Бисенбай Бисенғалиев.
05.12.1951 ж.т. Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасы», «ІХ бесжылдықтың социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Маңғыстау мұнай-газ барлау» кешенді экспедициясына 50 жыл», «Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Ембімұнайгаз» АҚ-на 100 жыл, «Қарақия ауданына 45 жыл», «ҚР жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілерінің, «Қарақия ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері. Есімі «Ел ардақтылары-Бұрғышылар» жинағына, «Незабываемое: страницы истории Мангистау» энциклопедиясына, «Олар алғашқылардың бірі болды. Они были первыми» кітабына, Қарақия ауданының «Қазыналы Қарақия» энциклопедиясына енген. Туған ауылын мәңгілік есте қалдыру жобасының жетекшісі, идея авторы, Ақтау қаласындағы «Геолог-барлаушылар аллеясы» идеясының авторы, «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» энциклопедиялық жинағының, «Студенттік естелік әңгімелер», «Бисенғали әулеті», «МЕН – Геолог-барлаушымын», «Киелі өлкені өзгерткен БАРЛАУШЫЛАР» кітаптарының авторы.
Тағдыр-талай
...
II
(жалғасы, басы осында)
...
Ендігі әңгімені жігіттің өз аузымен баяндайын. Алдыңғы бөлімде кіріспе ретінде сырқатымыздың жағдайын, қалай танысқанымызды, бұндай жағдайға қалай тап болғанын түсінікті болу үшін өз атымнан жазғанмын. Енді кейіпкерімнің өзі сөйлесін.
«Аға, бұл жігіттің туғандары қайда, қай жерде туған, басына осындай іс түскенде, ауыртпалық түскенде неге осылайша жалғыз жүр, іздеп келетін ағайындары жоқ па деп отырған боларсыз. Алдыңғы кезде бір палатада жатқанда да осындай ойыңыз болғанын сезіп едім, бірақ ол кезде екеуміздің де, әсіресе, менің жағдайым әңгіме айтуға келіңкіремейтін болды ғой. Қазір міне осы олқылықтың орнын толтыруға болады. Қазір сізге айтатын әңгімемді бұдан бұрын еш адамға айтпаған сырым десем де болады. Тек бір адамнан басқа. Ол адам жөнінде де осы әңгіме барысында айтамын. Ендігі жерде екеуміз кездесеміз бе, кездеспейміз бе, белгісіз ғой. «Ат баспаймын деген жерін үш басады» дегендей, мүмкін, тағдыр жазса тағыда, үшінші рет кездесерміз де. Егер кездесе қалсақ, ол мына кездесулердей емес, жақсы жағдайдағы, бақытты кездесу болғай. Бәрі де мүмкін ғой. Алғашқы кездесуімізбен қазіргі кездесуіміздің өзі бір бөлек, жақсылыққа қарай жылжып, бір табан жақындап қалғанымызды көрсетіп тұрған жоқ па!?
Мен – тұлдыр жетіммін. Туғаннан бері балалар үйінде тәрбиеленіп, сол жерден үлкен өмірге аяқ бастым. Әке-шешем болды ма, қазір өмірде бар ма, жоқ па, білмеймін, түк хабарым жоқ. Менің қалай өмірге келгенім жайында ешкім айтқан емес. Қасымдағы бірге өскен балалардың кейбіреулерінен аналары туа сала бас тартқан, кейбіреулері дұрыс отбасында болып, әлдебір жағдайлармен ата-аналарынан айырылып қалған, кейбір балаларға аналары сирек те болса келіп те тұрды, кейбір балаларды асырап алып жатқандар да болды. Әр баланың тағдыры әрқилы. Біреулерге өмір күліп қараса, біз сияқтыларға артын көрсетіп тұратын. Бірақ мен еш уақытта, ешқандай жағдайда да өмірге келгеніме өкінген емеспін. Қандай адам екенін, өмірде бар, жоғын білмесемде, мені өмірге әкелген анама ризамын. Балалар үйіндегі өмір – «не сахар», балалардың барлығы бірдей шыдай алмайды. Қиындықтар әр қадам басқан сайын алдыңнан шыға береді. Өзім білмейтін анам мені өмірге әкелгесін де мен осы өмірде бармын, сол үшін де алғысым шексіз. Балалар үйі деген де әртүрлі болады, жамандары да, жақсылары да бар. Мен өскен үй орташасы екен. Әртүрлі өңірлерден, әртүрлі себептермен біздің үйге ауысып келген балалардың айтуларынан мен осыны ұқтым. Балалар үйіндегі әр баланың тағдыры басқа бір балаға ұқсамайды, әркім өзінше бір тағдыр иесі. Өмірге өкпесі қара қазандайлары да бар, осындай тағдырына көндіккен, үнін шығармай іштен тынып жүргендері де бар, кейбіреулеріне қарасаң бұларға бәрібір сияқты көрінетіні тағы бар. Ол жерде де өмір бар, өзінше, ерекше өмір. Маған көп қиын болған жоқ, туғаннан, көзімді ашқаннан көргенім осы өмір ғой, салыстырып қарайтын басқа өмірді мен білмейді екенмін. Ал ересек, есін жиған кезде осында тап болған балаларға көндігу оңай емес екенін, бұрынғы өмірлерін аңсайтынын талай байқадым. Олардың айтуынша бұрынғы өмірлері, ата-анасымен, отбасымен бірге болған кездегі, ертегідей екен, әлде оларға солай көрінетін де болар. Балалар үйіндегі өмірім бірқалыпты өтті десем де болады. Қалай екенін білмедім, мені ешкім асырап алғылары келмеген тәрізді. Ұзақ жылдар осы үйде тәрбиеші болып жұмыс жасайтын бір үлкендеу әйел мені үнемі қамқорлап жүрді, мен де қолым тигенде сол апаның қасында боламын, көмектесемін. Ол апай маған ақылын айтатын, ересек балалардың зорлауына тосқауыл болды. Мектепте жақсы оқушылардың қатарында болдым, қоғамдық жұмысқа да белсене араластым, үйірмелерге қатыстым. Бұлардың бәрі де сол тәрбиеші қамқор апайымның ақылымен еді. Төртінші кластан бастап бокс секциясына бардым да, мектеп бітіргенше едәуір жетістіктерге жеттім. Шахмат ойынын да, домбырада ойнауды да сол мектеп қабырғасындағы үйірмелерде үйренгенмін, бірақ олардан бокс сияқты биік дәрежеге жете қоймағанмен өзіме жарайтындай деңгейдемін. Барлығын бірдей алып жүру қиын болды әрі сабақтар да қиындай бергесін, шахматты да, домбыраны да доғаруыма тура келді. Мектепте өзіммен бір класта оқитын орыс бала досым болды. Ол баланың анасы бар, әкесі қайтыс болған, үйі балалар үйінен көп қашық емес. Арасында досыма еріп үйіне баратынмын, екеуміз де жақсы оқушымыз, үйірмелерге де, боксқа да бірге барамыз. Досымның анасы мені өз баласынан кем көрген жоқ. Досым да бокстан біраз биіктерге көтерілді. Анасы қалалық ауруханада массажшы болып еңбек ететін де, қолы босағанда екеумізге де массаж жасап, массажды қалай жасау керектігін үйрететін. Есейе келе, мамасы күні бойы жұмыста массаж жасайтындықтан шаршайтын да, оның қадағалауымен, керек кезінде көрсетуімен біздер бір бірімізге массажды өздеріміз жасайтын болдық. Денені, бұлшық еттерді қалай босату жағын жақсы меңгеріп алдық. Мамасында массажды қалай жасау керектігі жөніндегі ертеректе шыққан бірнеше кітаптар, инструкциялар болды, әсіресе бір жұқа кітапшада қай жерде қандай нүкте бары көрсетілген қытайша жазылған (әр нүктенің тұсында орысша қолмен жазылған аудармасы бар) нұсқаулық болды. Досымның анасы мені осы нұсқаулық бойынша жұмыс жасауды үйретіп еді және досым екеумізден емтихан да алған болатын. Нұсқаулықты жатқа білемін, барлық нүктелер әлі күнге көз алдымда. Мектепті жақсы аяқтадым да, қаладағы массажшыларды оқытатын курста оқып, емтихандарын беске тапсырып, куәлік алып шықтым. Сол жылы жоғары оқу орнына түспестен, бір емханаға массажшы болып жұмысқа тұрдым. Балалар үйінен шығып кеткендіктен, емханаға жақын маңнан пәтер жалдап тұрып жаттым. Бокс секциясына баруымды тоқтатқан жоқпын. Біртіндеп заман өзгере бастады, Кеңес Одағының ыдыраған қиын кездері келді, күн көру қиындай түсті. Өзіңіз де жақсы білесіз ғой, аласапыран басталды, зорлық-зомбылық, алдап-арбау, алыпсатарлық, жылпостық сияқты адамдардың жаман қасиеттері алдыңғы қатарға шықты, сол жолмен жүргендер байыды, «іскер азамат» атанды, асықтары алшысынан түсіп тұрды. Әрине, осындай жолмен тез байығандар көбейген сайын, оларды соратын қанаушы таптар да шығатыны белгілі. Тез байығандарға да, оларды соратын қанаушы тапқа да біз сияқты «қолынан іс келетін» (төбелесе алатын) мықты жігіттер, «боевиктер» керек болатыны сөзсіз. Байларға қорғаныш болатын «телохранительдер» де біздер сияқты спортшы жігіттер болса, оларды соратын тап та біз сияқты күшті «боевиктерден» тұратын жасақтар құра бастады. Спортшы жігіттердің жолдары екі айрылды, ендігі жерде олар спорт алаңдарында емес, күштерін ашық далада, қырғи-қабақ «соғыс» алаңдарында сынайтын болды. Досымыз екеумізді де жаттықтырушымыз бос қоймады, осындай лас жұмыстарға пайдаланды. Екеуміз де оның маңдайалды, көптеген жарыстарда жүлде алып жүрген озық шәкірттері болатынбыз. Біздің сол кездегі жасаған жұмысымыздың аты – рэкет деген жалпы атаумен аталатын. Жұмыстың күрделілігіне, құпиялығына қарай біз кейбір істерді тек қана екеуміз тындыратын едік те, үлкен істерге қасымызға бірге жаттығатын жігіттерден таңдап бірнешеуін ертетінбіз. Талай «істер» болды, оның барлығын айтып жатудың қажеті бола қоймас. Сол кездегі менің түсінігім бойынша біздер әділетті іс атқарып жүргендей едік. Жазалауға кесілген байшікештер өздерінің байлықтарын маңдай терлерімен тапқан жоқ, барлығы да қарапайым халықты (үкіметті, мемлекетті деп айтпай-ақ қояйын) алдап-арбап, тіпті солардың еңбекақысын бермей зорлық көрсетіп, еңбек адамдарын құл сияқты пайдаланып тапқан арам байлықтар ғой. Олардың шынайы бет-бейнесін көргенбіз, ашқанбыз. Әдетте ешкімге көзі түспей талтаңдап, маңғазданып жүретін талайлары досымыз екеуміздің қолымызда қан жылап, көздерінен сорасы ағып, аяғымызды жалап, шыбын жанын қалдыруларымызды сұрап мүсәпір күйге түскенін көрудің өзі жиіркенішті болатын. Сондықтан да оларға ешқандай аяушылық жасамайтынбыз, өзімізше әділдік орнатып жүргендей болатынбыз. Жаттықтырушымыз «еңбекақымызды» төлеуде сараңдық жасамайтын, сондықтан да ақ білектің күшімен, тастай түйілген гүрзідей жұдырықтың «дүмпуімен» (ақ найзаның ұшымен), сол қиын кезеңде жаман өмір сүрген жоқпыз. Талай атақты байлардың төрінде «қарны жуан билерді» тәубасына келтіріп, сейфтегі ақшаларын, сылқым қатындарының сылдырмақтарын әшекейлерін өз қолдарымен бізге ұсынғанын, алдымызға салғанын тамашалағанбыз, бірақ біздер тонаушы қарақшылар емес едік, ұсынған байлықтарын алмайтынбыз. Біздер жоғарыдан бізді жұмсаушылардың (қожайындардың) жазалаушы тобы, сілтейтін шоқпары, тәубеге келтіруші күші ғана едік. О бастан қожайындармен келісім солай, ешқандай тонау болмайды, тек қана жазалау. Не үшін жазалайтынымызды толық білмейміз, аздап сеземіз, бұл адам бізді жұмсаушылардың алдында кінәлі, жолын кескен, не болмаса, астамшылық жасап бағынбаған, байлығымен бөліспеген... Алғашқы кезде олардың осыншама байлығын, сән-салтанатын көргенде ауыздарымызды ашып таң қалатынбыз. Мұншама байлықты қалай жинаған, қаншама жылдар бойы тер төгіп еңбек еткен деп ойлайтынбыз. Біртіндеп ондай байлықтың қалай келетінін түсіндік, білдік, сондықтан да тырнағымызға іліккендерге аяушылық танытпайтын болдық. Ал олардың мәселесін жоғары жақта отырғандар өздері шешеді, біздер тек осылайша ол байшікештерді «жұмсартып, сындырып», икемге келетіндей, айтқанға көніп, айдауға жүретіндей қылып тәубесіне келтіріп берушілерміз. Бар болғаны осы ғана. Жоғарыдан (жаттықтырушыдан) тапсырма алғасын (адресін, қандай іспен шұғылданатынын айтады) сол адамды «бағуға» шығамыз, бірнеше күн зерделейміз (қай кездерде қайда болатынын, қасында кімдер болатынын, оққағарлары қандай, қай жолмен жүретінін...), әбден біліп алғасын іске кірісеміз. Көбінесе түнде, үйінде болғанда, шырт ұйқыға енгенде, айнала тыныш кезде «қонаққа» барамыз, кейде басқалай да жерлерде (саунада, жолда, серуенге шыққан жерінде, мейрамханада...). Әр істің де өзіне тән ерекшеліктері, соған сай әдістері де болатыны белгілі ғой. Осы жұмысты місе тұтып осылайша салпақтап, біреулердің айтақтаған иті болып жүре берер ме едім, кім білген, күндердің күнінде маңдайым тасқа тимегенде, не істеп жүргеніме көзімді біреу ашпағанда. Ол жағдай былай болды. Жаттықтырушыдан бір күні кезекті тапсырма түсті. Алып бара жатырған қиын шаруа емес сияқты, әдеттегідей жұмыс. Қасыма досымды алып «объектімізді» «бағуға», зерттеуге кірістік. Бұл да қазақтың байыған азаматы екен, жігіт ағасы жасындағы адам, оғаш жүрістері жоқ, күнделікті бір сарындағы әдетінен жаңылмайды, тек жұмыс, жұмыс, жұмыс, кешке үйіне келеді. Оққағарлары да жоқ сияқты, жүргізушісі мен бір көмекшісі қасында болатыны. Олар да түнге қарай үйлеріне кетеді. Жалғыз өзім де атқара салатын жұмыс, бірақ сақтықта қорлық жоқ дегендей, басқа жігіттерді алмай, осы жолы тек екеуміз аттандық. Түн ортасынан ауа, таңға бір ұйқы қалғанда, әбден таңғы ұйқының құшағында жатқан болар деп шамалап, үйге арт жақтағы шағын есік арқылы ендік. Биік дуалдан секіріп түсіп, аулада жүрген итті үруге шамасын келтірмей «ұйықтатып» тастап, артқы есікті білдірмей ашып дегендей. Екеуміз мысық табандап, дыбысымызды шығармастан екінші қабаттағы кең холл арқылы жатын бөлмеге беттей бергенбіз. Холл тастай қараңғы еді, сол күні күн де бұлтты болып, ай көрінбей, холлдың терезелерінен де көп жарық түспей тұрған. Екеуміз біріміздің артымыздан біріміз дыбыссыз жылжып кең холлдың ортасына жете бергенімізде тап маңдайымыздан қуатты прожектор жарқ ете қалды. Көз аштырмас қуатты жарық. Не болғанымызды білмей, қайда қашарымызды да білмей тұрған орындарымызда сілейіп қаттық та қалдық. Қыбыр етсек, тосын қимыл жасасақ ағаттық жіберетінімізді сезіп тұрмыз. Бір мезгілде: «Сол тұрған жерлеріңде жерге отырыңдар, содан соң менің айтқандарымды қалт еткізбей орындаңдар, әйтпесе екеуің де сол жерде бір-бір оқ жүректеріңе қадалып мүрдем кетесіңдер»,-деген ер адамның даусы естілді. Басқа еш амал жоқ, біз түк көрмейміз, көздерімізді қуатты жарық шағылыстырып тастаған, команда берген адам барлығын көріп отыр. Далада қуатты прожектордың жарығымен қоян аулаған аңшыдай, қазір ол прожекторын сөндіріп тастаса болды, біз қап-қара түнекте түк қимылдай алмай қала береміз ғой. Отырдық. Ол екеуміздің алдымызға ұзын, жуан жіп тастады да: «Екеуің бір біріңнің жақын тұрған бір аяқтарыңды екіншіңнің аяқтарыңа байлаңдар»,-деді. Досымның сол аяғын менің оң аяғыма жіппен жақсылап байлады, екеуміз тұсалдық. Содан кейін барып қуатты прожектор сөнді де, үйдегі шамдар жанды. Төрдегі креслода біз іздеп келген адам отыр екен, үстінде спорттық киім, қолында бесатар винтовка. Креслоның қасында бізге қаратып штативке орнатып қойған видеокамера, оның пульті қасындағы журнал столының үстінде жатыр. Бұл адам жөнінде біз біраз мәлімет жинағанбыз және бұрыннан да сырттай білетінбіз. Қаламызға да, елімізге де аты әйгілі спорттық мылтық атудан чемпион. Иә, қыбырламағанымыз қандай жақсы болған! Оқыс бірдеңе жасағанымызда, мына чемпион көздемей-ақ екеумізді бір-бір оқпен сұлата салатын еді. Екеумізден қауіп жоқ екенін көргеннен соң ол асықпай, саспай, столда тұрған бөтелкедегі судан стақанға құйып, бірер ұрттап алып, бізге қарата: «Жігіттер, мен сендерді көптен бері білемін, жақсы спортшысындар, қалалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрсіндер. Сендердің соңғы кездерде осындай нашар іспен айналысып жүргендеріңді де жақсы білемін, керек болса, соңғы бірнеше айдағы жасаған «жорықтарыңды» да жіпке тізіп айтып бере аламын. Соңғы кезде менің персонаммен тығыз айналысып, зерттеп жүргендеріңді де біліп отырмын. Бүгін түнде келетіндеріңе дейін сездім және соған дайын болдым. Оққағарларымды да, басқадай адамдарды да, отбасымды да осы іске араластырмай, сендерді жалғыз қарсы алғым келді, егер түсінгілерің келсе ашық сөйлесіп, ақылымды айтып, дұрыс жолға да салғым келді.. Әрине, бұным үлкен қателік екенін түсінемін, ойлағанымнан сәл ауытқушылық болғандай жағдайда, қолдарыңа түсе қалғанымда сендердің маған не жасайтындарыңды білемін ғой, бірақ сендердің осылай жүргендерің мені ойлантатын еді, сондықтан да басымды қатерге тіктім. Ең болмағанда бірер жасты болса да дұрыс жолға салуға септігім тисе деген оймен. Сендер мені тек жақында ғана зерттеп жүрсеңдер, мен сендерді баяғыдан бері бақылаудамын. Сендерді кім жіберіп отырғанын да, кімнің сойылын соғып жүргендеріңді де білемін, олармен сөз бөлек, басқа жерде болады. Қазіргі сендерге айтатыным, сендер менің білуімше тек жақсы спортшы ғана емес, жақсы оқитын, болашақтарыңнан үміт күтетін жастарсыңдар. Ал мына тірліктерің сендерді бір күні болмаса бір күні орға жығады, босқа күйіп кетесіңдер. Өздерің білмейтін біреулердің айтақтағанына еріп, қолдарыңа тиген азғантай ақшаға бола, болашақтарыңа балта шабасыңдар, өздеріңнен зор күшке тап болып бастарыңды жоясыңдар, не болмаса түрмеге тоғытыласыңдар. Сендерді жұмсап отырған адамдардың түгі де қисаймайды, сендердің орындарыңа тағы біреулерді жалдайды. Ойланыңдар! Менің сендерге айтқан ағалық ақылым осы. Елдің болашағы сендерсіңдер, ертеңгі күні тұрмыс түзеледі, сендер оқуларыңды жақсы аяқтап, жақсы маман болып, елімізді алға сүйреулерің керек. Осылардың барлығы қазір видеоға түсіріліп жатыр және тікелей эфир арқылы басқа, сендер білмейтін, таба алмайтын, үйдегі компьютерге жазылып жатыр, керек кезінде, егер мен қажет деп тапсам, жарыққа шығады, тиісті органдарға жетеді. Қазір кездейсоқ менен құтылып кетсеңдер де, мына материалдан құтыла алмайсыңдар. Бұл қорқытқаным емес, тек сақтық шараларын алғаным ғана. Ал сендерді жұмсап отырған адамдар мені қорқытып, үркітіп «сындырмақшы» және менің жеке кәсібімді тартып алмақшы. Ол арам ойлары жүзеге аса қоймас. Мен сендер осыған дейін бопсалап келгендердей алыпсатар алаяқ, ұрлықпен, зорлықпен байыған адам емеспін, олар еңбектің құнын білмейді, қолына тиген байлықтың бағасы олар үшін көк тиын, қалай келді, солай кетеді, тағы да солай жинап аламын деп ойлайтындар олар. Олардан халыққа, елге, мемлекетке түк те пайда жоқ. Ал мен өз кәсібімді адал еңбекпен жасаған, көтеріп келе жатырған адаммын. Әкемнен қалған азын-аулақ малдың басын көбейтіп, фермалар ашып, біраз адамды жұмыспен қамтып, әр ауылда арзан бағалы дүкендер ашып, халықты етпен, сүтпен, басқа да көптеген өнімдермен қамтамасыз етіп отырмын. Жетім-жесірлерге баспана салып беріп, екі қолына бір күрек беріп, напақасын адал еңбекпен табуына жол ашып отырмын. Жақында жүзеге асыратын тағы бірнеше жобаларым бар, міне сендерді жұмсап отырғандардың ойы осы жобаларды менен тартып алып, өз қолдарына алу. Бұл жобалар олардың қолдарына тие қалса, халыққа түк пайдасы болмайды, тек қана қара халықты қанай түсу үшін, сору үшін пайдаланатын болады. Сондықтан, менің осы айтқаным жөнінде жақсылап ойланыңдар, біреулердің қолшоқпары болып екі ортада босқа күйіп кетпеңдер. Біздің елдің болашағы үшін сендердей алғыр, білімді, жігерлі, қайратты жастар көптеп қажет болады. Соны дұрыс түсініңдер. Қазір сендерді босатамын, жұмсаған адамдарыңа не айтатындарыңды өздерің білесіңдер, өздеріңнің болашақтарыңды дұрыс бағытқа бұрасыңдар деп ойлаймын. Мына түсіріліп жатқан видеоматериалды әзірге ешкімге бермеймін, егер менің осы айтқандарымнан түк түсінбей қайта келетін болсаңдар, өздеріңе өздерің қас болғандарың деп түсініңдер. Ал алда-жалда дұрыс жолға түсіп, болашақта менен көмек қажет болатын болса келе беріңдер, құшағымды жая қарсы аламын, көмектесемін. Қолшоқпар ретінде емес, маман ретінде жұмыс жасаймын деп келулеріңе жол ашық. Адамгершілік туралы жақсылап ойланыңдар. Сау болыңдар.»,-деді де жіпті шешіп, аяқтарыңды босатуға болады дегендей ишарат жасады. Өзі сол отырған күйінен қозғалған жоқ, бірақ мылтығын қолынан түсірген де жоқ. Біз басымыз салбырап, қоштасқанның ретін жасап далаға шықтық. Таң сібірлеп атып келе жатыр екен. Мынандай кеңінен ойлайтын, халық үшін қызмет жасап жүрген, фирмасының барлау қызметі мықты жолға қойылған адамның жауы болмай, досы болғанымыз, ең болмағанда әкелік, ағалық ақылын алғанымыз жөн екені бесенеден белгілі еді.
Бұл оқиға мен «Халық шаруашылығы» институтының (Нархоз) экономистер дайындайтын факультетінің екінші курсында оқып жүргенде болған еді. Досымыз екеуміз мына ағамыздың айтқанын дұрыс түсіндік, мына жүрісімізді доғарайық деген шешімге келдік. Ағамыз дұрыс, екеумізге де жетіспейтін, әкелік ақылын айтты. Бұл жолғы тапсырмасын орындай алмағанымызды біз айтпай-ақ та жаттықтырушымыз біліп отыр екен. Жаттықтырушымыз тек екі ортадағы байланыстырушы элемент қана ғой, жоғары жаққа қажетті қолшоқпарлар іріктеп беретін, тапсырмаларының дұрыс орындалуын қадағалайтын. Біз сол күннен бастап бокс секциясынан кеттік. Рэкетирлік жол осымен тупикке тірелді. Жаттықтықтырушымыз да бізбен қимай қоштасты. Мен сол кездерде енді-енді ашылып жатырған «Шығыс жекпе жегі» (Восточное единоборство) деген спорт түрімен айналысуға бет бұрдым. Ағамыздың әкелік ақылы маған қатты әсер етті, үлкен ой салды. Расымен де бұл жүрісіміздің арғы жағы тұман екенін енді түсіндім, көзім ашылды. Ойлап, таразыға салып қарасам, осы жылдарда біраз жақсы спортшы достарымнан, жолдастарымнан айрылыппын. Біреулері түрмеге түскен, біреулері ауыр соққы алып мүгедек болған, біреулері өмірмен қоштасқан. Не үшін? Отан үшін бе? Жоқ, айдап салушылардың сойылын соғам деп, жарытымсыз ақша үшін өз өмірлерін бәйгеге тіккен. Тапқан ақшалары да суша ағып боқтан өзгеге жаратылып, жоқ болып жатты. Солардың көпшілігі бір күндері бір командада болды да, ендігі жерде әркім баррикаданың әр жағында болып шыға келді. Тұрмыстың нашарлығы, жұмыстың жоқтығы, жастардың жағдайын биліктің ойламайтындығы, жастардың тек қара күшке сыйынып, сол арқылы баюға да болатындығын күнде көріп жүруі осындай жағдайға жеткізген еді. Түсініксіз өмір.
Айтпақшы, әлгінде ағамыз айтқан «өзіңнен зор шыққанда маңдайыңды тасқа соғып тоқтарсың» дегені бұрынырақта болған бір оқиғаны есіме түсірді. Қасыма біраз жігіттерді жинап қаладағы бір топты жуасытуға шықтық. Ол кезде біздер жаттықтырушының жұмсауымен емес, өздеріміз жеке-дара қимылдап жүргенбіз. Жұмысымыз саудагерлерді крышевать ету, бутиктердің иелерін, жеке кәсіпкерлерді «сындыру», оларды өзіміздің қанатымыздың астына алып, күнделікті жарналарын жинап алу еді. Жабайы рэкет қой. Бір кездері біздің қарамағымыздағы кейбіреулер бізге жарна төлегілері келмейтіндей сыңай таныта бастады. Байқап қарасақ, біздің аумағымызға өзге бір топ қожайындық жасап, кіріп келе жатыр екен. Мәселені тез шешіп алмасақ, біз жарнасыз қаламыз, бұл жерлерден ығыстырып «лақтырып» тастайды. Жаңа топтың жігіттерін тауып алып, мәселені шешудің жолын айттық. Жол тек біреу ғой, кездесу керек, күш сынасу керек, кім жеңсе сол қалады да, жеңілген топ ығысып жол береді. Бұндай құқай бірінші рет емес, талай болған жағдай ғой. Келісілген жерге екі топ та жиналдық. Әдетте, осындай «соғыс» ертедегі соғыстағы батырлардың жекпе жегімен басталатындығы сияқты, екі жақтан да бір бір жігіттен шығып жекпе жек төбелесетін. Кейде жаппай төбелес те болып, қару қолданып та (пышақ, шоқпар, шолақ мылтық, кастет...) қалатыны бар. Жекпе жек бола қалса көбінесе мен ортаға шығатынмын. Осы жолы да қарсы жақтан топтың басшысы ортаға жекпе жек төбелеске шықты. Біздер жақтан мен шықтым. Ұрыста тұрыс жоқ дегендей шайқасты бастап жібердік. Қарсыласымның спортшы емес екенін бірден байқадым, бірақ оңай шағылатын жаңғақ та емес екенін ұрыс барысында сездім. Көше төбелесінің мықтысы екен. Ойпырмай, әбжет, жылдам болғанда керемет, мысық сияқты, соққыға да шыдамды екен, менің көп жігіттер шыдай алмайтын «коронной» соққыларыма төтеп берді, құламай, тәлтіректеп, шайқатылып барып, басын сілкіп-сілкіп, шайқап-шайқап жіберіп қарсы шабуылға шығады. Бұндай мықты қарсыласты көп кездестірмегендіктен ойланайын дедім. Оның да соққылары қатты, жанды жерлерге дөп тиетінін де байқадым. Жеңіп кетуі де әбден мүмкін. Ол да әбден шаршады, мен де шаршадым. Ол тек көше төбелесінің шебері болса, мен де осал емес едім. Балалар үйінде спортқа бармай тұрғанда да талай көше төбелесімен төбелескенмін. Ол төбелестер де әлі ұмытылған жоқ қой әрі бокспен де ұдайы, жүйелі түрде жаттығып, жарыстарға қатысып жүргендіктен менің дайындығым өз деңгейінде еді. Бірақ қарсыласымның мықтылығын мойындауға тура келеді. Мықты, төбелес үшін жаратылған жігіт екен. Соңғы жағында демалысы жиілеп, соққыларының күші де әлсірей бастағанын сездім. Жылдар бойы жаттығуларда жасаған, әбден автоматты түрде қайталанатын әртүрлі соққы тигізбейтін финттер (уклон, нырок, отход) де менің арсеналымда бар ғой, сондықтан қарсыласымның көпшілік жойқын соққыларын дарытпадым, бірақ сирек те болса әр жерлеріме тигендері де осал емес еді. Соққылары тигенде шайқалтып, есеңгіретіп жіберетін. Бірақ «дыхалкасы» сыр берген, жылдамдығы баяулаған қарсыласымның ебін тауып, құлаштап жайпай соққан соққысын сәл тізе бүгіп «нырок» жасап басымнан асыра өткізіп жіберіп, оң қолмен бауырдан қатты соғып, сол қолыммен шықшыттан тағы соғып (автоматты түрде жасалатын «двоечка» деген удар ғой) едім, бүгіліп барып басы қайқаң ете түсті де байғұс етпетінен гүрс ете шаң қауып жығылды. Есінен танып қалды. Нокаут. Қарсыласымды құлатқан ғұрлы өзімнің де талқаным шыққанын сеземін, бұл ұрыс енді сәл ұзағанда менің де шаруам шапыраш болуға қалып еді. Қоршап тұрған жігіттерім мені көтеріп алып кетті, қарсыласымның айналасы толған өз жігіттері еді. Қарсыласыма риза болдым, нағыз қазақтың ер жігіті екен. Бұл төбелес өзім қатысқан бокстан ірі турнирлердегі финалдық айқасқа татитын, соған пара-пар төбелес болды. Бокс сайысында 3 минут сайын демалыс беріледі, жаттықтырушың ақылын, қарсыласыңның осал жақтарын көрсетіп, оған қандай тактика қолдану керектігін кеңес береді. Соққылардың арасында жаттықтырушың жаққа көзіңді салып, оның ыңғайын да бақылауға болады, жанкүйерлеріңнің де айқайлап, қолдап, еңсеңді түсірмеуіңе, алға ұмтылуыңа септігі тиетіні белгілі. Ал көше төбелесінде ондай мүмкіндік жоқ, шамаңның қандай екенін нақты көрсететін жер осы жер. Міне ағамыздың айтқаны осы, өзіңнен зор шықса...
Тағы да ағамыз айтқан «адамгершілік жайында ойлана жүріңдер» деген сөзі де маған ой салды. Ойлана, ойлана келгенде тоқтағаным, жақсы адам болу үшін араласып жүрген ортаң дұрыс болуы керек екен. Қандай ортада жүрсең, сол ортаға қарай бейімделе бересің, сол ортаның қасиеттерін бойыңа сіңіре бересің. Жастай қатыгез, ойлағаны өш алу мен «сындыру» болып келетін мен жүрген ортада дұрыс адам болып шығуым екіталай екен. Қазірден бастап өзімді қолға алмасам, онда уақыт өте келе менің дұрыс жолға түсуім қиынға соғатын сияқты. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Ағамыз бізге осы қағиданы дер шағында айтқан екен.
Адамның адамгершiлiгi — оның жоғары қасиетi, былайша айтсақ, кiсiлiгi. Оның негiзгi белгiлерiнiң бiрi — адамдық ар-намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға ұмтылу, соған дайын болу. «Өзiң үшiн еңбек қылсаң, өзi үшiн оттаған хайуанның бiрi боласың.»,-дейді Абай атамыз. Демек, біздің қазіргі жасап жүргеніміз адамгершіліктен алыс, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қарекет екен. Біздің ойымызша, қоғамға жақсылық жасап жүрміз, арамзаларды жазалап жүрміз дегеніміз теріс түсінік екен. Түсіндік. Ағамыз жәй сөзбен, ұрмай-соқпай бәрін түсіндіріп берді. Басы бар адамға...
Ендігі жерде әлгі ағамыз айтқандай, адал еңбек етіп, оқуымды дұрыстап оқып, мамандық алып шығуға тырысуым керек. Сондықтан, енді-енді жанданып келе жатқан шипажайлардың біріне массажшы болып жұмысқа орналастым. Оқуымды да қатар алып жүруге тырыстым, бар күшімді салдым.
...
Бәкөн әл-Сағыз.
(жалғасы бар)