ТАҒДЫР-ТАЛАЙ

ТАҒДЫР-ТАЛАЙ

Бисенбай

Бисенбай Бисенғалиев.

05.12.1951 ж.т. Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Ембімұнайгаз» АҚ-на 100 жыл,  «Қарақия ауданына 45 жыл», «ҚР жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілерінің, «Қарақия ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына, Қарақия ауданының «Қазыналы Қарақия» энциклопедиясына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті», «МЕН – Геолог-барлаушымын», «Киелі өлкені өзгерткен БАРЛАУШЫЛАР»  кітаптарының авторы.

 

Тағдыр-талай

...

III

(жалғасы, басы осында )

   Шипажайдың басшылығымен келісіп, институттағы сабағымның, жаттығуларымның кестелеріне сай келетіндей жұмыс кестесін жасап алдым. Мен осы кезге дейін нағыз кәсіби, тәжірибелі массажшы болып алғанмын. Әртүрлі «жаман» істермен айналысып тапқан қаражатымды басқалар сияқты желге (сауналарға, ішімдікке, жеңіл жүрісті қыздарға, мейрамханаларға, арзан көлікке...)  шашқан жоқпын. Мен жоқшылықтың қандай болатынын, не екенін туғаннан бері көріп, ащы дәмін татудай-ақ татып келе жатқан адаммын, сондықтан да тапқан тиын-тебенімді орнымен жұмсауға бала жастан үйренгенмін. Тіпті бала кезімнен қолыма түскен тиын-тебенді әртүрлі, өзім білетін жерлерге тығып, жинап та жүретінмін. Осы әдетіме қарап мені өте сараң, ақша десе арын да сататын ашкөз деп ойлап қалуға болмайды. Бұл менің қанымда бар үнемділік, азға қанағат тұту керектігін білуді, алдағы күнді ойлауды дұрыс түсіну еді. Азғантай ғана жинақтаған тиындарыммен сол кездердің өзінде мен жылап жатқан, жәбірленген жас балаларға қамқорлық та жасап жұбатып жүрдім. Есейгесін, балалар үйінің қабырғасын тастап шыққасын да мен осы қасиетімнен айныған емеспін. «Жаман» істермен тапқан қаражатым өз басыма қалай жұмсасам да жетіп артылатын, тапсырыстарды орындап келгенде жаттықтырушым маған басқаларға қарағанда едәуір қомақты «еңбекақы» төлейтін. Міне сол қаражатқа мен массажшылықтың қыр-сырын жете біле түсу үшін сол кездерде қаламызға қытай елінен келетін мықты массажшылардан дәріс алдым, қастарында болып үйрендім, біліктілігімді арттырдым. Мен осы кәсіптің өте пайдалы екенін жақсы түсіндім, білдім, досымның анасы да миыма құйған болатын кезінде. Шипажайдың басшылары менің кәсіби біліктілігімді дұрыс бағалады, түсінді. Сондықтан мені білікті, тәжірибелі маман ретінде сыйлады, айрылып қалмауға тырысты. Дегенімді жасады десем де болады. Институттағы оқуымды тастап, осы кәсібіммен де тым жақсы өмір сүруіме болатын еді, келе-келе өзіме жеке кабинет ашып, одан соң ол кабинетті ұлғайтып массаж орталығына айналдырып та алу ойымда болды. Бірақ ойлана, ақылға сала келе, алдағы уақытта (ағамыз айтқандай, болашақта елдің жағдайы түзелген кезде) қалайда жоғары білімсіз қиын болатынын сездім. Өзімнің рухани деңгейімді де көтеру жағын ойладым. Әйтпесе, қарабайыр көп кәсіпкердің бірі болып, тек баюды көздеп, өзім үшін (Абай айтқандай, өзің үшін еңбек еткен хайуандай) тырбануды жөн санамадым да оқуымды жалғастыра бердім. Әзірге шипажай басшылары маған осы жерден шағындау бір бөлме берді де мен сол жерде тұрып жаттым. Бөлменің ақысы мен күнделікті шипажайдың асханасынан ішкен асымның ақысын еңбекақымнан ұстап қалатын болып келістік. Бұл маған да, шипажай басшыларына да тиімді болды. Біздің шипажайдың тұрған жері бір керемет, табиғаты тамаша жер. Таудың баурайы, айнала қалың орман, қалаға қатынайтын автобус аялдамасы да онша көп қашық емес, қаланың шулы орталығынан алыс, ең бастысы, шипажайдың аумағында біршама үлкен көл бар, шипажайдың ауласында қырғауылдар да жүреді, ақтиіндар да баршылық. Демалғысы келіп шипажай таңдайтындардың барлық талаптарына сай келіп-ақ тұр. Басқалардан тағы бір артықшылығы, мықты, қытай тәсілдерімен әртүрлі массаж жасайтын, осы күндері атағы біраз жерге тарап үлгерген массажшы маманы бар (ұят та болса аздап мақтанып қояйын, демалушылардың нобайы менен массаж алу үшін таңдайды екен осы шипажайды). Расымен де мені жұмысқа шақырушылар көп еді. Сонымен мен осы жерде тұрып, жұмысымды да, оқуымды да жалғастыра бердім. Рахат, таза ауа, тамағың тоқ, баспанаң бар, жұмысың да онша қиын емес, бұрынғыдай «лас тапсырмалармен» ешқайда шаппаймын. Тағы бір ұтқан жерім, боксты тастап, шығыс жекпе жегіне ауысқаным еді. Бұл спорт түрі тек денсаулықтың кепілі ғана емес, ұрып-соғу да алдыңғы орында емес, бұл – ой-өріс пен руханияттың кемелденуіне бастар жол екен, өзінің философиялық болмысымен де басқа спорт түрлерінен ерекшеленеді екен. Шығыс жекпе жегі адамдардың физиологиялық мығым болуын ғана емес, салмақтылық пен рухани өрісін де кеңейтуге бағытталған спорт түрі екен. Іздегенге сұраған дегендей болды да қойды. Қытай массажшыларынан дәріс алып жүргенде осы бағыттағы ойларды көп естіп едім, енді міне шұғылданып жүрген спорт түрі де сол бағытқа сай бола кеткені мені қуантты. Кәсібім де ойланып, барлық ой-санаңмен беріліп жасауды талап етсе, айналысып жүрген спорт түрі де тап солай болып шыққаны ғажап болды. Екеуінде де философиялық негіздер алдыңғы орында тұр. Шығыс жекпе жегін (мен таңдаған У-шу деген түрі) жүргізетін жаттықтырушымыз ғалым адам екен, бұл оның тек хобби ретінде алып жүрген қосымша қоғамдық шаруасы болып шықты. Негізінде ғылыммен айналысады да, жастайынан шұғылданған, біраз жетістіктерге, дәрежелерге (жоғарғы дан қара белбеу, осы спорт түрі қатты дамыған шығыс елдерінде болған, ғұламаларынан дәріс алған),  жеткен осы спорт түрін үйренгісі келетіндерге тегін үйретіп жүр екен. Дерек көздерінде шығыс жекпе жегінің осы түрі жайында былай деген екен: «У-шу – барлық жастағы, әр түрлі салмақтағы адамдардың айналыса беруіне болатын, сырқаттығына, дененің кемістігіне еш зиян тигізбейтін аса пайдалы жаттығулардың тұтас жүйесі. У-шу көптеген ғасырлар бойы қалыптасқан спорттың түрі. Қазіргі кезде оның неше түрлі мектептері, олардың өздеріне тән көптеген ерекшеліктері бар. У-шудың адам өз еркімен, асықпай, байыппен жасайтын әдіс-тәсіл жаттығулары денсаулықты сақтауда және нығайтуда өте пайдалы. Шығыс жекпе жектерінің бұл түрі негізінен қарсы жақтың шабуылынан қорғану үшін қолданылады. Қорғану мен шабуыл жасауға адамның барлық дене мүшелері қатысады. У-шу адамның жаны мен тәнін бірдей шынықтырып, жетілдіретін, алуан түрлі шабуылдан қорғануға өте қолайлы спорт түрі болғандықтан, ғасырдан ғасырға жалғасып, дүние жүзіне тарады.» Бұл спорт түрінде негізгі басымдық физикалық күшті дамытуға емес, ментальды жаттығуларға бағытталған екен. Шыдамдылық пен ерік-жігер күшіне сүйенетін, басымдық беретін, соларды дамыту арқылы адамды тәрбиелейтін спорт түрі. Сондықтан да мен осы түрін таңдадым және өз таңдауымның дұрыс болғандығына қатыса бастаған алғашқы күндерден бастап-ақ көзім жетті. Жаттықтықтырушымыз да осы салада біраз жетістіктерге жеткен, сабырлы, орнықты адам екен. Әр жаттығуды бастар алдында жақсылап түсінік береді, тек қимылды қайталау емес, барлық жан дүниеңмен беріліп жасағанымызды түсіндіреді, қадағалайды. Бірер айдан соң мен де өз бойымнан, ойымнан, санамнан жақсы жаққа қарай бұрылған біраз өзгерістерді байқадым.

  Осылайша күнделікті тірлігіммен айналысып, қарбаласып жүргенімде менің өмірімді кілт өзгерткен бір оқиға болды. Бір күні массаж кабинетіне жымия рұхсат сұрап, әдемі қазақ келіншек кіріп, қабылдау столымның алдындағы отырғышқа отырып, қолыма жолдамасын берді. Денесіне толық массаж алады екен. Қолымды жуып келгенше шешініп кушеткаға жата беруін айттым да, өзім қол жуатын бұрышқа кеттім. Келсем... Керемет! Массажбен айналысқан жылдар бойы қолымнан да, көз алдымнан да талай денелер өтті ғой, әдемілері де, неше түрлі басқалары да. Көрмей жүрген дүние емес дегендей. Ал мына келіншек маған бірден, есіктен кірген бойдан, ерекше әсер етті. Жымиып күлгені, сыпайы биязылығы, әдемілігі..., енді міне, денесінің сұлулығымен де есімді алып тұрғанын көрмейсің бе. Массаж жасадым ба, әлде сұлу мүсінін тамашалап, сүйсіндім бе, әр мүшесін алақандарыммен, саусақтарыммен сипалап... рахаттандым ба, білмедім. Уақыт тез өтіп кетіпті, тағы да жылы жымиып, мен қолымды жуып келгенше шығып кетіпті. Кеше келіп орналасқан екенін құжатынан көріп отырмын, кешеден бері бұндай сұлуды қалай байқамағанмын деп ойланып қалдым. Мен көбінесе, демалушылармен тек кешкі ас үстінде кездесетінмін, түске дейін оқуда, қалада боламын да, түстен соң кабинетімде демалушыларды қабылдаймын. Кешкі асқа ертерек келіп, асықпастан әдемі келіншектің келуін күттім. Келді. Қасында тағы бір келіншек бар, екеуі асықпастан, жай басып, өздері отыратын столға барып жайғасты. Жүрісі қандай еді, аяқтары қандай, киген көйлегі қандай жарасымды... Көз алмастан қарап отырғанымды сезді ме екен, мен жаққа сәл бұрылып, бас изегендей болды. Не ішіп, не жегенімді де білмеймін, әйтеуір ас ішкен болып отырғаным болмаса, барлық ойым әдемі келіншек жақта болды. Ендігі жерде күнде осы келіншектің массажға келетін уақытын күтетін болып алдым, қолымнан келетін бар өнерімді салып денесін уақалаймын, аялап сипаймын... Ешқандай сөз айтпаймын, ол да үнсіз, тек амандасады. Мен күнде кешке қарай шипажайдың аумағын айнала, ортадағы көлдің жағасымен жүгіремін, көл жағасына келіп аздаған жаттығулар жасаймын да, содан соң көл суымен белуарыма дейін жуынып аламын, кейде суға сүңгіп шомылып та аламын. Бір күні жүгіріп, қыздырынып алып жаттығуларыма кірісіп жатыр едім, мен тұрған жерден алысырақта тағы бір адамның әртүрлі жаттығулар жасап жүргенін байқадым. Бұрында бұл жерде менен басқа ешкім болмайтын, жаңа келген демалушылардың біреуі шығар деген оймен мән бере қоймадым. Шипажайға баратын жол мен тұрған жерге жақын маңнан өтетін еді. Манағы адам бір мезгілде жаттығуларын аяқтап, шипажайға қарай бет алды. Көз қырымен байқастап тұрмын, жақындап келеді. Жақын келгенде анық көрдім, о тоба, келе жатырған әдемі келіншек екен. Қолтығына қысқан жерге төсейтін спорттық төсеніші бар, асықпай жүріп келеді. «Іздегенің алдыңнан сұрамай-ақ табылар» дегеннің өзі болды да қойды. Сәтін салды деген осы шығар. Содан, осы кезді пайдаланып әдемі келіншекпен шипажайға дейін бірге барайын, жақынырақ танысайын деп ойлап мен де жолай оған жолсерік болып қосыла қойдым. Уақыт сырғып өтіп бара жатыр. Жұмыс мезгілінде уақыт жоқ, кезекте тұрған адамдар көп, басқа уақытта мен көбінесе қалада боламын, ол әртүрлі ем-шаралар алумен болады. Ол бұндай кездесуді күтпеген ғой, менің жаттығу жасап жатқанымды байқамаған сияқты, абдырап қалды. Әңгімені бірдеңеден бастау керек болғандықтан, кешкі жүгіруден келе жатқан бойым екенін айтып, осындай кезде оны аңдып жүргендей болмайын деп ақталғандай түр таныттым. Жайлап-жайлап әңгіме жалғасты да, шипажайға дейін бірге бардық. Айтпақшы, бұл келіншек йогамен айналысады екен, күндіз реті келмегесін осылайша кейде таңетең ерте, кейде кешке қарай шұғылданады. Біраз жылдардан бері серік етіп алғанын естідім. Бәсе, мүсіні керемет еді-ау, жүріс-тұрысы да..., бұл тек туа бітті табиғи әсемдікті жылдар бойы осылайша жүйелі түрде еңбектену арқылы жоғары деңгейде ұстап тұру ғой. Жарысқа жаратқан сәйгүліктей сылаң қағып тұруының бір себебін енді ұққандай болдым. Түнгі ауа керемет еді, аспан ашық, жұлдыздар да жарқырап... Егер қарсы болмаса, киім ауыстырып шығып біраз серуендесек қайтеді деген ұсынысымды қабыл алды. Тездетіп бөлмеме барып, спорттық киімдерімді тастап, жеңіл киімдер киіп шипажайдың шығар есігінің алдында тұрдым. Сәлден кейін ол да шықты. Демалушылардың серуендейтін жолымен жүріп келеміз. Шипажайға құрбысымен бірге демалуға келген екен, бүгін сол құрбысы әлдебір себептермен демалысын тоқтатып, шұғыл түрде қалаға қайтып кетіпті. Өзі әлі де болатынын, шипажайдың ұнағанын айтты. Таныстық жалғаса берді. Өнер саласына жақын адам екені бірден байқалды. Сөздері де, айтқан ойлары да өрнекті, айшықты. Мінезі салмақты. Тек сырт келбеті әсем, әдемі емес, ішкі жан-сарайы да әдемі екенін байқадым. Массаж жасап жүргенде дене сымбатының әдемі екенін көрсем, шипажайда жүргенде сыртынан бақылап, жүрісінің де сымбатына сай екенін көріп едім. Енді міне, ішкі әлемінің де жоғары екенін көріп отырмын. Ғашық болдым. Бір көргеннен сүйіп қалып едім, сезімім алдамаған екен. Сұлу десе сұлу, мүсіні қандай, жүрісі қандай, сөздері қандай... Бірақ, бұл сұлу мені маңайына жолата қояр ма екен, күйеуі қайда екен, атақты байдың ерке бәйбішесі болар-ау? Бір байдың ерке тоқалы болар-ау деуге аузым бармады, ондай жаман ойды жолатпауға тырыстым.  Осы жолы ұзақ қыдыруға болмады, аздап ауа жұтып, бой сергітіп жүргеннен кейін келіншектің өтініші бойынша демалатын жерге қайттық. Миымды тескен сансыз сұрақтардың жауабы табылар емес, түнімен көз ілмей шықтым. Көзімді жұмсам болды көз алдыма сұлу келіншек тұра қалады, жұпар аңқыған иығына төгілген шашы, денесінен шыққан хош иіс... есімді алып, ары, бері дөңбекшіп ұйықтай алсамшы. Енді қайттім? Ертең тағы қыдыруға шығар ма екен, әлде қасындағы құрбысы сияқты мезгілінен бұрын тайып тұрар ма екен, бірақ шипажай ұнады, аяғына дейін боламын деді емес пе? Осы қаланың адамы екенін білгенмін. Өнер әлемі жөнінде жазатын журналист деген сияқты, әлде театр сыншысы ма, есім кетіп жүріп осы жағын анық естімей қалыппын. Ертеңіне өз уақытында массаж алуға кабинетке кіріп келгенде көзім жарқ ете түсті, қуанғаннан орнымнан атып тұрып күле беріппін. Ол сол бір қалпында, ешқандай эмоциясыз, кушеткаға орналасты, мен жұмысыма кірістім. Бірақ бұл жолы массажды бар ынтаммен, бар білгенімді салып жасадым. Денесінің әрбір сантиметрін сылап-сыйпап, уқалап... О, керемет, қарасам, келіншектің көзі жұмылып, бетіне қызылы шығып, балқып, балбырап ұйықтап кеткендей көрінді. Жұмысымды аяқтағасын, қолымды жуып қайтып келсем, ол әлі жатыр екен, сәлден соң ғана ол көздерін әрең ашып, маған таң қала қарады. Бұндай да массаж болады екен-ау деп тұрған тәрізді. Мен тұрмын қалшиып, үнім шықпай. Үн шығармастан ол да халатын жамылып, шашын дұрыстап, шыға берді. Кешке қарай, мына жағдайдан соң ол кешкі астан кейін қыдырыстауға шығар ма екен, әлде қайтер екен деп мен жүрмін бөлмемде. Кешкі асқа, соңғы кездегі әдетім бойынша, асханаға ертерек келіп, сұлу келіншектің маң-маң басып кіруін күттім. Оның паңданып, тіп-тік болып, әр қадамын санап басып асханаға кіруінің өзінен мен ләззат алатын едім. Қарап, тамашалап отырудың өзі бір ғанибет мен үшін! Кірер есіктен көрінгенде-ақ жүрегім алып-ұшып тулап қоя берді. Бүгін ерекше сәнденіп, бет-жүзінен, жанарынан айналаға нұр шашып келді. Үстінде қысқа, тізеден жоғары жұқа көйлек, әдемі, ұйғыр, өзбек әйелдері киетін тарлау шалбар, балағы тобықтан келетін. Көйлек те, шалбар да сол халықтардың әйелдері киетін алабажақ әдемі, жұқа матадан тігілген (матаның атын білмеймін, батсайы ма, әлде...). Өз орнына барып отырды, тамағын ішіп бастағанда мен тездетіп тамағымды ішіп алып далаға шығып кеттім. Ойым, аулада өсіп тұрған қыр гүлдерінен бірнеше гүл жұлып алып сұлуым шыққанда сыйламақшымын. Жайқалып өсіп тұрған раушан гүлдеріне тимедім де, кішкене ғана дала гүлдерінің бірнешеуін жұлып алып дайындалып тұрдым. Біраз уақыттан соң сұлуым да көрінді. Қолымдағы гүлдерді ұсынып есік алдынан қарсы алдым. Бұл қылығыма ол мәз болды. Әйелдер гүл сыйлағанды ұнатады ғой. Әңгіме гүлдің қымбаттығында, әдемілігінде емес, ұсынған адамның ниетіне риза болатын тәрізді. Әрине, әдемі гүлдерді ұнататыны түсінікті, бірақ қыр гүлдерінің де өзіндік әдеміліктері бары шындық. Гүлімді ұсынып, таза ауада қыдырып келуге қалай қарайтынын сұрадым. Жүріп келеміз. Ол мен сыйлаған гүлдердің біреуін шашына қыстырып қойып еді, тіпті керемет болып құлпырып шыға келді. Мен әңгіме айта алмаймын, әсіресе, сұлуымның қасында тіпті аузыма су толтырып алғандай күй кешемін. Айтқым келетін әңгіме, сөздер көп сияқты, бірақ осындай кезде ойым жан-жаққа шашырап кететіні қызық. Абдыраймын да қаламын. Өзі жайында айтуын сұрадым. Арғы ойым, күйеуі, балалары, тұрмыстары жайын айтар ма екен деген еді. Мен күткен әңгімелер жайы сөз болмағасын, төтесінен сұрайын деп шештім. Қысыла-қысыла отбасы жайын сұрадым. Жалғызбасты, бір қызы бар, бірақ ол шетелде тұрмыста екен. Мен үшін өте қуанышты хабар болды. Екеуміздің жас айырмашылығымыз біраз бар, ол қырықтан асып кеткен әйел, мен тек жиырмадан асып барамын. Бірақ, сұлу әйелдің жасы қырықтан асқан деп айтуға тіпті обал, әрі кеткенде отыздың ар жақ, бер жағындағыдай болып көрінеді жасы. Бұл әдемі келіншекке өлем десең де одан артық жас бере алмайсың. Қыдырыстап келеміз, айналасына жұпар шашып келе жатырған сұлуымның қасында жүргеніме де ризамын. Басы бос екені мені жігерлендіре түсті. Ол менің массаж жасау шеберлігімді мақтап өтті. Массаж кезінде әбден балбырап, бойы балқып қалғып кеткеніне кешірім сұрады. Бұл өнерді қайдан үйренгенімді, қай жерде оқығанымды, неге тек қана түстен кейін қабылдайтынымды сұрады. Көп қазбаламай, массаждың сан түрлі амалдарын қытайлық шеберлерден үйренгенімді, ал түске дейін институтта оқитынымды, сабақта болатынымды айттым. Қандай мамандықты таңдағанымды сұрады, айттым. Кейбір кездері менің шипажайдағы тал-теректердің арасындағы алаңқайда жаттығулар жасап жатқанымды байқағанын, қандай спорттың түрімен шұғылданатынымды да сұрады. Бұрынырақта бокспен айналысып, соңғы кезде у-шу деген шығыс жекпе жегіне ауысқанымды айттым. Біраз қыдырыстағасын шипажайға оралдық та, ол қоштасып өз бөлмесіне кетті. Бөлмесіне дейін шығарып салмақшы ниетімді сезіп, осы жерден қоштасқанымыз дұрыс болатынын жеткізді. Сұлу келіншекпен екеуміздің арамыз сырт көзге жақындау сияқты болып көрінгенмен, дұрысында тек қана әңгімелесуден артық ештеңе жоқ болатын. Тіпті қолынан да ұстамаппын. Ертеңіне, қаладан бір құшақ аппақ раушан гүлдерін сатып алып келдім. Кешкі серуенге шығарда бөлмесінің алдынан күтіп алып гүл ұсындым. Қуанды! Таң қалды, бұл не үшін, қандай мереке деп. Мен бүгін екеуміздің кешкі серуенге шығып жүргенімізге 5 күн болды, сол датаның құрметіне дедім. Үндемей қалды, бұл айтқаным көңіліне жақты ма, әлде басқадай ойы болды ма, әйтеуір үнсіз төмен қараған күйі гүлді бөлмесіне апару үшін бұрылып жүре берді. Маған үйге кір демеді, бірақ бөлменің есігі ашық күйінде қалып, ол столдағы вазаға су толтырып, гүлді соған салып, қайта шықты. Көл жағалай біраз қыдырыстадық та, оңашалау жердегі бір отырғышқа отырдық.  Көп әңгіме айтылды, сөйлеуші ол ғой, мен тек тыңдаушымын. Көргені де, оқығаны да, көңіліне тоқығаны да көп, рухани бай әйел екен. Тек сырты жылтыраған әдемі емес, ішкі жан-дүниесі де әдемі екенін сездім. Бірталай елдерді аралаған, тарихи жерлерде, көрмелерде болған. Әңгімелесе отырып орталық алаң жақтан ойнаған музыка дауысы құлағымызға жетті, әдемі келіншек әңгімесін үзіп, сол жаққа қарай барсақ қайтеді деген ұсыныс айтты. Маған салса осы оңаша жерден кеткім жоқ, бірақ...амалсыздан келістім. Келсек, демалушыларға би кеші ұйымдастырылыпты. Қазақша, орысша сол кездегі де, бұрындары болған да әуендер орындалып жатыр екен. Бір шетінен келіп тұра қалдық. Бір мезгілде қазақтың вальс королі Шәмші Қалдыаяқовтың бір әні шалқып жүре берді. Сұлу келіншекті биге шақырдым. Қарсы болған жоқ, қолын қолыма салып биге кірдік. Талдырмаш белінен ұстап, вальс билеуге ыңғайлағаным сол еді, еркіме көне берді. Мектепте би үйірмесіне қатысқаным қандай жақсы болған, вальсті, тағы бір билерді үйренгенмін. Вальс билемегеніме біраз болсада, ұмыта қоймаппын. Сол кеште екеуміз бидің түбін түсірдік. Айнала толып тұрған демалушылардың барлығы біздерге қошемет көрсетті және осы би кешінің «королі» мен «королевасы» деген атақ беріп, мойындарымызға лента тағып, сұлуыма жұмсақ аю ойыншығын сыйлады. Сұлуымды құшағыма алып билеген сайын, шырқ көбелек айналған сайын оның шашынан, денесінен шыққан жұпар исінен басым айналғандай еді. Сол жерде менен бақытты жан болмаған шығар. Биден шыққасын бөлмесіне дейін шығарып салдым. Бөлмесіне шақырмады, құшақтап сүйіп қоштасуға батылым бармады, өзі де ыңғай бермеді. Тезірек қоштасып бөлмесіне кіріп кетуге тырысты. Осылайша кешкі серуенге малданып, тіпті қолынан да ұстауға именіп жүргенімде оның демалатын мерзімі де аяқталды. Менің батылым бармай жүргені «жас алшақтығымыз көп қой, болмайды, тек осылайша дос болып қала берейік, сенің болашағың алда, әлі талай сұлу бикештерді жолықтырасың...» дегендей сөз естіп қаламын ба дегендік еді. Ол болса анандай сұлу әрі еліміздің бетке ұстар, тек аттарын естігенім болмаса өздерін көп білмейтін, өнер адамдарының барлығымен де жақсы араласады, солармен бір ортада жүреді. Білімі де, біліктілігі де, өресі де, дүние танымы да менімен салыстыруға келмейді. Мен болсам қарапайым студентпін, ата-тегім белгісіз кешегі күнгі балалар үйінің тәрбиеленушісімін. Айнала толған аш арыстандай бойдағы бар, үйленгені бар, еркектер, мынандай сұлу келіншекті бос қояр ма, отбасы болмасада нақсүйері, кездесіп жүрген адамы да болуы мүмкін ғой, тіпті, мүмкін емес, бар да шығар, сондықтан да мені алыстау ұстап, маңына жақын жолатпай жүрген болар-ау. Өмірім жайында, балалар үйінен шыққанмын деген әңгімелерді әзірге тіс жарып айтқан жоқпын, бұл жөнінде өзімнен басқа жан баласы білмейді. Шошытып аламын ба деп бұл мәселеге жоламайтынмын. Сонымен ертеңіне, сол күнгі ем-шараларын алып болғасын, автобуспен үйіне қайтатын болды. Мен автобус аялдамасына дейін жүктерін көтерісіп, шығарып салатын болдым. Телефонын сұрап алғанмын. Аялдамаға келгесін автобус күтіп біраз тұрып қалдық. Автобус келді, ішінде адам жоқ екен, жалғыз жіберуге қимай, автобусқа бірге міндім. Қарсы болғанына қарамадым. Біраз жүргеннен соң ол түсетін аялдамаға да жеттік, жүктерін алып бірге түстім. Үйі аялдамадан біраз жер екен, көмектесіп, еріп бардым. Шағын, жекеменшік жер үй екен, тым жақсы ауласы, жеміс ағаштары бар. Жүктерін есік алдына қойып, қоштасып, кері қайтуға ыңғайландым. Автобустардың тоқтайтын кезі де болып қалған, соңғы автобусқа үлгеруім керек, әйтпесе бұл маңға такси де келе қоймасы анық. Қаланың шет жағы екен. Үйге кір, қараңғы түнде қайда барасың деп айтар ма екен, айта қалса не істеймін деп ойлап едім, олай айтқан жоқ. Салқындау жымиып қоштасты да қала берді. Соңғы автобусқа үлгеріп шипажайыма жетіп алдым. Содан әртүрлі шаруалар шығып, қолым босамай, емтихандар да қабаттасып біраз уақыт сұлу келіншекке қарай жолым түспеді. Сәл қолым босағандай болғанда сол жаққа қарай құстай ұштым. Күндіз жұмыста болатынын білемін ғой, кешке қарай келдім. Үйі жабық тұрғасын, аялдамаға барып жұмыстан келуін күттім. Бірнеше автобус келгенімен сұлуым жоқ болды түскен жолаушылардың арасында. Соңғы автобустан түсіп келе жатырғанын көріп қуанып кеттім. Егер осы автобуста да болмаса, онда мен осы автобусқа отырып шипажайыма кетпекші болып тұрғанмын. Ол да қуанғандай көрінді. Қолында тамақ салған сөмкесі бар екен, соны қолыма алып, екеуміз үйге қарай беттедік. Аялдама мен үйдің арасында тоғай сияқты қалың ағаш өскен жерден өтетін тіке жол бар, сол жолмен келеміз. Соңғы автобусқа әрең үлгергенін, театрда премьера қойылымға қатысып, одан соң аздаған шәй дастарханынан дәм татып жүргенде біраз уақыт өтіп кетті деп, түнделетіп жүргеніне ақталғандай болды (мүмкін сарғайтып, жолына мөлтеңдетіп  күткізіп қойғанына да). Бұл жұмыс аптасының соңғы күні жұма болатын, әдетте осындай іс-шаралар сондай күндері өтетіні белгілі ғой. Тоғайдың ортасына жете бергенде бізге қарсы келе жатырған үш жігітті көрдік. Ойымызда түк жоқ, қастарынан өте бергенде олар екеумізді де қаға, соға өтті. Ары кетпей, біздер не істер екен деген сияқты бұрылып қарап тұр. Сұлуымның қолындағы қол сөмкесі жерге түсіп қалған екен, мен еңкейіп соны ала бергенімде әлгілердің біреуі мені іштен теппесі бар ма. Қалған екеуі қызықты қарап тұр. Тепкен аяғын ұстап қалдым да екінші аяғын бір аяғыммен шалып жібердім (шығыс жекпе жегінің әдісі). Сұлуым айқайлап жатыр. Мына жігіт жерге басымен оңбай құлады да, қалған екеуі маған шабуылға шықты. Әп дегенше бірінші болып жеткенін шықшыттан ұрып сұлатып салдым, соққы өте қатты шықты, оңбай құлады (нокаут), бірақ үшінші жігіт менің арт жағымнан пышақ жұмсаған екен, оны сол бойда сезбей де қалдым. Қабырғам шым еткендей болды, бірақ оған қарауға уақыт жоқ, үшінші жігіттің маған сілтеген екінші қолын ұстап үлгеріп, кейін қарай қайыра бере, ішінен қатты бір тептім. Алғашқы соққы алған екеуі, бірін бірі сүйрелеп алысыраққа еңбектеп кетіпті де, үшінші жігіт те солардың соңынан тәлтіректеп барады. Қас қағым сәтте өте шыққан қысқа ұрыс болды. Пышақты таба алмай қалдым. Сұлуымның көзі шарасынан шыға қорқып тұр екен. Бақырайып, үнсіз қатып қалған. Мен үсті-басымды қағынып, киімдерімді жөндегендей болып сұлуыма келсем, дірілдеп тұр. Бұзақылар қашып кеткен. Үйге келдік. Сұлуым менің арқа жағымдағы пышақ тиген жарақатты көрсетіп, көйлегімді шешкізді. Сонда ғана пышақ тигенін сездім, жон арқамның біраз жерін тіліп кеткен екен. Сұлуым жуып, шайып, дәрі сеуіп, бинтпен орап тастады. Сұлуымның айтуы бойынша бұл аймақ тыныш аймақ екен, мына бұзақылар қайдан келгені белгісіз деді. Енді түннің ішінде қайда барамын, амалсыздан қонуыма тура келеді ғой. Сұлуым да маған жуынатын бөлмені көрсетіп, өзі шай қамына кірісіп кетті. Шай үстінде біраз әңгімелестік. Түннің біраз уағы болды, жататын уақыт келді. Үйі төрт бөлмелі екен, бір қонақ қабылдайтын кең зал, ас үйден бөлек, тағы бір асхана сияқты қонақтар ас ішетін кең бөлме (кіші зал), жатын бөлме, тағы бір жатын бөлме (сірә, балалар бөлмесі болар), ас үй (кухня), ванна, әжетхана, кең кіреберіс бөлме (прихожая), есіктің алдында веранда. Маған төсек басқа бөлмеге (балалар бөлмесіне) салыныпты да, мен жуынып келгенше өзі жатын бөлмесіне жатып қалыпты.

...

Бәкөн әл-Сағыз.

(жалғасы бар, осында)