар ма. Аппағым дұрыс айтады, күндердің бір күнінде мен ойламасам да, басқалардан, көреалмаушылардан еститін әңгімем екені белгілі. Ия, тек біреу бастап берсе болғаны, жас жігіттің басын дуалап, үйіне кіргізіп алды, туған баласы да жоқ бедеу қатынның айла-шарғысы ғой дегендей әңгімелер гулеп ала жөнелетінін де сеземін. Ісіңнің алға басқанын көреалмайтындар арамызда бар ғой, солардың бірі бір күндері өсек таратады, ол өсек елді аралап болып барып бізге жетеді. Аппағым сондай әңгіменің алдын алып, біреуден естімей тұрып алдын алайық деп отыр ғой. Аппағымның даналығына, көрегендігіне, ақылына қалай ғана бас имессің. Кіндігінен тараған баласы жоқ, сүйген жарына адалдығын сақтап талай марқасқалар өткен жоқ па бұл фәниден, менің олардан қандай артықшылығым бар? Аппағым тұрғанда басқа ұрғашыға аяқ артатындай маған не жетпейді? Аппағымның махаббатының шуағы, мөлдір бұлағы маған жарамай ма, сусынымды қандырмай ма? Енді мына тығырықтан қалай шығу жолын, Аппағымның да көңіліне келмей, өзімнің дегенім де болатындай, қарастыра бастадым. Баяғы кезде, диплом алғанда да Аппағымды осылайша «алдап, тұзағыма түсіріп» едім ғой, бұл жолы да сондай «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» жол неге таппасқа. Күні бойы ойланып тапқаным, екеуміз апайымызға барып жүгінуіміз керек. Сол кісі (Аппағымның енесі іспеттес адам ғой) қалай айтса солай болады деп айтайын Аппағыма. Бала кезімнен бері қиын кездерде ақыл беріп, қамқорлығын аямаған апайым осы жолы да мені бұл тығырықтан алып шығары сөзсіз. Және ол кісі мені қолдайды, балалар үйінен бала асырап алуға кеңес береді, сондағы талай жәутеңдеген қаракөз жетімдердің біреуінің болса да отбасын тапқанына қуанады деп ойладым. Кешкі шай үстінде Аппағыма барып апайыммен ақылдасып шешейік осы мәселені, өмір көрген  үлкен адам ғой, бізге жаман ақыл айтпас, сол кісі қандай ақыл айтса, соған тоқтайық дедім. Аппағым келісті. Көңілденген де сияқты. Мен де іштей алдағы болатын «жеңісімді» ойлап көңілім көтерілді. Шай ішіп алып өзен жағалай қыдырып қайтайық, еңсені езген ауыр ойлардан арылайық деп қыдыруға аттандық. Әңгіме айтып, ауа жұтып, өзен жағасында жаттығулар жасап, үйге кәдімгідей сергіп, жеңілдеп, көңілді қайттық. Аппағымды құшағыма қысып, аймалап... көңілін көтеріп барып ұйқыға кеттік. Осы жолы аузымнан шыққан өз сөзіме өзім байланып, Аппағым «құрған қақпанға» түсетінімді қайдан білейін.        

                ...

Бәкөн әл-Сағыз.

(жалғасы бар)