ТАҒДЫР-ТАЛАЙ

ТАҒДЫР-ТАЛАЙ

Бисенбай

Бисенбай Бисенғалиев.

05.12.1951 ж.т. Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Ембімұнайгаз» АҚ-на 100 жыл,  «Қарақия ауданына 45 жыл», «ҚР жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілерінің, «Қарақия ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына, Қарақия ауданының «Қазыналы Қарақия» энциклопедиясына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті», «МЕН – Геолог-барлаушымын», «Киелі өлкені өзгерткен БАРЛАУШЫЛАР»  кітаптарының авторы.

 

Тағдыр-талай

...

IV

(жалғасы, басы осында )

...

  Душқа түсіп, дайындап қойған қалың орамалмен сүртініп болып жататын бөлмеме келдім. Төсекке жатуын жатқанмен ұйықтай алсамшы, әрі аунадым, бері аунадым, осындайда көмектесетін әдісім бойынша ішімнен мыңға дейін асықпай санап, одан кері қарай санап көрдім. Мыңғырыма да кірмеді. Бұл жағдайымның арғы себебі түсінікті ғой, тап қасымдағы бөлмеде сары майдай балқып сұлу, өзім жан-тәніммен, бар болмысыммен сүйетін келіншек жатса, даңғарадай үйде екеумізден басқа жан жоқ болса... Ойламайын десем де ми қыртыстарым сол ойға қайта айналып келе береді, басқа дүниенің барлығы мақұрым қалғандай. «Мана ғой ол соңғы автобустан түсерде мені көріп қуанып кеткен жоқ па, мына жақта түн ішінде не қып жүрсіз, автобустан қалмай жүре беріңіз, әуре болмаңыз...»,-деген сияқты әңгімелер айтқан да жоқ қой. «Шайдың үстінде де жылы қабақ танытып, жайраңдап көңілді отырды ғой. Бірнеше рет шай ұсынған кесесімен бірге оның сүйріктей әдемі саусақтарын ұстап, қысып алғанымда да ренжіген жоқ, қолын сілкіп тартып та алмады. Өткеннен бері қасында жүргенде менің өзінде көңілім барын қалай сезбейді? Әлде мені менсінбей ме, жас бала санай ма? Егер менен де басқа қырындап жүрген жігіті, азаматы болса мана неге жалғыз келді, ол адамы мынандай сұлу келіншекті жеті түнде неге жалғыз жібереді?..» Сұрақ көп, жауап жоқ. «Батыл қимылдап, қазір жатқан бөлмесіне жетіп барсам бәрін бүлдіремін бе, дөрекілік жасады, көргенсіз екен деп ойлап, осы күнімнен де айырылып қалмаймын ба?». Ішкі ойым айтады: «Осы қазір қимылдап қалмасаң, артынан кеш болады. Мынандай мүмкіндік саған күнде бола бермейді, осыған дейін тіпті үйінің есігінен де аттай алмай кеткен жоқсың ба, тез қимылда, жаздың таңы ерте атады, енді кешігуге жол жоқ. Сұлу келіншек сені сүйеді, тек өздігінен айта алмай, сенен сондай сөзді күтіп жүр. Бүгін сенің келгеніңді көргенде көздері жарқ ете қалғанынан-ақ барлығын білуге болмай ма!? Өткенде би алаңында да қоймастан өзіңмен билегені не үшін, сүймеген адамымен осыншама билер ме еді?» Осылайша сансыз сұрақтармен арпалысып, дөңбекшіп, өзімді өзім қайрап көзім ілінбеді. Талай шайқастарда қайтпаған жүрегім, осы келіншектің алдында жас баладай именшектей беретіні несі. Қанша аунақшығанымды өзім де білмеймін, бір мезгілде шешімге келдім. Нар тәуекел. «Шешінген судан тайынбас» дей ме, әлде «Сүт сұрай келіп ыдысыңды жасырма» дей ме, білмедім, бір істі бастауға бел шештім. Орнымнан тұрып, мысықтабандап, дыбысымды шығармауға тырысып, сұлу келіншектің жатын бөлмесіне қарай жүрдім. Есігі кілттенбеген, бөлмеге терезенің ашық тұрған желдеткішінен (форточка) түскен ай сәулесі жарық беріп тұр. Тым жақсы жарық. Ортадағы кең кереуетте, аппақ төсекте, жамылғысы жартылай ашылып, қолаң шашы жастыққа жайылып, кер маралдай керіліп сұлуым жатыр екен. Алаңсыз ұйқыда сияқты. Менен келетін еш қауіп жоқ екеніне сеніп (маған сеніп) шырт ұйқыға кірген. Ойпырмай, алдымдағы ақ төсекте қаннен қаперсіз ұйқыда жатқан не деген керемет әдемілік десеңші. Ұйқыдағы ару!!! Кереуеттің бір шетіне отырып, қолыммен шашын сипап, аппақ төсінен ернімнің ұшымен жайлап қана сүйе бастадым. Оянды, көзін аша алмай, кірпіктері қимылдап, денесін жинап алғысы келіп, жартылай ашылып қалған  жамылғысын іздеді,  қолдарымен мені итеруге талаптанды. Бірақ бұлардың барлығы тек әдептілік сақтап, қарсылық көрсетудің ишаралары сияқты көрінді маған. Тыпырлап, орнынан атып тұрмақшы болып, қатты, шұғыл қозғалыстар жасап жатқан жоқ. Демек менің құшағына енуіме қарсы емес сияқты ма, қалай. Ойлап тұруға дәтім жоқ, не де болса басталған істі жалғастыруым керек. Артынан көре жатармын. Сұлуымды құшағыма ала бердім, от боп жанып жатыр екен. Сүймеген жер қалдырмадым. Шашынан, көздерінен, ернінен, ақ тамағынан, аппақ төсінен, анарларының ұшынан, аппақ білектерінен, салалы саусақтарынан... Қолдарымның сипамаған жері жоқ, әсіресе анарларын қысып-қысып, аш белінен құшақтап өзіме тартып едім, қарсылық көрсеткен жоқ, бауырыма кіріп бара жатты. Ақ білектерімен мойныма асылып, еріндерімен еріндерім жабысып, тілінен бал сорып... Еріндерім сүюден босағанда құлақтарына «жаным, жаным, мен сені жан-тәніммен сүйемін, сен үшін өлуге де бармын...» деген сияқты, ақ жүрегімнен шыққан жалынды сөздерді күйдіріп-жандырып сыбырлай бердім. Аймалай бердім, аймалай бердім, құшағымнан шығарғым келмеді. Осы болып жатырғандардың барлығы түсім емес пе екен, мынандай аймаңдай сұлудың от құшағында өртеніп жатқаным шын өмірде ме екен, бұл не деген БАҚЫТТЫ ТҮН еді, жаңа ғана аунақшып, дөңбекшіп кірпігім ілінбей жатқан жоқ па едім, осыған дейін ең болмағанда қолынан да ұстаған жоқ едім ғой, құшақтап, сүймек түгіл, бір кеште билегенім болмаса, мен бұл жерге қалай келдім...  деп. Өңім екеніне сене алар емеспін. Жаздың қысқа түні тез өтіп, таң да атып келе жатты. Ұзаққа созылған махаббат «шайқасынан» нәр алған, құмарынан шыға тояттаған құшағымдағы сұлуым да сары майдай балқып, балбырап, ұйқыда жатты. Мен ғана осындай кенеттен басыма қонған бақыт құсына  сенер сенбесімді білмей дал болып, құшағымдағы бақыт құсынан айрылып қалмауды ойлап жатқан. Сәлден кейін сұлуымның мойнының астында қалған қолымды ақырын, оятып алмауға тырысып, шығарып алдым да, төменгі жағыма ақ жайманы орап алып, ас үйге барып кофе дайындап, подносқа әртүрлі тәттілер салып алып жатын бөлмеге келдім. Подносымды кереуеттің қасындағы тумбочкаға қойып, ұйқыда жатқан сұлуымның аймаңдайынан, ернінен, ақ тамағынан, аппақ төсінен жайлап, еріндерімді тигізер тигізбес қылып шөпілдетіп сүйе бердім, сүйе бердім. Сұлуым да оянып алып, көзін ашпастан, еркелеп, мойныма ақ білектерін асып, мені өзіне тартып, ернімен ерніме жабысып сүйді де, құшағын жазбастан төсегінде тұрып отырды. Мен: «Қайырлы таң, Аппағым!» деп еркелетіп, алдына подносты қойдым. Бұдан былай қарай енді сұлуымды «Аппағым» деп атайтын болдым, тек тәні аппақ емес, ішкі жан-дүниесі де аппақ екенін сездім де, ендігі жерде тек қана осылай атайтын боламын деп шештім, өзіне де айттым. Біздің алғашқы таңғы асымыз осылай басталды. Таңғы ас үстінде, телефондарымызды түгелдей өшіріп тастаймыз, келген адам болса есік ашпаймыз, осылайша бақытты шағымызды бөтен көздерден қорғаймыз деп шештік. Аймаласу, құшақтасу, сылап-сипау, еркелету, махаббат ойындары, құштарлық ыстық сөздер... Бір мезгілде, тәуліктің қай мезгілі екенін де білмейміз, сыртқы есікті біреу қаққандай болды, екеуміз жас балалар сияқты, есік жақтағы терезенің жапқышының арасындағы саңылаудан сығалап қарадық. Көрші әйел, ешкім жауап бермегесін үйіне кетіп бара жатыр екен. Қанша уақыт қағып тұрғанын да білмедік, ұзақ қақты ма екен? Аппағымды оранған жамылғысымен бірге қолыма көтеріп алдым, ол да ақ білектерін мойныма орай басымды құшақтап алды да қыдығы келген сәбидей тыпырлап, сықылықтап күле берді, күле берді. Массаж жасап жүргенде сезгенмін, мықын жағындағы бір нүктеге қолым тигенде селк ете түсетін. Қазір де бір саусағым сол нүктенің дәл үстінен басып тұр екен, құшағымдағы сұлу келіншектің бұлқынғанын қызық көріп, саусағымды сол нүктеден алмадым, керісінше, сол жерге батыра түстім. Ой, жаны шығып кетердей болып тыпырлады, бұлқынды дейсің әрі таудан аққан бұлақтың сыңғырындай құлағымның түбінен шыққан күлкісі қандай керемет. Сол көтерген күйімде ваннаға апарып, душтың астына тұрғыздым, өзім де беліме орап алған ақ жаймамды шешіп тастап қасына тұра қалдым. Суды толық ашып, екеуміздің де үстімізге жылы су жібердім. Рахат! Судың астында тұрған Аппағымның денесін сипалап, сұйық сабынмен жуындыра бастадым да, сәлден соң ол шаруа жөніне қалды, келіншек мені құшағына алып, бауырыма тығыла берді... Селдетіп құйған ақ жаңбырдың астында қолшатырсыз қалған ғашықтардай болып, толассыз құйылған жылы судың астында сүйісіп тұрдық. Ол сүйріктей саусақтарымен, жұп-жұмсақ алақандарымен денемдегі әртүрлі «ұрыстардан, шайқастардан» түскен тыртықтарды, ескі жарақаттардың және күні кеше алған жаңа жараның  орындарын сипалап, сүйіп «емдеп», бұлардың тарихтарын сұрады. Неге көп деді. Бала кездерден бастап күні кешеге дейін бірталай тыртықтар бар екен, оларға ешқашан мән берген жоқ едім, санын да білмеймін. Енді ғана сұлу келіншектің саусақтары тигесін біразы бар екенін біліп отырмын. Түнде де құшақтап жатып саусақтарымен соларды аялағанын сезгенмін. Суды тоқтатып, сұлуымды сәби сияқты ақ жаймаға орап алып, көтерген күйі жатын бөлмеге апардым, кереуетіне отырғыздым. Сәлден кейін екеуміз тамақ жасау үшін ас үйге бардық. Әрине, арасында көп сырластық, айтылға әңгіменің шеті жоқ. Өзім туралы бүкпесіз бар шындықты жайып салдым, оның өмірі жөнінде де біраз мәліметке қанықтым. Жастай тұрмысқа шыққан, бал айы өтер-өтпесте жұбайы көлік оқиғасынан қаза тапқан, уақыт өте келе аяғы ауыр екенін білген. Мезгілі жеткесін қызы дүниеге келген, өсірген, өндірген, шет тілдері институтына оқуға түскен, сол жерде жүріп шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан. Біздің елге келген шетелдік делегацияға аудармашы болып жүргенде болашақ жұбайымен кездескен, көп ұзамай тұрмысқа шыққан. Өзі журналист мамандығына оқып, теледидарда, театрларда мамандығы бойынша қызмет атқарған, әлі де жұмыс жасауда. Артынан қалмай тұзағына түсірген бір адаммен аз уақыт бірге тұрған. Бірақ ол адамның сырты жылтыр болғанымен, ішкі әлемі сыртқы жылтырағанына сай болмай шыққан. Көрсеқызар, қуыс кеуде, іші тар, қызғаншақ. Бірге тұрған аз уақытта осы жағын байқап үлгергесін тездетіп айырылысқан, енді қайтып  маңына жолатпаған. Осы жағдайдан соң-ақ еркек атаулыға көзқарасы онша емес. Артынан, біраз жылдардан соң, түнгі махаббат майданынан кейін тыныстап жатқанымызда құлағыма сыбырлап: «Менің еркектерге деген теріс көзқарасымды кері айналдырған сенсің, еркектің ыстық құшағы осыншама ләззат сыйлатынын тек сенің қойныңда жатып, сенің құшағыңда балқып білдім. Сол үшін де саған ризамын, Сұңқарым (кейде Қыраным, Жұлдызым деп те еркелететін)! Оянбай бұғып қалған сезімімді ояттың, әйтпесе мына өмірден бос өтеді екенмін. Әйелдік ғұмырымның көбі кетіп азы қалғанында болса да саған тап қылған тағдырыма ризамын.»,-деп ағынан жарылып еді. Бірақ оған дейін әлі көп бар еді, бүгінгі таңдағы менің статусым қандай екенін білмедім. Әзірге бақыттан басым айналып, алдағы күнді ойлауға мұршам жоқ қой.  

  Үйі жақсы екен, бір бөлменің жары толған кітап жиналған сөрелер, еденнен төбеге дейін. Кіші залдың (қонақтарға арналған асхана) бір жағында камин тұр, қасында шымшуырлары, көсеулері, тағы да керек-жарақтары жинаулы тұр. Теледидарға видеоплеер қосып, шетелге саяхаттағанда түсірген видеорепортаждарды да тамашаладық. Не деген білімді, білікті, жан-жақты мықты дамыған әйел деп тамсанумен болдым. Ішкі әлемі өте бай, сыртқы сұлулығына сай әйел екен. Құшағымыз жазылмай, осындай, осындайларды тамашалап отырғанда түн болғанын да сезбеппіз. Аппағым дәмді қылып кешкі ас дайындады, мен қасында болып көкөністерден салат жасадым. Сыртқы есікті де, терезелердің жапқыштарын да ашпастан бұл күн солай өтті. Келесі күні кешке қарай ғана үйден жарық дүниеге шықтық. Құшақтасқан күйі ауладан шығып, ауылдың шет жағында ағып жатқан өзенге қарай беттедік. Соңғы үйлерді артқа тастап, ашық алаңмен өзеннің жағасына қарай беттей бергенімізде, қасымыздан сәл асып барып, тормоздарын шиқылдатып екі машина тоқтады. Екі машинадан 7-8 жігіт сау етіп түсе қалды. Аппағым бір жаманшылықты сезгендей қолымнан тас қылып ұстап алды.Үн жоқ. Күн бата қоймаған шақ, айнала жарық. Жігіттердің арасында алдыңғы түнде бізге соқтыққан үш бұзақы да бар сияқты, шырамытып тұрмын. Өш алуға келгендер ме, әлде қалай, мүмкін жекпе жек арқылы мәселені шешуге мүмкіндік берер деп ойлағанымша болған жоқ, жігіттердің арасынан біреуі маған қарай құшағын аша жүре берді. Күліп келеді. Келе мені құшақтап амандасып мені сыртымнан танитынын айтты. Мен де ол жігітті шырамытып тұрмын, бокстан өтетін жарыстарда көріп жүретін сияқтымын, қалған жігіттері машиналардың қасында сол күйі иіріліп тұр. Маған келген жігіт солардың басшысы, главары екен. Алдыңғы күні түнде болған келеңсіз жағдай үшін бізден (Аппағым екеумізден) кешірім сұрауға келіпті. Бұл жігіт мені тек бокстан өтетін жарыстар арқылы ғана білмей, соңғы кездердегі көптеген «істерім» (жаттықтырушының тапсырмалары)  жайынан да хабардар екен. Сөйткенше болған жоқ, алдыңғы түндегі бізге соқтыққан бұзақыларды шақырып алып бізден кешірім сұратты. Жігіттерінің алдында авторитет екені көрініп-ақ тұр. Үшеудің бірінің қолы шыққан ба, сынған ба, мойнына асып байлап алыпты, тағы біреуінің мұрны сынған, қисайып тұр, үшіншісі де ақсаңдап жүр. Үшеуінің де қолдарын қысып, кешірім берген болдым. Шындығында, мен ол жігіттерді құшақтап сүйіп, рахмет айтуым керек қой деп ішімнен күліп тұрдым. Осы үшеуі соқтықпағанда мен керемет сұлудың құшағында болар ма едім, болмас па едім. Әй дүние-ай, біреуге былай, біреуге олай. Топтың басшысының айтуынша олар біздің үйді сыртынан қарауылдап, қашан көшеге шығатынымызды аңдыған. Әртүрлі жолдармен мына үш жігітті жазалаған мен екенімді анықтаған. Қорқып тұрған Аппағымның көңілі орнына түсейін деді. Жігіттер Аппағымнан да кешірім сұрады, қолдары кеуделеріне қойып, бастарын иген болды. Осылайша алдыңғы түнгі орын алған қолайсыз (мен үшін өте тиімді) инцидент бейбіт аяқталғандай еді. Кетерінде топ басшысы маған: «Осы аймақтағы кез-келген шаруаның ретін келтіреміз, оңынан шешеміз. Көмегіміз керек болса хабарласуға болады, қуана-қуана көмектесеміз»,-деді. Жапырлай көліктеріне міне сала кетіп қалды. Аппағым екеуміз серуенімізді жалғастырдық. Өзен жағасында суға аяқтарымызды малып, бір бірімізге сүйене, құшақтаса отырып сыр шертістік. Аппағым менің бұларды қайдан танитынымды сұрады. Басшылары жақсы боксшы екенін, жарыстардан көріп жүргенімді айттым («жаман істер» арқылы атағым шыққанын айтпадым). Ай туып, жұлдыздар шыққасын үйге қайттық. Үйдің кіреберісіндегі веранданың баспалдағына бір корзина ақ раушан гүлдері, бір  корзинада әдемі торт, шоколад, тәтті сок, бір бөтелке Шампан шарабы және открыткада «Біздерден Сіздерге» деген әдемі жазу бар екен. Әлгі жігіттердің ісі екенін түсіндік. Қабыл алдық. Үйге кіріп шешініп, жуынып алғасын Аппағыма ауладағы беседкада айдың жарығымен тортпен шай ішсек, аққайнар шампанмен осы кездесуімізді атап өтсек қалай болар еді деген ұсынысымды айттым. Қуана келісті. Керемет шай ішу болды. Ертеңге менің қандай жоспарым барын сұрады, емтихандарымды толық тапсырып болдым, қалғаны шипажайдағы жұмысым дедім. Тар төсекте, сары майдай балқыған әсем келіншектің ыстық құшағында қалай ұйықтай алар едің... Таңертең ерте тұрып, жуынып, таңғы асты ішіп алып екеуміз де автобус аялдамасына бардық. Ол қаладағы жұмысына, мен шипажайдағы жұмысыма, тұратын мекеніме кеттім. Аппағымсыз күн өтіп, кеш түсіп болмады, сағатыма қарай-қарай шыдамым таусылды. Шипажайдың басшысына алдында телефонымды сөндірерде екі күн, сенбі, жексенбі болмаймын, шұғыл шаруалар шығып тұр деп ескерткенмін. Ескерткенім жақсы болды, келген бойда ың-шыңсыз жұмысыма кірісіп кеттім. Жұмыс уақыты аяқталған бойда аялдамаға қарай құстай ұштым. Үйге жетіп келсем, Аппағым жұмыстан ерте келіп, дәмді ас дайындап жатыр екен. Мені күтіп, тамақты мен үшін дайындап жатқанын бірден сездім. Есіктен кіріп келгенімде көздері жарқ ете қалып, маған қарай құстай ұшты. Аяқ киімімді шешіп үлгерместен мойныма асыла кетті. Қатты сағынған екен, мен де осы сәтті күтіп жаным шыға күнді әрең кеш қылған едім ғой. Кешкі ас үстінде менің осы үйге толықтай көшіп келгенім дұрыс болады деп шештік. Осы мәселені өзім бастай алмай, өзінен шешім күтіп жүргенімді ол кеше кешкі шай үстінде сезген екен. Бірақ сол бойда ештеңе айтпастан, уақыт көрсете жатар деп кейінге қалдырыпты. Ал бүгінгі күн  сағыздай созылып, өтіп болмай, қатты сағынғанын айтты. Шындығында менің дұрыс адам екендігіме, арам ойым жоқтығына осы аз ғана күннің ішінде көзі жетіпті. Шипажайдағы бірге серуендеген күндерде де мен ол келіншектің сынағында болыппын. Сынақтан мүдірмей өтіппін. Ертеңіне шипажайдың басшыларына алғысымды айтып, оқуыма жақын маңнан ыңғайыма сай келетін пәтер тапқанымды, соған көшетінімді ескерттім. Көшеді деген аты ғана, бірер сөмкеге сиятын киімдерім, кітаптарым ғана ғой. Көшіп келдім. Бірге тұра бастадық. Менің осыған дейінгі қысқа ғана ғұмырымдағы алғашқы отбасылық күндерім, сүйіктімнің ықыласымен дайындалған үй тамағын жей бастадым. Бұған дейін ылғи «казенный» үйлерде тұрып, көпшілікке дайындалған дәмсіз асқа үйреніп қалған адаммын ғой. Осылайша бақытты күндер өтіп жатты. Екеумізден асқан бақытты жандар жоқ еді. Аппағыма бірер рет үйленейік, заңды түрде ерлі-зайыпты атанайық дегенімде көп ыңғай бере қоймаған. Мен де оның мазасын алып, өзіне ыңғайы келмейтін әңгімені қайталай беруді жөн көрмедім. Аппағымның ақылы ұшан теңіз, өте салмақты адам, осы мәселе жөнінде бір ойы бар шығар, реті келгенде өзінен естірмін деп жүре бердім. Ол кітапты көп оқиды, тамақты дәмді пісіреді, күнде кейде таңертең, кейде кешке қарай үйде йогамен шұғылданады, медитация жасайды, арасында йога орталығына барып жаттығуларға қатысады. Кейбір кездері түннің бір уағына дейін жұмыс жасап, мақалалар, рецензиялар, тағы бірдеңелер жазып жай жататыны да болады. Сирек болса да кейбір кездері құрбылары да қонаққа келетіні бар. Бірте-бірте мен осы ортаға үйрене бастадым. Адамды орта қалыптастырады ғой, айналам толған өнер, ғылым адамдары болғасын да шығар, әлде бұрыннан да ұмтылысым бар ма, менде білсем, көрсем деген қызығушылық пайда болды. Аппағым да театрлардағы қойылымдарға барғанымды жақсы көретін сияқты, қандай қойылымдарды қараған дұрыс болатыны жайында да кеңес береді. Қандай кітап оқу жөнінде де кеңестер береді. Жақсы жаққа қарай бағыт алғанымды өзім сезіп те, байқап та жүрмін. Аппағымның қасына келгелі ой-өріс, сөз сөйлеу деңгейім бірталай көтеріліп қалды. Осылайша жүргенде менің оқуым да аяқталып, диплом қорғауым қалды. Диплом қорғауға Аппағым қатысты, барлығын видеокамерасына түсіріп алды. Аппағымның диплом қорғауыма киіп келген киімдерін, аудиторияға қалай маң-маң басып кіргенін көруге көз керек қой, көз керек. Ал содан кейін бірнеше күннен соң болған диплом тапсыру салтанатына Аппағым өзі таңдап жүріп мені кереметтей қылып киіндірді. Өмірімде киіп көрмеген костюм-шалбар алдым, қымбат матадан тігілген, фирмалық бутиктен алынған. Туфли де соған сай, аппақ көйлек, запонка, әдемі галстук, галстук қыстыратын әдемі қыстырғыш, әдемі қолсағат, тіпті қол орамалға, шұлыққа дейін Аппағымның таңдауымен алынды. Сол күні екеуміз шыттай болып киініп, қос аққудай болып институтқа келдік. Салтанатты жиыннан бес жыл тер төгіп оқыған еңбегімнің нәтижесіндей диплом алып, кеудеме жоғары оқу орнын бітіргенімді білдіретін төсбелгі (ромбик) тағып шықтым. Аппағым менің жетістігіме менен артық қуанған сияқты, жүзі бал-бұл жанып, көздері күлімдеп, кереметтей нұрланып кетті. Екеуміз жақсы мейрамханаға барып осы қуанышты атап өтпекші болдық. Бұл көптен бері ойластырылып қойған мәселе еді. Аппағым тек дипломды болғанымды, оқу бітіргенімді атап өтпекші болып жүрсе, бұл отырысқа мен тағы бір басқаша қырынан келіп, ерекше мән беріп дайындалып едім. Алдыңғы кездерде менің үйлену жөніндегі бірер рет айтқан сөздеріме ұзақ уақыт жауап болмай қалып, бір реті келгенде осы мәселені өзі қозғап, маған «Екеуміздің жас алшақтығымыз көп әрі мен саған бала туып беретін жастан да асып кеттім, ендігі жерде бала көтере алмауым да мүмкін. Егер сенің меселіңді қайтара алмай, саған тұрмысқа шыға қалсам, онда сен ұрпақсыз қалуың да мүмкін. Беттің әрі біраз жылдардан соң қайтады, әжім басады, қарттық келеді, одан ешкім қашып құтыла алмайды, қазіргі кезде мені құлай сүйіп жүргеніңмен, уақыты келгенде сен артымда ізімнен ерген ұрпағым қалмады-ау, өзім де жалғыз едім, енді міне бұл фәни дүниеден із-түзсіз жоғалатын болдым деп ойланатын боласың. Маған сездірмегенмен іштей өзіңді мүжитін боласың. Сол кезде сенің қиналғаныңды, мүжілгеніңді көру маған да оңай болмайды. Мен сені қатты, жан-тәніммен сүйемін, осы өмірімдегі шын сүйген ер азаматым сен ғанасың. Сондықтан, сен оқуыңды бітіріп, жақсы мамандық алғаннан соң, өзіңе жақсы жар болатын, өзің теңдес жас қыз таңдауың керек. Мен сендерге тілекші болайын, кедергі келтірмейін...»,-деген сияқты уәждер айтқан болатын. Мен сол кезде оның айтқандарына келіспей, оны бар болмысыммен, жан-дүниеммен сүйетінімді айтып құшағыма қысып аймалап едім. Айтуын айтып алғанмен, осы сөздерден кейін ол да басын кеудеме қойып солқылдап жылап еді. Оны жұбата алмай есім кеткені әлі күнге көз алдымда. Сол кезден бастап мен осы диплом алатын кезге іштей дайындала бастағанмын. Қаланың ортасындағы Аппағым ұнататын мейрамханаға келдік, алдын ала тапсырыс беріп қойған орындарымызға отырдық. Тамақ мәзірін де таңдадық, тапсырыс бердік. Әңгімелесіп отырмыз. Отырыс әбден қызған кезде менің ымдауыммен администратор музыканттарға барып алдын ала келіскеніміз бойынша тапсырыс берді. Диджей микрофон арқылы менің атымды айтып Аппағымның қолын сұрайтынымды бүкіл зал толы қонақтарға жариялады. Аппағым өз атын естігенмен, бұл не спектакль екенін түсіне алмай дал болуда. Осы кезде диджей маған бір корзина ақ раушан гүлдерін және бір қорапша әкеліп берді. Керемет музыка төгіліп тұр. Зал толы біз танымайтын қонақтар біздің стол жаққа қарап қалған. Аппағым әлі абдырап отыр. Мен диджейдің қолынан корзина толы ақ раушан гүлдерін алып Аппағыма ұсындым да, диджей қорабын ашып дайындап беріп тұрған күміс сақинаны, күміс әдемі сырғалар мен қазақы ою-өрнек салынған білезіктерді алып Аппағымның қолын, маған жар болуын сұрадым. Сол кезде музыка тына қалды да зал толы қонақтар орындарынан тұрып қол шапалақтап тұрып алды. Аппағым мынандай қошаметтен де, бүкіл зал толы қонақтардың назарынан да қысыла-қысыла орнынан тұрып гүлдерді қабыл алды, қонақтар қол соғуларын қояр емес, мен де сақина ұстаған қолымды Аппағыма қарата созып тұра бердім. Ненің не екенін енді түсінген Аппағым менің қандай қулыққа барғанымды көріп, қуанғаннан жымиып күле берді де саусағына сақинамды кигізуге ұсынды. Сақинаны кигізіп бола бергенімде керемет музыка ойнай жөнелді. Бұл Шәмші Қалдыаяқовтың вальсі еді, алғаш рет екеуміз шипажайдың би алаңында билеген вальс әуені. Сол бойда Аппағымды ортаға биге шақырдым. Сазды әуеннің ырғағымен билей жөнелдік. Ортада тек екеуміз ғана, басқа қонақтар бізге қарап қол соғып тұр. Әуен аяқталып, біздер орнымызға отыра бергенде басқа столдардан екеумізді құттықтаған гүл сәлемдемелер ағыла бастады. Корзиналармен де, букеттермен де келіп жатқан гүлдерде есеп жоқ, столымыздың айналасы гүлге толды. Танымайтын, осы мезгілде залда болған қонақтардың барлығы да  тап осындай керемет, тамаша түрде ұсыныс жасаған және оны қабыл алған қалыңдық пен күйеуге риза болып кезек-кезек ағылып келіп құттықтап, шарап толы бокалдарын соғыстырып, біздерге бақытты өмір тілеген ақ тілектерін айтып жатты. Бір мезгілде диджей микрофон арқылы жаңа пайда болған қалыңдық пен күйеуді ортаға шығып, достарының атынан тапсырыс берілген әуенмен би билеуге шақырды. Шықтық, биледік. Аппағым мәз, қуаныштан көкке ұшуға шақ қалып, вальс әуенімен құшағымда қалықтауда. Мен таңмын, бұл жерде мен танитын бір адам да жоқ сияқты және менің тап осындай ойым барын өзімнен басқа тірі жан баласы білмейтін еді ғой. Музыка аяқталып, Аппағымды орнына отырғыза бергенімде бір жігіттер келіп екеумізді құттықтады да, мені оңаша шығарып алып, бір кездері «бір іс» бойынша жолдарымыз қиылысқанын, сол кезде мен оларға жақсылық жасағанымды айтты. Мен есіме түсіре алмадым. Сонымен түн ортасынан ауа қалыңдығымды қолыма қондырып, көңілім бірленіп үйімізге қайттық. Сол түні көз ілмедік, Аппағым менің тапқырлығыма, өзін қалай «алдап» торға түсіргеніме таң қалып, риза болып, күлкіден езуі жиылмады.                      

...

Бәкөн әл-Сағыз.

(жалғасы бар, осында)